1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Шешенстандағы қираған халыққа қол ұшын созған біздің ағайындар. Грозныйдың төріндегі көпқабатты зәулім үйдің құрылысына қаржыны да берген қазақтар. Сол үшін де Рамзан Қадыровтың қолынан алғас алған Иманғали Тасмағанбетовтің күйеу баласы Кеңес Рақышев. Дәл сол марапаттау кезінде ақкөңіл, дархан қазақ жігіті шешенстанның «Терек» футбол клубына автобус, өзінің астында мініп жүрген ұшағын сыйлап және Грозныйдағы аурухананың құрылысын толық көтеретінін айта кетті. Бұл қайдан тасыған байлық, қай көңілден кеткен кеңшілік екенін біле алмадық.
Автор: alaman.kz, 19.06.2010 ж.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №29 (16215) 13 сәуір, бейсенбі 2017
13 сәуір 2017
Қазақ қақпасының кілті... қыздарының құшағында

Бейресми деректерге сүйенсек, тәуелсіздік алғалы бері қытайға тиген қазақ қыздарының саны 24 мыңға жуықтап қалыпты. 2016 жылдың өзінде ғана елімізде қиылған 6687 аралас некенің 127-сі қытай азаматтарымен болған екен. Соның ішінде 61 қыз беріп, 66 келін алыппыз. Яғни экономикалық тауар алмасудан бөлек, қыз берісіп, қыз алған қазақ-қытай құдалығы да қарыштап дамып бара жатқандай… Қытайдың бұған өз себебі бар. 1970 жылғы ұрпақ өсімін шектеу туралы саясатқа сәйкес, қытай отбасында бала санын бірден асыруға рұқсат жоқ. Содан соң қызды тумақ түгіл, жатырда жатқанда-ақ түсіріп тастайтын бұл елде бүгін үйленетін жасқа жеткен жігіттердің үлес салмағы 90 миллионға жетсе керек. Ал енді осы 90 миллионның қу тізесін құшақтап жүрмесі тағы белгілі.

ҚЫТАЙМЕН КӨҢІЛДЕС БОЛУҒА ҚҰШТАР ҚЫЗДАР КӨП
Айбану Күнтуарова Ақтөбедегі Қытайдың СНСП компаниясында жұмыс істейді. Ол жерде қалталы қытайларға көңілдес болуға құштар қазақ қыздары көбейіп бара жатқанға ұқсайды. Бұл жайлы ол былай дейді: «Жұмысқа қабылдандым, бiрақ бұларға сенің дипломың да, ағылшынша түгіл, әлемнің барлық тілінде сайрап тұрғаның да емес, бойың ұзын, түрің әдемі болғаны маңызды екен. Өкініштісі, осындай арбауға қаншама қазақтың қызы ілініп жатыр. Біреуі бас директордың, енді бірі басқаның көңілдесі болып, Қытайға барып қыдырып, оқуға, шындығында, оқуға емес, қытай құрған қақпанға түсіп жатыр. Өзі ғана емес, елінің болашағын да сол қақпанға айдап апарып тоғытып жатқандай...» Батысымыздағы 30 мыңнан астам қытай тұратын бір ғана қаланың жағдайы осындай. Ал республика бойынша ше?
Жуырда алматылық Айжан Райымбекова өзінің қытай күйеуі мен содан туған балаларының суретін әлеуметтік желіде жариялады. Туабітті қалалық қыз Алматыдағы №73 мектепті, одан кейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетін бітірген. Өзінің айтуынша, болашақ жарымен 2007 жылы еңбек тәжірибесінен өтуге Пекинге барғанда танысқан. Алғашында жай ғана дос боп араласқан олардың арасында бара-бара сезім оты тұтанған. Айжанның айтуынша, оған болашақ жарының қазақтың мәдениетіне деген сүйіспеншілігі мен құрметі ұнапты. «Неге қытайға тұрмысқа шықтың?» – деген сұраққа Айжан былай деп ақталады: «Балаларымызға Арсалан, Тамерлан деп қазақша ат қойдық, тіпті төлқұжатқа да ұлтын қазақ деп жаздырдық. Мұндай ақылды күйеуім айтты. Балаларымыз қытай, орыс және ағылшын тілдерінде сөйлейді. Қазақ тілін аздап қана біледі».

ЖУН-ГО ЖИЕН...
Бекен Қайратұлы өзінің аралас неке жайлы бір мақаласында мынадай оқиғаны келтіреді. «Талдықорған қаласында түп-тегі сарыағаштық Жанар дейтін жас келіншек Хау-ин дейтін қытаймен бірге тұрады. Шаңырақ көтергеніне 10 жыл болған. Қысқасы, қытай Хау-ин мен біздің Жанар қыз біреуі әйелін, екіншісі күйеуін тәрк етіп қосылған. Біздің қыз бұрынғы күйеуінен қалған Нұржан атты ұлын да ерте келген. Қытай елі Хау сияқты шетелдік қызбен үйленген азаматтарына аямай қаржы береді екен, соның арқасында ерлі-зайыптылар қос қабатты коттедж салып алған. Олар өздерінен туған бір ұлына Жун-го деп ат қойыпты. Бұл, әрине, «Қытай елі» деген сөз. Қысқасы, екі бала да орыс мектебінде оқиды. Қазақша ләм-мим демейді. Керісінше, қытай, ағылшын, орыс тіліне судай.
Екі жағдайды да саралап отырсақ, ортақ ұқсастықтар бар секілді. Біріншіден, Айжан да, Жанар да өздерінің қытай азаматына тұрмысқа шыққанын оғаш көріп тұрған жоқ. Олар өзін бақытты санайды. Біріншісі өзін «балаларымның атын қазақша қойып, ұлтын қазақ қылып жаздырдым ғой» деп ақталса, екіншісіне тіпті ұлт дегеннің маңызы да жоқ сияқты. Ал енді балалар ше? Байқағанымыздай, екі қыздың да балалары қытай мен ағылшын тіліне судай, ал қазақ тілін білмейді. Осыдан кейін олардың аты қазақша болып, құжатта «қазақ» деп жазылғанынан не пайда? Яғни «таспен жапалақты ұрсаң да, жапалақпен тасты ұрсаң да, жапалақ өледі» демекші, бәрібір аралас некенің кесірінен ұрпақ мәңгүрттенеді емес пе?..

ҚЫЗ – ЖАТЖҰРТТЫҚ, БІРАҚ ЖАТ ҰЛТТЫҚ ЕМЕС
«Жүрекке әмір жүрмейді» деп шыға келеміз... Бірақ сөйтіп ұлт талғамай тұрмыс құрып, шаңырақ көтерудің кесірінен көп ұзамай тұтас ұлтың, мемлекетің жойылатын болса ше? Мынау әжім торлаған әлем тарихы нені бастан кешірмеді десеңізші?.. Өткен ғасырдың басында испан отарынан азат болған Перу халқы – кечуалар еді... Бірақ отарлаушы испандық креолдар келген соң перулік пен испандық аралас некеден метистер туды. Ақыры олар бәрін ығыстырып, билікті қолына алды. Қысқасы, не керек, метистер жүз жылға жетпей байырғы халық перуандарды (кечуалар) жер бетінен жойып жіберді. Осыған ұқсас жағдай өзімізде де болды ғой, кімге таңғаламыз? 1940 жылы Кеңес Одағы өзінің құрамында өмір сүріп жатқан 130 ұлтқа зерттеу жүргізіпті. «Орыстармен үйленген басқа ұлт өкілдері қанша екен?» дегенде бірінші орынды Латвия, сосын Қазақстан алыпты. Қазір ше? Тәуелсіз елміз, бірақ елімізде жыл сайын шамамен 100 мың неке қиылса, соның 20 пайызы аралас неке екен. 18-20 жастағы қазақстандық қыздардың үштен бірі шетелдік жігітке күйеуге шыққысы келеді. Не үшін? Жақсы тұрмыс үшін! Зәулім үйде тұрып, қымбат көлік міну үшін өз ұлтын құрбандыққа шалып жатыр. Сенбесеңіз, міне, мысал...


«ИМПЕРАТОР ҚЫЗДАРЫНЫҢ» ЖАЛҒАСЫ
Десек те, дәл қытай секілді жымысқы, зымиян саясат жүргізу өзге ешбір елдің, ешкімнің үш ұйықтаса түсіне кіре қоймайды-ау, сірә... Бір кездері «император қыздары» деп хандарымыз бен бекзада, бай-батырларымыздың қойнына бір-бір қызын салып бергені де естеріңізде болар? Қойшығара Салғараұлы сол бір тарихи шындықтың жілігін шағып, майын ішкізіп еді ғой. Жалпы, осы ахуал СПИД секілді ғасыр індетіне ұқсайтындай. Беті аулақ, бірақ ол дерт адамға тамырдан тарайды, сосын екінші жолы осы етектен төмен жақтан, солай ғой? Ендеше, «қыз арқылы ұлттың анасын өсіретінімізді» білген «құдайы көршіміз» біздің тамырымызды тап басқаны емей, немене? Бірақ кінә өзімізден де бар ғой, «қазақта қыз көп, жігіт аз, тіпті жеті қызға – бір жігіт» деп жарияға жар салдық. «Сізде қыз болса, бізде үйленетін жігіттер жүр сақырлап» деп біз жақтан компанияларын ашып, «жұмыс күші» деген сылтаумен тепсе темір үзетін жігіттерін жіберді. Нағыз үйленер шағындағы азаматтар да «бір оқпен екі қоян атып алуға» сақадай сай келе қояды. Бейресми мәліметтер 30 мыңнан астам қытайлық азаматтың Қазақстанда да тастай батып, судай сіңгенін алға тартады.
Жуырда көрші елдің интернет сайттарында «Алдағы 20-30 жылда Қазақстанды 20 миллион қытайлық мекендейтін болады» деген қорқынышты мәлімет жарияланды… Өйтпегенде ше? Біріншіден, қыз – тегін! Екіншіден, сол арқылы ол азаматтықты уақытынан тез алады. Үшіншіден, сол «ерлігі» үшін оған өз мемлекеті қыруар қаржы құйып, жас жұбайлар біздің елде дәулетті отбасына айналып шыға келеді. Кімнің ұрпағы көбейеді? Әрине, айтпай-ақ түсінікті...

БӨРІКТІЛЕР ҒАНА ЕМЕС, КӨРІКТІЛЕРДІҢ ДЕ НАМЫСЫ БІР!
Түрікмен төрін ғана емес, қызын да өзгеге бермей, алам деушілерге алтыннан салық салып отыр. Олай болса, қазақтың қызы өзгеге неге тегін кетуі керек? Қазақтың бір қызы жалаңаштанса, барша қазақ қызы ұялуға тиіс. Бір қыз жат ұлтқа кетсе, қалғанымыз оған еліктемей, керісінше, сүйегімізге зор таңба түсті деп қабылдауымыз қажет. Неге? Білгенге бұл – баяғы Отырарда Шағатай әскеріне қақпаны ашып берген Қарашоқының ісінен жүз есе сорақы сатқындық. Өйткені өз құшағың арқылы бөтен жұртқа қақпаны ашып бересің. Ол аз десең, өз ұлтыңды өзгенің ырқына жығып бересің. Ең сорақысы, онсыз да саны аз ұлтыңа ойсырата соққы беріп, өз жеріңде өзгенің санын көбейтесің. Ендеше, етегіңді жап, есіңді жи, қазақ қызы!

Мәриям ӘБСАТТАР

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (3)
КӨШЕ БАЛАСЫ | 13 сәуір 2017 14:53
ОҒАН ЕНДІ ҮКІМЕТ НЕМЕСЕ ЕЛБАСЫ КҮНӘЛІ ЕМЕС ШЫҒАР ОҒАН СОЛ ҚЫЗДЫ ДҮНЕГЕ ӘКЕЛГЕН ӘКЕСІ МЕНЕН АНАСЫ КІНӘЛІ ҚАЛА БЕРДІ СОЛ ҚЫЗДЫҢ МАҚТАН ТҰТЫП ЖҮРГЕН ҚЫЗЫН РУ БАСЫ АҚСАҚЛДАРЫ КІНӘЛІ АҚШАҒА ҚҰМЫАРТЫП ҚЫЗЫ БАСҚА ҰЛТЫҢ ҚҰШАҒЫНДА ЖҮРСЕДЕ БІЛІП ҚУАНЫП ЖҮРГЕН АҒА ЖЕҢГЕЛЕРІ КІНӘЛІ
Жебе | 14 сәуір 2017 00:28
Эх осыны СОЛ сорлылар окыса санасына жетсе де. Казахи б!л!м алмаган тарбие кормеген жетес!з космополиттерден бар!н кутуге болады. Алайда амалы бар МЕКТЕПТЕ Б!Л!М БЕРУ ЖОСПАРЫНА ЕНГ!ЗУ КЕРЕК. ЖАНЕ УЛТТЫК МЕМЛЕКЕТ КУРУ КЕРЕК. АРАЛАС НЕКЕГЕ 125000$ САЛЫК САЛУ КЕРЕК. КЫЗДЫ АЗАМАТТЫКТАН ШЫГАРЫП ШЕТ ЕЛГЕ КЕР! КАЙТПАСТАЙ ЕТ!П АТТАНДЫРУ КЕРЕК. ОСЫНДАЙ ЗАН КЕРЕК ТАП КАЗ!Р.
Әбіш | 14 сәуір 2017 18:29
Біз бұл мәселеден тек шетелдікке тұрмысқа шыққан қыздарымызды Қазақстан азаматтығынан айыру арқылы ғана құтыла аламыз,кетсе кете берсін, бұл табиғаттың заңы. Қартайғанша күтіп жүре алмайды ғой қай қазақ сөз айтар екен деп. Әрине жүрегіміз қан жыласа да осылай заң қабылдау керек кешіктірмей.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар