1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Осы күнге дейін көп нәрсе айтылды ғой. Бұл неткен үнсіздік деген сұрақ менің көкейімде әр кез тұрады. Мен күнде таңертең тұрғанда бір жақсы хабар естігім келіп тұрады. «Зәкеңді өлтірген адамдарды тауыпты», я болмаса «сол істі қайта қарауға кірісіпті» дегендей хабарларды естігім келеді. Бірақ, өкінішке қарай, қазір бізде құлақ естімейтін, көз көрмейтін уақыт болып тұр.
Автор: Мақпал Жүнісова, Қазақстанның халық әртісі, әнші
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №91 (16173) 14 қараша, дүйсенбі 2016
14 қараша 2016
Бәрi “чики-чики” әнiндегiдей
Ел iшiнде әлеуметтiк саланың қордаланған мәселесi тым көп. Соның бiрi – медицина. Үкiмет бұған бiр емес, бiрнеше отырысын арнаса да түйiндi түйткiл түп-тамырымен жуық арада шешiле қоймасы анық. Мәселен, педиатрия факультеттерiнiң жөнсiз жабылып қалғанын балалардың елiмiзге әйгiлi ғалым дәрiгерi Камал Ормантаев ақсақалдың шырылдап айтып келе жатқанына он жылдың жүзi болып қалған шығар. Сол сияқты, шалғай ауылдарда амбулаторияның жоқтығынан соңғы кездерi өлiм-жiтiм көбейiп келедi. Әсiресе, жастар ара­сында қазiр қаза дендеп кеттi. “Ұйқыға жатып, оянбай қалыпты” дегендi жиi еститiн болып жүрмiз. Мұ­ның сыры неде? Уақытында ем-дом алмайтын өзiмiз кiнәлiмiз бе, жоқ ауыл-ау­дандарда бiлiктi маман жетiспей ме? Қар қалың түсетiн аймақтарда қысты­гүнi жолдың жабылып қалу салдарынан аудан орталығындағы перзентханаға же­те алмай талай ана өмiрден озып кеттi. Немесе бензинi түскiр табыла қоймай, яки “жедел жәрдем” уақытында келе алмай қаншама бөбек мезгiлсiз жан тәсiлiм еттi. Айта берсек, түйiндi түйт­кiлдiң шетiн де, шегiн де көрмейсiң. Ал дәрi-дәрмек туралы әңгiме қозғайтын болсақ, еңiрегенде етегiмiз жасқа толады. Себебi, дә­рi-дәрмегiңiз – қып-қызыл ақша, орасан-зор пайда көзi. Сондықтан бұл жердегi “жең ұшынан жалғасқан” сыбайластықтың түбiне жете алмайсың.
Оңтүстiк Қазақстан облысындағы бiр танысымыздың дәрi-дәрмек бизнесi бар. 15-20 жылдан берi осы кәсiппен шұғылданып келе жатқан оның негiзгi “кампаньендары” емхана мен ауруханалардың басшылары. “Аптечный бизнестiң” алтын көпiрi – осылар. Ауруханада жатқан бейбақтар қандай дәрi iшiп жатқандарын өз­дерi бiлмейдi. Дәрiгердiң нұсқауымен белгiленген дәрi ме, жоқ оны ауыстыратын басқа дәрi ме, айырып болмайсың. Мүмкiн, мерзiмi өтiп кеткенi шығар... Құдай оның бетiн аулақ қылсан, әйтеуiр қай ауруханаға барсаң да кiп-кiшкентай құтыға аурулардың дәрiсiн салып алып, медбикелер зыр жүгiрiп жүредi. Мұны бiз тектен-текке айтып отырған жоқпыз. Дәрi-дәрмек бизнесi­мен айналысатын әлгi танысымыз былтыр Алматыдан да бiр дәрiхана ашты. Содан жақсылық жасай қояйық деген ниетпен медицина колледжiн бiтiрiп, бiрақ жұмыссыз жүрген көршiмiз­дiң қызын сатушылыққа алдырдық. Күндердiң бiр кү­нiнде көршiмiздiң қызы: “Қожайын келдi, ревизия жасап жатырмыз. Пайдалану мерзiмi таяп қалған дәрi-дәрмектiң бәрiн Шымкентке алып кеттi. Ауруханаларға өткiзiп жiбередi екен” дегенде не сенерiмiздi, не сенбесiмiздi бiлмедiк. Әри­не, жұрттың бәрi осындай жүйемен жұмыс iстеп жатыр деуден аулақпыз. Әйтсе де, медициналық мекемелердiң денi жекеменшiк кәсiп ие­лерiмен ауыз жаласып, үлеске кiрiп отырғанын осы күн­дерi жұрттың бәрi бiледi. Тiптi, өзiң қаралатын емханадағы дәрiгер де узи-ға немесе басқа бiр медициналық жабдықтарға түсу қажеттiлiгi туындаса өзiнiң тамыр-танысына жiбередi. Оған бармай, басқасына түсiп, қорытындыны алып келсең, тiптi жер-жебiрiңе жетiп ұрсатынын қайтерсiң. Жақында құрбыма буындарымның ауырып жүргенiн, осыған орай жергiлiктi емханаға қаралу қажеттiлiгiн айт­қаным сол едi, ол шошып кеттi: “Қазiр есi дұрыс адам мемлекеттiк тегiн емханаға бармайды”, – дедi. Себебiн сұрасам “бiлiктi мамандардың бәрi жекеменшiк клиникаларға ауысып кеткен, соны да бiлмейсiң бе?” – дейдi.
Үкiмет мүгедектердi, мүге­дектiгiмен зейнеткер­лiкке шыққандарды тегiн дәрi-дәрмекпен қамтамасыз етедi. Осы мақсатта бюджеттен миллиондаған қаржы бөлiнедi. Ал мем­лекеттiк ауруханаларға бе­рiлiп жатқан қаржы-қаражаттың есебiн сол “қазанның құлағын ұстайтындар” ғана бiлмесе, былайғы жұрттың одан хабары шамалы. Көп жағдайда, мысалы жыл басында немесе жыл соңында өмiр мен өлiм арасында жүретiндерге (қант диабетiмен ауыратын науқас­тар) емханаларда дәрi же­тiспей жатады. Мұндайда жанын шүберекке түйген науқастардың жан айқайын естудiң өзi азап. Амалсыздан қанша қымбат болса да сатып алуға мәжбүр. Дәрi-дәрмек нарығындағы баға... удай. Оны реттейтiн мемле­кеттiк органдар өз қыз­метiне немқұрайлылықпен қарайды. Адам баласы жа­ны үшiн дәрiнi қандай бағада болса да сатып алуға мәжбүр. Мұны бiлетiн сатушылар ойына келген бағаны қояды. Бұл айналып келгенде адам өмiрiмен ойнау. Әрi-берiден соң қылмыс. Ал бiздiң елде “дәрi-дәрмектi қымбат бағаға сатыпты, сол үшiн сотталып жатыр” дегендi естiгенiңiз бар ма? Жоқ. Естiмейсiз.
Ал үкiметтiң, денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму министрiнiң баяндамасында бәрi Серiкбол Сай­лаубектiң әнiндегiдей “Чи­ки-чики”. Қараңыз, Тәуел­сiз­дiк жылдары елiмiзде мемлекет қаражаты есе­бiнен 1 300-ден астам денсаулық сақтау нысандары iске қосылған. Жылдың соңына дейiн тағы 350-ге жуық емxаналар мен амбулатория­ларды салу жоспарланыпты. Сонымен қатар, прези­денттiң тапсырмасы бойынша барлық облыстарда қазiр кардиоxирургиялық бөлiм­дер желiсi ашылған. Астанада медициналық клас­тер iске қосылыпты. Елi­мiзде жүрекке, миға бұрын болмаған операциялар жасау қолға алынған. Осының нәтижесiнде елi­мiзге шетелден көптеген науқастар емделуге келiп жатыр. Осы соңғы 8 айдың iшiнде 7,5 мыңнан астам шетел азаматы Қазақстанда емделген екен. Iске асырылған шаралардың нақты нәтижесi, xалықтың орташа өмiр сүру ұзақтығы ұлғайды. Мысалы, Тәуелсiздiк алған алғашқы 1991 жылы өмiр сүру ұзақтығы 67 жас болса, қазiргi (25 жылдағы) көрсеткiш 5 жасқа ұлғайыпты. Сонымен қатар, ана өлiмi бес есе, бала өлiмi үш есеге азайған. Мұндай деректi премьер-министр Б.Сағынтаев үкiмет жиынында айтты. Қағазға қарасаңыз бәрi керемет, ал өмiр­де... бiз айтқандай.
 Гүлзат Нұрмолдақызы
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар