1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Шешенстандағы қираған халыққа қол ұшын созған біздің ағайындар. Грозныйдың төріндегі көпқабатты зәулім үйдің құрылысына қаржыны да берген қазақтар. Сол үшін де Рамзан Қадыровтың қолынан алғас алған Иманғали Тасмағанбетовтің күйеу баласы Кеңес Рақышев. Дәл сол марапаттау кезінде ақкөңіл, дархан қазақ жігіті шешенстанның «Терек» футбол клубына автобус, өзінің астында мініп жүрген ұшағын сыйлап және Грозныйдағы аурухананың құрылысын толық көтеретінін айта кетті. Бұл қайдан тасыған байлық, қай көңілден кеткен кеңшілік екенін біле алмадық.
Автор: alaman.kz, 19.06.2010 ж.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №55 (16241)   11 шілде, сейсенбі 2017
11 шілде 2017
Атамқұловтың бастамасы үмітті ақтамады

«Жас Алаштың» өткен сандарының бірінде біз Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының жаңа жылдан бергі аралықта басшысыз тұрғанын жазған едік. Енді, міне, облыстағы екі үлкен аудан – Сарыағаш пен Мақтаарал аудандық білім бөлімдері басшысыз қалды. Басшылардың бірі сотталып кетті, қарамағындағы қызметкерлерімен соттасудан қолы тимеген екінші басшы да өткен аптада ойда-жоқта жұмыстан босатылған.

Иә, рас, Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Мұратбай Махановтың орны ақпан айында, «басшының өзі пара алды» деген күдікпен ұсталғалы бері бос тұр. Арада алты ай өтсе де, оның орнына жаңа басшы тағайындалған жоқ. Бәлкім, жоғарыдағылар білім саласындағы былық-шылықты жөнге салып, өзі туралы жақсы пікір қалыптастырған басшыға сот ақтау үкімін шығарады, қызметіне қайтып оралады деп сенген шығар. Алайда Сарыағаш аудандық сотының жуырда шығарған үкімі бұл сенімді сетінетіп кетті. Сот Мұратбай Махановты тағылған үш айыптың біреуі бойынша (қызмет бабын теріс пайдалану) ғана ақтады. «Пара алды» және «қызмет бабын асыра пайдаланды» деген қалған екі айып бойынша кінәлі деп танып, үш жылға бас бостандығынан айырды. Сотталушының қарауында кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты үкімнің орындалуы үш жылға кейінгі қалдырылды. Бұдан бөлек, үкім бойынша экс-басшының мүлкі тәркіленуі тиіс және ол енді ешқашан мемлекеттік қызметке орала алмайды. Айыпталушы тарап соттың бұл төрелігімен келіспей, облыстық соттың апелляциялық алқасына шағымданбақ. Ал Сарыағаш ауданының білім саласындағы жағдай қайтадан күрделене бастаған сияқты. Махановтың міндетін уақытша атқаруға кіріскен азамат туралы арыз-шағым, түрлі әңгімелер көбейіп тұр.
Сарыағаштың «заврайоносы» осылайша сотталып жатқанда, Мақтаарал аудандық білім бөлімінің басшысы Лесхан Қойлыбаев қызметінен босатылды. Бейресми мәліметтерге қарағанда, білім бөлімінің басшысы орнынан ойда-жоқта кеткен. Оны босату туралы тапсырманың облыс басшыларының өзінен келгені туралы әңгіменің қаншалықты рас екендігі белгісіз. Белгілісі – Қойлыбаев қызметін өз еркімен тапсырғанға ұқсайды. Не үшін? Ұзынқұлақтан жеткен әңгімелерге қарағанда, соңғы уақытта басшының үстінен арыз жазу, соттасу көбейген.
Мақтаарал аудандық білім бөлімінің басшысы қызметіне былтыр мамырда тағайындалған Л.Қойлыбаев келген бойда білім саласын реформалауға көшкен еді. Ондаған мектеп директорын қызметтен алып, олардың орнына кадрды конкурспен қабылдады. Алайда мұның соңы соттасуға ұласқан. Сотта Қойлыбаевтың кейбір әрекеттері заңсыз деп танылған. Біз Қойлыбаевты сотта жеңген Фердоуси атындағы мектептің директоры Жанар Мамыровамен хабарласқан болатынбыз. Оның айтуынша, аудандық білім бөлімінде жұмыс істеп жүрген оны Л.Қойлыбаев заңсыз қызметінен босатады. Артынша Мамырова мектеп директорларының конкурсына қатысып, комиссияның шешімі негізінде Фердоуси атындағы мектептің директорлығына тағайындалады. Алайда арада көп уақыт өтпей жатып Қойлыбаев оны қызметінен қайта босатқан. Жұмыссыз қалған Мамырова сотқа талап арыз береді. 9 маусымда сот оның талап арызын қанағаттандырады. Қызметіне қайта орналастырылған, бос жүрген уақытындағы еңбекқысы өндірілген, бұдан бөлек, шешім бойынша Л.Қойлыбаевқа Мамырованың пайдасына 100 мың теңге моральдық өтемақы төлеу міндеттелген. Дегенмен Қойлыбаев бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым берген көрінеді.
Бір айта кетерлігі, Мұратбай Маханов пен Лесхан Қойлыбаев уақтысында облыстық білім басқармасында қызмет істеген. Аудандық білім бөлімдерін басқаруға екеуі де бір мезгілде кірісті. Ол екеуінің моральдық ахуалы ауырлау аудандардың білім саласын басқаруға сол кездегі облыс басшысы Бейбіт Атамқұловтың тікелей бастамасымен, тапсырмасымен кіріскені көп айтылатын еді. Өкінішке қарай, екі басшының қазіргі жағдайы осындай болып тұр. Күнгейдегі екі үлкен ауданның білім саласындағы жағдай қайтадан күрделене бастады. Бұл нені білдіреді? Реформаның, өзгерістің және ең бастысы, бір жаңалық болады деген сенімнің, үміттің өшкенін бе?
Экс-әкім Атамқұловтың бастамасы үмітті ақтамады. Ендігі әкім Түймебаев қандай тәжірибені қолға алар екен?

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ
Оңтүстік Қазақстан облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар