1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Біздің еліміздегі өз ұлтына қарсы қастандық атаулының бәрі де қазақтың атымен жасалады. Қазақтың келешегі үшін туған жерімізді, ана тілімізді сатамыз, қазақтың келешегі үшін ар-ұятымызды саудаға саламыз, қазақтың келешегі үшін өз бауырларымызды бульдозермен үйлерін талқандап, еңіреп жылап-сықтаған әке-шешемізді, апа-қарындастарымызды “өлмесең өрем қап” деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырамыз. Ең қорқыныштысы осы опасыздықтардың бәрі де “Қазақтың келешегі үшін!” деген “ұлы” ұрандардың арқасында жүзеге асырылады.
Автор: Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №48 (16234)   15 маусым, бейсенбі 2017
15 маусым 2017
ЭКСПО келіп, Астанада азық-түлік қымбаттап жатыр

«Өзім аштан өлейін деп жүргенде балама тіс шығып бәле болды...» демекші, ЭКСПО көрмесінің әлегімен бірге Астанаға қымбатшылық қамыты қатар жетті. Қонақүй, жалдамалы пәтер мен қызмет көрсету құны ғана емес, азық-түлік бағасы күтпеген жерден бірнеше есеге қымбаттап шыға келді. Бірнеше күннен бері Астана тұрғындары мен қонақтары картоптың әр келісін 300-320 теңгеден сатып алып жатыр. Ең сорақысы, бұл бағалар күннен-күнге көтеріліп барады.
Халық көп тұтынатын азық-түлік пен көкөністердің барлығының бағасы күйіп тұр. Оған қаладағы бірнеше сауда нысанын аралап көріп, көз жеткізіп қайттық. Мәселен, сәбіз бен пияздың бағасы 200-ден түспейді. Қырыққабат – 270, қант қызылшасының құны 250 теңгеге жеткен. Бір бас сарымсақтың өзі 100 теңгеден саудаланып жатыр. Бір келісін алсаңыз кемі 2000 теңге төлеуге тура келеді. Ет бағасы да айтарлықтай қымбаттаған. Тек қала әкімдігінің жіті бақылауындағы «Шапағат» коммуналдық базарындағы көкөніс пен ет бағасы сәл арзандау көрінді. Бұл жерде жоғарыда көрсетілген бағалардан 20-40 теңге айырмашылық бары байқалады. Мұндағы картоп бағасы – 280, сәбіз бен пияз – 175, қырыққабат – 240, тәтті бұрыш – 900, қызанақ құны 470 теңге болып отыр. Қой етінің келісі – 1500, жылқы – 1600, сиыр етінің бағасы 1350 теңгеден басталады. Сапалы ет алсаңыз одан да қымбатқа түседі. Әрине, бұл баға да халыққа оңай тиіп отырған жоқ.
Бас қалада картоп, сәбіз, қырыққабат сияқты әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы өскенін әкімдік қызметкерлері де растап отыр. Бірақ, олардың айтуынша, бұл құбылыстың ЭКСПО көрмесіне еш қатысы жоқ. «Қазіргі таңда, нақтысын айтқанда, кейбір азық түрлерінде бағаның өскені байқалады. Өйткені қысқы қор азайды. Оның үстіне қымбатшылыққа маусымаралық мәселелер себеп болуда. Яғни бағаның өсуіне халықаралық көрме шарасының еш қатысы жоқ. Жай ғана маусымдық құбылыс», – дейді қалалық әкімдіктің азық-түлік қауіпсіздігімен қамтамасыз ету бөлімінің мамандары. Олардың айтуларынша, алаңдауға еш негіз жоқ. Астана қаласының әкімдігі мен қалалық ауыл шаруашылығы басқармасы бағаның негізсіз өсуіне жол берілмеуін үнемі қадағалап отыр. Алдағы демалыс күндері осы мақсатта бірнеше өңірдің азық-түлік жәрмеңкесі өткізіліп, 3000 тоннаға жуық көкөніс, ет, сүт және балық өнімдері секілді түрлі азық-түлік сатылады. Бұл аспандап тұрған баға нарқына үлкен соққы болып тиюі тиіс-міс.
Бірақ бұған сеніп отырған халық жоқ. «Халық қымбатшылықтан көз ашпай отыр. Осыдан шамалы уақыт бұрын картоптың бағасы әдеттегідей 140-150 теңге аралығында болатын. Өткен аптада 200-ден асты. Бүгін тағы 100 теңгеге қымбаттапты. Сұмдық қой мұнысы. Картоп қана емес, бәрі қымбаттап жатыр. Қайда барады бұл баға? Білетіндер «ЭКСПО бітпей, қымбаттай береді» деп жатыр. «Туристерде ақша көп» деп бәрін көтеріп жатыр. Біз турист емеспіз ғой. Олар секілді мыңдап доллар алып жатқан жоқпыз. Зейнетақымыз онсыз да түкке жетпейді. Бүйткен тірлігі құрысын», – дейді өзін Аққыз деп таныстырған қала тұрғыны.
Азық-түлік қана емес, басқа тауарлар мен қызметтер, жылжымайтын мүлік бағасы да қымбаттап жатыр. Халықаралық көрменің шымылдығы түрілмей жатып-ақ елордалық қонақүйлердің құны бірнеше есеге шарықтап кеткені белгілі. Бір тәулік түнеп шығу қазір 30-40 мыңнан 1 жарым миллион теңгеге дейін көтеріліп кетті. Артынша жалға берілетін пәтер құны да лепіріп шыға келді. Орталықтағы асайы мен үсейі толық, керек-жарағы барынша жасақталған бір бөлмелі баспананы бір айға жалға алу құны 300 мың теңгеге дейін өсті. Сондай-ақ қала тұрғындары бір аптадан бері қаладағы дәмханалар мен мейрамхана, тіпті қарапайым асханалардағы қызмет құны да біртіндеп қымбаттап жатқанын айтады.
Әдетте маусымдық ерекшелік пен сұранысқа байланысты бағаның көтерілуі заңдылық. Бірақ белгілі бір шек болады. Алайда кейбір қала тұрғындары қияр мен қызанақ бағасынан (кей жылдары жаңа жыл қарсаңында бұл көкөніс түрлері 2000-2500 теңгеге дейін жеткен) басқа көкөністің дәл мұншалықты қымбаттамағанын айтады. Бір қызығы, азық-түлік қоры мен маусымдық факторларға еш қатысы жоқ дүниелер де аяқастынан қымбаттап жатыр. Соған қарап еліміздің кейбір кәсіпкерлері мен тойымсыз алыпсатарлары Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін сылтау етіп, онсыз да арзан емес тауар түрлері мен қызмет құнын қалауына сәйкес көтеріп алуды жөн көріп отыр деп болжауға да болатын секілді. Ал өз кезегінде бір көтерілген баға оңайшылықпен түскен емес. Қарапайым халықты алаңдатып отырған да осы жағдай.

Бүркіт НҰРАСЫЛ
Астана

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар