1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қартаюға қарсы, яғни жасартатын, мәңгілік өмір сүруге мүмкіндік беретін – дәрі-дәрмектер ойлап табу керек. Міне, қазіргі ғалымдар әлемде осындай шаруалармен айналысып жатыр.
Қазақстан ғалымдармен кездесуінде айтқан ұсынысынан. 04.09.09
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №53 (16239)   4 шілде, сейсенбі 2017
4 шілде 2017
Қызылордада жолақы ымбаттауы мүмкін

Халық даналығында «Қақылдаған тауық тумай қоймайды» деген сөз бар. Осы бір нақыл маған Қызылордадағы қалаішілік жолаушылар тасымалымен айналысатын мекемеге қаратып айтылған сияқты көрінеді.
Қызылорда қаласында қоғамдық көлікте жүру ақысы қымбаттауы мүмкін. Бұған не түрткі? Аяқастынан жолақы не үшін көтеріліп отыр? Мамандардың айтуына қарағанда, оның түрлі себебі бар екен. Алдымен соларға тоқталып өтейік. Олардың айтуынша, әлемдік нарықта қосалқы бөлшектердің бағамы бірнеше есеге өскен. Жанар-жағармайдың барлық түрлері қымбаттап отыр. Қалада қызмет жасап жүрген автобустар мен шағын көліктердің 40 пайызы бензин, қалғаны газ және дизель отынын қолданады. Аталмыш мәселеге орай, өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихаты өткен болатын. Сол жиында «Қызылорда автобус паркі» ЖШС директоры Әнуар Нақып төмендегідей мәліметтерді алға тартқан еді. «АИ-92 маркалы бензиннің бағасы литріне 124-тен 142 теңгеге өскен. Дизель отыны 80 теңгеден 130 теңгеге қымбаттады. Газдың құны 30 теңгеден 58 теңгеге артып отыр», – деген болатын Ә.Нақып.
Халықтың құлағын үйрету үшін «Қазақстан-Қызылорда», «Қоғам ТВ» секілді жергілікті телеарналарда көрсетілетін «Өзекжарды», «Мезгіл» деп аталатын бағдарламалардан арнайы берді. Сөйтті де, жол ақысын үлкендер үшін – 100, оқушыларға 50 теңгеге дейін өсіру ұсынылды. Бұл халық арасында қызу талқыланды. Әлеуметтік желілерде қарсы пікір білдіргендер аз емес. Бірақ солай екен деп тоқтаған бір жан жоқ. Қайта, керісінше, қалалық мәслихаттың талқылауына дейін шығарды.
Депутаттардың алдында хабарлама жасаған Қызылорда қалалық коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Талғат Құлмағанбетовтің мәліметтері адамның күлкісін келтіреді. Оның пікіріне сүйенсек, көтерілген мәселеге орай, арнайы жұмысшы тобы құрылыпты. Сөйтіп, нарықтың заңына сай кететін шығындарды есептеген. Негізінен, «Қызылорда автобус паркі» ЖШС мамандарының есебі бойынша, шығындарды өтеу үшін бір адамға төленетін жол ақысы 232 теңге болыпты. Мынау енді сұмдық қой. Халықтың сөзін сөйлейді деген мемлекеттік мекеменің басшысы Талғат Құлмағанбетовтің баяндамасынан «Антифриз – 2200, автодоңғалақ – 87 000, аккумулятор – 54 000, тежегіш колодкалары – 25 000, жоғары қысымды фильтр – 25 000, оталдыру свечалары – 13 800, төменгі қысымды фильтр – 18 000, сапун фильтрі 20 500 теңгені құрайды» дегенді құлағымыз шалды. Бұл не тағы? Мына заттарды автобустарға күнде салып жатыр ма? Олай болса, автопарктің автобустарынан не пайда? Оның үстіне қалаішілік қоғамдық көлікпен қатынасты толық өтей алмайды екен. Бар-жоғы 25 пайызын ғана қамтамасыз етіп отыр. Қалған 75 пайызы жеке кәсіпкерлердің үлесінде. Көтеріліп отырған мәселе жан-жақты талқыланып, үлкендерге – 90, оқушыларға 40 теңге етіп бекіту ұсынылды.
Жолға төлейтін ақы қымбаттайды дегеннен бастап, еліміздің басқа аймақтарындағы бағаны сараптап шықтық. Қызылордада ұсынылған 100 теңге басқа ешбір аймақта жоқ екен. Бекітуге кеңес берілген 90 теңгелік тарифтің өзі Астана мен Өскемен қалаларында ғана. Ал Алматы, Атырау, Қостанай, Қарағанды, Петропавл қалаларындағы жолға төленетін ақы 80 теңгені құрайды. Сонда Қызылорда қоғамдық көліктегі жүру құны бойынша алғашқы үштікке енгелі отыр ма? Қызық, бұл жағына келгенде асықпай-ақ қойса да болатын еді ғой. Өйткені Ақтөбе, Семей, Талдықорған, Көкшетау қалаларындағы жолақы 60 теңге болса, Таразда – 55, Жезқазған мен Ақтауда 50 теңге екен. Мына қалалардағы бағаға қарағанда, шығынды өтемейді деп шырылдайтындай ештеңе жоқ сияқты. Мұның сыры басқада болып отыр. Бізге белгілі дереккөздер бойынша, Қызылорда қаласындағы жолаушылар қатынасын реттеу үшін 112 автобус банктен несиеге алынған көрінеді. Кім білсін, бәлкім, түйткілдің түйіні осында жатқан шығар?!

Есен БАРЛЫБАЕВ
Қызылорда облысы

 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар