1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №22 (16208)   16 наурыз, бейсенбі 2017
16 наурыз 2017
Әкім Әбдірахымовтың «ертегісі»...

НЕМЕСЕ ЕР НЕГЕ ЕКІ СӨЙЛЕДІ?
Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың жұмысына соңғы уақытта әлеуметтік желілерде, ақпарат құралдарында сын айтылатын болып жүр. Бұл түсінікті де. Әбдірахымовтың ғаламат жобалар жасап, елді таңғалдыратын, өзінің бет-бейнесін әкім ретінде қалыптастыратын кезеңі өтті. Халықты құрғақ уәдемен жарылқайтын уақыт та әлдеқашан түгесілген. Шымкенттің тізгінін қолға алғанына бір жарым жылдан асқан әкімге енді нақты тірлік істейтін, алға қойған жоба-жоспарын жүзеге асыратын сәт келді. Ал әзірге Әбдірахымовтың қаланың күнделікті қым-қуыт шаруасының өзін де жайғай алмай жатқаны байқалады. Қанша дегенмен мегаполиске әкім болу оңай деймісіз?!

Ақпан айында халыққа берген есебінде Әбдірахымов «велосипед ойлап тауып», елді таңғалдырғаны бар. Әкім биыл көлік сыймай, кептелістен көз ашпайтын Байтұрсынов көшесін 9 метрден 18 метрге дейін кеңейтетінін айтқан. Таңғаларлығы, көшені қалай кеңейтетінінде емес. Әбдірахымов осы көшенің бойында өсіп тұрған 900-ге жуық тал-теректі «тамырымен қопарып алып, өзге мөлтекаудандарға апарып қайта отырғыза саламын» дегенінде болып тұр. Әрине, ағашты тамырымен қопаратын Әбдірахымовтың өзі емес, мұның арнайы техниканың көмегімен жүзеге асырылатыны түсінікті ғой. Жұрт аң-таң қалған. Расында да, мұндайды бұрын-соңды кім естіген?! Уақтысында «Болашақ» бағдарламасымен Германияда білім алған Әбдірахымовтың еуропашалау екенін, Шымкентке әкім болып келгелі жүзеге асырып жатқан жобаларына, құрылыс нысандарына ағылшынша атау беруге құмар екенін білсек те, дәл мынандай тың бастама көтереді деген ешкімнің ойына кіріп шықпағаны анық. Егер қолдан келіп жатқан шаруа болса неге жасамасқа?! Бір жағы облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың Шымкентті жасыл желекті қалаға айналдыру туралы берген тапсырмасы да орындалып, Әбдірахымов тапқырлығымен бір оқпен екі қоянды атып алатын болды деп қуанғанбыз. Ертерек қуанған сияқтымыз. Елдің Әбдірахымовтың әрекетін ертегіге балағаны бекер болмай шықты. Шымкенттің әкімі арада ай өтпей жатып бұл ойынан айнып қалды.
Жуырда Шымкент қалалық әкімдігінің мәжілісінде әкім Байтұрсынов көшесі тұрғындарының ағаштарды кесуге қарсылық білдіргенін алға тартып:
– Ары-бері ойланып осындай шешімге келіп жатырмыз. Байтұрсынов көшесін кеңейтпейміз. Ағаштарды қалдырамыз. Бірақ көшені жақсылап тұрып жөндейміз. Жаңа асфальт төсейміз, жаңа жиектастар орнатамыз. Жаңа тротуар, велосипед жүретін жол саламыз. Ағаштарды сақтап қаламыз, – деді.
Қала әкімі егер елдің қарсылығымен санаспаса, мұндай ағаштардың өсіп-жетілуі үшін жиырма жыл қажеттігін де тілге тиек етті. Бір ағаштың өсіп-өнуіне қанша жылдың қажет екендігін Әбдірахымов бір ай бұрын білмеген болып тұр ғой сонда.
Ағаштарды тамырымен қопаруға, расында да, тұрғындар қарсы болды ма, әлде бұған осы көшенің бойында бір-бірімен жапсарласа салынған зәулім, әрқайсысының артында бақуаттылар мен шенді-шекпенділер тұрған бизнес нысандары кедергі жасады ма? Бұл жағы әзірге жұмбақ. Жалпы, әкімінің кеше басқаша сөйлеп, бүгін басқаша сайрағанын қалай түсінуге болады? Біз осы жөнінде қоғам белсендісі, «Дос Демеу» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жанысбек Өтегеновтің пікірін сұраған едік.
– Жалпы, қазіргі әкімдер мемлекеттің бөлген қаржысын жаратудан арыға аса алмайды. Идеологиялық жұмыстар жүріп жатқан жоқ. Соңғы уақытта Шымкенттің көшесінде жастардың өзара атысуы, жас қыздардың некесіз жүкті болып қалуы осы жұмыстардың ақсағанының көрінісі. Жуырда әкімнің қабылдауына кіріп, өзімнің ойларымды айттым. Қаланың солтүстік бөлігі дамып жатқанымен, теміржол аймағы назардан тыс қалып барады. Осындағы теміржол ауруханасы қараусыз қалып кеткен. Вокзал жақтағы №79 мектептің ғимараты әбден ескірген. Мектепке баратын тротуар да жоқ. Сонда балалар білім ұяларына қалай барады? Ал қонақтар қалаға бағаны теміржол вокзалы арқылы береді емес пе? Әкім осындағы ескі мөлтекаудандарды бұзып, оның орнына «көпқабатты үйлер саламын, кейін үйі бұзылған тұрғындарға пәтер беремін» дейді. Әрине, бастама жақсы, бірақ әр бастама аяқсыз қалмай орындалғанымен құнды ғой. Әбдірахымов хайуанаттар бағы мен Орталық стадион арасындағы балалар теміржолын бұзып, оның орнына велосипедпен серуендейтін жол саламын деп отыр. Мен ол үшін халықпен ақылдасу қажеттігін айттым, өйткені балалар теміржолы Асанбай Асқаровтың бастамасымен салынған нысан. «Оны халықтың келісімінсіз бұзсаңыз, сізге өкпе-реніш айтылатын болады» дедім. Алайда әкім «мен ешкімнен қорықпаймын» деп, өз бастамасынан қайтпайтынын білдірді, – дейді Жанысбек Өтегенов.
1979 жылы салынған әрі соңғы жылдары жұмыс істеуін тоқтатқан балалар теміржолын бұзу да, бәлкім, уақыт талабы шығар. Мәңгілік ештеңе жоқ. Алайда осыдан екі-үш жыл бұрын осы балалар теміржолына қазынадан қыруар қаржы бөлініп, күрделі жөндеуден өткен. Теміржолдың екі жағындағы бекеттер қайта түрленіп абаттандырылған. Сонда кім ақымақ? Қаржы бөлдіртіп, жөндеткен бұрынғы әкімдер ме, әлде дайын дүниені бұздырамын деген Әбдірахымов па? Сосын екі-үш айдан кейін қала әкімі бұл айтқан сөзінен де айнып, мүлдем басқа шаруаның құлағынан ұстап, соған ауып кетпесіне кім кепіл?!.
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ
Оңтүстік Қазақстан облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (3)
Үрістем | 16 наурыз 2017 20:49
Ғабидолла Әбдірахымовтың истеу қимылы маған ұнайды бирақ жан жақтан оны мазақ етуді қойып қолдасандар ол баска әкімдерден артық жұмыс істер еді.
Макен | 18 наурыз 2017 08:32
Ғабидолла Әбдірахымовтың истеу қимылы маған ұнайды бирақ жан жақтан оны мазақ етуді қойып қолдасандар ол баска әкімдерден артық жұмыс істер еді.

Үйткені ол ел сияқты емес, сондықтан мазақтайды.
ерік | 18 наурыз 2017 16:38
кезекте тұрған халыққа жер бөлгіземін деген уәдесін бір жиында өз құлағымен естідім, жер жеткілікті, күте түрыңдар деп иландырды. сол уәде қайда? мынау тұрған қызылордада жер берді ғой, халық өкіметке салмақ салмай-ақ өзінің баспана мәселесін тырбаңдар шешіп жатыр. солардан өнеге алу керек ғой.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар