1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Осы күнге дейін көп нәрсе айтылды ғой. Бұл неткен үнсіздік деген сұрақ менің көкейімде әр кез тұрады. Мен күнде таңертең тұрғанда бір жақсы хабар естігім келіп тұрады. «Зәкеңді өлтірген адамдарды тауыпты», я болмаса «сол істі қайта қарауға кірісіпті» дегендей хабарларды естігім келеді. Бірақ, өкінішке қарай, қазір бізде құлақ естімейтін, көз көрмейтін уақыт болып тұр.
Автор: Мақпал Жүнісова, Қазақстанның халық әртісі, әнші
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №104 (16186) 29 желтоқсан, бейсенбі 2016
29 желтоқсан 2016
Бiздiң мiндет – ой салу

Көзiнiң тiрiсiнде конституциялық заң қабылдатпай-ақ, жалбақайлардың жағымпазданғанына салмай-ақ, қара халықтың өзi бiрауыздан Ұлт Көсемi атап кеткен жалғыз қазақ – Әлихан Бөкейханның Алаш үкiметiн құрған кезде жария еткен тұғырнамасы бар. Онда Алаш қайраткерлерi жаңа қазақ мемлекетiнiң iргетасы 5 идеядан тұратынын жазған едi. Және ең бiрiншi ұстаным – қазақтың қасиеттi жерi едi. “Жерсiз Отан жоқ” деген Алаш көсемiнiң ұйғарымынша: “Қазақтың байырғы жерiн қашан қазақтар өз бетiнше ғылым мен техникаға сүйенiп толық игермейiнше, жер жекеменшiкке де, қоныстанушыларға да берiлмейдi”.
Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толғанда, Тәуелсiздiктiң 25 жылдығы тойланған жылы билiк жер сату және оны шетелдiктерге жалға беру бастамасын тағы көтердi. Олай дейтiнiмiз, жер сату туралы ойды билiк бұған дейiн де әкiмi бар, әркiмi бар, үлкендi-кiшiлi ауызбен сыналап жеткiзуге тырысып келген. Ол әңгiмелердiң ұшығы билiктiң көкейiн тескен жердi жекеге сату, iргедегi қалың Қытайға жалға өткiзуге мүмкiндiк беретiнiн “Жас Алаш” үзбей жазып, мұндай опасыздау бастамаға табандап қарсылық көрсеттi.
Бұл жолғы бастамаға қазақ даласындағы миллиондаған гектар жердiң игерiлмей, қараусыз қалғаны сылтау етiлдi. Ширек ғасыр бойы тоқыраудағы аграрлық өнеркәсiптi табысты салаға айналдыра алмаған үкiмет ата-бабаның қанымен жуылған жердi сатып, шетелдiктерге жалға берiп жыртығын жамағысы келсе керек. Елдiктiң ұстыны – жердi өзгелерге үлестiргiсi келген үкiмет кешегi Алаш алыптарының аманатына осылай қиянат қылса да, Отан дегенiмiздiң жерден басталатынын, жер – ата-бабамыздың ұрпақтарына қалдырған қасиеттi мұрасы, бай қазынасы екенiн, оны қорғау, көздiң қарашығындай сақтау, тiршiлiктiң тiрегi ету бәрiмiзге парыз екенiн “Жас Алаш” ұмытқан жоқ. Газет Жер туралы заңға енгiзбек болған өзгерiстер мен түзетулердiң кемшiлiктерi туралы, мұндай реформаның соңы жақсылықтарға апармайтынын о бастан-ақ дәйек-дәлелдер келтiрiп жазды.
“Жердi жалға бергенiң – басы бүтiн бергенiң” болатыны туралы редакциямызда ұйымдастырылған қоғамдық талқылауларда тәптiштеп түсiндiрiлдi. Өйткенi жердi жекеге бермей-ақ, қазақтың түгiн тартсаң майы шығатын жерiнiң денi мойны жуандардың меншiгiнде екенiн көзiқарақты оқырман жақсы бiледi. Жердi жалға бермей-ақ қысықкөз көршiмiздiң қаптап кiрiп жатқаны да белгiлi. “Жас Алаш” жылды былай қойып, күн сайын 48 қытайдың елге келетiнiн есепке шағып көрсетiп бердi. Жерiңнен айырылсаң елiңнен айырылатын күннiң ертең-ақ туатынын сан мәрте билiктiң де, халықтың да құлағына құюға тырысты. Жердi тауарға айналдырып, сатуға шығаруды нарықтың экономикалық заңдылығына балап ақылгөйсiгендердiң әпербақандығын әшкерелеген “Жер сатқаның – қай сасқаның?!” атты ашық қоғамдық талқылауды ұйымдастырды. Басқосуға жиналған фермерлер, ауыл шаруашылығы саласының мамандары, экономистер, тәуелсiз журналистер мен ғалымдар жер реформасының олқылықтары мен ертең әкелетiн зауалын дәлелмен, дәйекпен, шыншылдықпен ашып айтты. Бұл жер реформасына қарсы бейбiт шеруге шыққан халықты, елдiң ертеңi үшiн алаңдаған азаматтарды президент Н.Назарбаев “тракторға мiнбегендер, аграрлық саланы бiлмейтiндер” деп жазғырғанына берiлген жауап едi.
25 жыл iшiнде өз елiнде ана тiлiнiң өгей баланың күйiн кешкенiне көнген мемлекет құраушы халық бұған шыдамады, қарсылығын бiлдiрiп алаңға шыққанда “Жас Алаш” көппен бiрге болды.
21 мамырдағы жер сату мен оны жалға беруге қарсы жалпыхалықтың бейбiт шеруге барған “Жас Алаш” газетiнiң бас редакторы Рысбек Сәрсенбай мен газет журналистерiн халыққа қарсы мұздай қаруланған полиция қамауға алды. Тiптi газеттiң бас редакторына “заңсыз митингiнi ұйымдастырды” деген айып та тақпақшы болды. Ақырында Рысбек Сәрсенбай мен қоғам белсендiлерi ой-пiкiрiн бiлдiруге берiлген конституциялық құқықтың барлығын естерiне салып, алаңда Әнұран айтудың қылмыс еместiгiн дәлелдеп, тергеушiлердiң “құқықтық сауатын ашқан” соң ғана түн ортасында өткен сот ресми билiк орындары “болмады” деп мәлiмдеген митингiге “қатысқаны үшiн” бас редакторға 20 айлық есептiк көрсеткiш көлемiнде айыппұл салды.
Газет жердi сатуға болмайды деген бiр ауыз аталы сөзiн айтуға келген сексендегi қарияға дейiн көгендеп алып кетiп, заңсыз қамап тастаған полицияның, жоғарының тапсырмасымен жаза тағайындаған соттардың, оларға бұйрық берген билiктiң халықты басып-жаншуға әуес әрекетiн әшкерелеп, әкiмшiлiк жазаға тартылғандарды дереу босатуды талап етiп, халыққа араша болуға тырысты.
Президент Н.Назарбаев халықтың наразылығынан соң Жер кодексiнiң дау тудырған кей баптарына мораторий жариялауға мәжбүр болғанда да “Жас Алаш” билiктiң елмен мәмiлеге келуге жасалған қадамын құптағанымен, қауiптiң басы қайтпағанын ескерттi. Отаншыл белсендiлерге разылығын бiлдiрiп алып, артынан жауапқа тартқан билiктiң құбылмалы ойыны туралы “Сырғымалы саясат, құбылмалы мораторий” сияқты мақалаларда ашық жазды. Шығыс Қазақстан облысындағы 100 мың гектар жердiң 2010 жылдың өзiнде қытайларға жалға берiлiп кеткенiн әшкереледiк. Қытаймен бiрiккен кәсiпорындар туралы саясаттың астарында көршiге жердi жалға беруге қарсы болған халықты алдап соғудың амалы жатқан жоқ па деп алаңдадық.
Президенттiң пәрменiмен құрылған үкiметтiк комиссия жұмысына қатысу үшiн “Жас Алаштың” бастамасымен құрылған “Жерiмiздi қорғаймыз! Тiлiмiздi сақтаймыз!” деген атпен құрылған қоғамдық ұйымдастыру комитетiнiң өкiлдерiн ұсынды. Газет мәселенiң тек бiрдi-екiлi бапқа тiрелмеуi тиiс екенiн, кезiнде қоғам пiкiрiн ескермей, iрi жер иеленушiлердiң мүддесi үшiн қабылданған Жер кодексiне түбегейлi құқықтық тексеру мен бағалау жасау қажеттiгiн жазды.
Жерi мен елiнiң тағдырына алаңдағаны үшiн, патриоттығы үшiн ел iшiне жiк салды деген айыппен сотталған атыраулық қоғам белсендiлерi Макс Боқаев пен Талғат Аянға араша түскен “Жас Алаш” шын мәнiнде халықтың батыр ұлдарына айналған азаматтарды жақтады. Редакцияның ұйымдастыруымен бiр топ қоғам қайраткерi, көрнектi жазушылар қос батырды әдiлетсiз сот шешiмiнен арашалауды сұрап, “Асырасiлтеушiлiкке жол бергiзбеңiз” деп президентке Ашық хат жазды.
Бiр сөзiнде “елi мен жерiнiң болашағына алаңдаған халқынан айналып-толғанған” билiктiң екiншi сөзiнде Отанын сүйгендердi “опасыздыққа барды” дегенi жер дауына әлi нүкте қойылмағанын айғақтайды. Рас, Жер кодексiндегi даулы баптарға мораторий ұзартылды. Бiрақ қауiп сейiлген жоқ. Сондықтан елдiгiмiздiң iргетасы – жер мәселесi бiздiң назарымыздан ешқашан таса қалмайды. Отанға опасыздыққа пара-пар әрекеттерге дер кезiнде қарсылық бiлдiрiп отырмасақ, елдiгiмiзден айырылып қалуымыз әбден мүмкiн. Өйткенi бүгiн айтып, алаңдаған iргедегi қауiп ертең есiгiмiздi теуiп кiрсе, бәрi кеш болады. Сондықтан Тәуелсiздiк пен егемендiк дейтiн қасиеттi егiз ұғымның тұғыры таймасын десек, қазақтың қара топырағына қатысты мәселеге сергек қарайық! Селқос болмайық! Және ол “Жас Алашты” ғана толғандыратын, ашындыратын тақырып болмауы керек! Бiздiң мiндет – ой салу, сiздiң мiндет – қолдау. Тауық жылы осындай қауiптен арылатын жыл болсын!

Әдiл ҰЗАҚБАЙ
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
иван | 13 ақпан 2017 13:44
жерімізді шетелдіктерге сатуға, жалға беруге болмайды.( соның ішінде қытайларға)
игерілмеген жер тың жер болып есептелінеді. Тың жер дегеніміз ұлттық қор болып есептелінеді. Уақыты келгенде керегімізге өзіміз пайдаланамыз. Қарыштап дамып келе жатқан 30 елдің қатарындамыз, жер сатып не көрінді сендерге биліктегілер?
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар