28 қаңтар 2010
“Қазаншының өз еркi, қайдан құлақ шығарса”

РЕСМИ СТАТИСТИКА БОЙЫНША, 1,1 ПАЙЫЗ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСIМГЕ ҚОЛ ЖЕТКIЗДIК
Бiздiң үкiмет көп қателеседi. Бiр ғана мысал – 2009 жылғы ЖIӨ-нiң көрсеткiшi 0,1 пайыз болуы керек деп меже белгiлеген едi. Үкiмет “байқамай” ол межеден де асып түсiптi. Ендi мiне, ресми статистикалық мәлiметтерге сенсек, президент күткендей, елiмiздiң ЖIӨ-сi 1,1 пайызға өсiптi. Және қараша мен желтоқсан айларындағы көрсеткiштер экономикамыздың рецессиядан бiртiндеп шыға бастағанын байқатады-мыс. 2009 жылдың бiрiншi және екiншi тоқсанында көрсеткiштерiмiз “минуста” болды, үшiншi тоқсанда нөлдi көрсеттi. Ал желтоқсан айындағы экономикалық өсiм қарқыны тiптi де “таңғаларлық”. Айталық, “Ракурс” экономикалық талдау орталығы осы статистикалық деректерге сүйене отырып мынадай баға берген: “Алдыңғы тоқсанға қарағанда төртiншi тоқсанда 5 пайыздық өсiм бар. Былтырғы жылдың осы тоқсанымен салыстырғанда ЖIӨ-нiң өсiмi 7 пайызға артқан. Желтоқсан айындағы жетiстiк жалпы 2009 жылғы көрсеткiштерiмiздi алдыңғы жылғы көрсеткiштерiмiзге қарағанда 0,5 пайызға көбейткен”.
Экономиканың негiзгi салалары 2009 жылдың төртiншi тоқсанында: өнеркәсiп – 9,6, ауылшаруашылығы – 51,9, құрылыс – 7,1, көлiк – -1,3, байланыс – 14, сауда – 8,8 пайызға өсiм қарқынын көрсетiптi. Тоқырап тұрғаны – тек қана қаржы саласы ғана екен. Бұл сала басындағы қиындықтан арыла қоймаған.
“Ракурс” былай деп мәлiмдейдi: “Бiз төртiншi тоқсанда аталған салаларда жағымды өзгерiстер барын байқадық. Соңғы алты тоқсан iшiнде бiрiншi рет құрылыс саласы болымды өсiм көрсеттi. Өнеркәсiп өсiмiне, бұрынғысынша, шикiзат өндiру саласының есебiнен қол жеткiзiлдi. Бiрақ, өңдеушi өнеркәсiп, соңғы екi айдағы мәлiмет бойынша, болымсыз қарқыннан болымды қарқынға жеттi. Бұл – осы саланың рецессиядан шыға бастағанының нышаны”.
Лайым солай болғай! Бес тоқсан бойы рецессиядан көз ашпаған экономикамыз аяқтан тұрып жатса, кәнеки! Әйтсе де, сарапшы мамандар бұл қуанышымызға ортақтаспай отыр. “Шынайы жағдайды емес, билiктiң қалауы мен пәрменi бойынша қолдан құрастырылған, бұрмаланған деректер емес пе?” деген алғашқы күдiгiмiздi мақұлдай түседi. Экономистер бұл көрсеткiштер саяси тапсырыс бойынша жасалуы мүмкiн дейдi.
“Бүгiнгi күнi экономикалық өсiмнiң артуына ешқандай негiз жоқ. Өсiм болған күннiң өзiнде, бұл – мемлекеттiң сырттан қарыз алуының есебiнен. Сырттан алынған қарыздарда бюджетке кiрген кiрiс болып есептелiнген болар. Тауарлар номенклатурасы мен халықтың экономикалық белсендiлiгi бойынша есептесе, ЖIӨ көрсеткiшi - 5 пайызға құлдырауы ықтимал”, – дептi “Республика” басылымына берген сұхбатында Қазақстан даму институтының президентi Мағбат Спанов.
Қалай десек те, бұрынғы басшысы бас сауғалап, құқық қорғау органдарынан қашып жүрген статистика агенттiгiнiң мәлiметтерiне сену де қиын. Әйтеуiр, үкiмет соңғы тоқсанда айды аспанға бiр-ақ шығарды –1 пайыз болса да, өсiмге қол жеткiздi. Бiрақ қандай жолмен? “Қазаншының өз еркi, қайдан құлақ шығарса” дегеннiң керi болмаса игi.
Ш. ЖАРҚЫМБЕК.




