1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Хабар» телеарнасын көріп, «Казахстанская правда» газетін оқысақ, сыпыра мақтану мен лепірме сөздерден басың айналады. Осы айтылып жатқанның барлығын өмірде неге байқамайтындығыңа қайран қаласың. Олардың айтуларына қарағанда Қазақстанның керемет табыстарға жеткендігі сондай, америкалықтар, жапондар мен шведтерге бізге қызыға да қызғана қарайтын уақыт болып қалыпты. Ал, азиялықтар, латынамерикасы мен африкалықтар қызғаныштан жарылып өлсе де болады.
www.azattyq.org
Автор: Герольд Бельгер, жазушы, аудармашы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №101 (16183) 19 желтоқсан, дүйсенбі 2016
19 желтоқсан 2016
Жерiмiздi қорғаушылар – Макс Боқаев пен Талғат Аянға “ХАЛЫҚ БАТЫРЫ” атағы берiлдi
Алматыда атыраулық белсен­дiлер, “заңсыз митинг ұйымдастырды”, “жалған ақпараттар таратты”, “ұлтараздығын тудырды” деген айыптармен сотталған Макс Боқаев пен Талғат Аян сырттай “Халық батыры” атағымен марапатталды. Марапаттау рәсiмi Халықаралық адам құқығын қорғау бюросының кеңсесiнде өттi. Сыйлықты Макс Боқаевтың қарындасы Жанаргүл Боқаеваға халық жазушысы Қабдеш Жұма­дiлов, Талғат Аянның анасы Ұл­дай Айназароваға құқық қорғаушы Е.Жовтис табыстады. Боқаев пен Аянға “Халық Батыры” атағын берудi ұйымдастырып жүрген қоғамдық белсендi Жанболат Мамай бұған дейiн марапаттау шарасын өткiзуге келiскен орындар­ға қысым жасалып, өткi­зу орнын табудың қиындап тұрғанын айтқан едi. Соған қарамастан белгiленген шара өттi, оған ел-жұртқа танымал тұлғалар, бел­сендi азаматтар қатысты.
 
Қабдеш ЖҰМӘДIЛОВ жиында былай дедi:
 Адам туа батыр болмайды. Уақыттың өзi сенi батыр қылып шығарады. Бұрын да солай болған, бүгiн де осылай. Қазiргi қоғам, қазiргi уақыт осыны талап етуде. Кiм батыр бола­йын деп ойлайды дейсiз. Ешкiм де. Менiң бұрыннан айтып келе жатқан мынадай бiр әңгiмем бар. Қазақ ұлтын жойып жiберу үшiн төбеден бомба тастаудың қажетi жоқ. Қазақтың тағдыры 4-5 жiпке iлiнiп тұр. Бiреуi тiлi, бiреуi дiлi, ендi бiрi дiлi. Осы жiптердi қиып жiбер­сең, ертең қазақ жоқ боп шығады. Макс пен Талғат жайдан-жай ұрандап көшеге шыққан жоқ. Iлiнiп тұрған тағы бiр жiп – жер. Атадан қалған жер. Жас жiгiттердiң ойлағанын iске асыр­ғанына мен өзiм разымын. Батыр деген осындай-ақ болар. Керек кезiнде шыққан азаматтарды бiз батырлар деп есеп­теуiмiз керек. Талғат пен Макске бiр-бiр кiтап алып келдiм.
Қазiр ендi олардың кiтап оқуға уақыты бар ғой. Байқайтын боларсыздар, халықтың iшiнде үрей бар, қорқыныш бар. Өз елiн, өз жерiн қорғайтын батырлар керек бiзге.
 
Сөз кезегiн алған Евгений Жовтис: – Талғат пен Макс оларды отыр­ғызғандарға қарағанда, анағұр­лым азат, – дедi. – Өйткенi олар ойындағысын айта алады, келiс­пейтiн жағдайды да ашық жет­кiзедi. Өздерiнiң принциптерiн, өздерiнiң идеалдарын, жерi мен Отанын қорғай алады. Осыларымен ерекшеленедi. “Халық Батыры” атағы Макс пен Талғатқа тек батылдығы үшiн берiлiп жатқан жоқ. Бұл – болашаққа жасалған марапат.
Одан кейiн Талғат Аянның анасы Ұлдай Айназароваға сөз берiлдi. Ол қиын-қыстау кезеңде өзiне қолдау көрсеткендерге алғысын бiлдiре келе, бас прокурор Жақып Асановтан заңсыз сотталған баласын бостандыққа шығаруды сұрады. Ұлдай Айназарова өз сөзiнде: “Өткенде әдiлеттiлiкке қол жеткiзе алмаған ана өзiн-өзi өртеп, ақыры көз жұмды. Менiң балам кiнәсiз. Оған тағылған айыптардың бiрде-бiрi дәлелденген жоқ. Сот басынан аяғына дейiн әдiлетсiз жүргiзiлдi. Төлешовтi алдымызға неге алып келмедi? Куәгерлердi неге толық тыңдамады? Неге бiз олармен онлайн тiлдестiк? Бiздiң мұңымызды еститiн құлақ, көретiн көз жоқ. Мен жылап-жылап болдым. Жылайтын көз жасым да қалмады. Менiң қолымнан не келедi? Әлде Бас прокуратураның алдына барып, өз-өзiмдi өртейiн бе? Естiп жатырмын, бұл “жоғарыдан келген заказ” дейдi. Сонда ол кiмнiң тапсырысы? Сiздiң де анаңыз бар шығар. Сiз анаңызды қалай жақсы көрсеңiз, мен де баламды солай жақсы көремiн. Құрметтi бас прокурор, сiздi әдiл адам деп естимiн. Аналардан қарғыс алмай, алғыс алыңыз. Бiреуге жала жапқан адам түбiнде өзi жалалы болады. Бұған мен анық сенемiн. Жер – бiздiң анамыз. Анасына ешкiм қарсы шықпайды. Менiң балам ешқандай қылмыс жасаған жоқ. Оны босатуыңызды сұраймын, – деген тiлегiн жеткiздi.
 
Жас Алашгазетiнiң бас редакторы Рысбек Сәрсенбай:
  Қадiрлi қауым, осында отыр­ған сiздер де батырсыздар. Батыр болмасаңыздар, қорықсаңыздар, мұнда келмес едiңiздер. Бүгiнгi заманға нағыз батырлар керек. Макс пен Талғат қолдан жасал­ған батыр емес. Шынайы батырлар, – дедi. – Олардың батырлығы неден көрiндi? Түрмеге түсiп, сотталған соң батыр деп жатқанымыз жоқ. Олар тұтас жүйеге қарсы күрестi. Көздерi жетiп-бiлiп тұрып. Жүйеге кiм қарсы шығады, билiк оны аямайды. Атып өлтiредi, соққыға жығады, қамайды, соттайды, түрмеге тоғытады, теп­кiлейдi, өмiрiн қияды, жоқ етедi. Туған-туыс, бала-шағаға қысым көрсетедi. Осыны бiле тұра, ұлттық мүдде үшiн, қазақтың мүддесi үшiн, халық мүддесi үшiн дауыс шығарды. Бұл – ерлiк пе? Ерлiк. Батырлық па? Батырлық. Бiз осыны бағалауымыз керек. Ал бұлардың батырлығы зая кеттi ме? Жоқ. Нәтиже бар ма? Бар. Жерiмiз аман қалды. Жердi сату дегенiңiз, бұл – билiктiң үлкен саясаты. Ауылдың әкiмдерi құнарлы жердi сатады. Қалтасын қалыңдатады. Байиды, пара бередi, өседi, қызметi жоғарылайды. Аудан әкiмдерi де солай. Жердi сатқан кейбiр әкiмдер сотталды. Қаншамасы бостандықта жүр. Жердi сату кiмге керек? Билiкке керек. Анасы мен қызын сатып байығандар кезiнде болды. Сондай нақұрыстар қазiр де бар. Қос батыр жемқорлыққа, сатқындыққа қарсы тұрды. Озбырлардың арам ақшаларын ауыздарынан жырып алды. Қылмысты тоқтатты. Макс пен Талғаттың еңбегiнiң бiр нәтижесi – осы. Екiншi нәтижесi – жердiң шетелдiктерге кету қаупiн сейiлттi. “1 млн гектар жердi қытайлар жалға сұрап жатыр” дегендi президент Н.Назарбаевтың өзi айт­қан. Сол кезде дүр көтерiлдiк. Тоқтаттық. Ал ендi айналып келiп сол келiсiмшартты орындау үшiн, сол жердi беру үшiн осындай әрекеттер жасалып жатыр. Үкiметтiң iшiндегiлер, парламенттегiлер сондай заң шығарып үлкен қылмыс жасады. Халыққа қарсы шықты. Өздерiнiң жасаған қылмыстарын бiзге, бауырларымызға телiп отыр. Солардың қылмысын әшкерелеген­дердi қылмыскер атандырмақ. Мiне, екеуiнiң екiншi ерлiгi осы. Тағы бiр айтқым келетiнi, бұлар арын, абыройын қорғап қалды. Түрмеге түскендерге неше түрлi әрекет жасайды, үгiттейдi, райыңнан қайт дейдi. Ал Макс пен Тал­ғат ондайға барған жоқ. Демек, бұл да үлкен ерлiк. Бұл – халықтың берiп отырған бағасы. Қабдеш ағаға рақмет, мұндай үрдiстi ертерек бастап берген. Кезiнде Қажы­ғұмар Шәбден­ұлына мемлекеттiк сыйлықты бермеген кезде, тiптi тiзiмге енгiзбеген тұста бiз халықтың сыйын бердiк. Халықтың құрметiн көрсеттiк. Халық сыйлығын қызына табыстағанбыз. Ал қазiр ше? Ал сол халық бүгiн өзiнiң батырларына лайықты сы­йын берiп отыр. Болар елдiң батырлары бiрiн-бiрi «батыр» дейдi. Бiр-бiрiмiздi бағалайық. Жердi қорғағаны үшiн билiк белсендiлердi қудалауда. Қазiр билiк бейшарада жүрек жоқ. Халық көшеге шығып кете ме деп қорқады. Көшеге шықпасын десе, әдiлеттi болсын. Соттардың әдiлетсiздiгiнен халық күйiп жатыр. Талғаттың анасы Ұлдай дұрыс айтты, баласын бостандыққа шығару үшiн ол өзiн-өзi өртеуi керек пе? Макс пен Талғат ешқандай қылмыс жасаған жоқ. Оларға бостандық берiлсiн және билiк олардан кешiрiм сұрасын! Бiз осыны талап етемiз!
Г.Қапан
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар