1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Осы күнге дейін көп нәрсе айтылды ғой. Бұл неткен үнсіздік деген сұрақ менің көкейімде әр кез тұрады. Мен күнде таңертең тұрғанда бір жақсы хабар естігім келіп тұрады. «Зәкеңді өлтірген адамдарды тауыпты», я болмаса «сол істі қайта қарауға кірісіпті» дегендей хабарларды естігім келеді. Бірақ, өкінішке қарай, қазір бізде құлақ естімейтін, көз көрмейтін уақыт болып тұр.
Автор: Мақпал Жүнісова, Қазақстанның халық әртісі, әнші
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №18 (16204) 2 наурыз, бейсенбі 2017
2 наурыз 2017
«ДҮНИЕ ДЕ – ӨЗІ, МАЛ ДА – ӨЗІ...»

 Ғылымсыз болашақ жоқ. Ол – дамудың негізгі тетігі. Мұны түсінген жұрттар ғылымды қаржыландырудан аянған емес. ЮНЕСКО-ның әлемдік ғылымның қазіргі жағдайы мен 2030 жылға дейінгі перспективалары жөніндегі соңғы мәліметіне жүгінсек, дүниежүзі мемлекеттерінің ғылымға бөлетін қаржысы жылдан-жылға өсіп келеді және ЖІӨ-нің 1 пайызынан кем түсетін елдер саусақпен санарлықтай-ақ. Кейбір елдерде бұл көрсеткіш тіпті жоғары. Мысалы, Қытай ғылымға ЖШӨ-нің 2 пайызын, ал АҚШ 2,8 пайызын бөледі. Осы орайда, тіпті «ғылымға бөлінетін қаржы бірнеше жыл бойы ЖІӨ-нің 1 пайызынан да төмен болса, даму туралы әңгіме айтудың өзі артық» деген аксиома бар көрінеді.

Ал Қазақстан ғылымы қазір қандай жағдайда? Көңілді сүйіндіретін немесе күйіндіретін нендей жайттар бар? Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің ғылымды қаржыландыруға қатысты пікірі «мемлекеттен ақша сұрамас бұрын ғалымдар ең әуелі өзінің жобасын бизнесмендерге «сатуға» тырысуы керек» дегенге саяды. Мұның бір ұшы ғылымды «коммерцияландыру» туралы заңға тіреледі. Министрдің пікірінше, үйден шыққан кезінде ғалым, ең бастысы, өзінің қайда баратынын білуі шарт. Яғни «Оның алдында екі жол: Білім және ғылым министрлігі немесе бизнес. Ол министрлікке барады да: «Мен ұлы ғалыммын, маған ақша беріңдер» дейді. Мәселе сонда, ол бизнеске барып: «Мен керекпін бе? Сіздерге не қажет? Мен сол бойынша сіздермен бірлесіп жұмыс істеуге дайынмын», – деп айтуы тиіс». «Егер бизнес ғалымға сеніп, 5 теңге берсе, біз оған одан әлденеше есе көп қаржы беруге дайынбыз», – дейді Е.Сағадиев.
Осы арада мынандай сұрақ туады: жарайды, ғалымдар өзінің маңдай терін, еңбегін саудалап үйренсін-ақ. Бірақ бізде солардың жаңашыл жобаларын, өнертапқыштық идеяларын сатып алуға дайын өндіріс бар ма?! Ғылым мен ғалымның шын мәнісіндегі жағдайы қандай?
Ресми мәліметтер өткен жылы елімізде ғалымдар мен техникалық мамандардың 22 мыңға жуығы қызметтен кеткенін растайды. Бұл құбылыс, әсіресе, инженерлік ізденіс, техникалық сынақтар жүргізу, талдау және сәулет салаларын көбірек шарпыды. Дей тұрғанмен де, еліміздің Ғылым академиясы өткен аптада ғана өзінің 70 жылдығын атап өтті. Мерейтойлық жиында президенттен бастап, академия басшысына дейін баяндама жасады. Онда Ұлттық ғылым академиясының кеңестік үлгіден бас тартып, еуропалық үлгіге көшкені ерекше атап өтілді, соның нәтижесінде ғылымның орталықсыздандырылып, бірқатар жоғары оқу орындарының маңайына шоғырландырылғаны, мемлекет тарапынан ғылымға қаржының үздіксіз бөлініп келе жатқаны да жетістікке баланды.

Жалпы, отандық ғылымның бүгінгі жай-күйі, қоғамдық ұйымға айналған ғылыми мекеменің болашағы туралы ғалымдардың өздері не ойлайды? Дәл қазіргі мезетте оларды не толғандырады? Біз осы орайда бірқатар ғалымдарға сөз бергенді жөн көрдік.

Оразалы СӘБДЕН,
академик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері: МЕМЛЕКЕТТІ БАСҚАРУДЫҢ ЖАҢА ПАРАДИГМАСЫ ҚАЖЕТ

Ең әуелі Абай атамызға жүгінсек, ол кісі:
Дүние де – өзі, мал да – өзі,
Ғылымға көңіл бөлсеңіз, – дейді.
Ал Шәкәрім атамызша айтсақ:
Ғылымсыз адам – айуан,
Не қылсаң да ғылым біл.
Ғылымға да керек жан,
Ақылсыз болса, ғылым тұл...
Жалпы, тарихымызды алсақ, әл-Фараби, Ж.Баласағұни, А.Ясауи, М.Х.Дулати, бері қарай келсек, Ш.Уәлиханов, А.Құнанбаев, А.Байтұрсынов сияқты ғұламалар болды. Ал кеңестік дәуірге келсек, Қазақстан ғылымы Одақ бойынша 3-орында болатын. Сол кезде бізден Лениндік, Сталиндік Мемлекеттік сыйлықтардың 29 лауреаты шықты. Ғылым академиясын өзі мұрындық болып Мемлекеттік етіп жасаған Қ.Сәтбаевтан бастап М.Әуезов, М.Айтқожин, одан беріректе С.Зиманов, Д.В.Сокольский, A.Марғұлан, O.Сұлтанғазин, А.И.Бараев, O.Жолдасбеков сияқты көптеген ғұлама ғалымдар болды. Кейінгі ұрпақ солардың салған сара жолымен, тәрбиесімен дамыды. Қазіргі жағдайын айтсақ, егемендік алған 25 жыл ішіне біздің ғылым дүниежүзілік, халықаралық деңгейде елеулі жетістікке жетті деп айта алмаймын. Математиктер мен физикалық ядро, медицина саласы мамандарының жетістіктерін айтпағанда.
Ол не себепті кенжелеп қалды? Өкінішке қарай, кейінгі жылдары ғылымға қаражатты аз бөлдік. Салыстырар болсақ, 1991 жылы ғылымға бөлінген қаражат ЖІӨ-нің 0,68 пайызын құраса, қазір – небәрі 0,17 пайыз. Айлық өте төмен. Рас, бағдарлама дайындалады, айтылады. Мысалы, 15 жылға жасалған инновациялық жобада «ғылымға ЖІӨ-нің 2,5 пайызын бөлу керек» делінген. Бұл – қазіргіден 15 есе өсу керек деген сөз.
Не істеу керек дегенде айтарым, қазір заман басқа. Бұл заманда ғылым, білімге түбегейлі мән бермесек, қалып қоямыз. ХХI ғасырда өркениеттің пойызы алдымызда кетіп бара жатыр десек, оның вагондарында біз де, Ресей де жоқ. Онда Q8 мемлекеттерінде дамып жатқан нанотехнология, биотехнология, гендік инженерия, ақпаратты-коммуникациялық технология, ғарыштық технология бар. Үшінші технологиялық модернизацияны жасауымыз керек болса, онда ғылымға жаңаша үлкен үрдіс беру керек. Сөйтіп, ғылымға бөлетін қаражатты жалпы ішкі өнімге шаққанда үш пайызға, білімге 6 пайызға дейін көтеру қажет. Давос форумының мәліметіне жүгінсек, инновация көрсеткіштері жөнінен Скандинавия мемлекеттері мен Финляндия алда тұр. Өйткені Финляндия мемлекеті ғылымға ақшаны 4 пайызға дейін бөледі. Мейлі, бізге бірден 4 пайыз бермей-ақ қойсын. Бірақ біртіндеп өсіру керек қой. Кем дегенде 1,5 пайыз бөлсе де, ғылым тәп-тәуір дамиды. Баса мән берілуі үшін ғылым жөніндегі мемлекеттік комитет құру қажет. Мысалы, Америкада Ғылым мен техника комитеті бар. Содан кейін ғылым туралы мемлекеттік арнайы қор болуы тиіс.
Құдайға шүкір, Сәтбаевтың сынықтары әлі бар. Ғылым академиясының 70 жылдығына орай өткен жиында қарап отырсам, залдың жартысы – ақсақалдар. 5-10 жылда алды кетеді. «Артта кім бар?» десем, кілең жастар. Ортасында ешкім жоқ. Ал жастар алдыңғы буынның орнына келгенше қаншама уақыт өтеді! Яғни біз, өкінішке қарай, ғылымдағы ұрпақ сабақтастығын жоғалтып алдық. Қазір әлі де мүмкіндік бар. Соны пайдаланбасақ, ақсақалдар кетеді, жастар ғылымға жете алмай қалады, ортада үлкен қиындық туады. Ғалым дайындау оңай шаруа емес, 20-30 жыл қажет. Менің алаңдайтыным – осы.
Біз қазір ортамызда жүрген үлкен ғалымдарды пайдалана отырып ғылыми мектептер ашып, технополис, технопарк, инновациялық, кластерлік ғылыми орталықтар жасап алуымыз керек.
Президенттің өзі «5-6 ай бойы жалақы алмай жүрген ғалымдардың жағдайын жөндеу керек қой» деп қалды. Шынымен де, былтыр біз 5 ай айлық алған жоқпыз. Биыл да міне, наурыз болды, бірақ айлық туралы әлі сөз де жоқ. Мұндай жағдайда ғалымдар қалай өмір сүреді. Мені әсіресе қинайтыны – жас ғалымдардың ғылымға келу мәселесі. Бір жас ғалым пәтер алыпты дегенді сіз естідіңіз бе? Естіген жоқсыз. Өкіншке қарай, мұндай қамқорлық жоқ. Ал мемлекеттік тұрғыда қолдау көрсетілмейінше, ғылымды дамыту өте қиын. Егер де өркениет пойызының соңғы вагонына мінгіміз келсе, ғылымға көзқарас көзқарас, қолдау болуы тиіс.
Бізден басқа, ТМД мемлекеттерінің бәрінде Ғылым академиясы – мемлекеттік. Демек олар мемлекет қамқорлығында деген сөз. Екіншіден, шетелдерде ғылымға ақшаның 60-70 пайызын өндіріс, бизнес береді. Бізде керісінше, бүкіл бюджет мемлекеттің мойнына ілінген. Бизнесмендер, миллиардерлер ғылымға көк тиын бермейді. Солардың бәрінің бетін ғылымға бұру керек. Бізде былай болып тұр ғой: мысалы, үлкен «Қазмұнайгаз», «Самұрық қазына», «Қазақстан теміржолы», осындай үлкен-үлкен холдингтер бар. Міне. осыларды ғылымға негіздеп жасау керек. Осылар ғылымға қанша қаражат бөледі, ғылым да жетістігін ары қарай іске асырады. Ғылымның жетістігі жоқ деп айта алмаймын, бар. Бірақ өкінішке қарай, өндіріс оған немқұрайды қарап отыр. Отандық ғылымға тапсырыс берудің орнына шетелге тапсырыс береді. Ал Америкада мынандай заң бар: үлкен компаниялар тапсырыстың 20-30 пайызын кіші кәсіпке бермесе, мемлекет оларға қолдау көрсетпейді. Ал бізде ешкім кіші кәсіпке тапсырыс бермейді, шетелден сатып ала салады. Осының бәрін заңмен туралау керек.
Осының бәрін ойлай келе, мен жақында елбасына, үкіметке үлкен бір жобамды жібердім. Бізде қазір мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің қарым-қатынасын дамытуға мән береді. Шетелдерде – үш жақты спираль, яғни мемлекет, бизнес және НИОКР, яғни ғылым, білім, университеттер. Ал мен мемлекетті басқарудың төрт спиральді тетігін ұсынып отырмын, ол: мемлекет, бизнес, ғылым және қоғам. Бізде қоғам сыртта қалып отыр. Негізінде, осының бәрі қоғамға керек емес пе? Сондықтан қоғамды қосу керек. Бұл – мемлекетті басқарудың жаңа парадигмасы. Нәтижесі қандай болатынын уақыт көрсетеді.
Сосын қазір университеттер инновациялық шағын бизнес ашатын болса, ертең оны салықпен басып тастайды. Мен өзімнің 4 спиральді басқару туралы жобамда: «оларға үш жылға дейін салық салмайық, мүмкіндік берейік, үш жыл еркін жұмыс істесін, салықты содан кейін біртіндеп салайық» дедім. Міне, осылай әрнәрсенің өзінің тетігін біліп істеу керек. Алайда ғылымның жетістіктерін іске асыру тұрғысынан алғанда біздің жағдайымыз нашар.
Ғылымды қолдаудың түрлі жолдары бар.Ұлттык Ғылым Академиясы қайтадан мемлекеттік болғаны кажет. Бірак ғылым тез дамып кетеді деп айта алмаймын. Мысалы, шетелдер де ғылымды әртүрлі заңдармен, ретін тауып қолдап жатыр ғой. Сол сияқты жағдай жасау керек. Бізде қазір дүниежүзілік деңгейдегі ғалымдар бар. Бәріне шашқаннан гөрі, неге солардың мектебін ашып, қаражатты жақсылап бермеске! Мысалы, М.Өтелбаев дүниежүзілік деңгейдегі математикалық шешімді ойлап тапты ма, оған миллион керек пе, ендеше миллионды берсін де, күні-түні отырғызсын жұмысқа. Тағы баска мысалдар да жетеді… Бізде ондай саясат жоқ. Бәріне бірдей азғантай айлық береді де, «ал енді жаңалық ашыңдар» дейді. Олай болмайды ғой. Сондықтан ең бастысы, ғалымдардың мектебін, білім сапасын күшейту керек. Ғылым мен білімге, рухани құндылықтарға дәл қазір мән бермесек, көштің соңында қалып қоямыз. Ал моральдық құндылық ретінде ғалымдарға, ғылым саласына академик Қ.Сәтбаев атындағы Мемлекеттік Орден тағайындалса, отандық ғылымға деген үлкен рухани күш болар еді.


Өмірзақ АЙТБАЕВ, ҰҒА академигі: АКАДЕМИЯ ӘЛІ ДЕ ЕҢСЕСІН ТІКТЕЙДІ
– Академияның 70 жылдығына байланысты өткен жиында президенттің өзі: «Ғылымға көңіл бөлеміз, қаражатты аямаймыз, талмай еңбектене беріңіздер» деп үміттендіріп кетті. Қоғамдық ұйым болғандықтан, бұған дейін айтарлықтай қаржыландыру болмаған. Тек академия тарапынан шығып жатқан 8 журналға бөлінетін. Ол басылымдарда көптеген ғылыми мәселелер жарияланады және бірқатар шетелдерге таралады. Былайша айтқанда, Ғылым академиясының беделі сол журналдар арқылы төмендемей тұр. Қалай дегенмен де, ғылымға шын берілген азаматтар ештеңеге қарамастан өз салалары бойынша жемісті еңбек етіп жүр.
Тәуелсіздігіміз баянды болып, көк туымыз төбемізде желбіреп тұрса, Ұлттық Ғылым академиясы әлі де еңсесін тіктейді, мәртебесі көтеріледі деп ойлаймын. Қазірдің өзінде ол өзінің баяғы кеңестік дәуірдегі деңгейіне жақындап келе жатыр.

Талас ОМАРБЕКОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор: ЖЕКЕЛЕГЕН ҒАЛЫМДАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫН КӨТЕРУ МАҢЫЗДЫ
– Ғылым академиясының қоғамдық болуының өзі оның ештеңе шеше алмайтынын аңғартады. Қазіргі кезде қоғамдық ұйымдардың өте көбейіп кеткенін ескерсек, бұған таңдануға болмайды. Мысалы, тарихшылардың 5 қоғамдық ұйымы бар. Мұндай қоғамдық ұйымдар саясаттанушыларда да, әлеуметтанушыларда да бар. Ұлттық Ғылым академиясы да ғалымдардың қоғамдық ұйымына айналды. Бұл ғылымға көзқарас нашарлағандықтан деп ойламаймын. Меніңше, мұның себебі, кеңестік жүйе кезінде біздің академия үлкен ғылыми орталық ретінде толық қалыптаса алған жоқ. Бұған мысал ретінде өзім білетін сала бойынша айтатын болсам, ғылым академиясының институттары Қазақстан тарихын қайта-қайта жазып, 5 томдықтан аса алмады. Ал Ресейдің Ғылым академиясы кеңестік дәуірде, сонай 1960-1970 жылдары «Всемирная история» деген, әрқайсысы 600-700 беттен тұратын үлкен-үлкен 12 том жазып тастады. «Советская историческая энциклопедия» дейтін 6 томдық кітап жазды. Бізде Қазақстан тарихынан әлі күнге дейін «Краткая историческая энциклопедия» деген қалыңдығы екі елі кітап қана бар. Содан басқа ештеңе шыққан жоқ. Мұндай жағдай ғылымның басқа салаларында да қалыптасты. Ғылыми жаңалықтар, патенттер, әртүрлі авторлық құқықтар өндіріске енгізілген жоқ. Шындығында, Ғылым академиясы соны енгізе алған жоқ. Бұл Тәуелсіздік тұсында тіпті мүмкін болмай кетті. Өйткені жаңа айтқанымдай Ғылым академиясы бізде үлкен ғылыми орда ретінде қалыптасып үлгерген жоқ. Оның себебі, кеңестік жүйе тұсында Қазақстан, негізінен, шикізат өндіретін және орталықтағы зауыт, фабрикаларға өнімдер дайындайтын ел болды. Автоматты басқару, кибернетика сияқты жаңа технологияларға негізделген өнеркәсіптер бізде бой көтере алған жоқ. Кейбір университеттерде осы бағыттарда дайындалған мамандар жұмыс таппай сандалып жүретін.
Қазір Ғылым академиясы мемлекеттік жүйе ретінде бізде әлдеқашан тарап кетті. Жаратылыстану ғылымдары бағытындағы институттар Қ.Сәтбаев атындағы техникалық университетке, гуманитарлық бағыттағылар әл-Фараби атындағы Ұлттық университетке берілді. Яғни Ғылым академиясының аты бар да, заты жоқ. Мұндай жағдайда Ғылым академиясын ұстап тұру кімге қажет деген сұрақ туады. Әрине, ешкімге де қажет емес. Мүлде таратып жіберейін десе, ел шулайын деп отыр. Шындығын айтқанда, ол қазір кеңес беруші қоғамдық ұйым деңгейінде ғана. Сондықтан Ғылым академиясы біздің өткен тарихымыз болып қалады.
Біз қазір ағылшын-американ білім беру жүйесіне бағыт алған елміз. Мұнда ғылымның бәрі университеттерге шоғырланған. Қазір бір орталыққа бағынатын ғылыми мекемені күшейтуді емес, жекелеген талантты ғалымдардың, ұжым, зертхана, ғылыми орталықтардың жағдайын ғылыми жобалар мен гранттар бойынша көтеру жағын ойластырған жөн.

Ақыл-ой ақшаға тәуелді

Бір қызығы, адамның ақыл-ой дәрежесінің белгілі бір мөлшерде ақшаға тәуелді болатыны қазір жиі айтыла бастады. Әлемдік ақпарат көздерінің дерегіне жүгінсек, Америкадағы Корнель университетінің Гари Эванс және Мишель Шамбарг атты ғалымдары осындай қорытындыға келіпті. Яғни олар адам ақыл-ойының табысқа тәуелді болатындығын анықтап, «кедей отбасылардың балалары ақымақтау болып келеді» деген ұйғарымға тоқтапты. Әрине, мұндай тұжырымның құлаққа түрпідей тиіп, кім-кімді болсын аздап шамдандыратыны да рас. Бірақ ғалымдардың зерттеуі тура сол кедейлік пен биологияның арасындағы байланысты анықтауға бағытталған екен. Бұл ретте белгілі болғаны – адамның миында шартты түрде «жұмыс жады» деп аталатын құрылым бар. Онда адамның алдағы уақыттағы іс-әрекетіне немесе әлдебір шешімдеріне қатысты деректер сақталады. Жарлы адамдардың осынау «жұмыс жады» тек бір ғана, яғни «қалай өмір сүру керек?», «қалай ақша табуға болады?» деген мәселемен ғана әуре. Ал мұндай сұрақтар дәулетті адамдардың басын қатырмайды. Ой-қиялға ерік беріп, арманның жетегіне алаңсыз еруге, сөйтіп, тамаша дүниелер туғызуға, қайырымдылық шараларымен айналысуға мүмкіндігі мол. Демек, келіссек те, келіспесек те, байлықтың бақытқа негіз болатындай жөні бар.
Енді ғылымды былай қоя тұрып, қарапайым қазақы түсінікке салып көрейік. Үйіндегі бала-шағасы аш отырған адамның соларға азық тауып беруден артық мақсаты болуы мүмкін бе? Жарлы адамның күнделікті күнкөріс қамын былай жиып қойып, ұлт мұраты тұрғысындағы ұлы ойларға берілуі ақылға сыя ма? Біздің өнердегі, әдебиеттегі аға ұрпақ: «Өзіміз кезінде үйсіз, күйсіз, көшеде жүріп-ақ үлкен өнер туғызғанбыз. Бұлар келмей жатып кергиді. Еңбегі сіңбей жатып, байлыққа басымен кіріп кеткісі бар» деп, кейінгі жастарға бекер ренжиді. Талай жыл бұрынғы тарихтың бүгін де айна-қатесіз қайталануы шарт емес. Егер жастар талап етсе, онысы – лайықты өмір сүруге талпынғандық. Тек сол талап-тілектің міндетсінуге, өнерін бұлдауға ұласып кетпегені абзал.
 

Роза Рақымқызы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар