1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір қоғамда біз білетін байлықтың екі түрі бар: Бірі – адами байлық адам капиталы, екінші – табиғи байлық. Қарасаңыз, мұнайымыздың 80 пайызы шикізат ретінде шетел асып жатыр. Демек, қазақ байлығының 80 пайызын шетелдіктер көріп жатыр. Қазаққа бұйырып отырғаны – сарқыт, тіпті шелек түбіндегі жуынды десе де болады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №19 (16205) 7 наурыз, сейсенбі 2017
7 наурыз 2017
АЛАШШЫЛ болуға кім лайық?

Той өтті. Алматыда Алаштың 100 жылдығына арналған ас берілді. Құран оқылды. Сөз сөйленді. Ет желінді. Шай ішілді. Ән айтылды. Күй тартылды. Өлең оқылды. Сөйтіп, асқа келген ағайын тарқасты. Асты сауын айтып, игі жақсыны шақырып, «qamshy.kz» порталы ұйымдастырыпты. Ниет түзу, көңіл ақ болса керек. Тарихты ұлықтап, айбынды Алаш тойының беташарын жасаған бұл іске әуелі Құдай, сосын асыл текті Алаш ардагерлерінің аруағы ырза болсын!
Тойдан ой қалды. Той туралы емес. Біз туралы. Біздің алашшылдығымыз жайлы.
Осы соңғы жылдар бедерінде тым-тым алашшыл ағайынның қарасы көбейді. Тарихты тану, тарихи тұлғалардың ісін білу, оны өз өмір жолыңа шырақ ету жақсы іс. Бәлки, билік тарихи тұлғаларды бәсекелес көріп, олардың ісін мемлекеттік деңгейде насихаттауға құлықсыз болған жерде азаматтық тарихи сана соның орнын толтыруға талпыныс жасауы заңдылық та шығар. Ал тірілерден бәсекелесер пенде қалдырмай, өлілерді өзінің бәсекелесі санап, көлеңкесі түсіп кете ме деп үріккен билік былтыр Әлихан Бөкейханның ЮНЕСКО көлемінде тойланған 150 жылдығын кіші көлемдегі науқаншылдықпен ғана сылап-сипап өткізді. Әншейінде халықаралық іс-шара десе желпілдеп шыға келетін Астананың ЮНЕСКО-ның шешімімен тойлау тапсырылған Әлекеңнің тойы неліктен қолайына жақпай, оң қабағын бермегені бүгінде балаға да түсінікті нәрсе. Ал Алаштың 100 жылдығын лайықты дәрежеде тойлауға бастама сөз айтып, істің ұшығын шығарған Тасмағамбетов іле теріскейге бет түзеді. Тасмағамбетов кеткен соң, той туралы үкіметтегі сөз де сап тыйылды.
 

Алаш хақында айтқанда ойға оралады. «Алаш» партиясына мүше болуға ықтияр үміткерлерге қойылған талапта: «өтірік айтпайтын, шынынан қайтпайтын, жақындық, туысқандыққа бүйрегі бұрмайтын, дүниелікке қызығып сатылмайтын, шыншыл әділ, тура кісі ғана осы партияға мүше бола алады» деп жазылған екен. Алаштың бұл талабы бүгін де өзекті, маңызды. Ал мұндай талаптың үдесінен қазіргі үкімет шыға ала ма?
Таңертең айтқан сөзін кешке жоққа шығарып, өтірік айтпайтын министрлер, «жақындық, туысқандыққа бүйрегі бұрмайтын, дүниелікке қызығып сатылмайтын» шен-шекпенді бар ма?.. Әрине, сенгің-ақ келеді. Бірақ даулы істер мен шулы оқиғалар, ерсі әрекеттер мен мәдениетсіздеу қылықтарды көргенде сенгің келетін үмітіңнің өзі жанбай жатып өшеді. Сонда да Алаш тойын дүркіретіп өткізер-ау деп үмітке оранған ойларды тұншықтыра алмайсың. Бұл үміт дегенді қойсаңшы! Жарайды, үкімет солай болды делік. Үміт аз, күдік көп екен. Ал қазақ қоғамы ше, алашшылмыз деп айтуға құмар ағайын ше? Жасыратыны жоқ, қазіргі қоғамда байына мал қайғы, кедейіне жан қайғы болып тұр. Бүгінгінің байы өзіне пайдасы жоқ болса, Алаш тойына малын шашпайтыны пиғылынан белгілі. Кезінде Алаштың жолында малын аямаған қазақ байларының деңгейіне жету бүгінгі байшыкештерге бұйырмаған сияқты. Қазіргінің қалталысы шірегенде мешіт салады. Ондағы есебі де күлкілі. Ал жан сақтауы қайғы болған кедей «Алаш маған ас бола ма?!» деп күйіне қарайды. Қайтсін енді. Сонда кім қалды өзі? Е-е-е, алашшылмыз дейтін ағайын қалды. Ас беріп, кітап шығарып, ғалымдардың жиынын өткізіп, Алаш сөзін елге жайып жүр. Тіпті Алаш атын жамылған атақ үшін болса да, ас берген, кітап шығарған, жиын өткізген жақсы ғой. Бірақ ас ішіледі, жиын тарқайды. Аз таралыммен шыққан кітап қалың елге жетпейді. Сол үшін алашшыл азаматтар, Алаштың 100 жылдығын тойлауда жүйелі іс атқару үшін бірігіп, кешенді азаматтық-қоғамдық бағдарлама түзіп, орталықтандырылған бірізді әдіспен іс қылмағы керек-ақ. Сөйткенде ғана кешегі Алаш ардагерлерінің бірлігі мен қуатының бүгінгі бейнесі көрініс тауып, ас ішіп, аяқ босатып, жалынды сөзбен залды жаңғыртқаннан гөрі елге пайдасы тиер, ертеңге үлгі болар іс көрініс берер еді. «Ортақ өгізден оңаша бұзауым артық» деп, әркім атының кекіліне Алаш атын байлағаннан атақ пен даңқ тілеген құмар көңіл тоят тапқанмен, Алаштың артында қалған бүгінгі елге көк тиын пайдасы жоқ-ау. Жоғарыда сөз арасында келтірген «Алаш» партиясына мүше болуға ықтияр үміткерлерге қойылған талапта мынандай да сөздер бар. «Сыртын берсе іші басқа, тілін берсе жүрегі басқа болатын, сөзіне ісін үйлестірмейтін, «Алаш» жолынан айнып, айтысып-тартысуға жарамайтын, ауырлық келсе бұлт ететін қорқақ, айнымалы мінезі бар кісі «Алаш» партиясына кірмейді. Соңғы сөзді біз «ондай кісі алашшыл емес» деп үстемелеп қоюды жөн көрдік. Қазіргі алашшыл азаматтар Алаш қойған талаптарға келетінін біледі, білген соң да алашшыл болып жүр деп үміттенеміз! Әйтпесе «Алтынға қола тұтқа бола ма?..»
 

Таңатар ТАҒАН

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (3)
Тұран | 8 наурыз 2017 00:46
Алаш Ордашыларды еңбегiн дәрiптеп көрсетiп жүрмiз бе? Жоқ. Қазақ мемлекетiнiң шекарасын осыдан бiр ғасыр бұрын белгiлеп сызып берген Әлихан,Сұлтанбек,Тұрар т.б арыстарымыз. Ал қазiр, "қазақтың шекарасы ешқашан болған жоқ"деп айтып жүр. Алаш арыстарын еңбектерiн ашып ұлықтауымыз керек! әрқашан
Болашақ Ж. | 8 наурыз 2017 16:16
Алаштың асқақ рухы, асыл арманы қазақ халқымен бірге жасай береді. Бұлай деп сенімді айтуға "Алаш арыстарының" ұлтының болашағы жолында атқарып кеткен ауқымды істері мен ұлы идеялары айқын дәлел бола алады. Атқарған істерінің ең ұлысы жеріміздің тұтастығын сақтап шекарамызды бекемдеп бергендері болса "ұлы идеялары" ұлттық болмыспен біте қайнасқан ұлттың тұтастығы деп сенемін.
Қазақ | 8 наурыз 2017 20:41
Менің айтайын дегенім,шекара туралы сөз болғанда Әлімxан Ермеков деген , аты көп айтыла бермейтін ағамыздың ерен еңбегін ұмытпауымз керек деп ойлаймын. Және, осындай Алаштың Ұлы аталарымыздың еңбегін талай интригалардан қолдап, бағалап,мойындаған және де келісіп бекіткен Ленин атамызды да ұмытпауымыз керек. Лениннің өз басының қазаққа еш жамандығын мен білмеймін, қазіргі ел басқарған, басқарып жүрген талай адамдардың алдында Ол кісінің еңбегі еңбек деп ойлаймын.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар