1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Сталин ашқан Академия тәуелсіздікке қол жеткен кезде жабылды. Қазақ Үкіметі оның жабылуына айдың күннің аманында жол берді. Бұл – біздің саяси жүйенің қателігі. Бұл – факт.  Сөйтіп, 70 жылдан астам тарихы бар Қазақ Академиясының құны бар-жоғы 500 доллар болып шыға келді. Оның бағасын Үкімет те, академиктер де солай деп бағалады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №97 (16179) 5 желтоқсан, дүйсенбі 2016
5 желтоқсан 2016
Кiтапханашы: «ДИРЕКТОР МЕНI МЕКТЕПТIҢ АУЛАСЫНА ТIРIДЕЙ КӨМIП ТАСТАЙМЫН ДЕДI»
Жас Алаштың” тiлшiлер қосынына Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданы Тереңөзек ауылы Жамбыл атындағы шағын орталықты орта мектебiнiң кiтапханашысы Талшын Акижановадан хат келдi. Хатта кiтапханашы соңғы жарты жылдың көлемiнде мектеп басшысы тарапынан әдiлетсiздiк көргенiн жазыпты. Арызына бiрнеше құзырлы органдардың жауаптарын, тексеру қорытындыларын да қоса тiркеудi ұмытпапты. Бiр сөзбен айтқанда, арызына айғақ, дәлел боларлық құжаттарын да қамдастырған. Iстiң мән-жайына қарасақ, мектептегi қарапайым қызметкер-кiтапханашы мен директор арасындағы текетiрес. Ұжым басшысы “мен директормын” деп кеу­де ұрады. Кiтапханашы шырқырайды. Бiз мәселенiң мән-жайын облыстық еңбек инспекциясы бас­қармасы анықтаған мән-жайлармен сабақтастыра отырып баяндағанды жөн көрдiк
 Т.Акижанова 2008 жылы жоғарыда аталған мектепке валеология пәнiнiң мұғалiмi болып жұмысқа қабылданған. Наурыз айында ол 3 жыл мерзiмге декреттiк демалыс­қа кетедi. 2012 жылдың 4 қыр­күйе­гiнде жұмысқа қайта шығады. Алайда ол белгiсiз себептермен бұрынғы қызметiне орала алмаған. Директор оны 0,5 жүктемемен кiтапханашы жұмысына ауыстыр­ған. Ұзамай мектептiң   негiзгi кi­тапханашысы З.Умирбекова зей­неткерлiкке шығып, оның 0,5 жүктемесi Т.Акижановаға берiле­дi, яғни осы кезден бастап толық жүктемемен жұмыс iстеуге көш­кен.   2014 жылдың 3 наурызында Т.Акижанова кезектi рет декреттiк демалысқа кетiп, содан биыл қаңтарда оралады.
Дау-дамайдың түп-төркiнiне үңiлу үшiн осы жерде кiшкене шегiнiс жасайық. 2011 жылы сол кездегi мектеп директоры Б.Утебаев өзi қызметiнен босатылып бара жатқанын бiле тұра, арнайы бұйрық шығарып, Н.Урустембекова деген азаматшаны жарты жүктемемен кiтапханашы етiп жұмысқа қабылдаған. Мектеп директорының мiндетiн уақытша атқарушы –директордың оқу iсi жөнiндегi орынбасары Н.Шығанбаев бұл бұйрықтың күшiн жояды. Бiрақ ол Н.Урустембекованы жұмыссыз қалдырмаған. 2011 жылдың 7 қыркүйегiнде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмi берген жолдама негiзiнде Н.Урустембекованы жарты жүктемемен кiтап­ханашы қызметiне қабылдайды. Екi айдан кейiн Н.Урустембекова декретке кетедi. Декретке кету туралы бұйрықты жаңа директор Э.Зәкiм­баева шығарған.
Содан 2016 жылдың мамырында Н.Урустембекова жұмысқа кiрiсу жөнiнде арыз жазады. Осы кезде директор Э.Зәкiмбаева Талшын Акижановаға Н.Урустембекованың жұмысқа кiрiсуiне байланысты бiр ай көлемiнде еңбек шартының тоқтатылатыны туралы хабарлама бередi. Неге Т.Акижановаға?
Еңбек инспекциясының анықтаған жайттарына қарағанда, жоғарыда айтып өткенiмiздей, Т.Акижанова валеология пәнiнiң мұғалiмi қызметiнен 2012 жылдың қыркүйе­гiнде өз еркiмен кiтап­ханашы болып ауысады. Оның еңбек кiтап­шасында, еңбек шартында да осылай жазылған. Алайда мектеп­тiң жеке құрам бойынша бұйрық кiтабында Т.Акижанованың кiтап­ханашы қызметiне қабылданғаны уақытша екенi жазылған. Бiр қызығы, уақытша деген жазу бұйрықтағы сөйлемнiң арасына қаламсаппен енгiзiлген. Ең қы­зығы, бұл емес. Бұйрықтың өз­гер­тiл­ген нұсқасы қайта жасалып, оған мектептiң сол кездегi емес, яғни 2012 жылдың 30 қарашасында алынған мөрi басылған. Яғни қыркүйектегi бұйрыққа қарашада алынған мөр басылған. Бұйрыққа мектеп директоры Э.Зәкiмбаева­ның қолы қойылған.
– Сонымен бiрге Н.Урустембекова мен жұмыс берушi арасындағы жасалған №46 еңбек шартының мерзiмi өзгертiлiп, сиялы қаламмен үстiнен баттастырып, өрескел түзетiлген. Аталған iс-әрекеттi мектептiң iс жүргiзушiсi М.Бабажанова жасағанын мойындады, – дейдi Т.Акижановаға жолдаған жауапхатында облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы С.Айдапкелов. Жауап хатта ол еңбек заңнамасының талаптарына сай келмеуiне байланысты мектеп директоры Т.Акижановамен жасасқан еңбек шартын бұза алмайтынын алға тартыпты.
Өзiнiң жұмыстан босатылатыны туралы хабарлама алған соң Т.Аки­жанова ұстаздардың аудандағы кәсiподақ ұйымына, бiлiм бө­лiмiнiң басшысына арызданады. Алайда бiлiм бөлiмiнiң басшысы Л.Утеулиева мен кәсiподақ ко­митетiнiң төрайымы З.Тойбекова мектеп директорының сөзiн сөй­леп, сырғытпа жауап жолдай салған.
– Арыздарыма басшылар ат­үстi қарағаннан кейiн   директорымыз   Э.Зәкiмбаеваның   маған қойған   талабын орындауға мәж­бүр болдым. Ол “Маған ешкiм еш­теңе iстей алмайды, сен мен туралы жан-жаққа шағым жазып ұжым алдында масқара қылдың, сол себептi көпшiлiктiң көзiнше ке­шiрiм сұрасаң ғана тыныштық берем” деген соң ұжым алдында мек­тебiмiздiң ауызбiршiлiгi үшiн кiнәм жоқ болса да кешiрiм сұ­радым. Тiптi қызметiмнен   өз ер­кiм­­мен босату туралы директорымызға өтiнiш те айттым, алайда ол жұмыстан босатпады. Кешiрiм сұраған күннен бастап Э.Зәкiмбаева “қай жаққа шағымдансаң да бәрiбiр, арызыңды аудандық бiлiм бөлiмiнiң басшысы Л.Утеулиева қарайды, мен сенi осы мектептiң ауласына тiрiдей көмемiн” деп, түртпектеуiн қоймады. Осыдан кейiн мен жоғары жаққа, яғни бiлiм министрi Сағадиевке, Бас прокурор Ж.Асанов­қа және Жамбыл облыстық еңбек инспекциясы басқармасына арыздандым. Басқармаға жазған арызым нәтижелi болып, мектебiмiз­дiң директоры Э.Зәкiмбаеваның 2012-2016 жылдар аралығындағы мұрағаттық құжаттарға   көпе-көрнеу өзгертулер енгiзiп, маған тиесiлi бұйрықтардың бәрiне “жұмысқа уақытша қабылданған” деген сөздердi ен­гiзгендiгi тексеру қорытындысымен анықталды, – деп жазады арызданушы. 
Осы тексерiстен кейiн мектеп директоры Э.Зәкiмбаеваға қатаң сөгiс берiлген.
– “Қатаң сөгiсiнен” кейiн де директор адамды қудалағанын қоймай, менiң мектептегi әр қадамыма акт толтыруда. Оның осы iс-әрекетiнен хабардар бiлiм бө­лiмiнiң басшысы Л.Утеулиева әдiлетсiздiктi көрмегенсiп отыр. Осыдан кейiн мен “Жас Алаштан” қолдау iз­дедiм, – дейдi Т.Акижанова.
Жоғарыдағы тексеру қорытындысында жазылғандай, бұйрыққа түзетудi мектептiң iс жүргiзушiсi М.Бабажанова енгiзгенiн мойындаған. Иә, бұйрықты iс жүргiзу­шiнiң әзiрлейтiнiн ескерсек, қисынға келетiн сияқты. Алайда қарапайым iс жүргiзушiге бiреудiң жеке құжаттарына өз­герiс енгiзу не үшiн керек? Мәселенiң мән-жайын бiлу үшiн аудандық бiлiм бөлiмiнiң басшысы Л. Утеулиеваға қайта-қайта қоңы­рау шалсақ та телефон тұтқасын көтермедi. Ал мектеп директоры Эльмира Зәкiмбаеваға хабарласқанымызда құжаттарды әзiрлеу кезiнде қателiк кетiп, сол үшiн қатаң сөгiс алғанын растады. Бұл қателiктi iс жүргiзушi жiбергенiн айтып, ақ­талды.
– Акижанова қазiргi уақытта қызметiн iстеп жүр. Қудалап жатқан ешкiм жоқ. Жан-жаққа арыз жазғаны рас. Осы арызы бойынша тексерулер жүргiзiлдi. “Мектептiң ауласына тiрiдей көмемiн” деп қоқан-лоққы жасады дегенi – өтiрiк. Ол әр арызда әртүрлi жазыпты. Бiр жерге “мектептiң ауласына тiрiдей көмемiн”, ендi бiр арызда “шашыңды жұламын” деп айтты дейдi. Аудандық мәслихаттың депутаты болып отырған мен, ондай ерсi сөздi айтпаймын, – деген Эльмира Зәкiмбаева бұл дау-дамайдың түп-төркiнiн мәслихат сайлауы кезiнде жеңiлiп қалған экс-депутатпен байланыстырды.
– Ол азамат мен түскен округтен сайланып, 10 жыл депутат бол­ған. Бұл жолы сайлауға түскенi­мен, өтпей қалды. Өйткенi менi аудандағы бүкiл бiлiм саласының қызметкерлерi қолдады. Алақандай ауыл болған соң әңгiме жатушы ма едi, арызданушының ар жағында сол азамат тұр ма деген күдiгiм бар, – дейдi Эльмира Зәкiмбаева.
Бұған ендi не дейсiз? «Ұялған тек тұрмастың керi» ме, әлде арыздың арғы жағында әлдекiмнiң тұрғаны рас па? Осындай дау-дамайдан көз ашпаған ұжымда бұдан кейiн қандай береке, қандай бiрлiк болсын?! Ал мұның бәрi айналып келгенде бiлiм сапасына, баланың тәрбиесiне керi әсер етпей ме? Мұны ойлап жатқан кiм бар?
Ғалымжан Елшiбай,
Жамбыл облысы
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар