1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Еш уақытта қазақ... қазақ мемлекет болған жоқ, себебі шекарасы болған жоқ».  --- «Қытай Халық Республикасы рапс пен соя секілді жемшөп дақылдарын егу үшін бізден 1 млн. га жер сұрап отыр».
«Азаттық» радиосы
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №54 (16240)   6 шілде, бейсенбі 2017
6 шілде 2017
100 миллион және бір ой

Осы аптада президент Н.Назарбаев Қырғызстанға 100 миллион доллар бөлу туралы құжатқа қол қойды. Бізде «бұл ақшаны не үшін беріп жатырмыз?» деген сұрақ үлкен жиындарда кеңінен талқыланбады. Ал айыр қалпақты ағайындар «не үшін аламыз?» деп, бұл қаржының тиын-тебеніне дейін қайда жұмсалатынына қатты қызығушылық танытып жатты. Осыдан екі апта бұрын іссапармен Бішкекте болғанымызда қырғыз телеарналарынан берілген ақпараттардан жогорку кенештің депутаттары бұл қаржының түп-төркініне дейін қазбалап сұрап, есептеп, бұл миллиондарға кімнің жауапты болатынын тәптіштеп жатқанының куәсі болдық.

Қазіргі заманда ақша бергенді кім жек көрсін... Қырғыз депутаттарының арасында «қазақ ағайындарға шоң рақмет» деп жатқандары да бар. Сондай-ақ «Қазақстан бұл ақшаны бай болғаннан беріп отырған жоқ» деп, бұл көмекке тіксіне қарап, қазақ билігі осы қаржымен бірге ықпалын жүргізіп кетпей ме деп сақтық жасап жатқандары да баршылық. Ең бастысы, депутаттарға есеп берген Қырғызстан қаржы министрінің орынбасары бұл ақшаның әрбір тиынына дейін есептеп, қайда жұмсалатынын толыққанды айтып берді. Соның өзінде халық қалаулылары күмәнді көрінген әрбір цифрға шұқшиып жатты. «Бұл қаржыға міндетті түрде біреу жауап беруі тиіс» деп, 100 млн доллардың жұмысын қадағалауды премьер-министрдің орынбасарына жүктеп қойды. «Бұл 100 млн доллардың бөлінетіні былтырғы жылдың желтоқсанында белгілі болған еді. Міне, жылдың жартысы өтті. Неге бұл қаржылар кеш бөлінді? Енді жылдың аяғына дейін игеріп үлгереміз бе?» деп дау шығарғандары да болды. Айтпақшы, 100 миллионның әзірге жартысына жуығы бөлінеді. Кейінгі бөлігі тамыздан соң қарастырылады.
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мамыр айында Еуразиялық экономикалық интеграция жағдайында экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері арасындағы келісім аясында Қазақстан Қырғыз еліне 100 миллион доллар көлемінде қаржылай көмек көрсететінін хабарлаған еді. «Келісімге сәйкес, қазақстандық тарап Қырғыз Республикасының Еуразиялық экономикалық одаққа интеграциясы үдерісіне жәрдемдесу мақсатында қырғыз тарапына 100 миллион АҚШ долларына көмек көрсетеді», – деген еді Сүлейменов парламент мәжілісінің жалпы отырысында.
Әрине, «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген қазақпыз ғой. Бауырлас көршінің экономикалық жағдайы дұрысталғаны бізге де жақсы. Дегенмен де өзімізден ақша алып отырған Қырғызстандағы депутаттарға қызғанышымыз шексіз екенін қалай жасырайық!
Мәселен, Қазақстанның сыртқы қарызы 164 миллиард доллардан асып кетті. Осыншама қарызды біз не үшін алдық? Бұл қаржыны қайда жұмсадық?
Қазақ депутаттары осы сұрақтарға бас қатырып, үкіметтен әр тиынға есеп алып, ашық жиын өткізіп пе еді? Жоқ, ондай жағдай болған емес. Қытай Қазақстанға тағы да қыруар қаржы құймақ. Оның өтемі, есебі, сұранысы қандай? Бұған да алаңдаған парламентті, зиялы қауымды көрмедік.
Қырғыздар бір туған бауырынан, яғни бізден алған әрбір тиынға асқан сақтықпен, жауапкершілікпен қарап, ақшаның астарына үңіліп жатыр. Ал біз не ділі, не діні, не тілі, не тарихы үш қайнаса сорпасы қосылмайтын алып мемлекеттен бас-көзге қарамай үсті-үстіне қарыз алып жатырмыз. Әрине, билік басындағылар бірдеңе білгендіктен экономика үшін, ел үшін қарызданып жатқан шығар. Бірақ олай болатын болса, неге қарыздың мақсаты мен орнын қырғыз үкіметі сияқты парламентте кеңінен талқылап ашық айтпайды?
Егер сізді біреу сыртыңыздан қарызға батырып, онысымен қоймай, ақшаны не үшін алғанын айтпай қойса, сізге көрсеткен қорлығы емес пе? Қарыз алып, оның ретін халыққа түсіндірмейтін биліктің әрекеті де осыған ұқсас. Қырғыз парламентіндегі қарызды талқылау жиынын көргенімізде көңілімізге осы ойдың бірінші келгенін несіне жасырамыз...

Оралхан ДӘУІТ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар