1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №52 (16238)   30 маусым, жұма 2017
30 маусым 2017
Бәрін айт та, бірін айт – «Нұрлы жердің» жырын айт

Осыдан бір жылдай бұрын «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 10 сотық тегін жер берілетіні жайлы хабар тұрғындарға тез тарап, семейліктер жергілікті халыққа қызмет көрсету орталықтарына (ХҚКО) қарай ағылған болатын.
Қала әкімі Е.Сәлімовтің атына үй салу мақсатында жер алғысы келетін өтінішін жазбаша қалдырған әр адамға ХҚКО мамандары бір ай көлемінде тиісті орындардан жауап келетінін айтып, сол сөздеріне сендіріп шығарып салып жататын. Баспана алудың машақатын көріп, не үй, не жер ала алмай жүрген тұрғындарға бұл дегеніңіз биліктің тосын сыйы іспетті көрінгені де рас. Арада бір ай өткенде қалалық жер қатынастары бөлімінен келген жауапта өтініш берген адамның кезекке нешінші болып тіркелгендігі жайында ақпарат және жер қарастырылатыны ғана айтылғанын да көзіміз көрді.
Хош, сонымен о баста барып баспанаңды сала беруіңе болатындай көрінген «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында қарастырылған жерлер әзірге Юность кентімен шектесетін Ұшақтар ауданынан ғана бұйырып тұрған жайы бар. Бүгінгі күнге дейін жер алуға өтініш білдірген қала тұрғындарының саны 23 мыңнан асып кетіпті. Бұл туралы Қазақстан тұрғын үй жинақ банкінің Семей филиалы төрағасының орынбасары Ләззат Нұрханова өткізген баспасөз мәслихатында мәлім болды.
Л.Нұрханованың айтуынша, Қазақстан тұрғын үй жинақ банкі өз салымшыларына «Нұрлы жер» арқылы жер алғандарға үй салуына қажетті қаражатты бере алады. Ал оның құрылысын жүргізуді «Сәт Транс» ЖШС міндетіне алыпты. Өйткені «Сәт Транс» – қазіргі күнде баспанаға қажетті құрылыс материалдарын өндіретін қаладағы бірден-бір кәсіпорын.
Әрине, былай қарасаңыз, баспанамен қамтуға қатысты бағдарламаның бастамасы да, бағыты да мінсіз көрінеді. Бірақ жер тегін берілгенімен, оған бөлінетін қаражатты алып қайтарудың да, салынатын баспананы иеленудің де жолы оңай болмай шықты. Банктен 5 пайыз өсіммен қарыз алатын тұрғынның 80-100 шаршы метр көлемінде салатын үйі үшін алдымен аз дегенде 30 пайыз көлемінде алғашқы жарнаға қажетті қаражаты болуы керек. Шаршы метрі 120 мың теңгеге бағаланған баспанасын алдымен үш жылға жалға алады екен. Кімді болсын таңғалдыратын жай осы: өзі әупірімдеп кезекте тұрып жер алып, одан кейін банктен қарыз алып салған отбасы өз үйін не себепті үш жыл бойы жалдап тұруы керек?
«Сәт Транс» ЖШС директорының орынбасары Әділет Бодақановтың сөзіне сенсек, қазіргі күнде үй салу мақсатында тегін алған жерін бірден сатып жіберушілер аз емес. Сондықтан бұл шарт «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының аясында қарастырылған екен.
Шындығында, бағдарламаның жұртқа қолайлы етіп қарастырылғаны шамалы болып тұр. Үкіметтің бұл тұрғыдағы әрекеті қарапайым халыққа алмақтың да салмағы бар екенін аңғартады. Семей қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі берген мәліметке сүйенсек, қарастырылған жерлер де, алдағы жылдарда берілетін жерлердің де атқарылуы тиіс «ауы мен бауы» жетіп-артылады. Қазір пайдалануға дайын деген Ұшақтар кентіндегі жерге инженерлік-коммуникациялық желілер келесі жылдан бастап қана тартыла бастайды. Яғни бұл қажеттіліктер орындалмай тұрып, қазір айдалаға барып үй салуды бастап кетудің еш қисыны жоқ. Бәрі де бірнеше жылға негізделген жерді пайдалануға беру жоспарына сай жүзеге асады.
«Тағы бір айта кетер жайт, 2008 жылға дейін 3000 қала тұрғыны жер алуға өтініш білдірген болатын. Соның 1000-ы ғана алып үлгерді де, одан кейін жер беру тоқтап қалды. Сол кезде жер ала алмай қалған 2000 адамға қарастырылған жерді Тұрғын үй жинақ банкі мақұлдап берсе, қазірден сала беруіне кедергі жоқ. Негізінде, 2019 жылға дейін Семейдің үш ауданында – Ұшақтар кенті, Комсомол кенті, жаңадан салынатын Ақсай кентінің аумағынан жер беру қарастырылған. Одан кейінгі кезекте Бобровка кенті, кіші Ақтөбе, Суықбастау кенті, Степной және Жарқын ауылына дейінгі аралықтағы жерлерді пайдалануға беру 2021 жылға дейін жүргізіледі», – дейді Семей қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Ардақ Исатаев.
Тоқ етерін айтқанда, жергілікті атқарушы биліктің жер беруі де, оны қала тұрғындарының алып, игілігін көруі де «әлаулайым біткенде, хәләуләйім тағы бар» деген Алдаркөсенің әнін еске түсіреді. Соған қарамастан, айдаладағы әлі толық игерілмеген жердің кезегіне жазылып жатқандар да бар. «Жазған құлда шаршау жоқ» деп, әйтеуір, «тегін жер аламыз» деп өздерін жұбатқан халықты Тұрғын үй жинақ банкі алдымен өзінің салымшысы болуға міндеттейді. Оған да көніп, қазірден ақша құя бастап, жердің кезегі келіп, енді үй салуына қажетті қаражат сұрап барса, (10-12 млн теңгеге дейін) алдымен оның кемі 30 пайызын құя алатын шамасы болуы керек. Одан кейін жылдарға бөліп несиесін алады. Енді бір жыл ішінде салып бітіргенде, баспанасының өз меншігіне өтуі үшін мерзімді үш жылдың аяқталуын күтеді. Сол аралықта жалға алған ақысын төлеп жүреді. Сонда қаптаған міндеттемелерден құрастырылған «Нұрлы жер» бағдарламасының үйсіз-күйсіз жүрген жұрттың жайын ойлап қабылданғаны осы ма?!
Бұған, әрине, атқарушы билік пысқырып та отырған жоқ. «Нұрлы жердің» үстінен «нұрлы жол» салып, «Нұрлы әлемді» (ЭКСПО көрмесі – авт.) тамашалап отыра беретін жайы бар.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ
Шығыс Қазақстан облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар