1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір зиялы қауым арасында «Елім, жұртым!» деп ұрандаушылар саны басым. Олар бір қарағанда, қазаққа шын жанашыр тәрізді көрінеді. Алайда айналып келгенде, қазақ зиялыларында турашылдық жоқ. Ақиқатында, ұлттың мақсат-мүддесін көздейтін, ұлт үшін шыбын жаны шырқырайтын адам саусақпен санарлық. Осыны біліп отырған халық «біздің зиялыларымыз тым жалтақ» демегенде не дейді?
Автор: Тұрсынбек Кәкішев, жазушы-ғалым
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №54 (16240)   6 шілде, бейсенбі 2017
6 шілде 2017
Болашаққа қандай қоғам қалдырамыз?

Қазақтың саны 18 миллионға жетті. Мүслима Саматқызы атты сәби Қазақстанның 18 миллионыншы тұрғыны болып, ресми жария етілді. Отбасын, ел-жұртын қуантқан нәресте Талдықорған қаласында 11 мамырда дүние келген екен. Үкіметтің есеп-қисабы бір жарым айға созылып, Астана күні қарсаңында ресми жария етілген 18 миллионыншы қазақ баласы қазір қырқынан шықты. Мүслимаға Құдай ғұмыр берсін! Еш жамандық көрмей, бақытты өмір кешсін! Бұл – «Жас Алаштың» тілегі.

Әрине, елдің қуанышына ортақпыз. Бірақ қазақтың санын 18 миллионға жеткізген сәбиге ақ адал тілек арнап отырып, біз сол ұрпақ үшін қандай қоғам құрып, нендей құндылықтар қалыптастырып, қандай болашақ қамдап жатырмыз деген сауал да көкейде тұрады. Шынымен, біз ұрпағымыз үшін қолымыздан келгенін жасап жүріп, олар үшін қандай қоғам құрып жатқанымызды бір уақ ойландық па осы? Рас, әрбір ата-ана баласына кемдік көрсетпей, қатарынан қалдырмай өсіруге, білім беруге, жақсы азамат болып қалыптасуына бар күш-жігерін жұмсайды. Дегенмен әке-шешенің өзгертуге, ықпал етуге шамасы жетпейтін қоғамның тіректі әрі күрделі һәм терең проблемалары бар. Мәселен, осы мақала жазылып жатқан сәтте дүниеге келген сәбиді келешекте қандай қоғам күтіп тұр деген сауалдың жауабын біз бүгіннен іздейміз. Ал бүгініміз қандай? Тым шарықтап кетпей, жалпы жұртқа аян мәселелерді тізіп шықсаңыз да, ұрпақ үшін деп ұрандаған көңіліңіз пәс болып, қабағыңыз түсіп кетеді. Мысалы, жемқорлықты алайық. Елдегі жемқорлық барлық салаға дендей енген. Кәдімгі дәрігерден алатын түрлі анықтамалардан бастап, жоғары билік эшелонына дейінгі аралықты бүркеп жатыр. Қызық болғанда, кейде жемқорлықпен күресіп жүргендердің өзі жемқор болып жатады. Ал бесік тербеткен ана, бала қамы үшін жүрген әке осы жемқорлық жайлаған қоғамнан тыс жерде өмір сүріп жатқан жоқ. Демек, келешекке жемқорлыққа батқан қоғам жасап жатырмыз. «Балалар өскенше заман түзеледі» деп үміттенген жақсы ғой, бірақ балалар көретін түзелген заман көктен түспейді, жерден шықпайды. Олар біз жасаған қоғамды көреді, оны әрі қарай дамытады, өз жаңалықтарын енгізеді.
Сондықтан «балалар өскенше заман түзеледі, бұлардың заманы басқа болады» дейтін сөз бүгінгі проблемалармен күресуге дәрменсіздік танытып, келешектің жауапкершілігінен жалтарған, жеңілген адамның сөзі. Рас, бәлкім, біз өзгермейтін, өзгеріске жаны қас ескі жүйеден және сол жүйе тудырған проблемалардан жеңілген шығармыз. Өйткені қоғамның бойында ұрпақ үшін дейтін күрестен гөрі жүйеге икемделіп күнелту, тіршілік ету басым. Сөйте тұрып, «Бәрі де балалар үшін!» деген ұранды әр ата-ана жақсы көреді. Сонда жемқорлық, білім саласындағы министр Сағадиевтің «лаңы», әділ сайлаудың өзі түгіл, көлеңкесінің де жоқтығы, ширек ғасырдан бері шешілмеген қазақ тілінің мәселесі, айлықтың аздығы, жұмыссыздықтың көптігі, қымбатшылық, шұрқ-тесік жолдар, үй-күйсіз адамдар, сыртқа ағылып кетіп жатқан қазба байлық, тағы басқа толып жатқан мәселенің бәрі біздің ұрпағымыз үшін жасалып жатқан «жақсылық па?» Билік әркез «Қазақстанның болашағы керемет, ғажап болады» дейді. Осы сөзі арқылы билік те қоғамды болашақпен алдаусыратып, өзі ел ішіндегі қазіргі қаптаған мәселеден жалтарып, жауапкершіліктен құтылып кетуге бейіл екенін көрсетеді. Яғни билік те бүгіннен қашады. Болашақпен өзін алдағысы келеді. Болашаққа бастайтын бүгінгі күннің қиындығымен күрескісі келмейтін билік пен қоғам – эгоист. Жоғарыда тізген мәселелердің бәрі де бүгінгі туған баланың жарқын болашағы үшін бүгін шешілуі тиіс дүниелер. Амал не, шешілгенін емес, одан сайын күрделеніп бара жатқанын ғана көріп келеміз. Бұдан шығатын қорытынды: біз ұрпағымыз өмір сүретін келешек қоғамды орнатудың жолында түк те істеп жатқан жоқпыз. Рас, біздің қазекең қоғам мәселесі дегенге аса басын қатырмайды. «Болашақ үшін біз қандай қоғам құрып жатырмыз?» деген сауал қойсаңыз, көп күмілжиді. Жоғарыда сөз еткен мәселелерді тізбелесең, үркеді, «мынау оппозиция екен, бәлесінен аулақ» деп ойлап үлгереді. Болашақ деген өзі асырап отырған балалары екенін, бүгінгі қоғам ертең соларға өтетінін жете түсінбейді. Содан келіп «мұның бәрінің маған қатысы жоқ, ұрпағымның қарны тоқ, көйлегі көк, қатарынан қалмай өссе болды» дейді. Сол жолда ұрпағыма деп мал жинайды, бай болғысы кеп жанталасады. Ал, жарайды, мал мен байлықты балаңызға қалдырдыңыз, бірақ қазіргі қоғамның шеті сетінемеген таудай проблемалары бар қоғамды балаңызға қалдырып кетсеңіз, балаңыз байлығына, баршылығына қарамастан, тура өзіңіз сияқты күрмеуі көп мәселелердің ортасында өмір сүреді. Сіз секілді ол да әділ сайлауды, жан-жақты қорғалатын адам құқығын, қазақ тілінің бостандығын, жемқорлықсыз елді, өзіне аса жауапты әр саланың маманын, бір сөзбен айтқанда, адамның бостандығы мен жайлы өмірі үшін құрылған қоғамды көрмей өтуі мүмкін. Яғни бесіктегі болашақ дегеніңіз – бүгінгі әкелер мен аналардың күресі мен әрекетінің жемісін көретін келешек қоғам мүшесі. Ұрпағы үшін жақсы қоғам орнатуға күреспеген адам ұрпағымен мақтана алмайды. Демек, қазақ қоғамы болашаққа қандай қоғам қалдырамыз деген сауалға жауап беруге дайын емес. Қашан дайын болатыны да белгісіз. Болашақтың қоғамы дегенді жеке отбасының баршылығы және тыныштығымен ғана өлшейтін біздің қазекең қоғамдық ойлау жүйесін қалыптастыру үшін де тағы біраз уақыт кетеді. Біз сол қоғам туралы қазақы түсініктің шырмауында шатылып жатқанда, бесіктегі болашақ күні ертең көзін ашып көргені жемқорлық, әділетсіздік, мәдениетсіздік, қымбатшылық болған соң, ол ата-анасы күреспеген жақсы қоғамды басқа жақтан іздейді. Яғни батыстан, Америкадан, тағы басқа шетелден іздейді. Мүмкін, іздегенін табатын да шығар.
Қазақтың саны 18 миллионға жеткенін естіп қуансақ та, біз оларға қандай қоғам қалдырамыз деген сұрақ көлденеңдей берді. Бұл сұрақты әрбір ата-ана өзіне қоюы тиіс. Өйткені билікке бәрібір: келеді-кетеді, бүгін бар – ертең жоқ. Ал тұтас қоғам мен оның болашағының қандай болмағы қашанда өз қолымызда...

Өміржан ӘБДІХАЛЫҚ
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (2)
Қажы Мұқамбет Қаракедей | 8 шілде 2017 19:57
Ертең деген болашақ
Бүгін керек қаласақ
Бүгіні болса масқара
Ертеңі аспас оншама
Артық болмай ертеңі
Керіге қарай кеткені
Ұсаған болса баласы
Əкеге болар наразы
Құдай да қарғар екеуін
Ондай қалар келмеуін
Қылып мені келемеш
Болдың неге мұнша өш?
Жер мен бергем көкті де
Аманат қып бердім не?
Сендер болдың опасыз
Тамұққа түсіп жанасыз
Төре | 9 шілде 2017 21:09
Болашаққа қандай қоғам емес, қандай ұрпақ қалдырамыз? Қазіргі ұрпақ компьютерге, ұялы телефонға телміргендер ... Телефонда азғындаған "дүниден" олар қандай парасат-пайда алып жатыр. Неше түрлі жыныс қатынастардың азғындаған түрлерін күні-түні қызықтауда. Қыз балаларды қайдам? Бұл "пәлекет" ер балалардың ерте "БЕЛСІЗДІГІНЕ" әкеліп соқтырады? Жігіттер үшін бұл айықпас сор-апат! Төсек қатынасы - құпия қатынас? Осыны қазірден бастап ойламасақ, кешігеміз... Бұған ем болмай тұр...
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар