1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
  “Шымбұлақ” тау шаңғысы курортының 25% Н.Назарбаевтың меншiгiнде. Мәселен, Болат Назарбаев “Шымбұлақта” екi үйi болғанын қалады. Мұнымен курорт басшысы Сергей Гитолов келiс­пептi. Сонда оның басына тапаншасын тақаған президент­тiң iнiсi: “Қазiр сенi жайратып салу маған түкке тұрмайды. Бұл үшiн маған ештеңе болмайды“ деген.  “Шымбұлақтағы” үйлердің иелері: Н. Назарбаев, Б. Назарбаев,  Д. Назарбаева, Ә. Назарбаева, Т. Құлыбаев, К. Мәсімов, И. Тасмағамбетов, Қ.Саудабаев, Н. Әбіқаев, А. Шабдарбаев, Б. Мұхамеджанов, Н. Сұбханбердин, Т. Досмұхамбетов, Б.  Өтемұратов, С. Қалмырзаев, А. Есімов, Д. Ахметов, А. Машкевич, П. Шодиев, Ә. Ибрагимов, С. Гиталов, Ә.Арғынғазин, А. Клебанов, В. Храпунов.
Автор: Виктор Храпунов, Алматы қаласының бұрынғы әкімі. “Республика” газетi. 03.10.2011ж.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №28 (16214)   11 сәуір, сейсенбі 2017
11 сәуір 2017
Жәрмеңке шоу

ӘКІМНІҢ КӨЗІ АШЫЛДЫ
«Базарда екі ақымақ қана жүреді» деген баяғыдан қалған әзіл сөз бар ғой. Біреуі – тауарын қымбат сатсам дейді, екіншісі – арзан алсам дейді. Сол айтпақшы, қазір облыс орталықтарында сенбі-жексенбі сайын ұйымдастырылып жатқан азық-түлік жәрмеңкелерінде алушы мен сатушы бір-бірін аңдып ақымаққа айналды. Жұрт жәрмеңкеден арзан азық-түлік алудан үмітті. Ал сатушылар әкімқаралар бір аралап шыға салысымен бағаларды көтеріп, қымбат саудалаумен әлек.
Әлі есімде... Қайбір жылы бір облыстың әкімі арзандатылған азық-түлік сататын дүкендерді аралап жүріп, әңгіме арасында елеусіздеу ғана: «Картоптың бағасы қымбаттау емес пе?» деп қалған болатын. Бітті. Әкім ары қарай аралап кете барды. Ал әкімнің орынбасары далаға атып шығып, алқын-жұлқын телефонына жармасып: «Ойбай, әкім қазір мына дүкеннен шығып сендерге барады. Картоптың бағасын түсіріңдер... Он теңгеге тағы түсіріңдер» деймін...» – деп, біреулерге айқайлап тапсырма беріп жатты. Осыдан-ақ шенеуніктер жәрмеңкені де, оның саудасын да, бағасын да ойыншыққа айналдырып, елді де, өздерін де ақымақ қылып отырғанын ішіңіз сезеді.
Кезінде ел үкіметін басқарып, мемлекеттік қызметте әбден ысылған, қазір Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметін атқарып жүрген Даниал Ахметовтің осы аптада көзі ашылып, жәрмеңкедегі көзбояушылықтар туралы алғаш рет ашық айтты. Облыс орталығында өткен бұл жәрмеңкеге Глубокое аудандық әкімдігі жауапты екен. Сауда қатарларын аралап жүрген облыс әкіміне бір зейнеткер жақындап: «Өзіңіз қараңызшы... Еттің келісі 1300 теңге деп жазылған, бірақ сатып алайын десең, сатушылар еттің бағасы 1500-1800 екенін айтады», – деп арыз айтты. Ахметов қапелімде ақтала алмай қалған.
– Жәрмеңкелер ұйымдастырамыз, арзан бағалар қоямыз, бірақ мұның бәрі шын мәнінде басқаша екенін енді білдім. Өкінішке қарай, менің орынбасарым мен аудан әкімі мүлдем басқаша айтады. Дегенмен де шындық халық жағында екеніне көзім жетті. Жұртқа қымбат бағамен сатуда. Мұндай көзбояушылықтың не қажеті бар? Шоу ұйымдастырып, елді алдағаны үшін кінәлілер жазаға тартылады. Мен осындай көзбояушылықтар үшін жерлестерімнен кешірім сұраймын, – деді облыс әкімі.
Шынында, жәрмеңкенің «жыры» көп. Тауарларын арзан бағада сатуға мәжбүрлегені үшін бір кездері кәсіпкерлер де «мінез» көрсеткен. «Жәрмеңкеде сауда жасап отырғандардың барлығы дерлік кәдімгі базарлардың сатушылары, аудан басшылары жалынып-жалпайып алып келген» деген де әңгімелер желдей есіп жүр. Ендеше, не сатып алушы, не тауар өндіруші үшін ыңғайлы емес, қызығын арадағы алыпсатарлар көретін мұндай жәрмеңке осындай көзбояушылыққа бармағанда қайтеді? Бұған ұзақ жылдардан бері ат үстінен түспей келе жатқан Даниал Ахметовтің көзі енді жетті. Ал осыны мойындау үшін басқа әкімдерге тағы қанша уақыт керек?

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ ЕСКЕРТЕДІ
Әрине, кемшілікті барлық басшы біледі. Бірақ мойындағысы келмейді. «Ауруын жасырған өледі» дегенді денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мықтап жадына тұтқан сияқты. Өткен аптада министр денсаулық сақтау саласында жемқорлықтың қауіпті деңгейге жеткенін ашық айтты.
«Біріншіден, бәріміз денсаулық саласында жемқорлық барын мойындаймыз және, өкінішке қарай, ол қауіпті деңгейге жетіп өршіп барады. Мұның өзі екіге бөлінеді. Біріншісі – лауазымды тұлғалар арасындағы жемқорлық. Екінші қиындық – мемлекеттік және жекеменшік ұйым қызметкерлерінің: медбикелер, дәрігерлер, оқу орындарының оқытушылары және тағы басқа заңсыз сыйақы алуы. Мұның бәрімен күресу керек, бірақ бұл шаралар белгі үшін ғана жасалып отырғанын байқап жатырмыз», – дейді ол.
Шынында, министрдің күйінетініндей бар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің бағалауы бойынша Қазақстан экономикасы ішінде денсаулық сақтау саласы жемқорлық жайлаған салалардың бестігіне кіреді. Содан болар, соңғы жылдары Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында 12 қылмыстық іс қозғалып, денсаулық сақтау ұйымдарының сегіз басшысы сотталған. Оның бер жағында емхана жағалап, ауруханаға жатсаң, қалтаңда ақшаң болмаса, дұрыс емделе алмайтыныңды елдің бәрі біледі.
Дегенмен де сөз басқа, іс басқа. Бәлкім, Елжан Біртанов «бұл қызметке жаңадан келдім, бұл істерге менің ешқандай қатысым жоқ» деп, әзірге судан таза, сүттен ақ болып отырған шығар. Бәріне тақсыр уақыт – төреші. Министр денсаулық сақтау мәселесінде ғана емес, өз саласындағы жемқорларды ауыздықтауда қандай қадамдар жасайды? Былыққа батқан «жүйеге» сіңіп жоғала ма, жоқ, бұлқынып, бой үзіп шыға ма?

ҰРЫЛАРҒА 50 ПАЙЫЗДЫҚ ЖЕҢІЛДІК
Бас дәрігер «жемқорлықпен күресу керек» деп білек сыбанып отырған сәтте Солтүстік Қазақстан облысының жаңадан тағайындалған прокуроры Берік Асылов қылмыспен жартылай күреспегін мәлімдеді. Оның бұл сөзі елді екіұдай сезімде қалдырды. Ұрлықтың көбейгенін айтқан прокурор (жыл басынан бері жасалған 1917 қылмыстың 1126-сы ұрлық): «Ұрлық санын 50 пайыз төмендетуді басты мақсат етіп қойып отырмын, осылайша қылмыс деңгейін түсіруге болады...» – деп салды. Прокурордың қылмыспен күресуі міндет. Бірақ неге 50 пайыз? Неге 97 немесе 100 пайыз емес? Әлде Берік Асылов қызметтік көлігімен жұмысқа келе жатып сауда үйлері маңдайындағы «50 пайыз жеңілдік» деген жазуларға көзі түсіп, соны айта салды ма? Бейнебақылау арқылы ұрлықты нақты 50 пайызға азайтуға болатынын прокурор қайдан біледі? Әлде біз білмейтін ішкі бір «мүмкіндіктерге» сеніп отыр ма? Белгілісі – өткен апта теріскейдегі ұрыларға 50 пайыздық жеңілдік сыйлады.

Оралхан ДӘУІТ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
көше баласы | 12 сәуір 2017 01:53
қайдағы жәрменге шоу екенін енді білдім дегенге мен сене қоимаймын бұл шоу неше жылдан бері келе жатқан елбасы үкіметте одырған әкімдер жалпы елдің әртістері білмеу мүмкін емес елдің халықтың жағдайын жұмыс тапай әр есікті баламды қалай бағамын деп қаңғып тіленіп жұмыс сұрап шүргенін үидегі жеті жасар ұл-қыздарға деиін жақсы біледі не керегі бар осындай әртістіктің
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар