1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қартаюға қарсы, яғни жасартатын, мәңгілік өмір сүруге мүмкіндік беретін – дәрі-дәрмектер ойлап табу керек. Міне, қазіргі ғалымдар әлемде осындай шаруалармен айналысып жатыр.
Қазақстан ғалымдармен кездесуінде айтқан ұсынысынан. 04.09.09
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №50 (16236)   22 маусым, бейсенбі 2017
22 маусым 2017
Трансплантация түйткілдері: БІР ҚУАНЫШ – МЫҢ ҚАЙҒЫ

(БІРЕУ – ҮЙРЕГІН, БІРЕУ БҮЙРЕГІН САТЫП ЖҮР)
Баяғыда біздің елде қазақ болып кеткен бір неміс сауда-саттықтың жоқ кезінде үйрек саудасымен айналысты. Аларманы – бәрі қазақ. «Үйрек сатамын» деген хабарландыруын қазақ тілінде жазуға мәжбүр еді әлгі пақыр.

Күндердің бір күнінде ауылдың әлдебір жүгермегі «үйрек» сөзінің алдына «б» қарпін қосып, «бүйрек сатамын» деп жібергені ғой. Ол кезде қулық-сұмдықты білмейтін қазақ ауылы әлгіні біразға дейін күлкі қылған. «Оу, сенің самогон сіңген бүйрегің кімге қажет?!» деп әлгіні біраз жерге апарып тастады.
Ол кезде үйрек – тауар болғанымен, бүйрек – ешкімге қажет емес бір кесек ет қана. Ал қазір ше?
Қазіргі алмағайып заманда бүйрек шіркінің екінің бірінің қолы жете бермейтін, аса қымбат та қат тауарға, сауда-саттық тетігіне айналып отыр. Ақпарат құралдары берген деректерге қарағанда, адам бүйрегінің қазіргі құны 30 мың доллар тұрады. Ал бауыр одан да қымбат – 10 миллион теңге.
Жақында ОРТ телеарнасын қосып жіберсек, бір әйел «менің бауырым 4 миллион теңге тұрады» деп тақылдап отыр. Құдды бауырын емес, үйіндегі қажетсіз затын сататын адам сияқты.
Қазір трансплантация, адам мүшесінің саудасы дегенді еңбектеген балаға дейін біледі. Тіпті ол туралы Денсаулық сақтау кодексінде де көрсетілген. Дене мүшесін саудалау үшін әлгі дене мүшесі иесінің нотариалды түрде растаған құжаты керек екен.
Міне, қазіргі заманның біреу мақұлдап, біреу мақұлдамайтын ақиқаты осындай, ағайын.
Қазақстанда 200 адам жүрекке, 15 адам өкпе ауыстыруға мұқтаж деген деректер келтіріледі. Әрине, оның арты тек қана қуаныштан тұрмайтыны айтпаса да белгілі. Басқаша айтқанда, дене мүшесін ауыстырып, жаны қалған адамның қуанатыны рас болғанымен, дене мүшесінен айырылып мүгедек болып қалған пенденің жағдайы қандай болмақ?
Өкінішке қарай, бұл мәселе туралы ойланып, бас қатырып жатқан ешкімді көре алмадық.
Телеарнаға көз жүгіртсек, Ержан Құлбаев деген бір азамат өзінің бүйрегін 10 мың долларға сатып жіберіпті. Не үшін дейсіз ғой? Қарызын қайтару үшін!
Бар мәселе осы жерден туындайды. Қарызы, айталық, банкке берешегі болмаса, есі дұрыс адамға он екі мүшесінің бірін сатып не көрініпті?! Бәрі де айналып келгенде тұрмыстың ауырлығынан, жетіспеушіліктен деуге толық негіз бар.
Қазіргі қазақтың «қайда жүрсе де соңынан қалмай, қолына шырақ ұстап іздеп жүретін» бір туысқаны, нақтырақ айтқанда, нағашысы сияқты бір мекеме бар. Ол – Қазақстанның екінші деңгейлі банктері.
Алдыңғы жылы банк несиесінің не екенін білмейтін аңқау қазақтың көпшілігі сол «нағашысының» қармауына түсіп қалды.
Кейбір екінші деңгейлі банктердің несиелік пайызы 18-20 пайызға дейін жетті. Оған қоса, несие аларда толтырылатын, қарапайым адам бір жыл оқыса да түсіне алмайтын, астарлап, қиындатып, сөзжұмбақ түрінде жазылған «ғажайып» банк келісімшарты және бар.
Несие алатын адамдардың көпшілігі оны түсіне алмай, ең соңында «тегін ақшаны» тез алу үшін әлгі қитұрқы құжатқа иректетіп қол қоя салады. Ең соңында банкке қайтаратын ақшасы негізгі соманың жартысына жуықтап қалып, әупірімдеп жүріп әзер төлейді.
Сөйтіп, бармағын шайнап қатты өкінеді.
Бұл – біз көріп жүрген соңғы кезеңнің ең шынайы ақиқаты.
«Қазір банкке қарыз емес қазақ жоқ» дейді кейбір білгіштер. Кім білсін, рас та шығар...
Ал біз жоғарыда мысалға келтірген адамдардың бәрі де дене мүшелерін осы банк қарызын өтей алмағандықтан сатуға мәжбүр.
Сол ОРТ телеарнасының хабарына қатысып отырған бір азаматтың: «Дене мүшемді амалсыз сатпақшымын. Әйтпесе тұрып жатқан жалғыз үйім банкке өтіп кеткелі тұр...» – деп қынжылғанын көзімізбен көрдік.
Енді біреудің бес баласы бар. Бес баламен далада қалу дегенің – өлгенмен бірдей. Ондай жағдайда отбасына, бала-шағасына жаны ашитын адамның бүйрегімен қоса, қалған он бір мүшесін сатып жіберуі де ғажап емес-ау, өзі...
Бір жағынан алып қарағанда, адамгершілік принциптеріне онша жата қоймайтын бұл сауда – заманның амалы. Қалталы науқастар кедей-кепшіктің бүйрегін, жүрегін ауыстырып салып алып тірі қалады. Ал әлгі дене мүшесін сатқан байғұс кедей не болмақ? Қазіргі қоғамда ол ешкімді де ойландырмайды да, толғандырмайды.
Қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік мәселесінің ең асқынған, қорқынышты да күнәһар бір тұсы болса, ол – осы. Басқаша айтқанда, «бай болсаң – тірі қаласың, кедей болсаң – өлесің...» деген принцип, яғни өмір ақиқаты көрініс береді бұл жерден.

***
Жақында Америка Құрама Штаттарындағы ең бай әулеттердің бірі Рокфеллерлердің ең үлкені 100 жасқа жетіп о дүниеге аттанды. «Бай мен кедейдің бір айырмасын өлім көрсетеді» деген тәмсіл осы жерден көрініс береді.
Үлкен Рокфеллердің қазасына бір қарағанда, бүкіл Америка зар жылағандай болып көрінді. Алайда өмірдің ақиқаты басқашалау сияқты.
Оның сыры мынада. 100-ге келіп қайтыс болған үлкен Рокфеллер басқа дене мүшесін айтпағанда, жүрегін сегіз мәрте ауыстырыпты.
Ойланып көріңіз. Бір адамды 100-ге келтіру үшін сегіз адам жаһаннамға аттанды деген сөз емес пе бұл?!
Дегенмен мәңгілік өмір жоқ. «Моторын» сегіз мәрте ауыстырған миллиардердің тірі қалу үшін әлі де 80, тіпті 800 адамның жүрегін сатып алатын мүмкіндігі бары айтпаса да белгілі.
Алайда, Құдайда да көз бар ғой, миллиардерге «сегіз адамның көз жасына қалғаның да жетер...» деген сияқты ма-ау...
Жалпы, дене мүшесін трансплантациялау мәселесі ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басының өте өзекті проблемаларының біріне айналғаны танымдық санаға екібастан белгілі. Оны қолдаушылар да, қарсыласушылар да баршылық.
Өткен ғасырдың 90-жылдары бұл тәсіл Еуропаға алғаш келген шамада түріктің бір журналисінің оны күнә санап, қарсы мақала жазғаны бар. Ізінше сол журналист ізім-қайым жоғалып кеткен.
Білетіндер «адам денесін сатып байып отырғандар байғұс журналистің өзін бөлшектеп, дене мүшелерін тауарға айналдырып жіберуі мүмкін...» деген болжамдар айтқан.

***
Бұл мақаланы оқыған кейбір пендеауи ниеттегілердің: «Оу, оған несіне таңғаласың? Қазір сатылмайтын ештеңе жоқ. Бәрі сатылады... Тіпті былтыр қазақтың ықылым заманнан бері мекендеп келе жатқан жерін де сатып жібере жаздап, аман алып қалдық қой!..» деуі әбден ықтимал.
Шынында да, ойланарлық сөз-ау, өзі.
Қазір, ақиқатында, сатылмайтын ештеңе жоқ тәрізді. Біздің түсінікте бұған дейін сатылмайтын адамзат өркениетінің бір құндылығы бар сияқты еді. Ол – адамның ар-ожданы, тазалығы мен пәктігі деп түсінетінбіз.
Жақында ақпарат құралдарына шыққан бір таңғажайып дерек біздің бұл байламымызға да күмән тудырғаны ғой. Сөйтсек, пәктік пен ар-намыс та сатылады екен.
Оның да мысалын келтіре кетуді жөн көрдік.
Теледидарға шыққан он екіде бір гүлі ашылмаған румындық сәнүлгісі, яғни модель қыз жалпақ жаһанға: «Мен – сүттен ақ, судан таза пәк қызбын! Сол пәктігімді, қыз есебіндегі тазалығымды сатамын! Құны – 2 миллион евро!» деп жар салғаны.
О, тоба!
Енді сатылмаған нең қалды, адамзат?
Әрине, бір ғұмырында сегіз рет жүрек ауыстырған миллиардер пенде үшін 2 миллион евро да ақша болып па?! Оның үстіне қыздың өзі де ай десе – аузы, күн десе – көзі бар хас сұлудың өзі. Басқаша айтқанда, миллиардтаған доллары шіріп жатқан қақпас үшін – нағыз көңіл жұбатудың амалы, таптырмас ермек һәм көңіл қуанышы.
Жобалап байқасақ, румындық модельдің «тауарына» да қызығушылар табылған сияқты. Телеарна әлгі қыздың аларманы табылып, енді санаулы күндерден кейін «тауарын» сату үшін Гонконгке аттанатыны туралы айтып жатты.
Міне, сауданың көкесі деп осыны айт.

***
Сауда демекші, ол да тауар иесінің іскерлігі мен пысықтығына байланысты кәсіп. Мәселен, Павлодар қаласында көпес Деевтің үйі әлі күнге дейін бар.
Деевіңіз тарихта несімен қалды дейсіз ғой? Айтсақ, ұлты мордва осы көпестің қолына ғайыптан православие дінінің «Георгий Победаносец» иконасының 2000 данасы сутегін түсе қалады ғой.
Әлбетте, орыспен аралас-құралас болып қалған керекулік қазақтар арасында христиан дінінің жәдігерінің сатылып кетуі мүмкін емес. Пысық Деев ал кеп ойлансын.
Ойланып-ойланып, ақыры 2000 иконаны керуеніне тиеп алып, айды аспаннан шығарып, мұсылман фанатизмінің ең өрістеп тұрған жері – Иранның Мешхед қаласына тартады сабаз.
Парсының діндарлығының қасында арабың жіп есе алмай қалады. Соған қарамастан, пысық Деев 2000 православиелік иконаны Иранның Мешхед қаласында екі-ақ күнде сатып, ақшасын қалтасына салып, қазақ даласына қайта оралады.
Міне, тауарды саудалаудың, өткізе білудің кереметінің бір мысалы осы.
Сонда Деев ислам фанатизмінің орталығында 2000 дана иконаны қалай өткізді дейсіз бе? Оны да айталық.
Қазақ арасында жүріп Фирдоусидің «Рүстем-Дастан» қиссасын талай мәрте естіген қазақуар Деев Георгий Победаноцестің иконасын парсыларға «Бұл – сендердің Рүстем-Дастандарың!..» деп алдап өткізіп жіберіпті.
Сөйткен Деевтің бүгінгі жерлестері мен ұрпақтары амалсыздан өз дене мүшелерін сатуға мәжбүр. Бірақ қулық пен пысықтықтан емес, мәжбүрліктен, жетіспеушіліктен. Әрі әр дене мүшесінің белгіленген бағасы және бар.
Ал оның алармандары ше?
Үлкен Рокфеллер өлгенімен, оның ізбасарлары басқа елдерді айтпағанда, Қазақстанда да жетіп-артылады. Әлбетте, кедейдің жаны түкке тұрмағанымен, байдың жаны – қымбат һәм тәтті. Оның үстіне байлар, оның ішінде қазақ байлары да нені де болсын ақшаға сатып алуға әбден маманданып алды.
Демек, Қазақстанда енді күш ала бастаған адамның дене мүшелерін трансплантациялау, соған сәйкес тауар іздеу ісі бүгін-ертең тоқтай қоймайды деген сөз.
Осыған сәйкестіре айтсақ, бүгінгі азаматтарды, бір жағынан, «тауар иесі саудагер», яғни кедей-кепшік және екінші жағынан, «тауар аларманы», яғни қалталы пенде деп екіге бөлуге толық негіз бар сияқты...

Өмірзақ МҰҚАЙ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар