1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қартаюға қарсы, яғни жасартатын, мәңгілік өмір сүруге мүмкіндік беретін – дәрі-дәрмектер ойлап табу керек. Міне, қазіргі ғалымдар әлемде осындай шаруалармен айналысып жатыр.
Қазақстан ғалымдармен кездесуінде айтқан ұсынысынан. 04.09.09
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №17 (16203)   28 ақпан, сейсенбі 2017
28 ақпан 2017
Әкімнен кеңес сұрап келді

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың тұрғындармен есептік кездесуінің соңында микрофонға енді қолы жеткен қарияның: «Балам үйімді тартып алып, ұрып-соғып қол қойдырды. Өзім соқырмын», – дегені сол еді, бір жарым мың адамның көз алдында теннист кордының ана басынан мына басына ІІД бастығы Махамбет Абисатов пен жергілікті полиция қызметінің бастығы Қанат Әлиев бір-бірімен жарыса құстай ұшып келді де, құлағалы тұрған қарияның екі қолтығынан сүйей қойды. Хромтау қаласының тұрғыны Ақжібек Молбаеваның адамгершіліктен аттаған ұлы мен келіні осы жерде сыбағасын алды. Жұртты серпілткен, полицейлерді жүгірткен есептің соңғы жағындағы осы көрініске таңғалған жұрт Сапарбаевтың есебі аяқталғанын байқамай қалды.
Қазір Димаш Құдайбергеннің Қытайдағы жеңісі ақтөбелік көп жастарға үлгі болуда. Өнерге, спортқа құлшынғандар көбейді, бірақ спорт зал, таланттарды баулитын мектептердің материалдық-техникалық жағдайлары тым ескі, осы жағын жүйелеу күн тәртібінде тұр.
«Ұлттың өзге елге танылуы өнерге, спортқа, әдебиетке байланысты. Көрдіңіздер ғой, бір айдан бері жұрт Димаш деп шулап жатыр. Спортта да Димаш сияқты елді танытатындар көп шығуы керек. Алматыда өткен Универсиадада Ақтөбеден бірде-бір жүлдегер шықпады. Оңтүстік Кореядағы Азия ойындарына да бізден спортшы қатыспады. Басқа жақтарға кеткен спортшылар мен бапкерлерді шақыру жөніндегі спорт басқармасына бір жарым жыл бұрын берген тапсырмам әлі орындалмады. Бұл – менің де кінәм. Енді ұлттық құрамаға, республикалық жарыстарға қатысқан спортшылар мен бапкерлерге пәтер беріп, стипендия, жақсы жалақы төлеп жағдайын жасауымыз керек»,– деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
«Театр көбейсе, түрме азаяды» деп сөзін бастаған «Елтай» театр студиясының жас актері Айдос Жүсіпбек «Ақтөбеге жастар театры» қажет деді. Оған әкімнің қаншалықты мән бергенін түсіне алмадық. Театр жетекшісі, облыстағы жалғыз өнер магистрі Елтай Кемалдың соңынан ерген 60-тан аса студент қазір далада қалды. Сахнаға, жаттығуға орын керек, декорация, киімге ақша табуға шығармашылық ұжымның шамасы жетпейді. Ақтөбеде тойхана көп, ал театр екеу ғана. Ғимараты ескірген «Алақай» қуыршақ театры мен Т.Ахтанов атындағы драма театры сұранысқа сай емес, репертуары жұтаң. Талантты жас актер Айдос Жүсіпбектің нақты да мәнді ұсынысының артында қолдаусыз, қорғаусыз таланттардың шырылдаған үні тұр.
Әкімнен балық емес, қармақ сұраушы жастар көп болды. Жұмыс көзін ашуға кедергілерді азайтуды өтінді. Байқағанымыз, жұртшылық Бердібек Сапарбаевтан ақыл-кеңес сұрауға, оның халыққа жағатын сөзін тыңдауға келгендей. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-ды физика мамандығы бойынша бітірген Қытайдан келген қыз бала Ақтөбе мектебінен мұғалімдік орын таппай жүр. Мектеп жасындағыларды шығармашылыққа баулитын оқу орталығын ашуға, Ассамблея ғимаратынан орын сұрайды. Жеке кәсіпкер Тимур Жолаев көлік жөндейтін орын ашқысы келсе де, жерді сатып алуға аукционға қатыса алмаған: «Менің қалтамда 600 мың теңге болса, біреудің қалтасында 60 миллион бар. Кім ұтатыны анық. Кәсіп ашу үшін жер алудың басқа жолы бар ма? Мүгедек жандардың көліктерін тегін жөндеп беремін, осы қайырымдылық қызметім арқылы жерді аукционсыз сатып ала аламын ба?»
Сапарбаев халыққа қажетті жұмыс орнын ашқан жігітке көмектесу жолы қарастырылсын деп қала әкімі Ілияс Испановқа тапсырма берді. Темірғали Жұмағалиев жастарға жұмысшы мамандығын оқытуға көмектесуін сұрады. Оған Б.Сапарбаев: «Мектеп бітіруші түлек ЖОО не орта оқу орнына түспеген жағдайда, мемлекет есебінен тегін мамандық алуы керек. Өкінішке қарай, кей жастарымыз оңай жолмен ақша тапқысы келеді. Үлкендер жастарға жөн сілтеуі керек. Сонда ғана жастар арасында күрделі мәселелер болмайды», – деді.


Баян СӘРСЕМБИНА,
Ақтөбе облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Төре | 1 наурыз 2017 16:17
Осы Бердібек газет, жұрнал, интернет жұлдызына айналды! Бірінші орында Бердібек!... Қап әттеген-ай! Президентіміз екінші орынға ығысты! Бердібек "сорыңызды" қуып жетіп жүрмеңіз?
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар