1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Біздің еліміздегі өз ұлтына қарсы қастандық атаулының бәрі де қазақтың атымен жасалады. Қазақтың келешегі үшін туған жерімізді, ана тілімізді сатамыз, қазақтың келешегі үшін ар-ұятымызды саудаға саламыз, қазақтың келешегі үшін өз бауырларымызды бульдозермен үйлерін талқандап, еңіреп жылап-сықтаған әке-шешемізді, апа-қарындастарымызды “өлмесең өрем қап” деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырамыз. Ең қорқыныштысы осы опасыздықтардың бәрі де “Қазақтың келешегі үшін!” деген “ұлы” ұрандардың арқасында жүзеге асырылады.
Автор: Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №56 (16242)   13 шілде, бейсенбі 2017
13 шілде 2017
Банктерде бет бар ма?

ҰЛТТЫҚ БАНК ІРІ БАНКТЕРГЕ 500 МЛРД ТЕҢГЕ ҚОЛДАУ ҚАРЖЫСЫН БЕРМЕКШІ
Мемлекеттен үнемі қолдау қаржысын алатын банктерді халық жақтыра бермейді. Жыл басында жүйеқұраушы банктің «бірі де бірегейі» саналып келген Qazcom Ұлттық банктен 400 млн теңге несие алған кезде әлеуметтік желі қолданушылар ұлардай шулаған еді. Әйтсе де мамандар, әсіресе Ұлттық банк өкілдері, жүйеқұраушы банктерге қолдау көрсету өркениетті елдерге тән құбылыс екенін айтудан жалықпай келеді.
«Дамыған елдердің орталық банктері банктерге көмек көрсетеді. Көптеген елдерде мемлекет қол ұшын ірі банктерге береді. Себебі олар ел экономикасына жүйелі тәуекел (қауіп деп түсінсек те артық емес – ред.) төндіреді», – дейді Ұлттық банктің банктерді бақылау жөніндегі департаментінің директоры Олжас Қизатов.
Жағдай сіз бен біз ойлағаннан да әлдеқайда нашар болуы ықтимал. Егер «азуын айға білеген» банктердің ахуалы тым жақсы болса, Ұлттық банк қалтасынан тағы 500 млрд теңге көлеміндегі көмек қаржысын шығарар ма еді? Жоқ, шығармас еді.
Соңғы жылдары екінші деңгейлі банктердің қоржынындағы «жұмыс істемейтін күмәнді кредиттер» туралы көп айтылып, көп жазылды. Кейбір қаржы институттары оларды қайта құрылымдады, енді бірі қаламаса да өте аз бөлігін баланстан шығаруға мәжбүр болды. Әйтпесе жағдай тым мүшкіл деңгейде түсіп кетуі кәдік-тін. Кезінде оңды-солды қарыз алғандар «банктер қарызды кешіреді екен» деген де қауесет таратты. Бұл да оңтайлы шешім емес еді. Себебі қаржы институтынан қарыз алған жауапкершілігі жоғары, ұқыпты клиент онысын уақтылы жабады екен, ал мүмкіншілігіне қарамай үйіп-төгіп несие алып және онысын төлемей қойған жауапсыз адамның қарызы өзінен-өзі оп-оңай жабыла қояды. Сондықтан қарызға «кешіріммен қарамаған» банктердің бұл әрекетін өз басым құптаймын. Алған несиесі арзан бола ма, жоқ, қымбат тұра ма, тұтынушы оны төлеуге тиіс.
Енді назар аударыңыздар, Ұлттық банк өкілі Олжас Қизатовтың айтуына қарағанда, қазақстандық банктердегі жұмыс істемейтін қарыздар легі портфельдің төрттен бірін құрауы әбден мүмкін. Ал кейбір банктерде кепіл қойып алынған қарыздардың көрсеткіші ссудалық портфельдің 80 пайызынан асып түсетін жағдайлар кезігетін көрінеді. «Мұндай ахуал банктердің несиелеу белсенділігін тоқыратады. Осыған орай, біз банктердің алдағы уақытта сапалы дамып, жетілуі мақсатында және экономиканы одан әрі несиелеу үшін қолбайлау болған түйінді дер кезінде шешуді жөн санадық», – дейді О.Қизатов.

«ОН ОЙЛАНЫП, ТОҒЫЗ ТОЛҒАНҒАН» ШЕШІМ БЕ?

Ұлттық банк өкілдерінің пайымына қарағанда, «банктерге қолдау қаржысын берген дұрыс па, жоқ па?» деген мәселеге олар әжептәуір бас қатырған сыңайлы. Бермейін десе жағдай нашар, берейін десе шашылып жатқан дүние жоқ. «Оның үстіне экономиканың бұл секторы мемлекет басшысының назарында. «Банктердің күйрегені – экономиканың күйрегені» деген қағиданы президент үнемі еске салып отырады. Ұлттық банк көмек қаржысын беру туралы шешім шығарарда осы мәселені жіті ескерген болуы ықтимал. Әрі ел ішінде жүйеқұраушы банктердің құлап жатқаны мемлекеттің абырой-беделіне нұқсан келтіреді. Мұндайда шетел инвесторлары іргені аулақ салатыны ақиқат. Жұмыс істемейтін кредиттердің экономиканы несиелеуге келтіріп отырған кедергісі зор. Бұған теңгенің құнсыздануын және тұтынушылардың төлем қабілетінің нашарлағанын қосыңыз. Реті келгенде айта кетейін, отандық банктер кредиттеу жүйесіне түбегейлі өзгеріс, жаңа шешім енгізбейінше, тұйыққа тірелгені тірелген. Жағдай бұдан 10 жыл бұрын қалай болса, әлі сол деңгейде келе жатыр. Банк топ-менеджментінің бізде ізденісінен гөрі амбициясы басым», – дейді «Жас Алашқа» пікір қосқан қаржыгер-сарапшы Ердос Бауыржан. Айтпақшы, банктердің тұрпайы несиелеу жүйесінің кем-кетігін айтып ашынатын тұтынушы көп. Таяуда қаржы сарапшысы Меруерт Махмұтова Fortebank-тің несиелеу қызметіндегі олқылықты әлеуметтік желіде ойып тұрып көрсетті. Білікті маман өз сөзінде: «ДСҰ-ға кіру шарттары бойынша шетел банктерінің елге келуіне шектеу қойылатын мерзімнің аяқталу кезеңін – 2020 жылдың қарашасын асыға күтіп жүрмін. Мүмкін, осыдан кейін өркениетті банктік қызметтерге біздің қолымыз жетіп қалар деген сенімдемін», – деген ой-пікірімен бөлісті. Егер отандық банктер несиелеу саясатын мүлтіксіз жүргізгенде қаржыгер, бәлкім, бұлай демес пе еді, қайтер еді...

БАНКТЕР 1 ТЕҢГЕСІН ҚАЛДЫРМАЙ ҚАЙТАРАДЫ
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляковтың баспасөзге берген түсініктемесіне қарағанда, қолдау бағдарламасы 15 жылға созылады және оған шамамен 15 банк қатысуы мүмкін. Осы 15 жылдың ішінде қаржы институттары алған қаржысының 1 теңгесін қалдырмай мемлекетке (Ұлттық банкке) қайтаруы тиіс. Қаржы бөлу қызметімен Ұлттық банк жанынан құрылған еншілес ұйым айналысады. Ұйым 1,5-2 айдың ішінде бағдарламаға қатысуға ниетті әр банкке арнап жеке-дара жоспар жасайды. Осы жерде ескерте кететіні, бас банк тек ірі банктерге (жеке капиталы 45 млрд теңгеден төмен емес) жәрдемдеседі. Бұл – бір. Екіншіден, банк акционерлері қолдау қаржысын бас банкпен бірге «бөлісуі» қажет. Яғни «екіге – бір» әдісі бойынша қаржыландырылады – үштің екі бөлігін Ұлттық банк беретін болады. «Осыдан кейін банктердің жеке капиталы 1 триллион теңгеге жетеді. Осы кезде олар жұмыс істемейтін қарыздардың легін қысқартуға мүмкіншілік алады», – дейді Ұлттық банк өкілі О.Қизатов. Осы ақшаның жыл сайын шамамен 300 млрд теңгесі Қазақстан экономикасына түсетін көрінеді. Мұндай пікірді бас банктің мамандары көлденең тартады. Айтпақшы, 2022 жылға дейін бағдарламаға қатысушы банктер өз шығындарын толық мөлшерде жаба алатындай жеке капитал жинауы шарт.

Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ

ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Манап | 16 шілде 2017 19:42
Банк банкке қарыз берсе неге президент шетелден қарызға ақша алып жүр.Жəне не үшін алынғандығы жайлы жақ ашпайды.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар