1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Еш уақытта қазақ... қазақ мемлекет болған жоқ, себебі шекарасы болған жоқ».  --- «Қытай Халық Республикасы рапс пен соя секілді жемшөп дақылдарын егу үшін бізден 1 млн. га жер сұрап отыр».
«Азаттық» радиосы
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №1 (16187) 5 қаңтар, бейсенбі 2017
5 қаңтар 2017
Мәселе – демалыстың аз-көптiгiнде емес

Аптасына бес күн жұмыс iстейтiн қазақстандықтардың былтырғы демалысы 120 күндi құрапты. Яғни бұл 365 күннiң үштен бiрiнде жұмыс iстемедiк деген сөз. Жалпы, бiздегi ресми мереке саны – 12. Олар – Тәуелсiздiк күнi, Жаңа жыл, Халықаралық әйелдер күнi, Наурыз, Қазақстан халқының бiрлiгi күнi, Отан қорғаушылар күнi, Жеңiс күнi, Астана күнi, Конституция күнi, Тұңғыш президент күнi. Бұдан бөлек, Рождество мерекесi мен Құрбан айттың бiрiншi күнi де жұмыс күнi емес. Аталған мерекелер құрметiне биыл 17 күн демалуға тиiс едiк, бiрақ iс жүзiнде одан ұзағырақ болды. Себебi мереке сенбi, жексенбiге келсе, демалыстың ары қарай тағы шегерiлетiнi бар. Мұның сыртында аптаның соңғы екi күнiнiң заңды демалыс екенiн ескерсек, жыл бойғы 120 күндiк демалыстың басым бөлiгi солардың есебiнен екенi түсiнiктi.
Қалай болғанда да, жылдың үштен бiр бөлiгiн демалыспен өткiзудi жөнсiз деп санайтындар: “Мұндай жағдайда елдiң көсегесi қалай көгередi? Қалай дамиды?” деген пiкiрде. Ал экономиканың iлгерiлеуiне, халықтың тұрмысының жақсаруына демалыстың көп немесе аз болуының әсерi қаншалықты? “Неғұрлым көп жұмыс iстесек, соғұрлым әл-ауқатымыз көтерiледi” деген түсiнiк негiздi ме? Жалпы, бiзден басқа, алыс-жақын шетелдер жылына қанша уақыт демалады? Олардағы мемлекеттiк мереке күндерi қанша?
Ресейдi алып қарасақ, 14 мерекенiң ресми түрде тойланатындығы өз алдына, ресейлiктерге 28 күндiк еңбек демалысы тиесiлi. Ал Гонконг пен Жапониядағы ресми мереке – 16, бiрақ ондағы халықтың еңбек демалысы 10 күннен аспайды.
Оңтүстiк кореялықтар мерекелерге байланысты – 12, Швеция, Эстония, Украина, Қытай, АҚШ, Жаңа Зеландия – 11, Латвия, Финляндия, Франция, Норвегия және Австралия – 10, Дания, Ирландия, Швеция, Польша мен Белоруссия – 9, Германия – 8-13, Ұлыбритания – 8, Нидерланды – 7, Канада – 5-9, Бразилия мен Үндiстан – небәрi – 5 күн демалады.
Қарап тұрсақ, демалғанды ешкiм жек көрмейдi. Мәселен, АҚШ тұрғындары ресми мерекелердi айтпағанда, Мартин Лютер Кингтiң туған күнi, Президент күнi, Мойынсұну күнi, Алғыс айту күнi деген даталарды да атап өтедi. АҚШ пен Канадада тiптi “Суыр күнi” деген де халықтық мереке бар және ол күнi көптеген адамдар суырдың iнiнен шыққан-шықпағанын бақылау үшiн ғана жұмыстан қалады.
Италия тұрғындары да демалуға кетәрi емес. Бiрақ олар мерекеге соншалықты мән бермейдi, демалысқа тап келсе, сол күнi ғана атап өте салады. Алайда бейсенбiге тура келсе, жұма күнi көпшiлiгi жұмысқа шықпайтын көрiнедi. Ал демалуға келгенде алдына жан салмайтын мемлекет – Израиль. Оларда 29 ұлттық мереке бар. Ел экономикасының алға басуы, мемлекеттiң өсiп-өркендеуi мерекенiң аз-көптiгiне байланысты еместiгiн шөлейт құмды бау-бақшаға айналдырып гүлдендiрiп отырған тап осы Израильдiң мысалынан аңғарғандай боламыз.
Мерекелердiң экономикаға айтарлықтай әсерi жоқтығы түсiнiктi жайт. Өйткенi бiздiң елдiң бюджетi ең әуелi мұнай, газ және металл экспортына тәуелдi. Олардың қай-қайсы да үздiксiз процестегi өндiрiстер болғандықтан, ондағы жұмыс тоқтамайды. Сондай-ақ қызмет көрсету саласындағы мекемелердiң де көпшiлiгi мереке күндерiнде жұмыс iстей бередi. Банктер жабық болғанымен, пластикалық карталармен терминалдар, интернет-ресурстар арқылы-ақ төлейтiнiмiздi төлеп, алатынымызды ала беремiз.
Дегенмен ресейлiк экономистердiң сараптамасы әр демалыс күнi үшiн елдiң ЖIӨ 14 млрд рубльге қысқаратынын көрсетiптi. Бiзде мұндай статистикалық мәлiметтер жоқ. Бiрақ “станоктың бiр минутқа тоқтағаны – мұнша өнiмнiң кем өндiрiлгенi” дейтiндей, жұмысы қыз-қыз қайнап жатқан үлкен өндiрiс, өнеркәсiп орындарының да шамалы екенi ақиқат. Содан болар, осыдан бiрер жыл бұрын бiздiң депутаттар тiптi жұмыс аптасын 4 күнге дейiн қысқарту туралы мәселе көтердi. Бастамашылардың: “Ел-жұрт әдеттегiдей аптасына 2 күн емес, 3 күн демалса, жұмысбастылықтан арылып, өзiне, отбасына көңiл бөлуге, денсаулығын түзеуге мүмкiндiк алады. Әрi көшелердегi көлiк саны да азайып, қоршаған ортаның ауасы тазарады”, – деген уәжi халықтың наразылығын туғызды. Өйтпегенде ше?! Мысалы, әлдебiр мекемедегi қарапайым жұмысшы үшiн жұмыс күнiнiң қысқаруы – онсыз да мардымсыз жалақысының кесiлуi деген сөз. Аяғын көтерiп қойып демалуды емес, бала-шағасын жеткiзудi армандап, “қайтсем соларды асыраймын” деп зар қағып жүрген жандар бұған қалай шырылдамайды?! Алайда өздерiнiң қағанағы қарқ, сағанағы сарқ жұрт оны қайдан түсiнсiн? “Бiреу тойып секiредi, бiреу тоңып секiредiнiң” керi.
Жалпы, өркениеттi елдердiң тәжiрибесiне сүйенсек, орнымен жұмыс iстеп, уақтысымен демалу айып емес. Мәселе сонда, бiз көп жағдайда жұмыстың жөнiн бiлмеймiз, ал демалыстың қадiрiне жете алмаймыз. Бел жазбай, титықтап еңбек етуiмiз мүмкiн, бiрақ оның нәтижесi шамалы болып шығады. Сол сияқты, мерекенi тойлағанның жөнi осы екен деп, шашылып-шабылып, көп жағдайда даңғаза-дақпыртқа бой алдырамыз. Ал одан отбасымызға, денсаулығымызға келiп жатқан көк тиын пайда жоқ. Ең дұрысы, бiзге аз iстесек те саз iстеудi, демалыс атаулыны тиiмдi пайдалануды үйрену керек шығар.
Ресми мерекелерге байланысты берiлетiн демалыс – биылғы жылы 17 күн екен. Бұған сенбi, жексенбiдегi заңды демалысты қоссақ, жалпы саны тағы да сол 120 күнге жетiп жығылады. Тек жақсы тынығып, жемiстi еңбек ете алсақ, құба-құп.
 

Р.СЕРIКБАЙ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (2)
Есенғали, Антакиядан | 5 қаңтар 2017 16:45
Қолда бар байлықты ұқсата алмайтын, экономикадан түк сызбайтын, білетіні-
"купи-продай" (мұнай сату) топас билік ежелгі римдіктердің "больше хлеба и
зрелищ" деген қағидасын ұстанып, күнде прәзник, күнде той жасайды.
Экономикалық құлдырау мен саяси тоқыраудың орнын жауып, халықтың ашу-
ызасын басқа арнаға бұрудың жалғыз жолы - халыққа көп демалыс ұсынып,
зомбижәшікпен санасын улау. Күнарадан мас, той тойлаудан қолы босамайтын
тобыр саясатқа араласпайды, орысқұл билікке де керегі осы.
казах | 7 қаңтар 2017 21:33
есакан дурыс аитады
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар