1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақтың жауы – қазақ» деп шулап келеміз. Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауы – неміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, әлі де екі бөлініп отыр, «кәрістің жауы – кәріс» деп ешкім айтқан жоқ, Вьетнам қақ жарылып қақтығысқанда «вьетнамның жауы – вьетнам» деп ешкім айтқан жоқ.  «Адам – адамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нәрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?
Автор: Мұхтар Мағауин, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №18 (16204) 2 наурыз, бейсенбі 2017
2 наурыз 2017
Шымкенттен ертіске көшкісі келетіндер көп

Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданының тұрғыны Елнар Қайыңбаевтың бар арманы – елден көшіп, теріскейге жету. Ол күн сайын жұмыспен қамту жөніндегі облыстық басқармадан өзіне жақсы хабар күтіп жүр. Онысы Аяз атадай көзге көріне қоймаса да, Елнар ертегіге сенетін баладай үмітін үзбейді. Үміттенуден басқа амалы да жоқ.
– Екі жылдан соң қырыққа толамын. Тұрақты жұмысым жоқ. Кісі есігін жалдап тұрамын. Ағайын-туыстан ұят. Өсіп келе жатқан екі баламның көзіне қарай алмай, қысыламын. Ауыл деген аты ғана, әйтпесе, үй салуға жер алудың өзі қиямет. Әйелім мұғалім. Сабағы аз. Парқы жоқ айлығы ештеңеге жетпейді. Солтүстікке көшетіндерге көмектеседі дейді ғой, сол жаққа кетсек дейміз. Ойланатын ештеңе қалмады, – дейді Елнар.
Туған жерінде жұмыс таппай қиналған тұрғындардың үмітін Ордабасы ауданына жуырда ғана арнайы сапарлап келген Павлодар облысы, Май ауданының әкімі Ардақ Қаңтарбаев та оятып кеткен. А.Қаңтарбаев Павлодар өңіріне қоныс аударамын деушілерге отбасының әрбір мүшесіне 79 мың теңгеден көмек беруге, мемлекет есебінен жалдау құны төленетін баспана бөлуге және жұмыспен қамтуға сөз беріп кетті.
Жалпы, бұған дейін Ордабасы ауданынан Солтүстік Қазақстан облысына алты отбасы қоныс аударған. Тағы да алты отбасы өтініштерін беріп, жүктерін жинап жолға шығуға дайын отыр. Ордабасыдан Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Пресновка елді мекеніне былтыр ақпанда көшіп барған Маржан Уәлиевамен тілдесіп, хал-жағдайларын сұрастырған едік.
Маржанның айтуынша, бес бөлмелі баспананы жалға алған. Айына бес мың теңге төлейді. Аудан әкімдігімен жасасқан келісім бойынша, бес жылдан кейін үй толығымен өздерінің меншігіне өтуі тиіс. Шымкентте, одан кейін Астанада жүріп баспана, жұмыс, қаржыдан қиналған жас отбасы солтүстікке келіп, тұрмыстары түзеліп, көңілдері жайланғанын айтады. Маржанның өзі аудан әкімдігіне қызметке, жұбайы Қантемір аудандық білім бөліміне есепші болып жұмысқа тұрған. Алты жастағы ұлдың үлкені, Қантөре мен жасы биыл үшке толатын Абылайхан балабақшаға барып жүр.
– Жамбыл аудандық жұмыспен қамту орталығы жолдасым екеумізге көптеген жұмыс ұсынды. Бақытымызға қарай, екеумізге де жұмыс аудан орталығынан шықты. Бұл жерде бізге дейін көшіп келген шымкенттік дәрігерлер тұрады екен. Солармен араласып кеттік. Қазір бізге Шымкенттен хабарласып, «көшіп келсек» деп ақыл сұрап жүргендер көп. Білгенімізді айтып жатырмыз. Байқағаным, бұл жерде бір айлықтың бетіне қарап отыра бермей, қосымша нәпақа үшін ауыл шаруашылығымен айналысуға да мүмкіндік бар,– дейді Маржан.
Оңтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның «Жас Алашқа» айтуынша, Маржан Уәлиева сияқты солтүстікке көшіп барғысы келетіндердің саны қазір 900 отбасына жеткен. Теріскейдегі әкімдер жұмыспен қамтып, баспана бөлсе, 900 отбасы бір күнде көшіп кетуге дайын отыр.
Әкімдіктің есебінше, 2016 жылы өңірден солтүстік облыстарға 605 мүшесі бар 146 отбасы қоныс аударған. Олардың басым бөлігі (125 отбасы) Солтүстік Қазақстан облысына тұрақтаған. Ә.Темірбаева көшіп барушылардың барлығы жұмыспен, балалары мектеп, балабақшамен қамтылады дейді. Ал тұрғын үй мәселесін мемлекет тарапынан және жұмыс берушілердің есебінен шешу көзделген. Биыл Солтүстік Қазақстан облысына көшіп барып, ауыл шаруашылығымен айналысамын деушілерге мың гектар жер бөлініпті. 657 тұрғын үй әзірлеген. Бұл баспаналар бастапқыда жалға беріліп, кейіннен жекеменшікке өтері айтылады.
Елден кетіп, теріскейге жеткісі келіп жүрген Төле би ауданының тұрғыны Елнар Қайыңбаев, міне, осындай бастамалар мен уәделерді естіп, бір үміттің құшағында жүр. Алайда ішкі қорқынышы да жоқ емес.
Себебі, көш бастағандардың барлығына Маржан Уәлиева отбасының сәттілігі бұйырмаған. Солтүстік Қазақстанға көшіп барған кей тұрғындардың уәделі көмекті алмағандары, күнкөрістерінің қиындағаны, жұмыспен қамтылмағандары жайында да ақпарат көп. Тіпті, жаңа қоныстан жақсылық көрмей, Алматы, Астана, Шымкент қалаларын жағалап кеткен отбасыларының мойнына көшпұлды қарыз етіп іліп қойғысы келген жағдайлар да болды.
Елнар Қайыңбаев бір жағы осындай жағдайдан да сескенеді. Ал тәуекел етпей, елде отыра берейін десе, күн көрісі қиын, алдағы күнге үміті жоқ.
Ресми мәліметтерге қарағанда, Оңтүстік Қазақстан облысында бүгінде үш миллионға жуық халық тұрады. Соңғы жылдары Өзбекстаннан осы өңірге табан тіреп жатқан ағайын да көбейген. Оның үстіне, өзге облыстармен салыстырғанда табиғи өсім жоғары. Жыл сайын 80 мыңға жуық бала дүниеге келеді. Мектеп оқушыларының саны әр оқу жылында 30 мыңға артып отырады. Адам көп болған соң, бәсеке қатал, жұмыс табу қиын. Ал солтүстік облыстарда, керісінше, тұрғын саны аз, бала санының жетіспеуінен мектептер жабылып жатыр.
Үкімет осы теңгерімсіздікті реттеу үшін оңтүстіктің халқын солтүстікке көшіру бағдарламасын бекітіп, биыл бұл бағытқа 85 миллиард теңге қарастырған. Шенді-шенеуніктер осы қаржыны ит талағандай ғып, құлқындарына өткізіп жібермесе, ен тоғайлы Ертістің бойына ел қондыруға ұтымды уақыт осы емес пе?!

Бақытжан ӘБІРАШҰЛЫ,
Оңтүстік Қазақстан облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар