1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Баян-Өлгийдегі қазақ отбасын Қазақстанда шығатын мерзімді басылыммен қамтамасыз ету, Ұланбатыр маңайына қазақ теледидарын қосып беру, меніңше, Қазақстанның қолынан келеді. Тіпті, өзге емес, түріктердің өзі Күлтегін мен Білге қағанға арнап керемет Орхон музейін салыпты. Бізді қатты таңқалдырды. Бірақ, біздің шеттегі қазақ диаспорасына көмектесуге ынтамыз аз.
Автор: Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №20 (16206)   10 наурыз, жұма 2017
10 наурыз 2017
Үш тұғырлы тіл – ұлтсыздануға төте жол

Ана тілін білмеушілік немесе біле тұра менсінбеушілік қазақ ұлтын іштей қақ жарды. Қазақстандық неміс жазушысы Г.Бельгердің бұл туралы «Қазақтардың қазір тілге байланысты жіктелуі – өте-мөте өткір мәселе. Байшыкештерге ана тілінің көк тиынға қажеті жоқ. Олардың тілі – доллар. Тілді сақтаймын деушілер – түгелімен жалаңаяқ, жарлылар. Жаны күйген базбіреулер бар кінәні орыс тіліне үйіп-төккісі келеді. Бұл – түбірімен қате. Қазақ тілінің басты жауы – ұлттық намыс пен рухтан жұрдай қазақтардың өзі» деп пікір білдіргені бар. Сондықтан да А.Байтұрсыновтың осыдан бір ғасыр бұрын шырылдап тұрып айтқан мына бір ойлары әрдайым есте болуы керек: «...әр халыққа керегі – өз діні, тілі, жазуы сақталу. Солай болған соң бастауыш мектеп, әуелі миссионерлік пікірден, политикадан алыс боларға керек, яғни қазақтың діні, тілі, жазуы сұмдық пікір, суық қолдан тыныш боларға керек... Әуелгі үш жылда балалар кілең қазақша оқу керек... Бастауыш мектепте кілең қазақ тілінде үйретілетін нәрселер: оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, есеп, жағрапия, шаруа-кәсіп, жаратылыс жайы». «Әуелі біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстықта, билікте, халықтық та оқумен түзеледі. Қазақ ісіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде оқумен түзеледі». Ұлт қамын, халық келешегін ойлаған әрбір азаматтың есінде жүрер, күні бүгінге дейін маңызын жоймаған, өміршең ойлар «мені ұмытпа, ұмытсаң, күнің қараң болар» дегендей шырылдап тұр.
Қостілділік, «үш тұғырлы тіл» дегеніміз – ұлтты іштей ірітіп, ұлтішілік жіктеулер туғызатын, сөйтіп, мұның аяғы ұлттық алауыздықтарға апарып, ұлтты құрдымға кетіретін, ұлт әлсіреген кездегі ұлттық тілдің жойыла бастауын байқататын жол, адамдардың екінші бір тілге ауысардағы, ұлтсызданардағы аралық сатысы.
Жаһанданудың басты міндеттерінің бірі – ана тілінен, сол себепті де ұлттық тамырынан ажырап қалған мәңгүрттерді, ұлтынан жеріген, өздерін ұлттан жоғары санайтын космополиттерді, ешқандай ұлтқа жатпайтын, жатса да оны білмейтін, бойында көптеген ұлттардың қаны, болмысы бар «жаңа адамды» тәрбиелеп шығару. Қазір батыстың бүкіл ақпарат құралдары, білім, тәрбие беру жүйелері осы мақсатқа жұмылдырылған.
Біздіңше, балаға шет тілін бала бақша түгіл, бастауыш сыныптарда да оқытуға болмайды. Өйткені А.Байтұрсынов ескерткендей, «Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген, ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай жүйесімен тізсе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін әр жұрт баласын әуелінде өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі ана тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз».
Кеңестік кезеңдегі және одан кейінгі дәуірдегі тіл саясатын зерттеген В.М.Алпатовтың анықтауынша, адамның ойлау қабілеті сол ұлттың тілі арқылы ғана алғашқы мүшелде, яғни 13 жасқа дейін қалыптасады. Жас баланың бойындағы ген арқылы тұқым қуалап келе жатқан ойлау жүйесін сол негізде ана тілі арқылы ары қарай жалғастырса, ол баланың ойлау қабілеті тез жетіледі. Ал енді ойлау жүйесі әлі қалыптаса қоймаған жас балаға өзінің бойында бар ген арқылы келе жатқан ойлау жүйесіне сәйкес келмейтін тілді оқытса, ол баланың бұрыннан тұқымында келе жатқан ойлау жүйесі бұзылып, жаңа тілге негізделген жаңа ойлау жүйесі пайда бола бастайды. Сондықтан да А.Байтұрсыновтың «Бала ең алдымен өз ана тілінде ойлауы, сөйлеуі, білім алуы шарт», «әр бала өзінің ана тілінде 4-сыныпқа дейін оқуы керек, содан кейін барып басқа тілдерді оқуына болады» деп қадап тұрып айтып кеткенін барлық уақытта да естен шығармаған абзал.
Адамның қай тілде сөйлеуі немесе қандай музыка тыңдауы оның бүкіл физиологиялық, рухани жағынан дамуына тікелей әсер етіп, оның өмірдегі орнын анықтайды. Күнделікті тіршілікте айтылған әрбір сөз, тыңдаған әрбір әуен, сол сияқты не көрдік, не дедік, не ойладық – барлығы жиналып келіп адам организмінің генетикалық аппаратына тікелей әсер етіп, мұның өзі әрбір клетканың ұзақ уақыттар бойы қалыптасқан ұлттық табиғатының өзгеруіне, тұқымқуалаушылық қасиетінің басқа жаққа бұрылып кетуіне апарып соқтырады екен. Демек, сөз, дыбыс атаулының барлығы да электромагниттік толқын түрінде адамға жағымды (ұлттық, тұқымқуалаушылық), не жағымсыз (генде жоқ, басқа) тиіп, жағымды болса, тұқымқуалаушылық жалғасын табады да, олай болмаған жағдайда жат әсерлердің теріс әрекеттерінің салдарынан тұқымқуалаушылық қабілеті өзгеріп, не болмаса жойыла бастап, мұның өзі ДНК-ның басқаша сыпатқа ауысуына әкеліп соқтырады. Демек, сөз сол тілде қалыптасқан ойлау жүйесін, дүниетанымын қалыптастыру арқылы адамның генетикалық аппаратына әсер ете отырып, оны одан ары қарай дамытады, не болмаса өзгертіп, басқа мазмұндағы адамды жасап шығуға болады.
Сөз бен ойдың, сөйлеу мен ойлаудың, сол сияқты ойлаудың өз кезегінде адамның тәнімен, жанымен тығыз байланыстылығы адамның тіл мәдениетін жетілдіріп, тән сұлулығы, жан сұлулығы жарасқан, жан-жақты жетілген жарасымдылықты қамтамасыз етеді. Ғалымдар кей адамдардың дұрыс сөйлей алмауы, не болмаса кекештенуі сияқты кемшіліктерді оның ойлау жүйесіндегі, не болмаса психикасындағы ақаулармен, яғни денсаулығымен тікелей байланыстырады. Адамның қай тілде сөйлеуі, қай тілде ойлауы сияқты әдетте байқала бермейтін нәрселердің өзі ғасырлар бойы белгілі бір ұлтқа жатып, белгілі бір тілде сөйлеген адамдардың сыртқы бет әлпетінен бастап, бүкіл физиологиялық құрылымын қалыптастырып, денсаулығына, мінез-құлқына, жалпы адами болмысына әсер ететіндігін көпшілік қауым біле бермеуі мүмкін. Өз тілін жетік білмейтін, оның үстіне басқа да бірнеше тілдерде қатар сөйлейтін адамдардың ойлау жүйесінің бір бағытта жүрмей, үзіліп қала беретіндігі, соның салдарынан өз ойын дұрыстап жеткізе алмай, бірді айтып, бірге кетіп сөйлейтіндігі бүгінгі қазақ қоғамында үйреншікті жағдайға айналып отыр.
Ана тілін күнделікті қолдану адам денсаулығына өте-мөте пайдалы екенін және ана тілімізде сөйлеген адамның бет-жүзін әжім торламайтыны, сөйтіп, ерте қартаймайтынын ғалымдар айтып жүр. Қазақ тілінің өзге тілдерден ерекшелігі – дауысты дыбыспен басталған сөз – дауысты дыбыспен ғана, дауыссыз дыбыспен басталған сөз – дауыссыз дыбыспен ғана аяқталады. Ғалымдардың дәлелдеуі бойынша, сөздің бұлай айтылуы денсаулыққа аса пайдалы. Әсіресе, қазақша сөйлеу кезінде асқазан мен бүйрекке мүлде салмақ түспейді. Сондай-ақ қазақша сөйлегенде ауыздың тек астыңғы жағы ғана қимылдап қозғалатындықтан, адамның бет-жүзін әжім ерте торламайды.
Адам белгілі бір тілде қалыптасқан мәдени ортада өмір сүреді. Белгілі бір мәдени ортада сол ұлттың рухани құндылықтарын меңгерген адамдар ғана жақсы жетістіктерге жете алады. Ал сол құндылықтарды игерудің бірден-бір төте жолы – сол мәдениетте жасалған тіл арқылы жүретіндігі белгілі болса керек. Сөйтіп, тіл адамның денсаулығымен бірге оның қоғамдағы орнын да, жетістіктерін де, материалдық жағын да қамтамасыз ететін бірден-бір тетік екен.
«Әрбір азамат мұншама тіл білуі керек» деген тілге қатысты ешқандай халықаралық стандарт жоқ. Сондықтан да қалайда шет тілін, көп тіл білуді міндет қылмай, қажеттілігіне қарай үйренген жөн. Өйткені біздің басты мақсатымыз әлемнің кез келген елінде қызмет істей алатын әлемдік ауқымдағы азаматтарды дайындау емес, керісінше, еліміздің ертеңіне адал еңбек ететін жан-жақты білімді, парасатты ұлттық мамандар дайындау екендігін естен шығармайық.
Ал енді екі тіл қатар оқытылғанда, екі тілде қатар сөйлегенде екі тілдегі ойлау жүйесі де қатар жұмыс істеп, бір-біріне кедергі жасайды. Қазақша сөйлеп тұрған адамның кей кездерде орыс тілін араластырып жіберетіндігі – осы екі тілдік ойлау жүйесінің қатар келіп, бір-біріне кедергі келтіретіндігінің нақты көрінісі. Екі тілдік ойлау жүйесі жұмыс барысында бір-біріне кедергі келтіріп, нәтижесінде адамның ойлау қабілетінің дамуына айтарлықтай нұқсан келтіретіндігін ғалымдар айтып жүр.
Сонымен, бүгінгі күндері Қазақстанның білім беру жүйесінде жүзеге асырылып жатқан «қостілділік», «үш тұғырлы тіл» дегендеріміз байқамаса, яғни ғылыми негізде жүргізбесе, тікелей ұлттық тілдің жойылуына, оның артында тұрған ұлтсыздыққа, ұлттың жойылуына алып баратын қаупі бар екендігі әрдайым есте болғаны жөн.


Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ, С.Демирел атындағы университет ректорының кеңесшісі, филология ғылымының докторы, профессор

 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (11)
ЖАНАШЫР. | 10 наурыз 2017 21:42
Ұлттың тамырына, ұрпақтың болашағына балта шаптырмас үшін сонда не істемек керек?
бір кісіден бастап білім саласының тұтқасын ұстап отырған шенеуніктердің не білгені бар?
Б.Шаяхметұлы | 10 наурыз 2017 23:41
Өте дұрыс айтылған ойлар! Ұлтымызды сақтағымыз келсе , "Үштілділік" деген індетті ЖОЛАТПАУЫМЫЗ КЕРЕК!!!
Мұқтар Ежанұлы | 11 наурыз 2017 08:26
Пікіріңіз өте орынды. Сізбен 100пайыз келісемін.
Қызылордалық Балталы Төлеген | 11 наурыз 2017 14:42
"Үштілділік" бұл Назарбаевтың"біз "Болашақ" бағдарламаса арқылы ағылшын тілді,білімді жастарды дайындап жатырмыз"деген,яғни"ағылшын тілді болса бала білімді болады"деген жалған елестік пәлсапасының"өнімі".ОЛ"бала өзінің ана тілінің уызына жарымаса,онан білімділікті,өзінің ОТАНЫН сүйгіштікті,ОНЫҢ еш уақытта өз ОТАНЫНЫҢ патриоты болмайтындығын түсінбегендігі.Ал Сағадиевті ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ,ҰЛТЫНЫҢ қаніпезер,сауатсыз,надан-догматик АТА ЖАУЫ деп біліңіз!
Бек | 11 наурыз 2017 23:55
М.Құл-Мұхаммедтен сұрау керек,кезiнде мәдениет министрi боп тұрғанда елiмiзде қазақ тiлiнiң деңгейiн 90% жеткiзем деген.
Г апай | 12 наурыз 2017 14:48
Пікіріңіз өте дұрыс. Бастауыш сыныпты тек ғана қазақ тілінде оқып, 6-7 сыныптан тастап қана шет тілдерін үйрету керек. Тіпті орыс тілін де шет тілі ретінде қарастыруға болар. Ауылдық жердегі оқушылар жаңа бағдарламамен берілген орыс тілінен қиналып жүр.Орыс тілі мен шет тілінің сағаттарының орнына математика, жаратылыс тану, дүние тану пәндеріне сағат беру керек. 3-сыныптан бастап орыс тілін ауызекі сөйлесуге үйрететін тіл ретінде енгізсе болар еді.
Г апай | 12 наурыз 2017 14:56
Шет тілін үйренемін деген адам қажеттілік туындаса өзі үшін үйренеді. Құдайға шүкір қазір жағыдайы келетін адамғы ақылы курстар көп емес пе? Америкада оқып келген министрдің өзі қазақша қате сөйлеп жүргенде бірінші сыныптың оқушысына не жорық?
Балалардың ойлау жүйесі шатасып, дүбәра болып қалмай ма?
саке | 12 наурыз 2017 15:21
Алдымен осы үштілділік деген індетті кім енгізген, соның басын шауып жоқ қылу керек. Міне сонда бәрі орнына келеді. Ағылшын, орыс, неміс, және басқада тіл кімге керек сол адам өзі үйренеді.
мен гой | 13 наурыз 2017 10:53
кезинде қазақ қазақпен қазақша сойлесу керек деген Елбасы сол кісі кабылдауында отырған уш қазақпен ози қазақша сойллесе қазақ тілінің мартебеси артып манайындагы бүкил жергілікті жердегі акимсымактар оздеринен ози еш каражат жане косымша курстарсыз сойлеп кетер еди.
Қызылордалық Балталы Төлеген | 13 наурыз 2017 10:59
Саке!"Ағылшын тілді,білімді ұрпақтарды"Болашақ"бағдарламасымен оқытамыз"деп"Үш тілділікті"енгізген АНАУ.Алдыңғы министрлер"үш тілділіктің"ХАЛЫҚҚА, ҰРПАҚҚА орасан апат екендігін білгендіктен"анау-мынау"деп жүріп алды."БАСҚА"біреу"әкесі ҚАЗАҚ ҒЫЛЫМЫН құртты,баласы әкесінен асып түспесе кем болмас"деген соң Сағадиевті министр тағайындап еді"мүлт кетпепті".ҚАЗАҚҚА жаны ашымас,шала сауатты надан қаніпезерлігін көрсеті.Сағадиев ҚАЗАҚТЫҢ болашағына"балта шабуды"атқарушы ғана.Бұл надандықтың"авторы"ОЛ!
Қазақ үні | 13 наурыз 2017 11:09
Барлық жамандықтың бастауы 1-ақ адамда!!! 100 қадамдап шапқылайтын кім еді? Міне, сол қадамдардың ішінде бекітілген дүние бұл "ағылшындану"! Бүкіл жүйе іріп-шіріп ортасына түскенде ғана, Қазақ елі еркін демалар! тек оған дейін ұрпағымыз нағыз дүбараға-мәңгүртке айналып кетпесе екен!
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар