1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақстандық ұлт» идеясы да бiзге сырттан таңылып отырған нәрсе. Бұл идеяны өзiмiздiң шала қазақтар да қолдап, қолпаштап жүр. Олжастарға (Сүлейменов) керегi осы. Неге? Өйткенi, «қазақстандық» болсақ, қазақ тiлiнiң қажетi болмай қалады. Президенттiң өзi де, оның айналасындағылар да балаларын да, немерелерiн де қазақша оқытқан емес! Оқытқысы да келмейдi! «Қазақстандық ұлт» деген сылтаумен қазақты әуелi орыс, сонан кейiн ағылшын жасамақ.
«Жас Алаш» газеті, №50, 24.06.2008 ж., 4-5 беттер
Автор: Мұхтар Шаханов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №25 (16211)   30 наурыз, бейсенбі 2017
30 наурыз 2017
Қасымов халықтың алдына қашан барады?

«Осы залда танысы не туысқаны ұрлықтың құрбаны болмаған адам жоқ шығар, сірә. Бұл проблема қоғамның әлеуметтік көңіл күйіне әсер етуде. Ұрлықпен күресудің әдіс-тәсілдері ескіріп, тиімсіздігін көрсетуде».
Соңғы кездері батыл-батыл сөйлеп, ашықтығымен көзге түсіп, елді елең еткізіп жүрген бас прокурор Жақып Асанов қайбір күнгі жиында осылай деп мәселені төтесінен қойды. Елімізде соңғы 25 жылда 2 млн-нан астам ұрлық орын алыпты. Оның 1,5 млн-ы ашылмаған күйі қалған. Ұрлық жалпы қылмыстың 60 пайызын құрайды. Тек соңғы бес жылда ұрлықтан келген шығын 70 млрд теңгеден асып кетті.
«Ұрылар бізді, яғни құқық қорғау органдарын әбден мазаққа айналдырды. Мысалы, Атыраудағы тұрғын үйлердің бірінде 2016 жылы 21 рет ұрлық тіркеліпті. 21 рет! Ал сол үйдің бірінші қабатында полиция бөлімшесі орналасқан. Бұл мазақ емей немене? Бұлар бізді басынайын деді. Оларға қарсы ашық соғыс жариялау керек», – деп ашынды бас прокурор Жақып Асанов.
Қазір қорасын қойға, шарасын майға толтырсам деген шаруақор жұрттың жігерін құм қылған нәрсе – мал ұрлығы. Бүгінде малы бар адам не жылы үйіне, не жылқысының қасына жатарын білмей дағдарып жүр. Барымташылардың басынғандары соншалық – қайбір жылы ұрылар Сарыағаш ауданы Бірлік ауылындағы бір отбасының 700-ге жуық қойын қорадан алып шығып, айдап бара жатқан жерінен қолға түсті. Онда да ұрыларды полиция емес, мал иелерінің өзі ұстады. «Ұрыда ұят жоғы бесенеден белгілі ғой. Қорада тұрған осыншама малдың бір-екеуін қолды қылса «құдайы» деп қояр едік. Бірақ жеті жүзге жуық малды қорадан айдап шыққаны бұл ұрылардың шектен тыс құтырып кеткенін білдіреді. Тіпті ұрылар біреулерге арқа сүйеп, ертеңіне құтылып кетерін білгендіктен осындай батыл әрекеттерге барып жүр ме» деген де күдігіміз бар» , – деп айтқан еді сол жолы мал иелері. Ал бас прокурордың «Қарапайым халықтан базарлар мен үлкен дүкендерде күзет фирмалары «жұмыс істеп алсын» деп ұрыларды белгілі бір уақытта ішке кіргізеді деп естідім. Егер сол базарды, дүкенді күзететін күзет фирмасы ұрыларды ұстай алмаса, лицензиясын алайық. Неге олар өз аумағындағы қауіпсіздікке жауап бермейді?! Әрбір бесінші ұрлық үлкен базарларда, дүкендерде жасалады. Күзет фирмалары күзететін базарлар мен дүкендерге қатысты шараны күшейту керек» деуінің астарында бір шындықтың жатқаны рас қой.
Сөйтіп, бас прокурор Жақып Асанов осы жиында ұрлық жасамайтын өңір құруды ұсынды. Дегенмен де бұл ұсыныс көпшілікті аң-таң қылды. Бас прокурордың «Біздің міндет – ешкім ештеңе ұрлай алмайтын жағдай жасау. Жасасақ, өңір ашып көрейік, әкімі бар, белсенді аудан, облыс, ешкім ештеңе жымқырмайтын аймақ ашып, сынақ жобасын жүзеге асырып көрейік. Осы тәжірибемен басқа өңірлерді үйретеміз. Сол облысқа барып, бір ай тұрып, күресті бастаймыз» деген сөздерін ел түсінбей дал. Ниет дұрыс сияқты, бірақ ол үшін нақты не істеу керек? Ешкім ештеңе ұрлай алмайтын сол ауданды сыртынан айналдыра сым темірмен қоршап, әр көшеге күзет қоямыз ба? Жоқ әлде әр үй сайын бейнекамера орнатамыз ба? Немесе бұл ауданға жоламау туралы ұрылармен үшжақты меморандумға қол қою керек пе? Қандай нақты әрекет жасау қажет?
Әрине, полиция жұмысының өте қиын, қауіпті екенін ел біледі. Әйтсе де қазір елдің полиция туралы пікірі жақсы емес екенін жасыра алмаймыз. Бұрын жұрт олардан әділдік талап етіп, көмек сұрап, қорғаушы іздеп барушы еді, қазір ауыл-аймаққа барсаңыз, ел, керісінше, полицияның үстінен арыз айтады. Барлығын ашындырған мәселе – ұрлық. Әсіресе, мал ұрлығы. Жергілікті әкімдерге қойылатын сұрақтардың да басым бөлігі – малынан айырылған жанның зары. Қорасындағы ақ-адал малынан айырылған халық полицияны қуырып жеудің аз-ақ алдында отыр. Мұны бас прокурордың өзі де сезетіндей.
– Қанекей, Қалеке... Мүдделі меморгандар бірге барайық... Елді сендіріп, қызықтырып, бірге жұмыс істеуіміз керек. Өз аяғымызбен жүріп көрмей, халықпен кездеспей, сөйлеспей болмайды. Халықты бізбен сауатты әрекет етуге үйрету керек, – деген Ж.Асановтың ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовқа «халықтың алдына барайық» деп айтқан ұсынысы алдағы уақытта аяқсыз қалмаса болғаны.
«Мал ашуы – жан ашуы» деген, қолды болып жатқан мал иесінің зар илеуі түсінікті. Әрине, олардың да кейде тым бейғамдығын, малды жайылымға жіберіп, қараусыз қалдыратынын жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен де, бас прокурор айтқандай, бұл қылмыспен күрес тәсілін өзгерту керек. Полицияның осындай бейғамдығынан кейін ауылда мал ұстаушылардың қатары көбеймейтіні анық. Бүтіндей үйір жылқының шығынға ұшырауын былай қойғанда, бір құлынды биенің жоғалуының өзі отбасына үлкен салмақ түсіретінін Қалмұханбет Қасымов түсіне ме? Түсінсе осыдан кейін Қасымов қарапайым халықтың алдына барып, мұң-зарын тыңдай ала ма? Жоқ іздеген жұртқа не айтады? Бұл бағытта нақты қандай өзгеріс жасайды? Әлде «Асановқа айтуға ғана оңай» деп, бас прокурордың ұсынысын айтылған жерде қалдыра ма?

Оралхан ДӘУІТ
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (2)
Қарасай | 31 наурыз 2017 00:52
Алматыға келіп ұрлықсыз орта қалыптастырыңыздаршы. Өтініш халықтан.
Алмат | 31 наурыз 2017 15:09
Ештеңе бiтiрмейдi ,босқа қиял
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар