1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір зиялы қауым арасында «Елім, жұртым!» деп ұрандаушылар саны басым. Олар бір қарағанда, қазаққа шын жанашыр тәрізді көрінеді. Алайда айналып келгенде, қазақ зиялыларында турашылдық жоқ. Ақиқатында, ұлттың мақсат-мүддесін көздейтін, ұлт үшін шыбын жаны шырқырайтын адам саусақпен санарлық. Осыны біліп отырған халық «біздің зиялыларымыз тым жалтақ» демегенде не дейді?
Автор: Тұрсынбек Кәкішев, жазушы-ғалым
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №95 (16177) 28 қараша, дүйсенбі 2016
29 қараша 2016
«САҚАЛЫН САТҚАН КӘРIДЕН...»

 

Кiшкентай кезiмде атам Шәмшi мен Қызбол­ған әжем­нiң тәрбиесiнде өстiм. Екеуi­нiң де екi сөзiнiң бiрi – “айналайын”, “қарағым”, “ботам”, “қалқам” едi. Олар асықпай, саспай байыппен, сабырмен   тiл қа­та­тын. Олар ашаршылықты, жоқ­­­шылық пен соғысты бастан өткерген соң, iшетiн ас пен киетiн киiм таппағанын айтып отыратын. Қызболған әжем 12 құрсақ көтергенi­мен, ешбiрi тұрмаған. Менiң әкем Кеңес 1937 жылы туған. Қанқасап 37 жылды көзiмен көргендер көлең­ке­сi­­нен қорқатын едi. Сондай тағ­дыр тауқыметiн бастан өт­­кiзгенiн есiне алғанда “бұдан да қиын кезде тойға барғанмын” дей­тiн әжем. Осы қасиеттер оларды сый-құрметке бөлеген. Бiздiң ұғымымыз солай қалыптасты.
Қазақстанда 7700 ауыл есепте. Қай қиырында болмасын, ауылға жолым түссе, кез келген бейтаныс қазақ “ауылдың үлкенi кiм едi?” деп сұрап жататын. “Ауы­лына қарап азаматын таны” деген нақыл сөздiң мәнiнде терең сыр бар. Кез келген ауылдың жақсы болмағы сол ауылдың үлкенде­рiнiң абырой-беделi мен   жеке басының парасат-пайымынына тi­ке­лей байланысты. Қазақ; “Қариясы бардың қазынасы бар” дейдi.
Қазақ елi тәуел­сiздiктiң 25 жылдығында бай мен кедей болып екiге бөлiнiп алды. Бай байыған үстiне байып жатыр, кедей кедейленiп жатыр. Нарық заманының ауыртпашылығынан кейбiр ауылдар азып-тозып тұрғындары қалаларға көшiп кетiп, шаңырағы ортасына опырылып түсiп быт-шыт болған. Кейбiр үйлердiң жарты қабырғалары, қора-қопсылары қалған. Бүгiнде шашына ақ кiрiп, пайғамбар жасынан асқан көп жасаған қариялар баршылық, бiрақ орақ ауызды шешен тiлдi ақсақалды көре алмай жүрмiн. Жасы ұлғайып, егде тартса да ман­сап-билiктен өле-өлгенше кетпейтiн жаман әдеттен әрi кеткен емес. Оу, қазақта әдемi қартаю деген бала-шағамен таласып-тартыспай, «жөнiн бiлген – мақұл» мәнiсiнде айтылған емес пе? Ал бiзде бейнебiр қарбаласу, жанталасу, өлермендiк. Бойынан күш-қуат кетсе де билiктен айырылмайтын әдет­тi қоймаудың өзi қандай қиын. Қарттардың қоғамдық жұмыс атқарып жүргенi жақсы-ақ, бiрақ соның өзiн бұлдайтын бiр жаман әдет бар. Оны олар өздерiнше жергiлiктi билiктiң бiзбен санасуы деп ұғады. Әрине, ұят кеттi деуге аузың бармайды. Жастар ортасында ақы­лымен, даналығымен, қарым-қабiлетiмен әлi де болса ортамызда жүрген кiсiлер же­терлiк. Дегенмен... жас­тарға неге жол бермеске? Аттан түсiп, үзең­гiнi жастарға ұсынып, белiн буып, батаңды берiп, арқасынан қақсаң, ғанибет емей немене.
Одан қала бердi, әкiмқаралардың алдында безектеп, құрдай жорғалап, соның ығына жығылып, бiр баласына баспана, автокөлiк сұрап ал­ғысы келетiн парықсыздығы мен қара басының қамын күйттеген пендешiлiгiн   күнде   көрiп жүр­мiз, кейбiреуi күнде ойнаған картасы мен “ащы суды” сiмiргенге әуес. Отарлау кезең қырсықтары санаға селкеу, ақылға ақау түсiрдi. Ақырған арыстандай, өктем­дiк­тiң екпiнiнен сақалдылар сақау, қариялар мақау болды.
Сөйтiп, көнбiстiкке, бейiм­дел­гiштiкке бой алдырды. Ол жалтақтыққа, жағымпаздық пен ұятсыздыққа ұласты. Ата сақалы аузына бiткен атаққұмар шалдар қазiр кәрi қой­дың жасындай уақыты қал­ғанда, руын ауыстырып, сүйе­гiн сатып, арын арамдап, аруақты аттап азғындап жүргенiмен шаруасы жоқ. Түбiмiзге осындай пасықтық пен жасықтық жететiн шығар. Көзi тiрiсiнде өзiне құл­пытас орнатып, орысша-қазақша жаздыртып қойғандарды да естiп жүр­мiз. Ұлт­тық рухтан жұрдай бұл ұятсыздар тектiлiгi мен ептiлiгiн таныту үшiн қолдан көсем, шешен, батыр, ақын жасайды, төбешiгiн таудай етiп көр­сетедi.
Асанқайғы мен Абай “қайғысын ойлайтын” бүгiнде қария қалмады. Оған қоса сықпыртып боқауыз айтатындар мен өсектi сапырғанда алдына жан салмайтындарды қайтер­сiз. Жас кезi туралы өтiрiк-шыны аралас таңғажайып әң­гiмелерiн естiгенде жағаңды ұстайсың. Бiреуi басқосуларда жөндi тiлек, берекелi бата бере алмайды, оның орнына саясаттың сары қымызын сапырады, немере-шөберелерi­мен орысша сөйлегендi мәртебе санайды. Орыс мектептерге апарып, алып келiп, жолда «внук», «внучка» деп шүлдiрлеп бара жатқанын күнде көремiз. Сондықтан қадiрлi ақсақалдың аузында батасы, жүрегiнде иманы болуы ұлы даланың ұлылығын дәрiптейтiн әңгiме айту арман болып тұр. Осындай кесiрлi кеселден арыла алар емеспiз. “Батпандап кiрген кесел мысқалдап шығады” дегендей, осы ойсыздық санамызды сыздатады. Басым көпшiлiгi жеме-жемге келгенде аталы сөзiн айта алмай, әкiмқаралардың ыңғайына жығыла кетедi.
Елiмiздiң кез келген ақсақалдар алқасын әкiмдер таңдайды, ал алқа мүшелерiнен төраға сайлайды. Сондықтан мұндағы қариялар жетекке жүргiш болуы заңды. Тек Қазақстанда ғана ақсақалдар тобы мiне, осылай таңдалады. Жоғарыдан жалмаңдап келiп, пакетi толған соң, жайраңдап қайтатын түрлi тексерушiлер мен комиссияны төраға қария қасқайып тұрып, қарсы алады, әкiмде­рiнiң даралығы мен даналығын айтып, сауысқанша сайрайды. Әсiресе “халықтың жағдайы 100 пайыз жақсарды” деп бөскенде, қарапа­йым халық жиренiп, iштей қарғап-сiлеп отырады.
“Кәрiден иман кетсе, жастардан ұят кетер” дейдi дана халқымыз. Жөнi түзу ақсақал  болу да – арман екен. “Ауруын жасырған арам өледi” дегендей, жасырып-жабатын түгi де жоқ. Ақсақалы азғын, төрелерi төмен, қазылары қанағатсыз, жасамыстары жалтақ, байғұстары бейқам елдiң   ертеңi не болмақ? 
 
Жұмамұрат Шәмшi

 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар