1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазіргі адамдар «бірің өліп, бірің қал» дегенді мықтап ұстанып алған. Өйткені адамдар ешкімге сенбейді, сенейін десе есітетін әңгімелерінің бәрі өтірік. Сондықтан бәріміз ас үйде отырып, үстелді тоқпақтап, революция жасаймыз, көшеге шыққанда үнсіз қаламыз, өкінішке орай, осылайша екі жүзді болып барамыз.
Автор: Болат Атабаев, театр режиссері
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №29 (16215) 13 сәуір, бейсенбі 2017
13 сәуір 2017
Қазақ ұлтшылдығы қандай болуы керек?

«Қазақтар» қойылымында (Қ.Ысқақ, Шахимардан) Қасым ханның серігі әрі қорғаушысы есепті жүретін Мойынсыз деген кейіпкер бар. Спектакльдің соңғы сценаларының бірінде Қасым хан Мойынсызға бостандық береді. Сонда ес білгелі ханға қызмет етіп келген Мойынсыз: «Хан ием, қайда барамын?» – деп дағдарады. Қайда барады? Ол – Мойынсыз ғой. Қарап тұрсақ, қазіргі қазақ ұлтшылдығы да Мойынсыздың кейпінде. Басы жоқ, кеудесі ғана бар. Көкірегі сайрап тұрғандай, күресуге дәрмені жоқ.

Дәрменсіздігі – ұлтшылдықты қоғамдағы әлсіз топтардың құралына айналдырды. Ал ұлтшылдық дәрменсіз күйге түскен жерде ұлт та дәрменсіз. Құр ашу, мешел ойлар, көзге түсуге құмарлық, халықшыл боп көріну, екі жаққа қатар ойнау, ұлттық сипаты бар сықылданатын жобаларды тапсырыспен жалаулата көтеру, ауызбен айтқанмен, істе жоқ – бәрі мойынсыз ұлтшылдықтың ұлтты дәрменсіз халге жеткізгенінің көрінісі. Бұл жерде де саясаттың салқыны бар. Мәселен, қазақ билігі тәуелсіздік алғаннан бері өзінің идеологиялық бағытын анықтай алмай келеді. О бастан қазаққа – мемлекетқұрушы халыққа арқа сүйеп, соның тарихи сұранысы, талап-тілегіне орай идеология жасауға қорықты. Себеп – советтік саяси мектептің санаға сіңірген сабағы. Ақыры сол мектептен көрген форманы алып, көпұлтты Қазақстан жасалды. Бұл идеологиялық форманың белгілі бір кезеңдерден асуға септігі тигенімен, оның салдары терең проблемалар тудырды. Қазақтың саны өсіп, талап-тілектері күшейген сайын көпұлтты идеология қоғамдық қарсылықтарға ұшырады. Бірақ билік ол формадан бас тартпады. Сөйтіп, бір елде екі лагерь пайда болды: қазақстандықтар және қазақ халқы. Қазіргі саясат екі жаққа да ойнап, екеуінің де көңілін тапқысы келеді. Сөйте тұра ешбіріне басымдық бергісі жоқ. Идеологияда анықтаушы бағыт айқындалмаған соң, ұлт өзін айқындаушы жолдарды іздейді. Өткен сандағы айқындама сөзде айтылғандай, Алаштан кейінгі кезеңдерде ұлтшылдықтың айқындауышы – ұлттық ағартушылық болды. Әрине, Алаш қайраткерлері саяси күрес пен ағартушылықты қатар ұстанды. Бүгінгі қазақ ұлтшылдығы болса бағыт-бағдарсыз, тек азшылықтың арасында жалаң кейіпте ғана. Иә, өзін ұлтшыл санайтын, ұлт қызметшісі көретін азаматтар көп. Міржақып Дулатұлы: «Бізді ұлтшыл қылған – кемдікте, қорлықта жүргеніміз, көрінгеннен соққы жегеніміз еді», – дейді. Ұлтшылдық әлсіз халдегі шақта азаматтардың ұлтшыл болуына не нәрсе негіз болып отыр? Яғни қазақ ұлтшылдығы қандай болуы керек? Бұл сұраққа әр буын жауап іздеген әрі өз пайымдарын, анықтауыштарын беріп отырған.
Ұлтшылдықты мәртебе көрген, ұлт қызметін аса жоғары бағалаған азаматтың бірі ғалым Сәбетқазы Ақатаев еді. Сәбетқазы Нұржақияұлы Мәскеуде оқып жүргенде «Жас тұлпар» ұйымын құруға атсалысып, 1986 жылғы Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісі туралы деректер мен мәліметтерді батыс елдеріне таратуға күш салған, «Азат» қозғалысының негізін қалап, «Алаш» партиясын құрған адам. «Қазақ ұлтшылдығы қандай болуы керек?» жобасы Ақатаевты аттап өте алмайтыны анық еді. Сол себептен жобаның екінші мақаласында Ақатаевтың әр жылдары баспасөзде ұлтшылдық туралы жазғандарынан үзінді беріп отырмыз.

АҚАТАЕВТЫҢ АЙТҚАНДАРЫ
«Ұлтшылдық та, ұлтжандылық та ұлтсыздыққа қарағанда өрелі қасиет. Бірақ шынайы ұлтшылдыққа не жетсін. Өйткені ұлтсыздықта (мәңгүрттікте) сатқындық бар, ұлтжандылықта жалаң сезім басым да, ал ұлтшылдық болса бірбеткей саяси категория, өрелі де көшелі философиялық ұғым, езілген ұлттардың жарақатының дауасы, шипасы. Ұлтшылдық құлаққа қанша жағымсыз естілгенімен, ол ғылым шеңберіне сыймайды. Ол – ілім. Ұлтжандылық адам біткеннің баршасында бар болса, ұлтшылдық зейінді, алды-артын болжағыш асыл азаматқа ғана тән қасиет екенін баса айтқанымыз жөн. Ұлтты жүрекпен ғана сезініп, жүрекпен жақсы көрумен ұлтты бостандыққа, оның тарихи арман-мүддесіне алып бара алмаймыз. Тек шынайы ұлтшылдық идея тепкіге, жат елдің бодандығына түскен халқын жүрегінің жылуына бөлей отырып, ұлты үшін қасықтай қаны, шыбындай жаны қалғанша ақырғы демін, күш-қуатын сарқа жұмсайды.
Ұлтжандылық ұлтшылдықтың баламасы емес. Ұлтшылдық – әлеуметтік заңдылықтар тоғысқан ілім де, ұлтжандылық – түптеп келгенде қос жастықты шынтаққа басып қойып, қаймақ қатқан қарсақ жон күрең шайды сораптап ішіп, сары самаурынның жанында бәйбішесі мен бала-шағасының ортасын ойып отырып ұлт туралы, қазақ халқының арман-мүддесі туралы сөз бастауға, әлде сәнді бөтелке толған дастархан басындағы бейпіл әңгімеге саяды, ұлт үшін аса керек насихат, уағыз ешкімнің басын ауыртпайтын күңкілге айналады. Саяси әрекетпен астаспаған, өзінің ұлты үшін, елі мен жері үшін, бала-шағасы үшін ешқашан саяси әрекетке бастамаған адам ұлтжандылық сипатта ғана қалады». (Ақ Атай. Ұлтсыздық, ұлтшылдық һәм ұлтжандылық. «Қазақ әдебиеті», 10 сәуір, 1998 ж., 8-б.)
«Ұлтшылдық өздігінен-өзі тумайды. Оның себебі бар. Отаршылдық қысымның кез келген түрі кездесе беретін Қазақстанда ұлтшылдық бар, бола береді, бола беруге де тиісті.
Мәселенің саяси қатпары көпұлтты Қазақстанда қай ұлт өзінің саяси билігін қамтамасыз етеді, қысқаша айтқанда, «Қазақстан кімдікі?» – осыған саяды. Президентіміз «Қазақстан – қазақстандықтардікі» дейді. Біз айтамыз: «Жоқ, қазақтікі, бірақ басқа ұлт өкілдері тұрғысы келсе тұра берсін – оларға кет те, кел де демейміз». Әрине, келімсектердің рұқсатсыз келмегенін қалар едік. Мұндай сөзді Ресей де, АҚШ та өз келімсектеріне жасырмай айтады. Ал біз айтпайтындай не көрініпті?! Ұлтымыздың тәуелсіздігі мен бірлігінің символы болып саналатын президентіміздің басқа көршілес елдің басшысының тізгінінде кетіп, ізбасар інісі болғаны намысымызға тиеді, қазақтың ұйықтап жатқан ұлтшылдық сезімін қоздыра түседі. Ұлтжандылықты Қазақстанның тағына президентіміздің шапан жамылып, қамшы ұстағанынан емес, оның күнделікті саясатынан бағамдап отырсақ дейміз» (С.Ақатай. Ұлтшыл болу ұят па? «Жас қазақ», 24 маусым, 1992 ж., 5-б.).
Ал қазіргі ұлтшылдардың ойы қандай? Мәселен, Ұлт тағдыры қозғалысының жетекшісі Дос Көшім қазіргі ұлтшылдық мәдениетті, білімді, позитивті ұлтшылдық деп
есептейді. Әрі ұлтшыл азаматтардың қайсысы да әлсіз емес, әрқайсының ел білетін еңбектері, салмақтап айтар сөзі бар деп біледі.
– Өткен шақтағы қазақ ұлтшылдығының өз нюанстары бар. Оны жұрт көп біле бермейді. Өйткені ұлтшылдық та саясат қой. Сондықтан оның да көпшілік біле бермейтін құпиялары болады.
Ұлтшылдықтың болашағы – қазақ мемлекетін құру. Бұл айқын, анық. Ұлтшылдардың алға қойған мақсаты – осы. Бұдан өзге ұлт өкілдері шошынбауы керек. Себебі дүниежүзіндегі мемлекеттердің көпшілігі ұлттық мемлекеттер. Айталық, Франция, Италия, Англия, Жапония. Яғни ұлттық мемлекет дегеннен мемлекетқұрушы халық өзгелерден жоғары болады деген ой тумауы керек. Мұны жұрттың білгені жөн. Ұлтшылдардың негізгі мақсаттарының бірі – осындай өркениетті ұлтшылдықтың негізін қалап, оны халыққа түсіндіріп, жеткізе білу. Біз мақсатымызды түсіндіріп, жеткізе білмесек, онда істеген істеріміздің бәрі басқа реңкке ауысып, басқаша сипат алады.
Жалпы, ұлтшылдықтың екі түрі бар: позитивті және негативті. Негативті ұлтшылдық – өз ұлтын жоғары қойып, өзгені төмендету. Біз бұған барған жоқпыз. Демек, біз позитивті бағытты сақтай білуіміз керек. Өйткені қазір халықаралық жағдай күдік пен қауіпке толы.
Біздің ұлтшылдық – мемлекетшіл ұлтшылдық. Болашақтағы ұлтшылдар міндетті түрде бір орталық құруы керек. Біз сол орталықты әлі жасай алмай отырмыз. Кезінде ұлттық кеңес құрдық, «Азат» тараған соң бәрі жан-жаққа кетті. Айтарымыз, мақсатымыз бір болғанымен, біріге алмадық. Біріксек, саяси күш болады.
Ұлтшылдық дегеніңіз, facebook-те бір нәрсе жазу, айту, сосын күйбең тіршілігіңе кірісу емес. Ұлтшылдық – саяси бағыт әрі жұмыс. Өте үлкен, ауыр жұмыс.
Ұлтшылдық әлі болады. Өйткені ұлттық мәселе шешілген жоқ. Өзекті ұлттық проблемалар бар. Сондықтан ұлтшылдық Қазақстанда сақталады. Одан қорқудың керегі жоқ. Өз мемлекетіміз бар. Ұлтшылдық – мемлекетшілдік. Тек бір ғана мәселе бар – мемлекет қашан ұлтшыл болады?
Қазіргі ұлтшылдардың әрқайсысы қайраткер, мәдениетті, жан-жақты деп айта аламын. Біздің алдыңғы буын Хасен Қожахмет, Мұхтар Шахановтар болса, Хасеннің 40-қа жуық әні, төрт-бес кітабы бар. Мұхтар Шаханов – бүкіл түркі әлемінің ақыны аталған адам. Одан кейін Айдос Сарым, Расул Жұмалы. Білімді, мәдениетті. Өз көзқарастарын нақты, салмақты етіп жеткізіп жүр. Соңғысы – менің өзім ұлттық демократиялық мәселелерді қаузайтын бірнеше кітап жаздым. Әрине, кейде бір айқайшылдар болады. Сол деңгейдегі белгілі бір көпшілік олардың сөзіне құлақ түретін де шығар. Бірақ мен оларды ысырып тастаймын. Ұлтшылдығын мойындаймын, десе де, олардың қоғаммен, бұқарамен жұмыс істеу, қарым-қатынас жасаудағы кейбір әрекеттері біздің жоғарғы ұлтшылдыққа кедергі келтіреді. Біздің ұлтшылдық – саяси деңгейдегі ұлтшылдық.
Дейтұрғанмен бүгінгі уақыт биігінен қарағанда, саяси деңгейдегі ұлтшылдық бар деп айта алмас едік. Дос Көшімнің басқа емес, «Біздің ұлтшылдық – саяси деңгейдегі ұлтшылдық» деген сөзіне қарсы пікір айта отырып, біздің ойымызша, қазіргі ұлтшылдық заманауи ағартушылық бағыттың кешенді болмаса да, әртарапты өрісінде іс-қимыл жасап жүр дер едік. Әрине, ұлтшылдардың түрлі саяси мәселедегі көзқарас-ұстанымдарымен билік санаса отырып шешім қабылдаған, болмаса олардың пікіріне құлақ асатын жағдаяттар болғанын жоққа шығармаймыз. Сөйтсе де, саяси деңгейдегі ұлтшылдыққа бұл аздық етеді. Біздіңше, саяси ұлтшылдықтың қозғаушы күші – саяси күрес. Бәлкім, қазіргі ұлтшылдықтың дәрменсіз көрінетіні де содан шығар... Негізгі ортақ ұстаным дұрыс болғанмен, Дос мырза айтқандай, бір орталықтың болмауы ұлтшылдықтың жүйесіз, шашыраңқылығына әкеп соқтырып, содан ба екен, бүгінгі ұлтшылдық мойынсыз, айқындаушы бағыт-бағдарсыз күйде тұрғандай.
Қазақ ұлтшылдығы туралы бүгінгі сөз осымен тәмам. Барша оқырманды, ұлтшыл азаматтарды «Қазақ ұлтшылдығы қандай болуы керек?» жобасына қатысып, өз ойларын айтуға шақырамыз. Ұлтшыл болуға әркімнің қақысы бар!

Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Қызылордалық Балталы Төлеген | 13 сәуір 2017 14:30
ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТШЫЛДЫҒЫ АЛАШТЫҢ АРЫСТАРЫН айтпағанда"Желтоқсанның сұңқарлары","Жаңаөзен қырғыны"арыстары, Қ.Аманжолов,М.Мақатаев, М.Шаханов, Ж.Молдағалиев,Қ.Жұмаділов,З.Нұрқаділов,А.Сәрсенбайұлы,Ж.Мамай т.с.с. ҚАЗАҚТЫҢ БІР ТУАР НАРҚАСҚАЛАРЫ сияқты болулары керек!
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар