1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақтың жауы – қазақ» деп шулап келеміз. Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауы – неміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, әлі де екі бөлініп отыр, «кәрістің жауы – кәріс» деп ешкім айтқан жоқ, Вьетнам қақ жарылып қақтығысқанда «вьетнамның жауы – вьетнам» деп ешкім айтқан жоқ.  «Адам – адамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нәрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?
Автор: Мұхтар Мағауин, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш № 40 (16226) 18 мамыр, бейсенбі 2017
18 мамыр 2017
Мұғалім кітап оқымайды

Кез келген ұлтты өркениетке жеткізетін күш – білім. Білім негізі мектепте. Орта білім саласына реформа деп таңылған «Кембридждік оқу тәсілінің» кемшіліктерін «Бүгінгі білім саласы: «Кім кінәлі? дегеннен гөрі «Не істейміз?» деген сұрақ төңірегінде ойланайық» деген мақаламда («Жас Алаш», №27, 6 сәуір, 2017 жыл) тарқатып айтқан едім. Бұл жолы жоғары оқу орындарындағы «Болон декларациясы» немесе «Болония» деген атпен жүргізілген реформаның нәтижесін сөз етсем деймін.

Жоғары білім беру жүйесіндегі реформаның нәтижесі университеттер дайындаған мамандардың кәсіби білімінің деңгейімен өлшенетіні ақиқат. Бүгінгі таңда университет бітіріп, мектепке жұмысқа келген қазақ тілі және әдебиеті пәнінің, қазіргі тілмен айтқанда, бакалаврына көңілім толмайды. Университет бітіріп мектепке келген екенсің, демек, мұғалімсің. Ал мұғалімнің өз пәні бойынша білмейтін тақырыбы болмауы шарт. Бұл қай заманда да өзгермейтін талап. Қазір университет бітіріп, мектепке жұмысқа келген 10 филологтың 8-і – Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын түпнұсқадан оқымағандар. Ал олар М.Әуезовтің шығармашылығын мектепте де, университетте де оқыды ғой. Дүниежүзінің басты тілдерінің барлығына аударылып, қазақ халқын әлемге танытқан энциклопедиялық тұрғыда жазылған ұлтымыздың ұлы кітабы «Абай жолы» роман-эпопеясының жағдайы осындай болғанда, қазақ әдебиетіндегі өзге жазушылардың шығармаларын қаншалықты біледі деп сөз қозғаудың тіптен керегі жоқ. Біз қазір оқушыларды кітап оқымайды деп кінәлаймыз. Ал оларға әдебиет пәнінен сабақ беретін мұғалімдерінің өзі кітап оқымаса, оқушылардан әдеби кітап оқуды қалай талап етуге болады?
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімінің қазақ әдебиетінде оқымаған бірде-бір шығармасы, білмейтін бірде-бір жазушысы болмауға тиіс. Ол әдеби шығармаларды біліп қана қоймай, кез келген әдеби шығарманы теориялық және сыни тұрғыдан биік дәрежеде талдай алуы шарт. Ал әдеби шығарманы түпнұсқадан оқымаған, теориялық білімі таяз мұғалім мұны қалай жасай алсын?! Әдебиеттің басты объектісі – адам. Сондықтан да әдебиетті адамтану ғылымы дейді. Дүние жаратылғаннан бері адам тәрбиесімен айналысып келе жатқан әдебиет ғылымы ұлттық кодты қалыптастыруда шешуші рөлге ие. Ұлттық кодты қалыптастырушы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімінің білім дәрежесінің деңгейі төмен болса, ұлттың болашағы қандай болмақ? Ал қазақ тілінен әлгі 10 филологтың төрт-бесеуі сөйлемге фонетикалық, морфологиялық, синтаксистік тұрғыда толық талдау жасай алса, рақметіңізді айта беріңіз. Бір бакалаврдан мемлекеттік емтихан кезінде «Мұхтар Әуезов деген кім?» – деп сұраса, ол: «Совет Одағының батыры», – деп жауап беріпті. Міне, қазіргі университет бітірген бакалаврлардың кәсіби білім деңгейінің жағдайы осындай. Теориялық білімдері өте төмен һәм таяз. Ағылшын тілі мамандарының біліктілігі де шамалы. Шет тілін білемін деген кез келген адамға қойылатын басты талап – сол тілде ойыңды ауызша және жазбаша түрде сауатты жеткізе алу болса, біздің университет бітірген 100 ағылшын тілі маманының ішінен ары кеткенде 15-сі ғана тірі ағылшынмен еркін сөйлесіп, ойын ағылшын тілінде ауызша және жазбаша түрде жеткізе алады. Қалған 85-інің 40-ы ағылшын тілінде ойын түсіндіре алуы орташа дәрежеде болса, соңғы 45-і ағылшын тілін мүлдем дерлік білмейді. Бұл пікіріме келіспейтін университеттер болса, оларға айтар ұсынысым мынандай: университетіңізді бітіргелі отырған ағылшын тілі мамандарының 20 пайызы тілді еркін меңгерген кез келген адам тапсыра алатын, ағылшын тілінің деңгейін тексеретін халықаралық IELTS, TOEFL емтихандарын тапсырып, IELTS-тан 6,5 балл, TOEFL-дан 80 балл алса, жоғарыдағы сөзімді қайтып алып, кешірім сұрауға дайынмын.
Бакалавр дәрежесіндегі гуманитарлық мамандықтардың жағдайына қарағанда, техникалық мамандықтардың жағдайы тіптен сорақы.
Университет бітіріп, өндіріске келген жастар техник мамандығы бойынша өндірісте жұмыс істей алмайды. Неге? Себебі өндірісте технологияның соңғы, заманауи үлгісіндегі аппарат, қондырғылар тұр. Жас маман мұндай өндіріс аппараттарын университетте жүрген кезінде мүлдем көрмеген. Техникалық университеттер өздерінің техникалық базасын заманауи технологиялармен жабдықтай алмай жүр. Сол себепті техникалық университетті бітірген мамандарымыз әлемдік деңгейдегі сұранысты айтпағанда, ел ішіндегі талаптарға да сай емес. Шындығына келгенде, университеттегі технология өндірістің алдын алып, одан бұрын жаңарып тұруы тиіс емес пе? Олай болмаса, оның несі университет, несі білім ордасы? Осы жерде университеттер техникалық базасын заманауи үлгідегі жабдықтармен неге жабдықтай алмай жүр деген заңды сұрақ туады. Ақша жетпей ме? Санап көрелік, айталық, университетте 15 мың студент оқиды делік. Барлық студентке оқу ақылы (тегін гранттың ақысын оқу орнына мемлекет төлейді). Бір жылдық оқу ақысының ең төменгі бағасы 250 мың теңге болса, 15 мың студенттен университетке бір жылда 3 миллиард 750 миллион теңге түседі. Оның 1 миллиард 150 миллионы университеттің түрлі шығындарына кетті делік. Қалған 2 миллиард теңге бір университеттің базасын заманауи технологиямен жабдықтауға жетеді ғой. Сонда түскен ақша қайда кетіп жатыр? Неге жаңа технология алынбаған? Университет бітіріп шыққан маманның кәсіби деңгейі неге төмен? Университет құрылтайшыларына бұл сұрақтарды қойып жатқан бір адам жоқ. Көпшілік университет құрылтайшыларының кімдер екенін де білмейді. Олар туралы ашық ақпарат жоқтың қасы.
Үш сатылы білім деңгейінен тұратын «Болон декларациясының» негізгі шарты – білімді ақылы негізде беру болса, университетте сабақ беретін мұғалімдер мен профессорлардың айлық жалақысы да соғұрлым жоғары деңгейде болуы керек қой. Бірақ бізде бәрі керісінше. Жекеменшік университет профессорларының айлығы шамамен 100-150 мың теңгенің айналасында. Осындай аз жалақыға сабақ беруден бөлек, университеттің таусылмайтын қағазбасты шаруасын атқаруға тура келеді. Мұндай азапқа шыдамайтын дарынды ғалымдар университетті тастап, ақшасы мол басқа салаға кетуге мәжбүр. Сонда ғылым қалай өркендеп дамиды? Университеттегі ғалым-профессорлардың жағдайы осындай кісі аярлық аянышты болғанда жоғары оқу орындарындағы қарапайым мұғалімдер мен қызметкерлердің жағдайын айтпасақ та түсінікті.
Қалыптасқан білім жүйесінің тас-талқанын шығарып, ғалымдарымызды бейшара кейіпке жеткізген, қағазбастылыққа тұнып тұрған «Болон декларациясы» атты реформа бізге не үшін қажет болды?
2005 жылы Еуропада «Болон процесінің қара кітабы» атты кітап шықты. Оған «Болон декларациясына» қол қойған 47 мемлекеттің 31-і қатысты. Ол кітапта «Болон декларациясының» негізгі кемшілігі деп оқу ақысының қымбат болуы, негізгі фундаменталды білімнің төмен дәрежеде берілуі, ең бастысы, білім беруді табыс көзіне айналдырған кәсіпкер-құрылтайшыларды сынай келіп, білім жеке тұлғаларды байыту үшін емес, қоғамды жан-жақты жетілдіру жолында жұмыс істеу керек, бұл – өркениетке жетудің төте жолы деп атап көрсетеді. Жоғары білім берудің «Болон декларациясы» жүйесіне өз мүшелері Бельгия, Ұлыбритания, Франция, Германия, Ирландия, Норвегия секілді алдыңғы қатарлы дамыған елдермен бірге, 11 миллион адамды қамтитын «Еуропа студенттерінің ұлттық одағы» ұйымы да наразы. Дәл қазіргі таңда «Болон декларациясына» мүше 47 елдің 37-сі «Болон декларациясының» білім беру жүйесіне қарсы пікір білдіруде. Осындай жағдайларға қарағанда, «Болон декларациясының» ғұмыры да ұзыққа созылмайтын сияқты. Біздің басты кемшілігіміз ұлттық құндылықтарымызды есепке алмай, батыстың жылт еткен жаңалығын ешқандай талап-талғамсыз, өз ерекшелігімізге қарай икемдемей, қалай болса солай, сол күйінде еш өзгеріссіз көшіріп, қабылдай салуымызда. Дәл осындай жолмен орта білім саласына «Кембридждік оқу тәсілін» енгіздік, дәл осылай «Болон декларациясына» мүше болдық. Кім ұтты? Ешкім де! Қалыптасқан білім саласының тас-талқаны шыққан Қазақстан ғана оңбай ұтылды. Білім саласында бүгін жасаған қателігіміз қазір көрінбеуі мүмкін, уақыт өте келе кейінгі ұрпағымыздың алдынан еселеп шығары анық. Шығып та жатыр. Бұған «Болон декларациясы» оқу жүйесі негізінде ешқандай заманауи талаптарға жауап бере алмайтын біздің университеттер даярлаған мамандар толық дәлел.

Нұрғали МАХАНОВ
Созақ ауданы
Оңтүстік Қазақстан облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (3)
Қадағалаушы | 18 мамыр 2017 11:41
Автор дұрыс айтады. Біз осы кемшілігіміздің зардабын әлі 70-80 жыл бойы тартамыз. Қайда қарасаңыз да сауатсыз, тек құлқынның қамын ойлаған мамандар шығуда. Оларға ұлттың әдебиеті, мәдениеті, тарихы қажет емес. Тек мансап керек. Өз саласын білмейтін маманнан не күтуге болады? Мүмкін бүгінгі билікке шала сауатсыз адамдарды басқару жеңілірек болар, ал түптің түбінде Қазақстан осыдан талай опық жейді.
Мұғалім | 18 мамыр 2017 13:19
Автор қазіргі жалпы білім беру саласындағы жиналып қалған ең өзекті мәселелерге жеке-жеке тоқталып өтіпті.Осы Болондық мен Кембридждік оқу жүйесі жүйкеге тиіп бітті.Жоғарыда отырған ақымақтар қоғамды өздері сияқты ақымақтармен толтырып бітетін болды.
Қызылордалық Балталы Төлеген | 19 мамыр 2017 11:29
Бұл білім саласына ғана емес барлық салаға тән.Барлық салаға"реформа"деген атпен сыбайластықтың,жемқорлықтың бағдарламасы қабылданып отыр.Мемқызмет комиссиясы,тестің комиссиясы,былдыр-былықтың комиссиясы т.с.с.Сол комиссиялардың өздерінің білімі адамнан тест алуға жетпейді.Сабақ бермеген сауатсыздар.Енді сауатсыздар жайлаған жүйеге"үш тілділік",ешкім түсінбейтін"әлемдік деңгейдегі"программаларды қосыңыз.БІЗ биліктен не үшін жүйелі түрде сауатсыздарды дайындап жатқанымызды сұрауымыз керек шығар!
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар