1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақтың жауы – қазақ» деп шулап келеміз. Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауы – неміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, әлі де екі бөлініп отыр, «кәрістің жауы – кәріс» деп ешкім айтқан жоқ, Вьетнам қақ жарылып қақтығысқанда «вьетнамның жауы – вьетнам» деп ешкім айтқан жоқ.  «Адам – адамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нәрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?
Автор: Мұхтар Мағауин, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №51 (16237)   27 маусым, сейсенбі 2017
27 маусым 2017
Үй салуға «үйдей» ақша қажет

ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫ ҚАРҚЫН АЛЫП, ЖАЛПЫ ІШКІ ӨНІМГЕ ӘСЕР ЕТЕ БАСТАДЫ
Құрылыс материалдарының құны жыл сайын өседі. Мұны үй-жайын жөндейтіндер, баспана салып жатқандар жақсы біледі. Баға қанша жерден қымбаттаса да, қажеттілік болған соң жұрт оны алуға мәжбүр. Рас, кейде керекті затыңның қымбат-арзанына қарамай, табылғанына қуанатын кездер де болады.

Қайрат пен Айнардың ұлымен бір бөлмелі үйде тұрып жатқандарына 10 жылдан асты. Пәтер алуға шама қайда, жас болса қырыққа таяп қалды, оның үстіне Айнардың аяғы екінші балаға ауырлады, үлкен үй салатын мезгіл әлдеқашан туса да, «сабақты ине сәтімен» деген, былтыр оның іргетасы қазылып, қабырғасы биыл қаланды. Қазір көлемі орташа екіқабатты үйдің қабырғасы көтеріліп жатыр. Қайраттың өзі құрылысшы, жұмыс бірде бар, бірде жоқ. Өткен жылы Almaty Arena-ның құрылысына атсалысса, биыл пәлендей тапсырыс түспеді, сондықтан жанына бір жұмысшы алып, өз үйін өзі көтеруде. Демалыс күндері қайындары келіп қолғабыс етеді. Ал Айнар бюджеттен қаржыландырылатын балалар үйінде тәрбиеші. Алатыны – 60 мың теңге. Осындай әлеуметтік жағдаймен Алматының іргесінен үй салу мүмкін бе? Әсте мүмкін емес. Қайта осыдан 15 жыл бұрын олар жерімен қоса, бір бөлмелі үйді сатып алмағанда, осы күні жерге де қол жеткізе алмас еді. Содан ерлі-зайыптылар ойлана келе несие алуға бел буады. Өйткені қарыз бере қоятындай туған-туыс, дос-жаран жоқ. Әркімнің өз тірліктері бар, «бере қоймадыңдар» деп өкпелейтін де заман емес. Тұрақты жұмысы болмағандықтан, банктер Қайратқа несие бермейтіні екібастан белгілі. Мәселе Айнарға келіп тірелді. Қаржы институттары 60 мың жалақыға қанша несие береді? Айнар банктен банкке жүгіріп жүріп, әйтеуір, біреуінен 1 млн теңге несие алды. Сондағы екеуінің қуанғанын көрсеңіз, бейне әлгі несие тегін келген ақша сияқты. Енді арада екі ай өткенде... сол 1 млн теңгені үш жыл бойы өтейтіні еске түскенде Айнардың салы суға кетті. Сонда 1 млн теңгеге қандай шаруа тындырылды? Айтайық: үйдің іргетасы қаланып, қабырғасы көтерілді. Болды. Әрі қарай төбені жабуға тағы қаражат көзі қажет. Әзірше Қайрат пен Айнар оны ойлап жатқан жоқ. «Бір жөні» болады. Қарыз алады, қауғаланады, әйтеуір, биыл тым құрығанда баспананың төбесін жауып алу міндеті тұр. Қалғанын келер жылы көреді.
Бұл бір ғана отбасының айналасындағы жағдай емес. Халықтың табысы тым төмен. Ал аз жалақымен мынадай қымбат заманда үй тұрғызамын деу әбестік. Сондықтан жұрт басын тауға да, тасқа да соғуға мәжбүр. Қараңыздар, өткен жылы 50 келілік цемент нарықта 1100 теңге тұрса, биыл оған 100 теңге қосылыпты. Алматыда құрылыс жұмысы енді қызды. Бұған дейін ауа райы ырық бермеді, жауын мол түсті. Соның салдарынан жұмыс қарқын ала алмады. Қайраттың сатып алған үлкен ақ кірпішінің бір данасы 650 теңгеге көтерілген. Былтырғы пұлмен салыстырғанда шамамен 100-150 теңгеге қымбаттаған. Мамандар биыл жыл басынан бері (қаңтар-мамыр) құрылыстағы құнның өткен жылдың осындай мерзімімен салыстырғанда 4,6 пайызға көтерілгенін жазады. Бұл соңғы төрт жылдың бес айындағы салалық үлкен өсім. Осы жерде құрылыс саласының қарқыны еліміздің жалпы ішкі өнімінің өсуіне ықпал етіп жатқанын еске сала кеткен орынды. Finprom сарапшыларының мәліметіне қарағанда, 2017 жылдың бірінші тоқсанында бұл салада былтырғы қаңтар-наурызға қарағанда 7,1 пайызға өнім артық өндірілген. Сарапшылар бұған «бұл – бар постдағдарысты кезеңдегі салалық өндіріс көрсеткішіндегі ең үлкен өсім деңгейі» деген баға беріп жатыр.
Құрылыстағы, тау-кен өндірісіндегі және қайта өңдеу өнеркәсібіндегі іскер белсенділіктің белең алуы елімізде қаңтар-наурызда ЖІӨ-нің 3,4 пайызға ұлғаюына ықпал еткен. Мамандар биыл құрылыста шынының (19,3 пайыз), металды құрылғылардың (15,5 пайыз) және жарық беру жабдықтарының (14,4 пайыз) бағасы барынша көтерілгенін айтады. Айтпақшы, тастан жасалған жабындылар мен қаптау тауарлары, цементтен, бетоннан немесе жасанды тастан жасалған кірпіш, плиталардың құны 2 пайызға арзандапты.
Әйтсе де жылжымайтын мүлік саласының мамандары құрылыс материалдарының бағасы одан әрі қымбаттай түсетінін айтады. Тіпті кейбір саудагерлер «ЭКСПО аяқталған соң елде девальвация орын алады» деп шулап жүр. Алдағы 15 жылда 1,5 млн отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған «Нұрлы жол» бағдарламасының қолға алынуы да үй мен жер бағасының қалыптасуына ықпал етпей қоймайтыны анық. Десе де, қалың жұртшылықты бұл салада не күтіп тұр? Күзге дейін қандай өзгеріс яки жаңалық болмақ?

Елена ГРИВА, Қазақстан риэлторларының біріккен қауымдастығының президенті:
– Жылжымайтын мүлік нарығының бағасын бір емес, бірнеше фактор анықтайды. Бағаның қалыптасуына халықтың төлем қабілеті, несие құралының қолжетімділігі, мұнайдың әлемдік бағасы және елдегі саяси-психоло-
гиялық жағдай ықпал етеді. Алматыда орталықтан біршама алыс аудандарда тұрғын үй көптеп салынды. Мұны біз нарықтағы тренд деп атай алмаймыз. Әсіресе Алатау ауданында, шығыс айналма жолында салынған үйлер пайдалануға беріледі. Мұндай үйлерде шаршы метрдің бағасы 200-290 мың теңге аралығында. Өткен жылдың сату-сатып алу қорытындысына қарасақ және «Нұрлы жер» бағдарламасының жүзеге асуына байланысты биыл жасалатын мәміле былтырғы деңгейде қалады. Осы жылы жылжымайтын мүлік саласының тренді ретінде айырбас жасауды және үйдің бағасын бөліп төлеу арқылы баспана сатып алуды атауға болады.

Ербол ӘБЖАНАТОВ, риэлтор:
– Үйдің, жердің бағасы күні кешеге дейін арзандайтын жеріне дейін құлдырады. Енді бұдан былай баға көтерілмесе, арзандамайды. Соңғы кездері жылжымайтын мүлік саласындағы сауда ұлттық валютамыз – теңге арқылы жүзеге асып жатыр. Бұл өте қуанышты жағдай. Қазір баспаналы болудың жолы көбейді. Мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асып жатыр. Бұрынғыдай сықиған баға жоқ. Бәрі ұсыныс пен сұранысқа қарай реттеледі. Дейтұрғанмен, Алматы, Астана сияқты ірі мегаполисте үйдің, жердің құны әлі де қымбат. Оған екінің бірінің қолы жете бермейді. Қазір құрылыс материалдарының 70 пайызын отандық өндірісшілер өндіреді. Бұл да бағаның қалыптасуына ықпал етеді. Қазір де, күзге салым да баға күрт өзгермейді. Нарықтағы қалыптасқан жағдайға байланысты сәл-пәл өзгерістер ғана орын алады.

Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар