1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір қоғамда біз білетін байлықтың екі түрі бар: Бірі – адами байлық адам капиталы, екінші – табиғи байлық. Қарасаңыз, мұнайымыздың 80 пайызы шикізат ретінде шетел асып жатыр. Демек, қазақ байлығының 80 пайызын шетелдіктер көріп жатыр. Қазаққа бұйырып отырғаны – сарқыт, тіпті шелек түбіндегі жуынды десе де болады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №65 (16251)   17 тамыз, бейсенбі 2017
17 тамыз 2017
«Болашақ энергиясы» форумының берері мол

8-9 тамыз күндері EXPO-2017 халықаралық көрмесі аясында дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Болашақ энергиясы» форумының VII сессиясы болып өтті. «Баршаға арналған энергия: жаңа заманның сын-тегеуріндері» деген тақырыпты арқау еткен кезекті жаһандық жиынға отандық сарапшылармен қатар, әдеттегідей әлемнің маңдайалды ғалымдары, көрнекті саясаткерлері мен Нобель сыйлығының лауреаттары, халықаралық банк өкілдері және Н.Назарбаев университетінің профессорлары, сондай-ақ бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты.
Бүгінде жұмыр жер жаһандық энергетикалық революцияны бастан өткеріп жатыр. Бұған, әрине, климаттың өзгеруі мен қолжетімді энергияға деген сұраныстың күрт артуы әсер етіп отырғаны белгілі. Яғни жалпы адамзат баласы алдында Париж конвенциясында атап көрсетілгендей, ғаламдық жылыну көрсеткішін ары кетсе 2 градустан асырмау мақсатында электр энергиясын өндіру және тұтыну амалдарын түбегейлі өзгерту талабы тұр. Осы секілді аса ауқымды ғаламдық мәселені арқау еткен сарапшы мамандар бұл жолғы сессияда қоршаған ортаға зиянсыз (төмен көміртекті) заманауи технологиялар өндірісіне қатысты халықаралық ынтымақтастық және тәжірибе алмасу, оқыту, білім беру бағдарламаларын тілге тиек етті. Сонымен қатар арзан әрі тиімді энергияға қол жеткізе алмай отырған елдерге көмек беру, микроқаржыландыру үлгілері және бұл салаға үкіметтік емес ұйымдарды тарту мәселелері көтерілді. Қолданбалы сараптама жүйесі халықаралық институты директорының орынбасары Небойша Накиченовичтің айтуынша, бұл бағыттағы үкіметтік емес ұйымдардың қосар үлесі өте зор. «Бүгінде энергетика саласы ғарыштық деңгейдегі дамуды бастан өткізіп отырғанымен, әлі де теңсіздік қағидатымен жұмыс істеп тұрғанын айту керек. Әлі де әлем тұрғындарының тең жартысына жуығы, яғни 3 миллиардтай адам қолжетімді электр энергиясына зәру. Яғни күнделікті тамағын көмір мен ағаш, басқа да жылу көздерін пайдалану арқылы пісіріп отырған елдер бар. Бұл – өз кезегінде атмосфераға қаншама зиянды заттар бөліп жатыр деген сөз. Бір сөзбен айтқанда, жалпы климаттың өзгеруіне әкеліп соғатын құбылысқа айналып отыр. Оның үстіне жер бетіндегі адам саны да үлкен қарқынмен өсіп келеді. Бұл – өте өзекті мәселе. Яғни жасыл технология мен баламалы энергия көздерін ұсынып отырған кез келген үкіметтік емес ұйымдардың бастамасына маңыз беруіміз керек. Кез келген сәтті жоба тек энергетикалық шешімдерді ғана емес, жалпы кедейліктен арылудың жолы болуы мүмкін», – деп пікір білдірді Небойша Накиченович.
Айтпақшы, бұл форумда жаһандық маңызы зор мұндай жобаларға Қазақстан Республикасы да атсалыса бастағаны белгілі болды. «Астана» халықаралық қаржы орталығының атқарушы директоры Саясат Нұрбектің айтуынша, келер жылдан бастап «Астана» халықаралық қаржы орталығы баламалы қуат көздеріне қатысты жобаларды қаржыландыруды ойластырып жатыр. «Осыдан екі жыл бұрын 195 ел бірлесіп климат мәселесі бойынша Париж келісімін бекіткен болатын. Бұл елдердің қатарында Қазақстан да бар. Осы келісім негізінде алдағы бірнеше жыл ішінде жалпы жаңармалы энергетика саласына 7,4 трлн доллар көлемінде қаражат бөлінгелі отыр. «Астана» халықаралық қаржы орталығы да баламалы энергия көздерін ашуға бағытталған жобаларға қаржы құюға дайын. Өкінішке қарай, әзірше отандық компаниялардың жасыл экономикаға көшуге ниеті болмай отыр. Әлі де сол ескі жүйе – көмір өндірісінен арыға барғылары келмейді. Шындығына келгенде, баламалы энергия көздері экономиканың негізгі тірегі болып есептеледі. Мәселен, АҚШ-та осы саладағы жұмыс орындарының саны жарты миллионға жетіп отыр. Әрі бұл көрсеткіш жылына 25-30 пайызға өседі. Есесіне көмір өндірісіндегі жұмыс орындарының саны 74 мың ғана», – дейді Саясат Нұрбек.
Екі күнге созылған сессияда жасыл энергия тақырыбына қатысты ғылыми жұмыстармен айналысып, әртүрлі жобалар жасап жүрген жас ғалымдар да өз ойларын ортаға салып, батыл байламдар жасап жатты. Хью Томас, Константин Краус, оксфордтық аспирант Ольга Крестьянинова секілді жас ғалымдар өз ойларын ортаға салып, Қазақстанға өз жобаларын әкелуге даяр екендіктерін айтты. Мәселен, жасыл технологияларды дамыту жолында жемісті еңбек етіп жүрген белді кәсіпкер, жас ғалым Руслан Жемков күнделікті тұрмыстық қалдықтарды қайта жарату жөніндегі жобаларымен таныстырып, өндіріске пластик емес, қоршаған ортаға мүлдем зиянсыз қағаз қоқыс жәшіктерін енгізу технологиясының маңыздылығына тоқталды. «Расында да, Астана ЭКСПО-2017 көрмесі аясында өтіп жатқан бұл форум өте өзекті мәселені қамтып отыр. «Болашақ энергиясы» деп аталатын бұл жиынды климаттың өзгеруі мен жаңа энергия көздерін табу туралы инновациялық идеялардың бір арнаға топтасқан жаңа кезеңі деуге болады. Ең қуантарлығы, бұл жерде үлкен ауқымдағы дүниелер ғана емес, жеке жұмыстарға да көңіл аударылып отыр. Ғаламдық жасыл энергияны дамыту үшін жеке секторды тарту керек. Бәрін үкіметке аударып отыра беруге болмайды. Энергия, әрине, электрлендіруден басталады. Біз жаңа дәуірге аяқ басуымыз үшін ең алдымен «адамдарға жарық керек» деген қағиданы ұстануымыз керек. Бүгінде зиянсыз әрі қолжетімді энергияға бастайтын жобалар өте көп. Алайда оның барлығын іске асыру мүмкін емес. Өте ұзақ уақыт пен зор экономикалық әлеует керек. Ең алдымен күн энергиясына көшу керек. Өкінішке қарай, бүгінде күн энергиясының әлемдік үлесі небары 10 пайыз ғана. Бүгінде әлім халқының 90 пайызы осындай технологияны күтіп отыр. Одан кейінгі дүние – қалдықтарды қайта жарату технологиясы. Біз осы жоба бойынша бірнеше жылдан бері жұмыс жасап жатырмыз», – дейді Руслан Жемков.
Ауқымы зор ғаламдық мәселелер көтеріліп, халықаралық энергетика төңкерісінің өзекті сауалдары талқыланатын алаң болып отырған аталмыш «Болашақ энергиясы» форумы өз жұмысын осы жылдың 29 маусымында «Болашақ ғимараттарға арналған экологиялық таза шешімдер» тақырыбы аясында бастаған болатын. Онда қазақстандық және халықаралық жетекші сарапшы мамандар құрылыс пен қала архитектурасының тиімді шешімдерін талқылап, ЖЭК және энергетикалық тиімділігі зор жаңа технологиялар, озық әдістер мен инновациялар жайында сөз қозғады. Сонымен қатар үздік еуропалық зерттеушілер мен нарық қатысушылары жемісті жобалар және ЖЭК құрылыс пен жылжымайтын нысандар менеджментіне бірігудің заманауи әдістерін көрсетіп, құрылыстың энергетикалық тиімді тәсілдері, зияткерлік құрылыс шешімдері, қалалық дизайн және ақылды қалалар инфрақұрылымы жайында әңгіме өрбітті.
Кейін мұндай талқылаулар «Термоядролық энергия: ғылыми фантастикадан – ғылыми дерекке дейін» тақырыбында өз жалғасын тапты. Бұл сессияда EUROfusion, ITER, F4E ұйымдары, Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы, ЕО және Ресейдің жетекші ұлттық мекемелерінің өкілдері бас қосты. Қатысушылар магнитпен реттелетін плазманы басқаратын термоядролық синтезді қолданудың келешегі жайында сөз қозғады. Айтпақшы, бұл жиында ITER және Қазақстанның энергетика министрлігінің Ұлттық ядролық орталығы арасында арнайы келісімшарт жасалып, ЕО пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық жаңа кезеңге аяқ басқанын айта кету керек.
Содан бері алуан түрлі тақырыптағы пікірталастар мен дебаттар ұйымдастырылып, баяндамалар жасалды. Конференцияға қатысушылар энергетикалық төңкеріс, Қазақстанның ЖЭК-ке өту әлеуеті, жаңа энергетикалық жобалардың әлеуметтік және экономикалық маңызы, ілеспе газдарды азайту, энергетикалық тиімділікті арттыру, тұрақты энергетиканың қолжетімділігі секілді кең ауқымды мәселелерді талқылап келеді. Бұл талқылауларға ЕО энергетика бойынша комиссарының орынбасары Герасимос Томас, Қазақстан Республикасының премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев, Қазақстан Республикасының энергетика министрі Қанат Бозымбаев, елші, Қазақстандағы ЕО өкілдігінің басшысы Траян Христеа және Еуропалық инвестициялық банктің бас хатшысы Клаус Троеэль секілді саяси тұлғалармен қатар, Нобель сыйлығының иегерлері қатысты.
Еуропалық комиссияның бас директоратының шешімі бойынша жыл сайын Еуропалық одақтың Энергетика күні ұйымдастырылады. Марракеш және Абу-Дабиде өткен алғашқы екі шарадан кейін ЕО назары Астанаға, яғни Expo-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қарай бағытталған болатын. Бас-аяғы 12 сессияға жоспарланған бұл форумның қорытынды бөлімі 4-5 қыркүйекте өткізілмек. Форумның қорытынды құжаты ретінде «ЭКСПО-2017 қағидалары мен құндылықтарының үндеу хаты» қабылданады деп күтіліп отыр.

Үкі НҰРАТАЙ
Астана

 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Айназ | 17 тамыз 2017 15:30
Өз басым энергияның неше түрлері болады деп ойламаған екем.Жел энергиясы, электр энергиясы деп жүргем. ЭКСПОны көріп, таң қалдым. Адамзат тілін тапса, бәрі де ойдағыдай болып тұр екен ғой.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті