1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
  “Шымбұлақ” тау шаңғысы курортының 25% Н.Назарбаевтың меншiгiнде. Мәселен, Болат Назарбаев “Шымбұлақта” екi үйi болғанын қалады. Мұнымен курорт басшысы Сергей Гитолов келiс­пептi. Сонда оның басына тапаншасын тақаған президент­тiң iнiсi: “Қазiр сенi жайратып салу маған түкке тұрмайды. Бұл үшiн маған ештеңе болмайды“ деген.  “Шымбұлақтағы” үйлердің иелері: Н. Назарбаев, Б. Назарбаев,  Д. Назарбаева, Ә. Назарбаева, Т. Құлыбаев, К. Мәсімов, И. Тасмағамбетов, Қ.Саудабаев, Н. Әбіқаев, А. Шабдарбаев, Б. Мұхамеджанов, Н. Сұбханбердин, Т. Досмұхамбетов, Б.  Өтемұратов, С. Қалмырзаев, А. Есімов, Д. Ахметов, А. Машкевич, П. Шодиев, Ә. Ибрагимов, С. Гиталов, Ә.Арғынғазин, А. Клебанов, В. Храпунов.
Автор: Виктор Храпунов, Алматы қаласының бұрынғы әкімі. “Республика” газетi. 03.10.2011ж.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №55 (16241)   11 шілде, сейсенбі 2017
11 шілде 2017
Психологтердің өзіне психолог керек

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 5 пен 14 жастағы балалар арасындағы суицидтен Қазақстан бірнеше жылдан бері қауіпті бестікке кіреді. Әлеуметтік зерттеулер еліміздегі балалардың 26 пайызы өзін-өзі өлтіру жайлы ойланатынын анықтаған. Сарапшылар мұны ата-аналардың балаға немқұрайдылығы мен мектеп психологтерінің сауатсыздығынан көреді. Ресми деректер бойынша, 2015 жылы Қазақстанда мектеп жасындағы 201 бала қыршын ғұмырын тәрк етсе, 485 жасөспірім суицидке талпынған. Соның 68 пайызының себебі анықталмаған. Психологтердің айтуынша, мұндай шешімге көбіне өз мәселесімен жалғыз қалған балалар бекінеді. Алматыдағы мектептердің бірінде әлеуметтік педагог болып жұмыс істейтін Райхан Қарабаева мұғалімдер оқушысымен эмоционалдық байланыс орнатуға тырыспайтынын, ал ата-ана балаға жеткілікті көңіл бөлмейтінін айтады.
– Жұмыс тәжірибемде ата-аналардың балалардың психологиясына кері әсер ететін ұрып-соғу, дөрекі сөйлесу сияқты әдеттерінен арылтып, қайта тәрбиелеу өте қиын екеніне көзім жетті. Бірақ өлім туралы ойланатын жасөспірімдердің сипаты біркелкі емес: мұндай балалар бай да, кедей де, бүтін де, толық емес те отбасынан шығады. Жеткіншектер өзін ешқашан жалғыз және шеттетілгендей сезінбеуі керек. Көбі алдымен көмек іздейді, таппағандары жаман жолға кетіп жатады. Соңы, амал не, қайғылы аяқталады, – дейді маман.
Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті 2017 жылдың қаңтарында кәмелет жасына толмағандардың 20 суицид фактісін тіркеген. Бұл 2016 жылғы көрсеткіштен 42 пайызға көп.
Райхан Қарабаева психологиялық қолдау мен қамқорлықтан қағылған балаларға көмек көрсету міндеті мектепке жүктелетінін айтады. Соған қарамастан, жыл сайын Қазақстанда 200-дей мектеп жасындағы бала өзіне-өзі қол салады немесе соған талпынады. Мұның себебін маман мектеп психологтерінің кәсіби сауаттылығының төмендігінен көреді. Оның айтуынша, мектеп жасындағы балалармен сауатты байланыс орнатып, түрлі жағдайда қандай кеңес бергені дұрыс екенін білуі үшін өзі бұған дейін баламен жұмыс істеген ана немесе тәжірибелі психолог болуы тиіс. Бірақ Райхан Қарабаева елдегі мамандардың жас әрі проблемалық балалармен қалай жұмыс істеуді білмейтінін айтады.
Жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесін зерттеп жүрген Светлана Богатырева да түсіндіру жұмыстары кезінде осыны байқаған. Қазақстандағы барлық мектепте психолог пен әлеуметтік педагог жұмыс істегенімен, суицид санының азаймай отыру себебін ол былай түсіндірді:
– Алты жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама шеңберінде оқу орындарында міндетті түрде психолог пен баланың әлеуметтік проблемаларын шешумен айналысатын арнаулы маман тағайындалды. Бірақ олар кәсіби түрде көмек бере алмайды. Біз әңгімелескен көп психолог суицидология мәселесін оқымаған болып шықты.
Светлана Богатырева университеттердің психология факультетінде студенттерді жұмыс барысында кездесуі мүмкін қиындықтарға дайындайтын практикалық тәжірибеден гөрі теориялық білім беруге бейіл келетінін айтып қапаланады. «Жас Алаш» сөйлескен студенттер Светлананың бұл ойымен келіседі. Алматы университеттерінің бірінде психология факультетінде оқитын Гүлжайна мамандығын қалап түскенімен, кейін ықыласы жоғалғанын айтты.
– Мектептерге барғанда ондағы мамандардың қалай жұмыс істейтінін көрдік: «психолог бар» деген ат үшін отыр. Жұмыс – қағазбен, істейтін нәрсе көп, бірақ айлықтары аз. Университетте де қиын жағдайға түскен баламен қалай жұмыс істеу керек екенін үйретпейді. Айтылса да тек теориямен ғана. Тәжірибеде қалай екенін білу үшін амалсыз ақылы курстарға барамыз, – дейді ол.
Алматыдағы университеттердің бірінде сабақ беретін психология ғылымының кандидаты Майра Құнанбаева психологтердің төрт жыл оқитынын аз мерзім дейді. Маманның пікірінше, жас кадрға мектепте жетекші тағайындалып, екі жыл ішінде тәжірибе жинап, үйретуі тиіс. Бірақ Қазақ психологиялық қоғамының президенті Мұқан Перленбетов мектептерде жаңадан келген психолог мамандарды үйрете алатын ұстаздардың қалмағанын айтады. Бұған, оның пайымдауынша, бірнеше жыл бұрын мектеп психологтерінің қызметтік категориясын түсіріп тастау себеп болған.
– 2015 жылы психологтердің статусы G-9-дан G-10 категориясына түсірілді. Бұл – қазіргі психологтердің дәрежесі мектептегі еден жуушы, сантехник секілді техникалық қызметкерлермен тең деген сөз. Айлығы да сол шамада. Осы қаулы күшіне енгеннен бастап оқу орындарында мықты деген психологтердің бәрі басқа жұмыс іздеп, кетіп қалды. Қазір мықты маман өте аз, – дейді ол.
Психологиялық қоғам президенті мектеп әкімшілігінің психологтерді ештеңемен айналыспайды деп, қолбаладай көріп, қағазбен жүгіртіп қоятынын айтып та қапаланады. «Оның үстіне мектепте психолог болып жүргендердің көбі кәсіби мамандар емес. Мектепке жұмыс іздеп келген математика пәнінің мұғаліміне сағат жетпей қалса, оны психолог ретінде қызметке ала салатын жағдайларды да көргенбіз», – дейді Мұқан Перленбетов.
Суицид жиілігі бойынша Қазақстан жағдайы ең нашар елдердің тізіміне кіреді. Ал 15 пен 29 жас аралығындағы жастар суициді бойынша Қазақстан халі ең мүшкіл 10 мемлекеттің қатарында. Өзін-өзі өлтіру – 15 жастан 49 жасқа дейінгі қазақстандықтар арасындағы өлім-жітімнің екінші негізгі себепшісі. Біріншісі – жол-көлік апаттары мен абайсызда болатын түрлі жарақаттар.

Аян ҚАЛМҰРАТ
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар