1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қартаюға қарсы, яғни жасартатын, мәңгілік өмір сүруге мүмкіндік беретін – дәрі-дәрмектер ойлап табу керек. Міне, қазіргі ғалымдар әлемде осындай шаруалармен айналысып жатыр.
Қазақстан ғалымдармен кездесуінде айтқан ұсынысынан. 04.09.09
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №19 (16205) 7 наурыз, сейсенбі 2017
7 наурыз 2017
Шенділер «ЖАПТЫҢ ЖАЛА, ЖАҚТЫҢ КҮЙЕ» дегеннен танар емес

«Әр заманның өз сұрқылтайы болады» деуші еді. Сол айтпақшы, бүгінде Сағадиев жырының ушыққаны сонша – оның атын естігенде ұйықтап жатқан бала шошып оянатындай жағдай қалыптасты. Алды-артын бағдарламай жатып мектептерде үштілділікті бастап кеткені, «Әліппені» құрдымға кетіргені өз алдына, ол енді басқа-басқа, қазақтың тілі мен әдебиетінің, тарихының жағасына жармасты.

Соңғы бір апта көлемінде Фейсбук әлеуметтік желісінде білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің отставкаға кетуін талап еткен пікірлердің қарасы көбейді. Реформа деуге келмейтін жөн-жосықсыз, жүгенсіз өзгерістерімен жұртты жаппай жүйкелеткен министр енді жоғары оқу орындарындағы мамандықтар классификаторынан «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Қазақ тарихы», «Лингвистика», «Шығыстану» мамандықтарын шеттетуге бекінген сыңайлы. Бұл туралы «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Заман-Қазақстан» газеттерінде мәселе көтеріп, бір жарым ай бойы министрді райынан қайтара алмаған тілші ғалымдардың бір тобы, атап айтқанда академиктер Ә.Хайдар, Р.Сыздықова, С.Қирабаев, Ө.Айтбаев, Ш.Сарыбаев және М.Қойгелді осы мәселеге қатысты үкімет басшысы Б.Сағынтаевқа, мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықоваға, президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары М.Тәжинге хат жазып, ол баспасөз беттерінде жарияланған болатын. Осы жағдай бойынша сала басшысымен ашық айқасқа түскен профессор Айгүл Ісмақова министрдің аталған мәселеге тек әлеуметтік желіде талқыға түскеннен кейін ғана назар аударғанын, бұл Е.Сағадиевтен бастап, министрліктегі үлкенді-кішілі лауазым иелерінің ешқайсысының қазақ басылымдарын оқымайтынын білдіретінін мәлімдеген.
Айтса айтқандай-ақ, осыдан бірер күн бұрын Е.Сағадиев әлеуметтік желі арқылы бейнеүндеу жариялады. Сөйтіп, «Білім және ғылым министрлігі қазақ тіліне зиян келтіретін бірнеше жобаларды іске асырып отыр деген сөздер пайда болды. «Тікелей министрдің тапсырмасына сәйкес, қазақ тілі, қазақ әдебиеті, қазақ тарихы жоғары оқу орындарынан жоғалады» деп жатыр. Оның барлығы – жалған сөз. Ондай тапсырманы мен берген емеспін және ойымызда да жоқ ол. Жоғары білім саласында мамандықтардың классификаторлары өзгерген жоқ, 2009 жылғы классификатормен жұмыс істеп жатырмыз. Сонымен қатар «Серпін» бағдарламасы тоқталды дейді. Ол да жалған. Біз оны тоқтатпай, жаңа биікке, жаңа деңгейге көтереміз», – дегенді айтып, жұртты алып-қашпа сөздерге ермеуге шақырды. Яғни министрге салсақ, айтылған сөздің бәрі – өтірік, оны таратып жүргендердің бәрі – өтірікші.
Осы арада «Сонда кімге сенеміз: әр реформасы сын садағына ілініп, жұртты ұлардай шулатумен келе жатқан министрге ме, әлде әрқайсысы өз саласының қазанында қайнап, ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген білікті мамандарға ма» деген сұрақ туындайды.
Сөзінің тігісін жатқызуға қашаннан шебер министрлік сала басшысының бейнеүндеуінен соң, іле-шала тағы бір бейнеүндеу дайындап, оны жариялап та үлгерді. Онда Павлодар, Оңтүстік Қазақстан және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеттерінің лауазымды тұлғалары «қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқу жоспарына сәйкес, өз деңгейінде оқытылып жатыр», «Қазақстан тарихы» кафедрасы бар, өзгеріс болады деген хабар алған жоқпыз» деп «бас мұғалімнің» сөзін қостады. Аталған бейнеүндеуде М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры У.Қалижанның да пікірі жүр. Оның «Осы хабарды естігеннен кейін мен ҚазҰУ-дың филология факультетінің деканы Ө.Әбдимановпен сөйлестім. Ол: «Кезінде сондай әңгіме болған, бірақ қазір тынышталып қалды», – деді. Мүмкін, бір кезде жоба ретінде қарастырылған да шығар, бірақ қазір оның заңдық күші жоқ, ғалымдардың қолына, бәлкім, сол құжат түскен шығар», – деген екіұшты әңгімесінен-ақ «шөптің басы бекер қимылдамағанын» аңғару қиын емес.
Демек, қалай болғанда да бір желдің тұрғаны анық. Сүттен ақ, судан таза болғысы келетін министрдің жауырды жаба тоқығанын түсінікті дейік. Ал жаңағы бейнеүндеуде «қазақтың тілі мен әдебиетіне төніп тұрған қауіп жоқ, оның бәрі алыпқашпа әңгіме» деп, әріптестерінің сөзін жоққа шығарған Ө.Әбдиманов, Н.Жүсіпов, Динара ханым сияқты басқа да бірқатар тілші ғалымдардың жалтарғанына жол болсын!..
Бірақ солай екен деп қоғам белсенділері бұғып қалған жоқ. Айдос Сарым айтпақшы, Қазақстанда филологияны филология етіп тұрған – тап сол қазақ филологиясы, қазақ филологтары, ұлттың, мемлекеттің аты мен атауы, оның тілі мен менталитеті, мазмұны мен сапасы, өткені мен келешегі. Қазақ бола тұра, тәуелсіздігімізді нығайта және өз игіліктерімізді байыта тұра, біз неге қазаққа тән нәрсенің бәрінен қашуымыз керек? Ол кімге кедергі болып тұр?! Осы орайда, саясаттанушы тіпті министрдің іскерлік қабілетіне күмән келтіреді.
Расул Жұмалының: «Тілсіз, мәдениетсіз және әдебиетсіз халық – қандай халық? Жай ғана мәңгүрттердің тобыры. Мемлекеттің негізін құраушы пәндер болашақ ұрпақтың оқу бағдарламасынан алынып тасталса, мұндай әрекетті қасақана істелген демеске лаж жоқ. Тәуелсіздігіміз бен ұлттық болмысымыздың негізіне балта шабуға осылай жоғарыдан жол берілсе, біздің қандай ел болғанымыз?!» – деп ашынуы да негізсіз емес. Ұлт мүддесіне қатысты кез келген мәселеде немқұрайдылық таныта алмайтын Мұхтар Тайжан болса: «Е.Сағадиевке жоғары оқу орындарындағы тарих кафедраларын қысқартуға, қазақ тілі мен қазақ әдебиетін классификатордан алып тастауға кім құқық берді?» – деп қынжылады. Дәл қазіргі жағдайда М.Тайжанның: «Білім министрлігінің барлық реформасына толықтай ревизия жасалуы керек. Оған дейін реформалардың барлығы тоқтатылуы тиіс», – деген талабы өте орынды. Көріп тұрғанымыздай, ел-жұрт, бүкіл қоғам талапты қоюдай-ақ қойып жатыр. Тек министрлік тарапынан «Осы біздікі не? Шынымен де не бүлдірдік? Кемшілікті қалай түзейміз?» деген ниет байқалмайды. Қайта басқа шауып, төске өрлеп, өршіп барады...
Р.S. Күні кеше ғана Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген Білім және ғылым министрлігінің өкілдері «Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиеті» пәндері жалпы жіктеуіштен алынбағанын мәлімдеді. Білім вице-министрі Эльмира Суханбердиева өткен сенбіден жексенбіге қараған түні министрліктің сайтына шабуыл жасалғанын, мамандықтарды жіктеуіш құжаттың өзгергені туралы ақпараттың жалған екенін жеткізді. «Биыл да, келешекте де ол бағытта өзгерістер болады деп көздеп отырған жоқпыз» деп ант-су ішкендей болды. Ендеше, дүйім елді дүрліктірген әңгіме қайдан шықты? Неге шықты? Ең бастысы, мұның соңы немен тынады? Қазірдің өзінде осы ақпараттың таралуына себепкер болғандарды «жаптың жала, жақтың күйе» деп қаралап, сотқа сүйреуге тырысу әрекеті байқалады. Бұл – іс мұнымен бітпейді деген сөз.

Роза РАҚЫМҚЫЗЫ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (6)
ИВАН | 7 наурыз 2017 16:18
Министр сымақ журналистерге газетке неге жазасыңдар, сендер жазғасын мен тестке ендірдім дейді. Онда газетке жарияланған мақаланың бәрін тестке ендірсін. Б. Есентаева балаларға үлгі болатын қатын емес.
Асылбек | 9 наурыз 2017 01:38
Дурыс айтасыз келисем
Ореке | 9 наурыз 2017 12:36
Қазақ халқын жоюудың амалдары ғой, бұл арамтамақтарды түп-тамырымен бірге, оқу реформасы мен бірге жою керек!!!
Қазақ қызы | 9 наурыз 2017 16:00
Бар мақсаттары "өз адамын" қойғызу, басқа ештеңе емес. Қазір бұрынғы академия деп аталатын оңтүстік-батыс монополиялап алған Тіл білімі институтының адамдары уыстарынан билік кетіп қала ма деп жанталасуда. Сол үшін бәріне барып жатыр. Бұл арандатушылықтың шегі болар ма екен? Жалған ақпарат таратып, моральдік шабуыл жасауға кімнің құқы бар? Қазіргі министр бұрынғылардан ілгері, елде де, шетелде де білім алған, прогрессивті азамат.
Қазақ қызы | 9 наурыз 2017 16:43
Өткен ғасырдың басында"елім", "жерім" деген азаматтарды Ахмет Байтұрсынұлынан бастап бәріне "ұлтшыл", "буржуазияшыл" деп жала жауып, айнала бүкіл газет-жорналдарға алаштықтарды қаралап мақала жазғандар мен еңбектерін пайдаланып келгендердің ізбасарлары тағы бас көтеріп, бірігіп жатыр. Жеп барады, шыдатпай ... Шыдатпайды бұлар! Өз қазағың ... етектен тартып, тістелеп түңілтіп болды-ау! Оның орнына ең болмаса, қатесі жоқ бір кітап жазбай ма бұл псевдоғалымдар?!
Орынгали тураков | 9 наурыз 2017 21:53
Онкей шуылдактар ештене истей алмайтындарынды билип отыр гой бул билік.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар