1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Біздің еліміздегі өз ұлтына қарсы қастандық атаулының бәрі де қазақтың атымен жасалады. Қазақтың келешегі үшін туған жерімізді, ана тілімізді сатамыз, қазақтың келешегі үшін ар-ұятымызды саудаға саламыз, қазақтың келешегі үшін өз бауырларымызды бульдозермен үйлерін талқандап, еңіреп жылап-сықтаған әке-шешемізді, апа-қарындастарымызды “өлмесең өрем қап” деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырамыз. Ең қорқыныштысы осы опасыздықтардың бәрі де “Қазақтың келешегі үшін!” деген “ұлы” ұрандардың арқасында жүзеге асырылады.
Автор: Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №56 (16242)   13 шілде, бейсенбі 2017
13 шілде 2017
Білім саласындағы шығын мен сапаға қатысты бірер сөз

Бәсекеге қабілетті еңбек күшін дайындау мектептегі оқудың сапасына тікелей қатысты. Экономикалық серіктестік және даму ұйымындағы (ЭСДҰ) өмір сапасын анықтайтын индекстердің бірінде 15 жасар оқушылардың арасында жүргізілетін PISA (Оқушы білімін бағалайтын халықаралық бағдарлама) тест қорытындысының болуы бекер емес.
Былтыр және биыл біздің «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығы Қазақстандағы білім саласына бөлінетін жетіспейтін қаржы мен мұғалімдердің төмен жалақысына қатысты бірнеше сараптама, баяндама жасап, бұл салада дамыған елдерден айтарлықтай артта қалғанымызды айттық. Осы зерттеу қорытындысымен танысқандар «Қазақстанды ЕСДҰ-ға мүше дамыған мемлекеттермен салыстыруға келмейді» дегендей уәж, сыни пікірлер білдірді. Осы ойларды тексеріп көру үшін біз Қазақстан мен ЕСДҰ-ға мүше мемлекеттердің жалпы ішкі өнімдері мен білім саласына бөлінетін шығындарын салыстырып шықтық. Салыстыру нақты болу үшін алдымен барлық көрсеткіштерді жан басына шақтық. Сөйтіп, жетістік көлеміне шынайы қарадық. Сосын Қазақстанның кез келген мерзімдегі көрсеткіштерін салыстыра қарауға қолайлы болу үшін деректерді 2016 жылғы доллардың бағамына ауыстырдық. Сондай-ақ салыстыруды ұзақ мерзімде, 25-30 жыл аралығында қарастырдық.
Нәтижесінде жалпы ішкі өнімі жан басына шаққанда 7-8 мың доллар түсетін, Қазақстанмен даму деңгейі шамалас алты мемлекетті анықтадық. Олар – 1980 жылдардың соңындағы Оңтүстік Корея мен 2000 жылдардың басындағы Шығыс Еуропа.
Сонымен, мынадай қорытындыға келдік:
Қазақстан жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімімен өзімен деңгейлес алты мемлекетпен қатар тұрғанына қарамастан, білім саласына бөлетін шығыны жағынан айтарлықтай артта қалған.
PISA-ның рейтингісінде алдыңғы шепте тұрған 2000 жылдардағы Эстония және Польшамен салыстыра қарағанда Қазақстанның білім саласына бөлетін қаражатының айырмашылығы 70 пайыздан асып кетеді. Қазақстан 2016 жылы білім беруге жан басына шаққанда 275 мың доллар жұмсаса, 2002-2004 жылдардағы Польша – 459, 2002 жылдардағы Эстония 488 доллар жаратқан.
Қазақстан ЭСДҰ өлшемінің орта шебіне шығу үшін білім саласына бөлінетін қаржыны кем дегенде екі есе көбейтуі керек. Бұл – жылына шамамен 900 млрд теңге. Соңғы үш жылдағы бюджет пен Ұлттық банк трансферттерінің мүмкіндіктері мұндай қаржыны қарастыруға, табуға болатынын көрсетті.
Өткен жылы біз қысқа уақытта зор нәтижеге жеткен Польшаның білім беру саласын зерттеп, мақсат пен табыстың кілті, яғни білім саласындағы дамудың басты себебі мұғалім әлеуетін көтеру болғандығына көз жеткіздік. Білім сапасы мен кәсіби маман дайындау сапасы дереу артып, ұстаздардың еңбекақылары орта есеппен 50 пайызға өскен.
Ал 2016 жылы Қазақстандағы орта білім беретін мектеп мұғалімінің жалақысы 46 мың теңгеден басталып, орта есеппен 108 мың теңге болған. Салыстыра қарасақ, Ресейде мұғалім айына 155 мың теңге алады. Ал Эстония ұстаздарының жалақысы – 357 мың, Польшада – 517 мың, Канадада 1,7 млн теңгеге жетеді.
Ақылға салып өсірген мұғалім жалақысы жемқорлыққа тәуелділікті азайтып қана қоймай, ұзақ мерзімдік ең пайдалы реформа болары сөзсіз. Мұғалімге салған бұл инвестиция оқушының дамуына қаншалықты оң нәтиже бергенін (әсіресе PISA бойынша), жоғары білімнің сапасы артып, еңбек нарығындағы бәсеке өсіп, ғылымдағы жетістіктер өрге домалайтынын 10-20 жылдан кейін нақты анықтауға болар еді.
Осы түйткілді мәселенің шешімін тапқан үкімет немесе білім министрі «Қазақстан тарихына атымды алтын әріппен жазып қойдым» деп ойлай беруіне әбден болады.
 

Рахым ОШАҚБАЕВ, сарапшы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар