1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір зиялы қауым арасында «Елім, жұртым!» деп ұрандаушылар саны басым. Олар бір қарағанда, қазаққа шын жанашыр тәрізді көрінеді. Алайда айналып келгенде, қазақ зиялыларында турашылдық жоқ. Ақиқатында, ұлттың мақсат-мүддесін көздейтін, ұлт үшін шыбын жаны шырқырайтын адам саусақпен санарлық. Осыны біліп отырған халық «біздің зиялыларымыз тым жалтақ» демегенде не дейді?
Автор: Тұрсынбек Кәкішев, жазушы-ғалым
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №28 (16214)   11 сәуір, сейсенбі 2017
11 сәуір 2017
Мақтааралда оқушыларды қыстай кім жауратты?

Биылғы қыс оңтүстіктегі елді біраз әуреге салды. Суық жылдағыдан ерте түсіп, көктем кеш шықты. Халқы тығыз қоныстанған Мақтаарал ауданында осындай қысылтаяң кезде «жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартқан» жағдай орын алды. Оқушы толы мектепті жылыта алмай жатқанда пешке жағатын көмір сапасыз болып шығып, қыс бойы әбден діңкелетіп, оқушылар дірдек қақты.
Жалпы, Мақтаарал ауданында 125 мектеп бар. Солардың бірі өзім қызмет ететін Атакент өңіріндегі Бірлік жалпы орта мектебіне бұған дейінгі жылдары түсірілген көмірге ешқандай өкпе-реніш болмайтын. Былтыр аудандағы мектептерге көмір жеткізу міндетін «Мұхит Әлемі» компаниясы мойнына алған-ды. Мердігер Шұбаркөлдің көмірін жеткізіп беруге шарт жасасқан. Бюджеттен бұл мақсатқа 144 миллион 365 мың 493 теңге бөлінген. Алайда мердігер Шұбаркөлдің емес, «Богатырь» кен орнынан шыққан, оның өзінде де көмірдің қоқыс топанын жеткізген. Көмірді тасымалдау құжатнамасының сертификатында «Шұбаркөл» деп жазылудың орнына «ГЖО» делінген. Ары-бері ізденіп жүріп көмірді сараптамадан өткіздім. Осы сараптама мектепке жеткізілген көмірдің ең төмен сортты, тоннасы небәрі 3-4 мың теңгені ғана құрайтынын анықтап берді. Сапасыз көмірді електен өткізіп жағуға тура келді. Соның өзінде топан көмірден мардымды жылу болмаған соң, оқушылардың сабақта сырт киімдерімен отыруларына тура келді.
Осы мәселені алға тартып, аудандық білім бөлімінің басшысы Лесхан Қойлыбаевтың қабылдауына бардым. Алайда басшы бұл мәселені дереу қолға алып, тиісті шара қолданудың орнына өзіме дөрекілік көрсетті. Басшы мен мердігердің арасында нендей байланыстың барын қайдам, бірақ Қойлыбаевтың көзжұмбайлығы мен басы ауырмастығы түрлі күдікті ойларға амалсыз жетелейді. Мердігер жеткізіп берген көмір туралы құжаттармен таныспақ болғанымда бөлімнің заңгері басшыға, басшы заңгерге сілтеумен болды. Сонда олар кімді қорғаштап отыр? Келісімдегі көмір шұбаркөлдік, ал, шындығында, «Богатырьдің» топан көмірі екендігін білім бөлімінің басшылары білмеді дегенге сенуге бола ма? Ол-ол ма, білім бөлімі басшысының шындық іздеген менің содан бері қыр соңымнан түсіп, қудалауға алғанын қалай түсінуге болады?
Жалпы, кез келген кемшілік дер кезінде түзетілуі тиіс. Ондай кемшілік алдағы уақытта қайталанбас үшін тиісті шаралар қолданылуы керек емес пе? Мақтаарал мектептеріндегі осы жағдай прокуратура мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының назарынан тыс қалып отырғаны таңғалдырады. Мемлекеттің 144 миллион 365 мың 493 теңгесін желге ұшырған кім? Неге жауап бермейді?
Биылғы жағдайдың келесі жылы да қайталанбасына кім кепіл?


Әтіргүл БЕЙСЕКОВА,
Бірлік мектебі директорының шаруашылық істері жөніндегі орынбасары
Мақтаарал ауданы
Оңтүстік Қазақстан облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар