1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Еш уақытта қазақ... қазақ мемлекет болған жоқ, себебі шекарасы болған жоқ».  --- «Қытай Халық Республикасы рапс пен соя секілді жемшөп дақылдарын егу үшін бізден 1 млн. га жер сұрап отыр».
«Азаттық» радиосы
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №52 (16238)   30 маусым, жұма 2017
30 маусым 2017
Дүкен Мәсімханұлы халық жауы ма?

«Қытайдағы қандастарымыз жергілікті үкімет тарапынан саяси қысым көріп жатыр» деген мағынадағы түрлі әңгімелер мен аудио және бейнежазбалар соңғы кезде әлеуметтік желілерді жарып жібере жаздады. «Аттан!» деген атпен әлеуметтік уатсап желісінде ашылған топ күнделікті дабыл қағып, ондаған азамат түрлі көзқарастарын білдіріп, мәселеге Қазақ өкіметінің назарын аудартуға тырысты.

Ол үшін мәселенің мән-жайын Дүниежүзі қазақтары V құрылтайының өкілдері арқылы президент Н.Назарбаевқа жеткізуге тырысты. Содан секем алды ма, әлде кездейсоқтық па, құзырлы органдар құрылтайға қатысуға тиіс ел арасында танымал бірқатар тұлғаларды тізімнен сызып тастап, әсіресақтық жасады. Бірақ олардың «сызып тастау» әрекеттерінен айтарлықтай нәтиже шықпады. Құрылтайда Батыс Еуропадан келген өкіл Өмірхан Алтын сөз сөйлеп, бұл шулы мәселені күтпеген жерден ортаға салды. Ел президенті Н.Назарбаев аталмыш мәселенің қазірге дейін өзіне беймәлім болғанын айта келе, мәселенің мәнін біліп, анықтауды сыртқы істер министрлігіне тапсырма ретінде жүктейтінін мәлімдеген болатын. Оның жайы алдағы уақытта анықтала жатар деген сенімдеміз.
Ресми органдардың әсіресақтықпен жасырып-жабатындай, орынсыз қымсынып-қуыстанатындай дәнеңесі де жоқ екен. Мемлекет басшысы бұл мәселеге байыппен қарады. Соған қарағанда, Нұрекеңнің айналасындағылар үнемі осылай «аш пәледен қаш пәле» дей ме, әлде совет кезінен қалыптасқан ескі көзқарастары ырық бермей ме, ол жағын білмедік. Бірақ қалай десек те, мемлекет басшысына шынайы ақпаратты дер кезінде жеткізбей, тым орынсыз қымтап, жылы жауып қоя ма екен дегендей күмәнді ой қоғамда күдік тудырғаны басы ашық мәселе.
Жұртшылық, әсіресе Қытайдағы қандастарымыз, мәселенің мемлекет басшысының құлағына жетіп, назарға алынғанына дән риза. Оқиғаның ары қарай қалай өрбитінін дәл қазір алдын ала болжай алмаймыз.
Қазір бұл мәселе ел ішінде басқаша сипат алып, белгілі қытайтанушы ғалым Дүкен Мәсімханұлын айыптауға ұласып барады. Бір топ жерлестері Дүкенді сотқа беру үшін қол жинаса, «Аттан!» желісі мен «Abai.kz» порталында бірі ақтап, екіншісі даттап ала шапқын болып жатыр. Соңғы бір аптада Дүкен Мәсімханұлына тағылмаған «ат» та, «атақ» та қалмады-ау, сірә. «Қытайдың тыңшысы», «ұлтын сатқан оңбаған», «қазаққа күйе жаққан жалақор» т.с.с. Аудиожазбадан бастап, кириллица, төте жазумен таңбаланған мәтіндер, қытайша, қазақша мәтіндерден оны жерден алып, жерге салған айыптаулардан көз сүрінеді. Осыншама дүрлігетіндей Дүкен не бүлдіріп қойып еді?
Дүкен Мәсімханұлы қытайтанушы ғалым ретінде телеарна тілшісі қойған сауалға жауап берді. Қытай тарапынан алған ақпараттары мен жалпы әлемдік қауымдастықтың лаңкестікке қарсы жұмыла күресіп жатқан негізгі тенденцияларын сөз ете келе, көрші ел өкіметінің позициясына тоқталды. Бұл жерде Қытайдағы қандастарына жала жапқан немесе оларды жаппай террористер деп атаған ештеңесі жоқ. Шыңжаңның жергілікті үкіметіндегі әсіребелсенділер «шаш ал десе, бас алып», асыра сілтеп жатуы ықтимал екендігін де тілге тиек еткендей болды. Өз басым Дүкеннің «Еуразия-1» телеарнасындағы дәл сол бір синхронынан ілік іздейтіндей ештеңе аңғарған жоқпын. Бірлі-жарым діни фанаттардың лаңкестік топтарға қатысы болғаны туралы әңгіменің шетін шығарғаны рас. Десе де, ол жерде Шыңжаңдағы бүкіл қазақты террорист деп айыптаған ештеңесі жоқ қой. Түсінген адамға дәл бұл синхроннан «аттандап» айғай-шу шығаратындай ештеңе байқалмайтын секілді.
Бірақ соған қарамастан, Қытайдағы қандас бауырларымыз «бізді лаңкес деп атады», «момын халыққа күйе жақты, жала жапты» деп ер-тоқымдарын бауырына алып тулап жатыр. Ішінара ет құлағымен естімей жатып, дүрмекке еріп шулап жүргендер де қылаң береді.
Қазақ баласы ежелден сөзге тоқтаған жұрт еді. Дүкен «Аттан!» деген уатсап желісіне шығып, өз уәжін айтты. Сонда да оған құлақ асқан жан табылмады. Енді онымен де қоймай, дедектетіп отырып сотқа сүйреп апармақшы. Мейлі апарсын. Соттасу, айтысып-тартысу әркімнің өз еркі. Бірақ одан не өнеді? Қандай абырой табамыз?
Дені дұрыс ешбір сот «Дүкен Мәсімханұлы халық жауы ретінде танылсын» деп үкім шығармасы айдан анық.
Мен білетін Дүкен Мәсімханұлы ұлтын сатып, Қытайдың сойылын соғатындай азамат емес. Қытайтанушы ғалым, ақын-жазушы, аудармашы ретінде ол совет кезінде темір перденің салдарынан бәрімізге таныс та бейтаныс болған Қытай елі жайында танымдық мақалалар ұсынып, талай оқырманның көзін ашқан белгілі публицист. Қаламдас, әріптес ретінде өз басым оның еңбектерін жоғары бағалаймын. Сондықтан оған қарсы үздіксіз шабуылдап жатқан ағайынға «араша, бауырлар!» дегім келеді.
Қоғамдық пікірдің басым бөлігі бір арнаға қарай ауып кетсе, ешкімнің тосқауылына қарамай тым асқынып кететін тұстары да өмірде болып жатады. Мұндайды өзім де бастан кешкен адам ретінде алтайлық бауырларымнан сабырға келулерін сұраймын. 1992 жылы Моңғолия баспасөзінде шыққан бір мақалам үшін мені де жерлестерім талап жеп қоя жаздаған. Біреулер үшін мені қасақана қазақ көшінің қас жауы етіп көрсетіп, жеке бастарының ұпайларын түгендеу, өш алу қажет болған. Сонда аңғарғаным, мақаланы мүлде оқымаған, тіпті моңғол тілін білмейтін жандардың да жел сөзге еріп, «аттандауы» тіпті сорақы болады екен. Кейін ол мақала Қазақстанда қазақша жарияланғаннан кейін ғана жұрт сабасына түскен.
Дүкен бауырымның қазіргі халі өз басымнан кешкен осы жайды еске түсіреді. Сөз соңында айтарым, тәуелсіздік жылдарында елге оралған 1 миллионға жетер-жетпес оралман арасындағы санаулы ғана зиялы жандарды орынсыз кінәламайық, сабырға келіп өзара түсінісейік!

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ, Журналист
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (5)
Еламан | 2 шілде 2017 19:16
Бұл мақаланың тақырыбы неге мұнша ауыр? Халық жауы деген не сүмдық! Дукен мырза біраз жайдың басын ашпай ағат сөйлеген болар. Алайда осыған бола оған "халық жауы" дейтін жалалы қалпақ кйгізгісі келетіндер бар болса, шынында қорқынышты. өкінішке орай пасықтық ешқашан да тәсіл талғамайды.
Ералаш | 3 шілде 2017 04:31
Сіз жіңішкелік пен дукеңның сөзіне талдау жасап көріңіз.. одан тыс оның букыл жазған мақалаларының ішінде қытай камунистык партиясын мақтап жазған талай мақаласы бар .. оның сыртында екы елдің келісімі боиынша Қазақстанды ешкім транзит етып ушыншы елге қажыға немесе жихатқа тіпті жай сапарға кете алмаиды ..тіптен Қазақстан ыхтияр хатымен Одан тыс мәселені сыңар жақтылы екстрамизымге тіреп қоиып отыр .ал ондағы мәселе жалғыз терарис мәселесі емес .терарис мәселесы болса2009жылындауйғурменқазаққабірдеймәмілежасалатынедышурғажәңәкелгеньастықтіңтегынтектепкөріңіз
Арман | 4 шілде 2017 00:49
Ассалаумағалйкум Қуандық! "Егіннің жағдайын Диханнан сұра" - демекші, Қалада тұрып Дала туралы мәлімет бергеніңіз жарамады. Сіз алғашында Қытайдың осы саясатын сынап, өзіңізше Қытайға қарсы сөздер жазасыз да, ал Қытайдың осы зұлым саясатын өзгеше жолмен ақтап, оған кінәлі Қазақтардың өзі деп көрсеткен Дүкенді ақтай қаласыз, неге? Сізде екі беткей болғансызба?? Әлде туыстықты , таныстықты ұлт мүддесінен жоғары қоясыз ба?
Мақпал | 4 шілде 2017 00:52
Қуандық сен Дүкенге өз наразылығын білдірген халықтың бәрін танып, біліп отырған адамдай «Алтайлық ағайын» деп өкім шығарыпсың, бұл қандай масқаралық? Сонда ұлт мұддесінде жұрген азаматтарға, сіз жершілідік көзқараспен талдау жасайсыз ба? Әлде сізд Қандастардың Іле, Тарбағатай, Алтай аймақтарында тұратынын білмейсіз бе? Мен сол Дүкенге қарсы Іледен келген адаммын. Ал не дейсіз?
Sultan Janbolat | 4 шілде 2017 08:47
Ote Duris!
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар