1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Хабар» телеарнасын көріп, «Казахстанская правда» газетін оқысақ, сыпыра мақтану мен лепірме сөздерден басың айналады. Осы айтылып жатқанның барлығын өмірде неге байқамайтындығыңа қайран қаласың. Олардың айтуларына қарағанда Қазақстанның керемет табыстарға жеткендігі сондай, америкалықтар, жапондар мен шведтерге бізге қызыға да қызғана қарайтын уақыт болып қалыпты. Ал, азиялықтар, латынамерикасы мен африкалықтар қызғаныштан жарылып өлсе де болады.
www.azattyq.org
Автор: Герольд Бельгер, жазушы, аудармашы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №27(16213) 6 сәуір, бейсенбі 2017
6 сәуір 2017
«Шенеунік шаруа жұмысына кедергі келтірмесе...»

«Өлмеген құлға жаз да келер» демекші, қыстан аман шыққан диқанды көктемгі егіс күтіп тұр. Қазақстан Фермерлер одағының басшысы Әуезхан Кәмешұлы ДАРЫНОВПЕН әңгімеміз алдағы егіс науқанына даладағы диқан мен қаладағы шенеуніктің дайындығы жайында өрбіді.
– Шаруалар шамасы жеткенше науқанға дайындық үстінде. Әйтсе де қаражатсыз жұмыс толыққанды шешімін таппайтынын білесіздер. Міне, шаруалардың да қиналатын жері осы – бар жұмыс қаржы-қаражатқа келіп тіреледі. Бұрындары үкімет көктемгі егіс науқанына қаржыны әкімшіліктер арқылы (60 млрд теңге) беретін еді. Биыл осы ережеге өзгерістер енгізіліп, енді қаржыны Аграрлы кредит корпорациясы арқылы беру көзделген еді. Осы жағдай қиындық туғызуда. Бұған дейін диқандар ақшаны әкімшіліктер арқылы алып келген әдіс анағұрлым қолайлы-тын. Диқандар кепілзат қоймайтын. Бар жауапкершілікті әкімшілік өз мойнына алатын. Өйткені ұйымдастыру істері бар, басқа шаруалар бар, соны әкімшіліктегілер бас-көз болып өздері реттестіріп отыратын еді. Енді үкіметтің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау қаржысы диқандардың қолына уақтылы тимей кешігіп жатыр. Мұны бір деп қойыңыз. Екіншіден, сол қаржыны қолға алу да қиындық туғызуда. Өйткені қаражатты банктер арқылы алу оңай емес. Олардың қоятын талаптары, міндеттері көп. Диқандар сол үдеден шыға алмай қиналуда. Үкімет, оның ішінде ауыл шаруашылығы министрлігі ережеге өзгерісті асығыс енгізіп жіберді. Бұл дұрыс емес. Шаруалар аяқасты өзгеріске дайын болмады. Егер ол асығыс жасалмағанда, біз шаруаларға оның мән-жайын түсіндіріп, алдын ала әзірлік жасайтын едік. Оның үстіне қазір қымбатшылық қос өкпеден қысып тұр. Жанар-жағармай бағасы қымбаттады. Былтыр жағармайдың бағасы (литрі) 95 теңге болса, биыл 126 теңгеге көтерілді. Көрдіңіз бе, айырмашылық қандай. Кезінде жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай беру ісінің бекітілген операторы болған. Осы оператор диқандардың жағдайына қарайласып жұмыс істейтін еді. Шаруаларды мерзімінде отынмен қамтамасыз ету үшін қолынан келген көмегін жасайтын. Қазір олай болмай қалды. Министрлік қарапайым үрдісті күрделендіріп жіберді. Соның кесірінен шаруалар қиналып жатыр. Негізі, жоғарыда отырып алып бағдарлама жасау оңай. Ал сол бағдарлама шаруалардың жағдайын дұрыс шеше ме, жоқ әлде оны қиындата ма, міне, бізде осы мәселе ескерілмейді. Астананың төрінде отырған шенеунік ауыл шаруашылығы жұмысын бүге-шігесіне дейін білуі тиіс. Білмесе дала төсінде жұмыс істейтін шаруаның жұмысына кедергі келтірмесін. Кабинеттің жұмысы мен шаруашылықтың тірлігі – екеуі екі басқа әлем. Мұны түсінбейтін шенеуніктер ойына келгенін істейді. Ал қырдағы қолына кетпен ұстайтын шаруа бұдан әбіржиді. Тағы бір айтайын дегенім, министр ауысқан сайын ауыл шаруашылығында жұмыс істейтіндердің мазасы кетеді. Себебі әр министр өзінің реформасымен, өзінің өзгерістерімен келеді. Айналып келгенде осының бәрі шаруалардың жұмысына кедергі, тосқауыл қояды. Бүгінгі жүйе, қазіргі билік осыдан айырылатын жолды қарастырғаны абзал.
– Соңғы кездері жерді құнарландыру жайында сөз де, бастама да көп. Алайда диқандар тыңайтқыш алуға соншалықты бейілді емес. Неге?
– Себебі оның бағасы қымбат. Сатып алып қосымша шығындалғысы келмейді. Әйтпесе өнімнің сапасын арттыру үшін, егістік көлемін ұлғайту үшін, ең бастысы, бәсекеге қабілеттілікті жетілдіруде тыңайтқыштың мәні ерекше. Мұны диқандар жақсы біледі. Білмегендерге түсіндіріп айтып отырамыз. Мысалы, тыңайтқышқа 1 теңге шығын шығарсаң, күзде өнім алғанда 2 теңге пайда табасың деп. Өткен жылдың соңында Солтүстік Қазақстан облысында осы тыңайтқыш мәселесіне арналған арнайы жиын өтті. Басқосуда біраз мәселе талқыланды. Негізі, жыл сайын егістіктің 15-20 пайызына тыңайтқыш салынуы керек. Ал бізде егістік жерлердің 7 пайызы ғана тыңайтқышпен қоректендіріледі. Өнімнің түсімі, оның сапасы қалай болатынын осы деректің өзі ғана айғақтай алады. Тыңайтқыш қымбат болғандықан, оны екі диқанның бірі сатып ала алмайды. Жағдайы келмейді. Шыны керек, кейде тыңайтқыш түгіл, жанар-жағармайға ақша таппай отырған диқан қоректік заттар түгіл, тракторымды қалай жүргіземін деп уайым жейді. Көбіне біз арамшөпті улайтын гербицидті қарызға аламыз. Оның ақшасын қолымызда қаржы болмағаннан кейін күзде өнім алған соң қайтарамыз. Әрине, мол өнім алуға қай-қайсымыз да мүдделіміз. Амал не, оған шаруалардың жай-күйі келе бермейді. Әйтпесе жерді күтіп-баптаған адамның табысы да еселене түсетінін бәрі жақсы біледі.
– Ұсақ шаруашылықтар жеке жүріп өнімді өнім алмасына көзі жеткен үкімет олардың бірігіп, кооператив құруына заң шығарып қойды. Осы бастаманың жүзеге асуы қалай болып тұр?
– Бұл дұрыс іс еді. Бірақ бұған біздің шаруашылықтар дайын емес. Егер кооперативке біріксек, жерімізден, малымыздан айырылып қаламыз деп ойлайды. Мен Еуропаның біраз шаруашылықтарын аралап, олардың іс-тәжірибесін зерттеген адаммын. Мұндай шаруа шетелдерде 50-100 жыл бұрын қолға алынған. Олар осы күні оның жемісін жеп те отыр. Ал бізде психология әлі басқаша. Осыдан бірер жыл бұрын өз ауылыма барып, ұсақ шаруашылық басшыларының басын қосып, жұмыс жүргізіп көрдім. Бірігейік деген бастама көтердім. Шаруаның құрылымын, қалай жұмыс істейтінімізді айтып түсіндірдім. Өйткені өзімнің де шаруашылығым бар, астық өндірісімен айналысамын. Салалық жұмысқа жетікпін. Әу баста бәрі келіскендей еді. Бара-бара теріс айналды. Бірігуге біреуінің әйелі, енді бірінің бауыры, баласы келіспей, бұл мәселе басы ашық күйінде қалды. Ал кей жерде жергілікті билік көзбояушылықпен бір-екі кооперативті қолдан жасап қойды. Жоғарыға есеп беру үшін, көрсеткіш үшін осындай амалға барып отыр. Ал ондай кооперативтердің болашағы бұлыңғыр, тіпті жоқ десек те артық айтқандық емес.
– Сонда осындай көзбояушылықтар болмас үшін не істеу керек?
– Қайта-қайта айтқым келе беретіні – қандай да бір мәселеде шенеуніктер ауыл шаруашылығы мамандарымен санасуы тиіс. Әйтпесе бет-бетімізбен босып кетеміз. Бүгінгі жастар біле ме, білмей ме, ауыл шаруашылығында қолданылатын «гусиничный» деген трактор бар. Жер жыртуға ыңғайлы. Ылғалы мол егістікте жер жыртқанда батып қалмайды. Әрі егістікті тұқым себудің алдында тегістейтін де осы трактор. Міне, үкімет енді осы тракторға салық салмақшы. Ауыл шаруашылығында қолданылатын басқа көліктерге салық жоқ, ал ауыл-аймақта науқан кезінде үлкен сұранысқа ие тракторға салық салып, шаруалардың онсыз да қайыруға келмейтін қысқа қолын тұқыртпақшы. Бұл – жердің төсін емген диқаншының жұмысын жоғарыдағылардың түсінбейтінін, тіпті білмейтінінің кесірі.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбатты жүргізген Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар