1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №93 (16175) 22 қараша, сейсенбі 2016
22 қараша 2016
Бүгежектердiң басында келе жатырмыз

Өткен аптада Ресейдiң Халықтар достығы университетi ұйымдастырған “Жастардың күшi – бiрлiкте” атты дөңгелек үстелге қатысушылар: “Бүгiнгi жастар орыс тiлiнен гөрi, ағылшын тiлiне көбiрек бет бұрып барады”, – деген ұйғарымға келiптi. Жиынға қатысушылардың пiкiрiне сүйенсек, КСРО-ның бұрынғы 14 республикасында бүгiнде 140 милллионнан астам адам тұрады және олардың 63,6 млн-ы ғана орыс тiлiн жақсы бiледi, ал 39,9 млн-ы жеңiл-желпi меңгерген, ал 38 млн адам мүлде бiлмейтiн көрiнедi.  

“ТМД аумағында орыс тiлiн тұқырту арқылы негiзгi ұлт тiлiн нығайту процесi жалғасуда” деп есептейтiн “Русский мир” қорының дерегiне сүйенсек, бүгiнде тек Белоруссия ғана орыс тiлiне мемлекеттiк мәртебе берiптi. Ал Қырғызстанда ол – ресми; Қазақстан, Молдова, Тәжiкстан мен Украинада – ұлтаралық қатынас тiлi болып саналады. Грузия мен Арменияда орыс тiлiнiң мәрте­бесi арнайы айқындалмаған, шындығында, шеттiлi мәрте­бесiне ие. Аталған қор өкiлдерi­нiң есебiнше, қазiргi таңда Белоруссияда балалардың – 75 %, Қазақстанда – 41% Украинада – 25% Қырғызстанда – 23% Молдовада – 21% Әзербайжанда – 7% Грузияда – 5% Армения­да – 2% орысша оқиды.  
Сарапшылар посткеңестiк кеңiстiгiндегi елдерде орыс тiлiн бiлетiн жастардың үлес салмағы азайып бара жатқанын негiзгi екi себеппен байланыстырады және оның бiрi ретiнде бiлiм беру мекемелерiндегi орыс тiлiн оқыту сабақтарының сағаттары азай­ғандығын, көптеген мектептерде ол тек факультатив ретiнде өтетiндiгiн айтады; екiншi себебiн ТМД елдерiндегi демо­графиялық жағдаймен сабақтастырып, “соңғы 20 жылда орыстардың үлесi екi есеге жуық төмендедi. Бейнелi түрде айтқанда, “орыстар кетiп жатыр және орыс мәдениетiнiң бiр бөлiгiн өздерiмен алып кетуде” деп түсiндiредi. Айтуларынша, орыстардың үлес салмағының азаюы олардың Ресейге көшiп кетуiне ғана емес, сондай-ақ орыстiлдi ортада бала туу көрсеткiшiнiң төмендеуiне де байланысты. Сонымен қатар, “көптеген елдерде жоғарғы оқу орнына түсу немесе жұмысқа тұру үшiн негiзгi ұлттың тiлiн бiлу қажеттiгi де себепкер болуда”, – дейдi.
Байқағанымыздай, базбiр адамдар, белгiлi күштер орыс тiлiнiң бұрынғы КСРО аумағындағы рөлiнiң төмендеп бара жатқандығына алаңдаулы және оның ықпалын күшейтуге қатты мүдделi. Бiрақ ұлттық сана-сезiмнiң жоғарылауы, рухтың оянуы әрбiр халықтың тәуелсiз­дiгiн нығайтуға, өзiндiк “менiн” күшейтуге жол ашты. Бұл орайда, бiреулер ерекше батылдық көрсетсе, ендi бiреулер әлi де бүгежектiк танытуда. Орысша оқитын балалардың үлес салмағы жөнiнен Белоруссиядан кейiнгi орынды еншiлеп тұрғанымызға қарасақ, өзiмiздiң де сол жасық, жалтақ топтың көш басында келе жатқанымызды аң­ғару қиын емес. Ұлт белсендi­лерiн бұл, әрине, қатты алаңдатады. Ал Расул Жұмалының сөзiмен айтсақ, орысша сөйлеу мен орысша ойлаудың аражiгi өте қысқа. Олар бiр-бiрiн айқындап тұрады. Сондықтан бiз басымдықтарымызды айқындап алуымыз керек. Бiрiншi басымдық – бұл, сөз жоқ, қазақ тiлi; қазақ мектептерiн сақтап қалу, орыс мектептерiн қазақиландыру. Екiншi басымдық – ағылшын тiлi болуы керек. “Себебi орыс тiлi мәдениет, өркениет тiлi болудан қалды. Орыс тiлiнiң әлемдегi бүгiнгi алып отырған ауқымы 1 пайызға да жетпейдi. Ағылшын тiлiнiкi – 90 пайыз. Қалған 10 пайызы қытай, жапон, француз сияқты басқа тiлдерге тән. Сондықтан өркениет десек, басымдық, әрине, ағылшын тiлiне берiлуi керек. Ал үшiншi, төртiншi тiлдi қалай таңдау әркiмнiң өз еркiнде, – дейдi Расул Жұмалы. Орыс тiлiнiң басым болуын көксейтiндердiң мақсаты – бiрiншiден, бұрынғы орысшылдықты, бодандықты сақтап қалу; екiншiден, ұрпақты, халықты мейлiнше надан қалпында ұстап отыру.
“Орыс тiлi керек пе, керек емес пе?” дегенге қатысты Мұхтар Тайжанның да пiкiрi: “керек емес” дегенге саяды. “Қазiр орыс тiлiн дүниежүзiнде ешкiм пайдаланбайды. ТМД бойынша айтар болсақ, Орталық Азия, Кавказ, Украина, Балтық жағалауы елдерi орыс тiлiн соншалықты пайдаланбайды, тiптi бiлгiсi де келмейдi. Қолданылуы өте төмен. Грузия сияқты бiр­қатар елдер орыс тiлiнсiз де керемет өмiр сүрiп жатыр, – дейдi ол.
Қалай болғанда да, Ресей орыс тiлiнiң өзге мемлекеттер­дегi рөлiн, позициясын нығайтуға барынша күш салып, осы бағытта арнайы бағдарламалар қабылдауда, шетелдерде тұратын орыстiлдiлердiң құқай көрмеуiн, құқының қорғалуын қадағалауда.    
Бiз қазақтың Қазақстаннан басқа Отаны жоқ екенiн бiлемiз. Қазақ тiлi тек Қазақстанда ғана қанат жая алатынын түсiнемiз. Бiрақ оның құқын қаншалықты қорғап жүрмiз? Мәртебесiн қаншалықты биiктете алдық? Ол жағынан, әрине, мақтана алмаймыз.
Р.СЕРIКБАЙ
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар