1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №79 (16265)   5 қазан, бейсенбі 2017
5 қазан 2017
Ақышев сырын айтамын деп шынын айтты

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтің пайымдауынша, елдегі инфляцияға кінәлі халық екен. «Тұрғындар мен кәсіпорындардың баға өседі деп күтуі инфляцияға әсер етті», – деп салды алтын басты төраға. Былтырғы қыркүйекпен салыстырғанда тауар бағасы 7,8 пайызға бір-ақ өсіпті. Бұл шарықтауға, Д.Ақышевтің сөзімен айтқанда, халық кінәлі. Мәселен, жұрт шенеуніктер сияқты «баға өспейді» деп өз өтіріктеріне өздері сеніп беймарал жүре берсе, осыншалықты инфляция, осыншалықты құнсыздану болар ма еді?! Биліктегілердің де арманы орындалып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнай қалмас па еді?! Жоқ, төрдегілер үшін халықтың пейілі онша емес екен. ЭКСПО басталып аяқталғанша, «көрме біткен соң баға өседі» дегенді аузынан тастамай қойды. Ал айтқандары айдай келді. Көрме қалай бітті – солай бензин қымбаттады, азық-түлік бағасы ұстатпай кетті. Бұл жағдайда шенді-шенеуніктерге қалай ренжисің? Олар қымбаттау туралы ештеңе айтқан емес. Баға мен бағамның тұрақты болмағына президентке де ұялмай баяндады. Ол кісі де сенді. Сенбей қойғаны – халық қана. Енді айтқаны келіпті. Бұл жағдайда Ұлттық банк төрағасының кінәсі не?

Жалпы, Ақышевтің қаржы нарығындағы келеңсіздіктерге халықты кінәлауы бірінші рет емес. Қыркүйектің басында доллар күрт қымбаттап кеткенде Ұлттық банктің төрағасы «теңге қатты құнсыздануы мүмкін дегенге сеніп, жинағанын көк қағазға жаппай айырбастаған» халықты айыптаған еді. Осы жағдайдың алдында ғана президент Н.Назарбаевтың қабылдауында болған Д.Ақышев Ұлттық банк инфляция өсіміне жол бермеуге жұмыс істеп жатқанын, жалпы ахуалдың тұрақтылығын, алаңдауға еш негіздің жоқтығын мәлімдеген болатын.
Бірақ, көрдіңіз бе, Д.Ақышев қаншама қажырлы қызмет атқарғанымен, халық сол еңбегін сор етіп жатқандай. Қадіріңді жұрт білмеген, қайран төраға десеңші. Дегенмен, шындығына келгенде, Ақышевтің жалпақ жұртқа ренжитін де жөні жоқ. Мәселен, 2014 жылы ақпанда доллар бағамы қарапайым тұрғындар үшін аяқасты көтеріліп шыға келгенде Ұлттық банктің сол кездегі төрағасы Қайрат Келімбетов бұл жаңалықты түн ортасында естіп, аң-таң болғанын айтпап па еді?! Осыдан кейін халық Ұлттық банктің басына келген басшылардың сөзіне қалай сенсін? Қара табан халықты қойшы, экономикалық білім аз делік. Қаржы мен экономиканың қатпар-қатпар қалтарысын түсінеміз дейтін мамандардың өздері Ұлттық банк төрағасының бір сөзіне сенбейтін болған бұл күнде... Мәселен, «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаевтың айтуынша, елдегі тауарлар бағасының қымбаттауына Ұлттық банктің өзі кінәлі. Ол үкімет пен Ақышевтің инфляциямен күресу шараларының жартысы ешқандай пайда бермейді дейді.
– Нарыққа зерттеу жүргізіп, Қазақстанда тауар бағасының өсуіне негізгі себеп теңгенің құбылмалығына көз жеткіздік. Осы мәселе шешілмесе, билік баға қымбаттауын еш тоқтата алмайды. Ал онымен айналысуы тиіс Ұлттық банктің жүргізіп жатқан ісінен пайда жоқ, – дейді Р.Ошақбаев.
Ұлттық банктің 1996-1998 жылдар аралығындағы төрағасы, бүгінде «Ракурс» атты экономикалық сараптама орталығының директоры Ораз Жандосов «Верный Капитал» компания тобы өткізген Expert Update сарапшылар кеңесінде қазіргі экономикадағы кемшіліктерге тоқталыпты.
«Бұрын мен Ұлттық банкті басқарып тұрғанда бірде-бір мемлекеттік қызметкер, екінші деңгейлі банктің бірде-бір топ-менеджері маған бір сөз айта алмайтын, өтініш айтып қоңырау соғуға қорқатын. Осы тәртіп қазір қайда кетті? Он жылдан бері қаржылық реттеуші мен банк қауымдастығы тонның ішкі бауындай жымдасып алған. Ұлттық банк екінші деңгейлі банктердің активтерін дұрыс жоспарламауы, қаржылық реттеуші талабын елемейтін банктерге шара қолдану мәселесінде үнсіз, көздерін жұмып отыр. Ондай амалға барсақ, тұрақтылықты шайқап, тоқтауы қиын іске ұрынамыз дегенмен бейәрекеттерін ақтап алғысы келеді. Мұндай жағдайдың немен бітетінін 2009 жылдың ақпанында көрдік қой, мемлекет үш банкті құтқаруға мәжбүр болды. Ал ол банктер әлі күнге дейін көмекке берілген сол қаржыны толық қайтарған жоқ», – депті Ораз Жандосов. Қаржыгердің ойынша, билік басындағылар осы мәселені қысқа мерзімді іс деп біледі, бірақ ол әлдеқашан ұзақ мерзімді мәселеге айналып кеткен. Мінекей, істің тетігін білетіндер бағаның өсуі мен теңгенің құнсыздануын Ұлттық банктің сауатсыз ісінен көреді. Ал Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышев үшін халық қымбатшылықты шақырмай, аузын жауып үндемей отырса бәрі «чики-чики» болып кететін сияқты.

Жасұлан АҚКЕР
Астана

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (7)
Жұман | 5 қазан 2017 18:01
Осы Даниярың барлық кәсібиліктен жұрдай болды ау деймін, егер сол кәсібилік сонда болса. Неше рет жар салды доллар енді қымбаттамайды деп деп. Ал доллар аспандап кетті. Сенімді жоғалтқаның бәрін жоғалтқаның деген нақыл сөз бар. Жұрт билік пен банкке сенуден әбден қалды. Жұрт енді тек долларға сенеді. Міне қымбаттаудың мәнісі осында.
Сенбесхан | 5 қазан 2017 20:29
Бұлардың сөзіне ешқашанда сенбеймін, сенгенім де жоқ. Сондықтан тек доллар ғана жинаймын.
Серік | 6 қазан 2017 10:13
Белсіз экономика, қор болған теңге. Билік теңгенің құбылуын түсіндіре алмай әлек. Алдымен мұнайға, содан кейін рубльге тәуелді болып содан кейін пәленбайдың пәленше деп айтқанына байланысты болған не деген сорлы ақша.Халық көріп отыр себеп қисық экономика мен жемқор жүйеде.
Қызылордалық Балталы Төлеген | 6 қазан 2017 13:07
Тек Данияр емес,ЕҢ БАС биліктен бастап,барлық"ел басқаратын биліктер"ӨЗ ІСТЕРІНІҢ МАМАНДАРЫ ЕМЕС!ЕЛДІҢ тоз-тозы шықты.ЕЛДІҢ табиғи байлықтарының иесі БАС,ОНЫҢ туған-туыстары,жандайшаптары,ал"салық"төлейтін бөлігіне ШЕТ ЕЛ компаниялары игелік етеді.ҚАЗАҚ ЕЛІ,ЖЕРІ осы сілімтіктердің бизнес аймағы.АЛ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ..олар үшін әшейін тобырлар.ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ тағдыры Сырдариямен ағып келе жатқан жаңқа сияқты.Ағыспен қайда барып тоқтары,қашан,қай жағаға шығып кеуіп кетері белгісіз..Өйткені ЕЛ БАСШЫСЫЗ!
Дүр | 7 қазан 2017 07:53
Тек Данияр емес,ЕҢ БАС биліктен бастап,барлық"ел басқаратын биліктер"ӨЗ ІСТЕРІНІҢ МАМАНДАРЫ ЕМЕС!ЕЛДІҢ тоз-тозы шықты.ЕЛДІҢ табиғи байлықтарының иесі БАС,ОНЫҢ туған-туыстары,жандайшаптары,ал"салық"төлейтін бөлігіне ШЕТ ЕЛ компаниялары игелік етеді.ҚАЗАҚ ЕЛІ,ЖЕРІ осы сілімтіктердің бизнес аймағы.АЛ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ..олар үшін әшейін тобырлар.ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ тағдыры Сырдариямен ағып келе жатқан жаңқа сияқты.Ағыспен қайда барып тоқтары,қашан,қай жағаға шығып кеуіп кетері белгісіз..Өйткені ЕЛ БАСШЫСЫЗ!
Назар | 8 қазан 2017 00:07
"Еуразиялық Экономикалық Одақтың пайдасын әлі-ақ көреміз. Шыдай тұрыңдар".
Казах | 8 қазан 2017 17:58
Биліктен бреу шығып Доллар қымбаттамайды немесе Бензин қымбаттамайды оған жол жоқ десе, қамдана беріңдер.Олар керісінше айтады.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті