1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Баян-Өлгийдегі қазақ отбасын Қазақстанда шығатын мерзімді басылыммен қамтамасыз ету, Ұланбатыр маңайына қазақ теледидарын қосып беру, меніңше, Қазақстанның қолынан келеді. Тіпті, өзге емес, түріктердің өзі Күлтегін мен Білге қағанға арнап керемет Орхон музейін салыпты. Бізді қатты таңқалдырды. Бірақ, біздің шеттегі қазақ диаспорасына көмектесуге ынтамыз аз.
Автор: Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №26 (16212)   4 сәуір, сейсенбі 2017
5 сәуір 2017
Қаза тапқандар тасқынның құрбандары емес пе?

Қарағанды жұртына биылғы көктем тағы да оңай тимеуде. Соңғы үш-төрт күннің ішінде бір ғана Қарқаралы ауданында үш адам селден қаза тауып, ағайынды екеудің өлі-тірі екені белгісіз болып тұр. 3 сәуір күні арнайы баспасөз мәслихатын өткізген жергілікті билік өкілдері «қайғылы оқиғаға кім кінәлі?» деген сұраққа нақты жауап айта алмады. Бірақ «қаза тапқандарды тасқынның құрбандары деп айтуға болмайды» деп шықты. «Бұл өткелмен, оның үстіне қас қарайған сәтте жүрмеуі керек еді. Қауіпсіздікті сақтамаған. Жүргізуші көлігін жардың шетімен айдаған. Бұл жағдайды су тасқынымен байланыстыра алмаймыз. Болған оқиғаға өздері кінәлі», – деді Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар бастығының орынбасары Мұрат Қатпанов. Шенеуніктің айтып отырғаны – 31 наурыздағы қайғылы жағдай. Бесоба ауылына бара жатқан «Уаз» көлігі кешкі сағат сегіздер шамасында су басқан жолмен келе жатып орға құлап кеткен. Көлікте бас-аяғы 14 адам болыпты. Көлік жүргізушісі Болат Әбілдинов жанталаса іштегі жолаушыларды шығара бастаған. Адамдарды тезірек шығару үшін артқы есікті ашуға талпынғанда қызыл судың толқыны жүргізушіні және оның 18 жастағы ұлы Жанболат Болатұлын, 13 жастағы жолаушы Ерасыл Дарханұлын ағызып әкеткен. Аман қалған 11 адам аударылған көліктің үстінде құтқарушылар келгенше бес сағат күтіп отырған. Суға кетіп қаза тапқан 56 жастағы Болат Әбілдинов Бесоба ауылының тұрғыны. Артында әйелі мен қызы зар жылап қалды. Өзімен бірге қаза тапқан ұлы Жанболат Мәжитов Қарағандыда колледжде оқып жүрген жерінен ауылдағы ата-анасының үйіне келіп, әкесімен бірге жолға шыққан беті екен, онысы соңғы сапарға айналды...
Кең даланы су алып, қара жолды су басып жатқанда марқұмдар неге жолға шыққан? Ауыл тұрғындарының айтуынша, «Уаз» көлігі ауыл әкімінің нұсқауымен суы асып жатқан жолға ешкімді өткізбеу үшін тапсырмамен кеткен көрінеді. Бірақ орта жолда судан өте алмай тұрған Қарашоқы ауылының жолаушыларын алып, Бесобаға қайта бет бұрған. Амал не, ауылға барлық жолаушы аман жете алмады... Жол жиегіне құлап, су астында қалған «Уаз» көлігі Бесоба мектебіне тиесілі дейді жұрт. Яғни мектеп көлігін жүргізуші төтенше жағдай кезінде су басқан жолға өз еркімен шықпаған. Олай болса, қайғылы оқиғаға марқұмдар қалайша өздері кінәлі болады?
Баспасөз мәслихатында жергілікті билік өкілдері бұл сұраққа да мардымды жауап айта алмады. «Кейбір алыстағы аудандарда қажетті маман, техникамыз жетіспейді. Сондықтан мемлекеттік мекеменің көліктерін пайдаланатын кездеріміз болады. Көлік учаскелік полициямен ағысты бақылап, кері қайтуы керек болған. Олардың не себепті жолға шыққанын тергеу анықтайды», – деп ақталды.
Мұнысы аздай, төтенше жағдайлар мамандары Қарқаралы ауданы Нүркен ауылының өзенге ағып кеткен екі тұрғынына қатысты да «олардың өздері кінәлі» деп отыр. 2 сәуір күні Нүркен ауылының 1980 жылғы тұрғыны Дархан Сәбитов досымен бірге мал іздеп шығып, Қопа өзенін атпен кешіп өткен. Алайда ауылға қайтар кезде өзен асу бермепті. Жігіттер ауыл тұрғындарына қоңырау шалып, көмек сұраған. Ауыл адамдарымен бірге Дарханның туған ағасы, 44 жастағы Сайран Сәбитов те көмекке келген. Тұрғындардың сөзінше, Сайран інісіне арқан тастап, оны тартып алмақ болған. Бірақ астындағы аты суға тайып құлап, ағайынды жігіттер ағысы қатты өзенге бірге кеткен. Олардың өлі-тірі екені газет беті қатталып біткенше белгісіз болды. Қопаның арғы жағында қалған жігітті Қарағандыдан жеткен құтқарушылар түн ортасында қайықпен әзер алып шыққан. Осылайша Қарағанды жұрты биыл да қызыл судан қайғы-қасірет шегіп қалды. 26 наурыздан бері Қарағанды облысында 9 ауылды су басып қалды. Халық басқа түскен бұл апат пен азапты да көтерер. Алайда көпшілік жергілікті билік өкілдерінің суға кетіп қаза тапқандарды, іс-түзсіз жоғалғандарды «тасқынның құрбандары деп айтуға болмайды» деген сөздерін қорлыққа балап отыр.  

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар