1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақтың жауы – қазақ» деп шулап келеміз. Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауы – неміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, әлі де екі бөлініп отыр, «кәрістің жауы – кәріс» деп ешкім айтқан жоқ, Вьетнам қақ жарылып қақтығысқанда «вьетнамның жауы – вьетнам» деп ешкім айтқан жоқ.  «Адам – адамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нәрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?
Автор: Мұхтар Мағауин, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №17 (16203)   28 ақпан, сейсенбі 2017
28 ақпан 2017
«Құдайберген Датқаның» қойлары қырылып жатыр

ҮКІМЕТТІК ЖОБА АЛҒАШҚЫ ҚЫСТАН АМАН ШЫҚПАДЫ
Жамбыл облысындағы «Құдайберген Датқаның» иелігіндегі мың бас қойдың екі жүзден астамы қырылып қалғаны ел аузындағы бірінші жаңалыққа айналды. Әрине, жеке меншіктегі мал өліп жатса, соншалықты жаңалық та болмас па еді!? Ал «Құдайберген Датқаның» иелігіндегі мың бас қойда мемлекеттің есебі бар. Өткен жылы Ауыл шаруашылығы ғылыми академиясының президенті Ғани Қалиевтің бастамасымен, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың мұрындық болуымен күн сәулесі энергиясының күшімен шөлейт жерлердегі жайылымдарды суландыру жобасы қолға алынған еді. Үкіметтік сынақ жобасының іргетасын сол кездегі ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің өзі келіп қалаған-ды. Құланның құмында қоныс тепкен сол «Құдайберген Датқа» шаруашылығына ауыл шаруашылығын қолдауға бөлінген мемлекеттік инвестициямен 48 күн сәулелі батареясы орнатылып, ұңғымалы 2 құдық қазылды. Шаруашылыққа мың бас биязы жүнді меринос қой сатып алынып, қора және шопан үйі салынды. Міне, осынау алаулатып-жалаулатып басталған үкімет жобасы алғашқы қыстан-ақ «аман шықпады». Олай дейтініміз – қыс басталғалы «Құдайберген Датқаның» иелігіндегі қойлардың шетінен өліп жатқаны.
Расы керек, ақпан айының үшінші аптасында Жамбыл облысының бірнеше ауданында қар қалың жауды. Үскірік аяздың соңы ысқырық желге ұласқан «кәрі құданың» қатал мінезі әсіресе, қыстаулардағы малшы ағайынның мазасын алды. Осынау төтенше жағдайға байланысты облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың шешімімен қалың қар құрсауында қалған аудандардағы мал-жанның амандығын білу, қажетті көмектерін көрсету мақсатында арнайы штаб құрылды. Алайда облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітовтың Т.Рысқұлов ауданына сапарында мемлекеттің сынақ мерзімінде қолға алынып, қойлары қырылып жатқан «Құдайберген Датқа» шаруа қожалығына барудың орнына, төрт құбыласы сай әйгілі «Шәушен» қожалығының қыстауларын аралаумен кешті батырғаны «жаны ашымастың қасында, басы ауырмастың» кері болғандай. Үкіметтің сынақ есебінде қолға алған жобасымен құрылған шаруашылық иелігіндегі қойлардың неліктен қырылып жатқанын білмекке тиісті мамандарға хабарластық. Бірақ олар мардымды жауап айтудан ат-тондарын ала қашқанымен, «қойлар қырылып жатыр» деген сөзді терістемеді. Ал, шаруашылық жетекшісі Бауыржан Төреқұлов «өлген қойлардың өкпе-бауырын Алматыдағы зертханаға тексеруге жібергендеріннен» басқа ақпарат айтқысы келмеді.
Қыруар қаржы жұмсалып, құм ішінен қос жерден құдық қазып, 48 күн сәулесі батареясы орнатылған, жаңадан қора-жай салынған шаруашылықтағы қойлардың айдың-күннің аманында жаппай қырылуы түрлі күдікті ойларға жетелейді. Әйтпесе, сол Құланның құмында қоныс тепкен өзге шаруашылықтарда бірді-екілі болмаса шығын жоқ. Бір анығы, үкіметтің ұшпаққа шығарады деген тағы бір жобасы ә дегеннен-ақ сәтсіздікке ұшырағаны.
Нұрболат ӘЛДИБЕК,
Жамбыл облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
`Ануар ШҚ АНГОР | 1 наурыз 2017 11:20
Еңбектің еш кеткені обал ақ! Мынандай қыста барлықтарымызға жеңіл болмады. Тек өзіңе сенсең ғана іс әрекет жеміс бермек.Ал,
Қасқыр мен өрттен кім қорғайды, немесе екте текте көмектеседі деген сұрақты біз кімге болса да қоюды ұмытқалы қашан. Нарық келіп-проблемаға қарық болық деген осы да? Жергілікті билік баяғыда ұсытқан бізді. Базардан ғана алдыңнан шығып қарсы алады. Салық төледің бе а...? деп.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар