1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір қоғамда біз білетін байлықтың екі түрі бар: Бірі – адами байлық адам капиталы, екінші – табиғи байлық. Қарасаңыз, мұнайымыздың 80 пайызы шикізат ретінде шетел асып жатыр. Демек, қазақ байлығының 80 пайызын шетелдіктер көріп жатыр. Қазаққа бұйырып отырғаны – сарқыт, тіпті шелек түбіндегі жуынды десе де болады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №101 (16183) 19 желтоқсан, дүйсенбі 2016
19 желтоқсан 2016
Егiз ұғым, ауыр ой
Жаңаөзендегi қанды қырғынға – бес жыл. Қала көп өзгерген. Үйлердiң көше жақ қас беттерi түрлi-түстi бояумен құлпырады. Сол көшелердiң тек ел көрер бетiнiң сырттай жаңарғаны тәрiздi адамдар да сырт көзге бейқам, уайымсыз көрiнедi. Бiрақ бұл бiр қарағандағы жай көрiнiс қана. Қатқан жара жазылмапты. Мұны бес жыл­дағы азалы дастарқанда байқадым. Желтоқсан ел есiнде “тәуелсiздiк мерекесi” деген салмағы ауыр қасиеттi ұғымнан гөрi азалы күндерiмен есте қалатын болды. 2011 жылғы қанды оқиғадан соң Жаңаөзенде жыл сайын 16 желтоқсанға дейiнгi жұма, сенбiде садақа беру бұлжымайтын дәстүрге айналды. Биыл да сол дәстүрден ажырамады. Азалы күндерге бес жыл өте жетi айдан астам ереуiлден соң құрылған “БЖБ” басқармасының ұжымы жалпақ елге арнап ас дастарқанын ұйымдастырды. Оны ұйымдастырушылардың бiрi, 2011 жылы алаңда тамағынан оқ тиiп, ажалдан аман қалған Нұрлыбек Нұрғалиев “Өзенмұнайгаздың” кәсiподақ ұйымы садақаға деп екi миллион теңгеден астам қаражат бөлгенiн айтты. Бұл қаражатқа мұнайшылар түйе мен бiрнеше қой алып сойған екен. Жаңаөзен оқиғасынан соң iстi болып, бес жылға бас бостандығынан айырылған мұнайшы Шабдол Өткелов садақаға елден жиналған қаржыларды марқұмдардың отбасына бөлiп беретiндерiн жариялады.
– Бұған қоса бiз видеосымен басымызға төн­ген ажалды жалпақ елге жария еткен қарындасымызды да ұмытпаймыз (Сәуле -540-ты айтады – автор). Оның еңбегiде есiмiзде. Кеше жұма күнiмарқұм бауырларымыздың отбасын жеке шақырып, Құран бағыштап, сый-құрме­тiмiздiкөрсеттiк, – дедiол ортаға шығып сөйлеген сөзiнде.
 
ЕСКЕ АЛУ
 
“Тiрi адам тiрлiгiн жасайды”. “Орнында бар – оңалар”. Бұл қазақтың басу етiп айтқан мақалы. Оны туысын, баласын, әйелiн, күйеуiн жоғалтқан әр отбасына көңiл етiп айтамыз. Бiрақ одан кеткен адам оралмайды, бейбiт заманда полицейдiң атқан оғы­нан мүгедекке айналған тән жарасы жазылмайды, түрмеде көр­ген азап пен қысым ұмытылмайды.
2011 жыл.16 желтоқсан. Жа­ңаөзендегi алаңда еңбегiн талап еткен бейбiт топтың ашу-ызасына тиiсiп, Ынтымаққа киiз үйлер қойыла бастады. Оны алып ке­тудi талап еткен мұнайшылар өтiнiшiнiң соңы полицияның оқ жаудыруымен аяқталды. 17 желтоқсанда Жаңаөзендегi толқу Шетпеге жеттi. Халыққа оқ атып, қаланы байланыстың барлық түрiнен ажыратып, қоршауы намысшыл шетпелiктердiң де ашу- ызасын тудырды. Олар бейбiт елге оқ атпауды, Жаңа­өзендi темiр құрсаудан босатуды талап етiп Маңғышлақ – Ақтөбе пойызын тоқтатты. Аймаққа тө­тенше жағдай жарияланып, ол жел­тоқсанның соңына дейiн жал­ғасты. Кейiн тартылған ресми мәлiмет 17 адамның қаза болып, жүзге тарта адамның жаралан­ғанын мәлiм еттi.
Олар: Құбайдұллаев Байбек, Аязов Шадияр, Оңғаров Серiк, Юсупов Радик,Тұрғанбаев Аманбек, Көшеров Жаңаберген, Дүй­секенов Атаберген, Әбдiкарi­мова Жанар, Көшеров Рахат, Мұналбаев Нұрлан, Құлқаиров Атабай, Шұпашев Жарас, Дү­сенбаев Бекесжан,Тоқсанбетов Төлеген, Кенжебаев Базарбай, Төребек Төлеген, Мамбетназаров Оразбай.
Желтоқсанның 9-ындағы садақада Радиктiң, Рахат пен Аманбектiң және Жармыш ауы­лынан келген Төребек марқұмдардың туыстарын көрдiм. Жүз­дерi мұңға, көздерi жасқа, көкi­ректерi қайғыға толған ата-ана әр оқылған дұғаға бет сипау­мен болды. Кейiн әңгiмеде Төрехан Тұрғанбаев пен Рая Юсупова желтоқсанның 16-сында өз шаңырақтарында ас бере­тiнде­рiн айтты. Балаларының артында қалған немерелерiнiң ер жетiп қалғандарын әңгiме етiп отырды. Олардың бәрiн бiр ғана нәрсе – балаларының қазасы бiрiктi­редi.
 
Рая Юсупова:
     Балам әдетте бiр жаққа шы­ғарда крем жағатын едi бе­тiне. Сол күнi не себептi екенiн бiлмеймiн, байқадым, ол бетiне ештеңе жақпай кетiп қалды. Әйелi ешқайда барма деп жалынды. Ол келiндi тыңдамай, шаш қидыртам деп шығып кеттi. Содан соң келiнiм телефон соғып едi, ол алмады. Бiр сағаттан соң iздеп шықтым. Бiр әйел алаңда оқ атылғанын, жараланғандарды ауруханаға алып кет­кенiн айтты. Ешкiм Радигiмдi көрмеген. Көршiм : “Егер ол телефонды алмаса жаралы шығар” дедi. Кешке қарай ауруханаға бардым. Аурханада болып жатқан жағдайды ауызбен айту мүмкiн емес. Баспалдақтың бәрi қанға бөккен. Мен ол жерден Радиктi таба аламадым. Полицияға бардым. Онда алаңнан әкелген адамдарды қамапты. Кiм отырғаны, кiмнiң өлгенi, ешқандай тiзiм жоқ. Мен сол күнi баламды таба алмай үйге оралдым. 17-ci күнi мәйiтханаға iздеп бардым, оған жақындау мүмкiн болмады. Сол күнi кешке ұлымның өлгенi туралы хабар алдым. Кейiн видеодан оның қансырап жатқанын, қалай қашып бара жатқанын көрдiм. Тап-таза киiн­ген, қолында ештеңе жоқ, көрi­нiп тұр оның бұзақы, бандит емес екенi. Бiрақ оны атты. Сол алаңға барған сәтiнде атып тас­таған...
 
Арман Шұпашев:
     Ағам Жарасты 16 жел­тоқсан­да түстен кейiн мәйiтха­надан тауып алдым. Сол күнi       сағат 12-лерде сөйлескенмiн. Барма дегенiмде, тыңдамады. Алаңдағы жағдайды көргiсi келдi. Мәйiтханаға барғанымда төрт қатар, төрт полка толып, жерде төртеуi жатыр екен. Екiн­шi қа­тардан таптым. Жердегi бi­­реудiң бетiне оқ тиiптi. Оқ ағамның санынан тиген, тесiп өткен. Қолында ештеңе жоқ, айтылғандай бұзақылық жасап, бөтелке ұстап жүрген ештеңесi жоқ. Қалада 16-сы күнi атыс түнi­мен болды. Ағамның денесiн 19-ы күнi алдым, сол күнi жерледiм.
 
Төрехан Тұрғанбаев:
– Баламды 16-сы күнi сағат    11-лер ша­масында оқ тиiп жат­қан жерi­нен ауруханадан таптық. Әлi жауапсыз сұрақ бар, кiм атты оны?
Хасан Дүйсекенов:
– 16-сы күнi медколледж мұға­лiмi ретiнде мен де алаңда болдым. Сағат 10.30-да полицейлер алаңға жүгiрiп келе бастады. Олар бiрдеңенi күткендей. Үйге келген соң балаларымды iздей бастадым. Алдабергенге хабарластым, оның сыңары Атабергеннен хабар болмады. Сағат 2-лерде оның досы хабарласып, Атабергеннiң жараланғанын айтты. Әйелiм, балам бәрiмiз ауруханаға бардық. Бүкiл аурухана қанға бөккен. Бiрiншi қабаттан таппадық, екiншi қабатта бұрышта жатқан төрт баланың бiрi менiң Атабергенiм екен. Дәрiгер iздей бастадық. Бiзге келген медбике Айсұлу Мұқашева “сiзге ештеңемен көмектесе алмаймыз, балаңыз өлдi” дедi. Ауруханадағылар оған дененi мәйiтханаға берудiң қажетi жоқ, өйткенi ол жақта орын жоқ дедi. Мен мәйiтханаға барғанымда онда адам денесi үйiлiп жатқанын көрдiм. Сот-медициналық сараптамасы болды, оның оқтан көз жұмғанын анықтады.
Бұл – менiң мұрағатымдағы бiрнеше адамның естелiгi. Олардың санын жалғастыра беруге болады. Жанар Әбдiкәрiмоваға оқ банкоматтан ақша алуға шыққан жерде тисе, өрт сөндiрушi Төребек Төлегендi Шетпедегi станция басында жаралады. 
Кейiн полицейлер соты болды. Сотталған бес полицейдiң барлығы қазiр бостандықта. Олардың арасынан сол кездегi Жаңаөзен ҚIIБ бастығының орынбасары Ерлан Бағытқалиұлы атқан оқтан Атаберген Дүйсеке­новтiң, Ринат Жолдыбаевтың оғынан Рахат Көшеровтың, подполковник Бекжан Бағдабаев қаруынан Жанар Әбдiкәрiмо­ваның қаза болғаны анықтал­ған. Қалған марқұмдарды кiм атты, ол жағы белгiсiз күйi қалды.
Бұл жараның орны ешқашан жазылмайды. Марқұмдардың туыс­тары полицейлердi жауаптауды талап етудi қайта бастауға әзiрленiп жатыр.
Сәния ТОЙКЕН
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар