1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазақты әбден бөлшектеп біттік қой. Қаланың  қазағы, даланың қазағы, бай қазақ, кедей қазақ, тіл білмейтін космополит қазақ, нағыз қазақ, діншіл қазақ, атеист қазақ деп. Енді қазақтар исламның ішінде бөліне бастады. Суфист, уахаб, салафит, қуранит т.б. деп. Бұл масқара ғой! Қазақты жіліктеп біттік. Тіпті әлгі жүзшілдігі мен рушылдығын айтпай-ақ қоялық. Жіліктеп бітіп, енді бөлшектеуге кірістік.
Автор: Нұрлан Ерімбетов, саясаттанушы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №53 (16239)   4 шілде, сейсенбі 2017
4 шілде 2017
«Міне, сіздің жұмысыңыздың нәтижесі...»

Әрине, елімізде тәуелсіздік туы желбірегелі бері ауыл шаруашылығы саласы сыннан көз ашқан емес. Әйтеуір, осы сала көгермей-ақ қойды. Ауылдағы диқан мен мал баққан ағайынның жағдайы оңалмады. Айтыла-айтыла әбден жауыр болғандықтан шығар, қазір шенеуніктер ауылдағы шаруаның мұң-зарына елең етпейтін де болды. «Ауылдағының аузы сасық» деген осы.
Дегенмен де парламент депутаттарының соңғы отырыстарында ауыл шаруашылығы саласының мәселесі өте өткір айтылды. Депутаттардың бұл ащы айқайы құрдымға кетіп бара жатқан саланы қалай қатарға қосамыз, кемшілікті қалай жөндейміз деген адал ниетінен туындағаны анық. Халық қалаулыларының бұл ышқынуы ауыл шаруашылығы саласы жұмысының алға баспай жатқанын байқатқандай ма, қалай өзі?.. Ендеше, өзіңіз оқып көріңіз.

Сергей ЗВОЛЬСКИЙ, парламент мәжілісінің депутаты: 51,7 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕНІҢ 80 ПАЙЫЗЫ ИГЕРІЛМЕЙ ҚАЛДЫ
– 2016 жылы «ҚазАгро» басқарушы холдингіне 51,7 миллиард теңге бөлінген. Сол қаржының 41,2 миллиард теңгесі игерілмей қалды. Өзіңіз ойлаңызшы, бөлінген қаржының 80 пайызы игерілмей қалды. Осылай жұмыс істеуге бола ма? «ҚазАгро» қаржыны игере алмаса да, үкімет мемлекеттік бюджеттен оның жарғылық капиталын толтырып отыр. Өткен жылы Қазақстан-Венгр инвестициялық қорын қаржыландыру үшін холдингтің жарғылық қоры тағы 882,5 миллион теңгеге толтырылды. Дәл осы мақсатта биыл бұл сома екі есеге көбейіп, 1,5 миллиард теңге бөлінді. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Өйткені «ҚазАгроның» мамандары бұл инвестициялық қорға бірде-бір мардымды жоба ұсына алмаған. Яғни бұл қаржы жұмсалған жоқ және күні бүгінге дейін игерілмеді деген сөз. Банк шотында тым-тырыс жатыр. Қалайша бұлай болды? Қазақстан-Венгр инвестициялық қоры үшін жасалған жобаларды таңдауға ауыл шаруашылығы министрінің қай орынбасары жауапты еді?

Асқар МЫРЗАХМЕТОВ, премьер-министрдің орынбасары, ауыл шаруашылығы министрі:
– «ҚазАгро» қорына қаржы өткен жылдың қараша айында түсті. Осыдан кейін өткен жылы 1 миллиард теңгені құрайтын бір жоба, биылғы жылдың басынан бастап үш жоба қолға алынуда. Бүгінде 42 миллиардты игеру үшін 30 өтініш қаралып, оның тоғызы мақұлданып, 11 миллиард теңге бөлінетін болды. Әрине, мен сізбен келісемін. Бұл саладағы жұмысты жақсартуға бар күшімізді салудамыз. «ҚазАгро» мәселесімен менің орынбасарым Гүлмира Исаева айналысады.

Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, парламент мәжілісінің төрағасы:
– Біз 2016 жылғы жұмысты айтып отырмыз. Асқар Исабекұлы, әрине, сіздің айтқан уәжіңіздің бәрімен келісеміз, талапты күшейтіп, методиканы өзгертіп жатырсыздар. Бірақ 2016 жылы «ҚазАгро» холдингіне 51,7 миллиард теңге бөлініп, оның 41,2 миллиард теңгесі игерілмей қалғаны бұл факт... Бұл – бөлінген қаржының 80 пайызы. Міне, сіздің жұмысыңыздың нәтижесі...

Майра АЙСИНА, парламент мәжілісінің депутаты: КОНКУРСТАР НЕГЕ ӨТКІЗІЛМЕЙ ҚАЛДЫ?
– Біз, бір топ депутаттар, фитосанитариялық қауіпсіздік және өсімдіктерді қорғау жұмыстарын күшейтуге 80 миллион теңге сұрап, ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жолдаған болатынбыз. Міне, енді үкімет есеп берген кезде 2016 жылдың соңында пестицид пен химиялық өңдеуді жүргізуге құралдар алуға бөлінген 3 миллиард теңгенің игерілмей, ауыл шаруашылығы министрлігіне кері қайтқанын білдік. Себеп – ұлттық валютамыздың әлсіреуінен пестицидтер қымбаттап, конкурстар өткізілмей қалған.
Бірақ осы жерде айта кететін нәрсе, соңғы рет біздің елімізде девальвация 2015 жылдың тамыз айында орын алды. Ал конкурстар 2016 жылы жүргізілді. Ендеше, неге мемлекет қаржысы игерілмей қалды? Бұл конкурстар қалайша өткізілмеген болып есептеледі?
Фитосанитариялық қауіпсіздік елімізде ең маңызды мәселенің бірі екенін барлықтарыңыз жақсы білесіздер. Жыл сайын жеміс дақылдарының «ауруы» өсіп барады, одан кейін дәнді дақылдардың азғана бөлігі өңделеді. Ал осы салаға арнайы бөлінген миллиардтар игерілмей қалады... Бұған қандай баға берер едіңіз? Бұл проблеманы қалай шешесіз?

Асқар МЫРЗАХМЕТОВ, премьер-министрдің орынбасары, ауыл шаруашылығы министрі:
– Бір жылда үш мәрте мемлекеттік сатып алу конкурстары өтті. Бірақ бұл конкурстарға бірде-бір әлеуетті жабдықтаушы қатыспады. Сөйтіп жүргенде уақыт өтіп кетті. Ал фитосанитария бойынша жұмыстар жақсарып келеді. Бұл салаға бөлінген қаржы екі есеге көбейген.

М.ТЕМІРЖАНОВ, парламент мәжілісінің депутаты: АГРАРЛЫҚ САЛА ӨЗ ПОЗИЦИЯСЫН ТӨМЕНДЕТІП АЛДЫ
–Мемлекет ауыл шаруашылығы саласын қолдаудан қаржыны аяған емес. 2015 жылы бұл мақсатта 174 миллиард теңге бөлінсе, 2016 жылы бұл сома 224 миллиард теңгеге жетті. Дегенмен жыл сайын ауыл шаруашылығы министрлігі қызметкерлерінің бюджет қаржысын тиімсіз пайдалануы салдарынан бөлінген ақша толық игерілмей қалады. Осының кесірінен халықаралық рейтингте еліміз өз позициясын төмендетіп алды. Өткен жылы аграрлық саясат бойынша еліміз 16 позициясын жоғалтып, 48-орыннан 64-ке бір-ақ түсті. Ауыл шаруашылығы министрлігінің жұмысы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін күшейтуге бағытталуы тиіс. Ал біз әлі күнге бір орында мықшыңдап келеміз. Мысалға, 2016 жылы 345 мың тонна қант қызылшасы жиналды. Бірақ отандық қант нарығының 90 пайызы әлі күнге шетелден келетін өнімге тәуелді болып отыр.

Серік БІЛӘЛОВ, парламент сенатының депутаты: ТЕК ЕГІН АЛҚАБЫ ҰЛҒАЙЫП, МАЛ БАСЫ ҒАНА ӨСУДЕ...
– Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласына мемлекеттік қолдау көлемі 29 пайызға өсті. Бірақ қаншама қолдау көрсетілсе де, бұл сала төмен рентабельді сектордың бірі болып тұр. Ауыл шаруашылығы секторы еліміздегі ішкі жалпы өнімнің 4,7 пайызын ғана құрайды.
2016 жылы ауыл шаруашылығы министрлігі 10 мың тонна мүйізді ірі қараның етін экспорттауды жоспарлаған. Бірақ шын мәнінде тек 6,8 мың тонна ғана ет экспортталды. Еліміздегі еттің 70-80 пайызы жеке шаруашылықтарда өндіріледі. Олардың делдалсыз тұрақты нарыққа шыға алмайтыны анық. Осыдан кейін ет өңдейтін кәсіпорындар орта есеппен алғанда 10 мен 60 пайыздың арасында ғана жұмыс істеп тұр.
Асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуға және мал шаруашылығы өнімдерінің сапасын көтеруге 30,2 миллиард теңге бөлінді. Дегенмен ішкі нарықта шетелден келетін ауыл шаруашылығы өнімдеріне тәуелділік әлі күнге жоғары деңгейде. Сары май, сұйық май, ірімшік, сүзбе, шұжық өнімдері, қант, жеміс-жидек және ет консервілерінің басым бөлігі шетелден келеді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша ет консервілерін өндіру көлемі 28 пайызға, ірімшік пен сүзбе өндіру 17,8 пайызға төмендеді.
Аграрлық сектордағы өнім негізінен шикізат күйінде таратылуда. Өйткені дайын өнім бәсекелестікке төтеп бере алмайды. Біз негізінен шикізат сатып, өңделген тауарларды көбірек сатып алудамыз. Яғни субсидиялау саласынан толыққанды нәтиже жоқ. Субсидиялау өнімділікті жоғарылатуға және өндірілетін өнімнің сапасына еш әсер ете алмайды. Осыдан кейін отандық аграрлық сектор тиімді технология, өнім алуды көбейту, заманауи құрал-жабдықтарды енгізу, ғылым мен технологияның соңғы жетістіктерін пайдалану арқылы дамудың орнына тек егін алқабының ұлғаюы мен мал басының көбеюінен ғана құралып отыр.

Жасұлан АҚКЕР

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (2)
өзге тілді шенділерді тыңдағымыз келмейді! | 5 шілде 2017 09:35
Теледидарды қосып қалсам сағынтаев жиналыс өткізіп отыр екен-құдай ау бұларда өз тілі жоқтай өзге елдің тілінде сацйрап отырады- (1емес, 2-емес құдайдың құтты күні)ар- намыс -ұлттық намыс бар ма ,заң бар ма -қашанғы бұлар өзге тілде жүрегімізді айнытып отыра береді?-заң не үшін ?-білмей ме тілді орын босатсын!!!қазақ халқы бұл өзге тілділерден шаршады.өте ұят нəрсе істеп отырғандарын өздері айнаға қарап біле ме екен?Ана тілін қорлағандар.
Алаш | 5 шілде 2017 21:24
Жоғарыда отырған қара орыстардан құтылмаи іс оңға баса қоймас. Олар бала шағасы үшін тілді құрбандыққа шалып отыр.олардан намыс сұрау жындының ісі.балаларының ноқаилығы үшін бəріне даиын.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар