1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақ» деген мемлекет болмаған, «қазақта шекара болмаған» деген сыңар-езу дүниелер біз үшін өте-мөте қиын мәселе болып отыр. Бұл – сан ғасырлық тарихы бар халық үшін өте ауыр жала. Еліміз, жеріміз, шекарамыз болмаса, бұл жерге қайдан келдік? Бізге ұлан-ғайыр бұл даланы кім әкеліп берді? Бұл жердің өз иесі бар, аумағы бар. Оның иесі – қазақ.
Автор: Бекболат ТІЛЕУХАН
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №70 (16256)   5 қыркүйек, сейсенбі 2017
5 қыркүйек 2017
Біртановтың медсақтандыруы жарты жолда тоқтай ма?

Экономистер қарапайым халыққа салмақ болатын «салықтың жаңа түрі» деп атап, кейбірі «бюджеттің ақшасын бақылаудан шығару үшін жасаған амалы», «лоббист министрдің шикі жобасы» деп бағалаған міндетті әлеуметтік сақтандыру реформасын енді президент Н. Назарбаев та сынға алды. Сарапшылар Біртановтың бұл реформасы енді кейінге қалдырылуы мүмкін екенін айтады.
Қыркүйектің 4-інде өткен парламент палаталарының жиынында Назарбаев «осы жылдың шілдесінде енгізілген міндетті медициналық сақтандыру қорының жұмысына қатысты шикіліктер шешілмей жатып, жаңа жобаны іске асыруға асықпайық» деді.
«Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар деген кім? Жұмыссыздар ма? Демек, 3 млн адам медициналық сақтандырудан тыс қалады ғой. Алдымен бәрін дұрыстап анықтап алайық. Сосын көрерміз. Тағы да қайталап айтам, иә, осыған көшеміз, мүмкін, бұл керек шығар, қарсы емеспін, бірақ тағы да сүрініп жүрмейік», – деді Назарбаев.
Мұндайды күтпеді ме, «Денсаулық сақтау министрі, айтып отырғаным дұрыс па, жоқ па?» – деп, президент жас министрге қарата сөйлегенде ғана Біртанов орнынан ұшып тұрды.
«Осындай шешілмеген сұрақтар бола тұра, міндетті сақтандыруға қалай көшеміз деп айтасың? Айтып отырғаның жұмыс істейтіндерге салық төлетіп, жұмыс істемейтіндерге төлеп беру ғой? Біреулер тегін емделіп жатқанда неге менің төлеуім керек? Осыны анықтап ал. Сосын барып парламентпен бірлесіп ортақ шешімге келеміз», – деді президент.
Осыдан бірнеше күн бұрын ғана сарапшылармен кездесуде жаңа бастамасының кемшіліктерін қинала мойындап, амалсыз келіскен министр Назарбаевтың сөзін үнсіз тыңдап басын изеді де, орнына қайта отырды.
Алайда президент Назарбаев та халық пен тәуелсіз сарапшылардың жаңа реформа туралы неге шырылдап жатқанын түсінбеген секілді. Міндетті медициналық сақтандыруға қарсы шыққан сарапшылардың бәрі бұл реформа көп бөлігі ауылда тұратын өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға салмақ болатынын айтқан-ды.
Статистика комитетінің дерегінше, өзін жұмыспен қамтыған ауыл тұрғындарының 75 пайызында табысы айына 40-60 мың теңгеден аспайды. Бір қызығы, статистика комитеті табысты есептегенде ақшалай келмеген өнімді да қосады, яғни ауыл тұрғыны өздері мен бағып отырған малынан алынған азықты «айлық табысқа» қосады. Экономист Рахым Ошақбаев «2,2 млн өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ішіндегі ауылда тұратын 1,4 млн адамның табысы аз болғаны соншалық – олар бұл «жаңа салықты» төлеуге шамасы жетпейді де» деген еді.
«Бұл не тағы? Әлемнің қай елінде өзін жұмыспен қамту деген ұғым бар? Біз ауылда тұратынбыз – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар да сонда – оның үйі бар, шаруашылығы бар, сәйкесінше салық төлеуі керек. Мемлекет оған шаруашылықпен айналысуға рұқсат беріп отыр ғой», – деді президент тағы.
Жүйесі шикі, механизмі ақауға толы болса да, халық ақша аударуды әлдеқашан бастап кеткен. Соңғы жарияланған ресми деректерге сүйенсек, осы жылдың тамызында қазақстандықтар міндетті медициналық сақтандыру қорына 5,44 млрд теңге аударып үлгерген. Жарна төлеу басталған шілде айында 800 млн теңге түскенде жаңа қордың басқарма төрайымы Елена Бахмутова «барлығы жоспар бойынша жүріп жатқанын» айтқан еді. Әйтсе де сарапшылармен пікірсайысқа шығып, бұл жүйені халықаралық талаптарға сай етіп, шетелдік мамандар құрастырғанын айтқан министр енді өз жобасының олқылықтарын ақылдаса отырып жөндеуге ниет білдірген сияқты.
Бірақ министрмен кездескен экономист Ошақбаев Біртановтың әзірге қандай өзгерістер енгізетінін мәлімдемегенін айтады. Бірақ қаншама шикілік барын біле тұра, министрдің неге асыққанын экономист былай түсіндірді.
«Бұл реформаның айналып келгендегі түпкі мәні – бақылаудан тыс, көзден таса қор құру. Бұл басшысы жуырда ғана 5 млрд теңге ұрлады деген күдікпен ұсталған зейнетақы қорының жаңа бір түрі болмақ. Реформаны сылтау етіп, бюджеттен денсаулық сақтауға бөлінетін барлық қаржыны, онымен қоймай, бизнес пен халықтан ай сайын жиналатын ақша көлеңкеге кетпек. Бұл – 1 трлн теңгеден асатын қаражатты бюджеттен тартып әкеткелі жатыр деген сөз. Біртанов денсаулық сақтау саласында триллион теңгенің қалай жұмсалғанын есеп комитетінің тексеріп, тәуелсіз бақылау жүргізгенін қаламайды», – дейді маман.
Осылайша ұзақ уақыт бойы талқылағанда жүйені өзгерту туралы тіс жармаған денсаулық сақтау министрі президенттің сөзінен кейін артқа шегініп, жаңа реформаны біраз уақытқа тоқтата тұратын сияқты.

А.ҚАЛМҰРАТ
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Ержұман | 7 қыркүйек 2017 15:39
Мұндай реформасымақтардың халықты шаршатқаны сонша, тіпті халық назар аударуды қойды.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті