5 қаңтар 2010
2010 жылдан не күтемiз? (экономикада)

Мағбат СПАНОВ,
экономист, Қазақстан даму институтының президентi:
ЖАСЫРЫН ДЕВАЛЬВАЦИЯБОЛУЫ МҮМКIН
– Биылғы жыл қызықты, тосын оқиғаларға толы болмақ. Менiңше, саяси жүйеде бiрталай өзгерiс болады. Экономика шатқаяқтап, аман қалар, әйтеуiр. Менiңше, күрт төмендеу байқалмайды. Десек те, 2010 жыл әрi қызықты, әрi күрделi болады.
– Биылғы жылы теңге девальвациясы болуы мүмкiн бе?
– Әбден мүмкiн. Бiрақ девальвация тiкелей болмаса да, инфляция есебiнен жасырын түрде өтуi мүмкiн.
Жалпы, I тоқсанның көрсеткiштерiне қарап-ақ, Ресей, Қазақстан, Беларусь елдерi экономикасының бейiмдiлiгiн айқын аңғарамыз. Рас, ұқсастықтар, ортақ тұстарымыз бар. Дегенмен, кедендiк тарифтер, iшкi экономикалық саясат, өндiрiс құрылымы жағынан алғанда, жер мен көктей айырмашылық бар. Мұны бiрiзге келтiрiп, сәйкестiкке түсiру керек.
– Кедендiк одаққа кiрдiк. Ендi тауар бағасы қымбаттай ма?
– Әрине, көптеген тауардың бағасы өседi. 1992 жылдан кейiн одаққа мүше болған елдер әртүрлi экономикалық реформалар жүргiздi. Әр ел өз мақсатын көздедi, соған сәйкес даму бағытын таңдады. Бiзден гөрi Ресей экономикасы ауқымдырақ әрi бәсекеге қабiлеттiрек. Мiне, сондықтан Ресей Қазақстанға емес, Қазақстан Ресейге сәйкестенiп, ресейлiк стандарттар мен тарифтердi қабылдайды.
– Ал үкiметтiң келесi жылы экономикалық өсiмге қол жеткiземiз деген болжамы орындала ма?
– Егер үкiмет экономикалық өсiмге жеткiсi келсе, мұны қағазда көрсете салу оп-оңай. Тауар айналымы мен экономикалық белсендiлiк төмендеп жатқан күннiң өзiнде экономикалық өсiмге жетемiз дегенi миға қонбайды. Ұлттық қор қаржысын жұмсай берудiң арты қиындыққа әкеп соқтырады. Ұлттық қордың түгесiлетiнiн ұмытпаған жөн.
– Сонымен, биылғы жылы дағдарыстан шыға аламыз ба?
– Экономика адамдар қолында екенiн естен шығармаған абзал. Егер осы адамдар өз iсiне жауапкершiлiкпен қарап, бар мәселенi дағдарыс, апат, қол астындағы бағыныштылар мен оппозиция, сыртқы жауларға жаппаса, iлгерiлеу болады. Менiңше, әркiм дағдарысты өз бойынан iздеп, оны жеңуi тиiс. Дағдарыстан шығудың жолы осы.
Қанат БЕРЕНТАЕВ, экономист, Қоғамдық мәселелердi талдау орталығы директорының орынбасары:
ҮКIМЕТ ХАЛЫҚТЫҚЫМБАТШЫЛЫҚҚА ДАЙЫНДАП ҚОЙДЫ
– Қазiр бифуркацияны бастан өткерiп жатқандықтан, 2010 жылы стагнацияға түсемiз бе, әлде өсу траекториясына шығамыз ба, бұл жағы белгiсiз. Мұны бiрiншi жарты жылдықтан соң байқаймыз. Менiңше, жылдың басты оқиғасы бастау алды. Кедендiк одаққа кiрдiк. Кедендiк одақтың тиiмдi тұстары көп. Бiрақ, өкiнiшке қарай, отандық кәсiпкерлер кедендiк одақтан ұтылады деген пiкiр басым. Үкiмет те “кедендiк одаққа мүше болған соң жанармай бағасы, өзге де тауарлар қымбаттайды” деп отқа май құя түстi. Осылайша үкiметтiң өзi “кедендiк одақ қымбатшылыққа соқтырады” деп, халық пен кәсiпкерлердi психологиялық тұрғыдан дайындап қойды. Сөйтiп, тауар бағасы өссе, үкiмет “бұл – кедендiк одақтың салдары” деп жасырып-жабатын себеп тапты.
Теңге девальвациясына келер болсақ, Марченко 5 ақпанға дейiн теңге бағамы сақталатынын, ал содан кейiн ассиметриялық дәлiз болуы мүмкiн екенiн айтты. Ал халықтың Марченко бiр нәрсе айтса, керiсiнше қылатынына былтырғы девальвация кезiнде көзi жеткен. Демек, Ұлттық банк төрағасы “теңге бағамын белгiленген дәлiзде сақтаймын” десе, теңге құнсыздануы мүмкiн. Бiрақ, менiңше, алғашқы жарты жылдықта девальвацияға негiз болатын себеп жоқ. Оның үстiне кедендiк одаққа мүше болған соң теңге девальвациясын келiсе отырып iске асырған жөн.
Экономиканың алдағы дамуын айқындайтын тағы бiр нәрсе – биыл индустриалды-инновациялық дамудың жеделтетiлген бағдарламасы бастау алады. Бiрақ бұл бағдарламаның iске асуы үкiметтiң стратегиялық жоспарлау мен басқаруды қолға алып, дұрыс саясат жүргiзуiне байланысты. Бағдарламада стратегиялық жоспарлау атымен жоқ. Оның үстiне бұл кешендi бағдарламадан гөрi жеке-дара жобалардың жиынтығына ұқсайды.
Айдар ӘЛIБАЕВ, Қазақстан зейнетақы қорлары қауымдастығының төрағасы:
БҰЛ – IСКЕ АСПАЙТЫН КЕЗЕКТI БАҒДАРЛАМА
– Егер жай ғана индустриалды-инновациялық дамудың бағдарламасы iске асып, тиiмдiлiгiн көрсетсе, онда жеделдетiлген деген сөздi қолдансақ орынды болар едi. Бiрақ, бiзде мұның бiрi де жоқ. Индустриалды-инновациялық даму атымен жоқ бiзде. Мұндай жағдайда жеделтетiлген бағдарлама туралы сөз қозғаудың өзi артық. Әлi күнге дейiн дағдарысқа қарсы бағдарлама iске аспады. Инфрақұрылымдық жобалар, 30 корпоративтi көшбасшы тәрiздi бағдарлама құрдымға кеттi. Осыған қарамастан индустриалды-инновациялық дамудың жеделтетiлген бесжылдығы бастау алмақ. Мұның iске асатынына қатты күмән келтiремiн. Менiңше, бұл – iске аспайтын кезектi бағдарлама, құр сөз. Әсiресе, бұл бағдарламаны кiм iске асырып, жауап беретiнi белгiсiз. Нендей жобаның қандай мақсатпен асырылатыны, өндiрiлетiн өнiм бәсекеге қабiлеттi бола ма, бұл туралы бiр ауыз сөз жоқ.
Экономикалық секторға қатысты болжамдарым онша жағымды емес. Бүгiнгi министрлер кабинетi мемлекеттiң экономикалық ахуалын жақсартуға қабiлетсiз. Үкiметтiң осалдығына, кәсiби деңгейiнiң төмендiгiне әлдеқашан көз жеттi. Үкiмет биылғы жылы да елдi дағдарыстан алып шыға алмайды.
Пiкiр жинаған: Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ (суретте)




