1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №57 (16243)   22 шілде, сенбі 2017
22 шілде 2017
Көкжайлауды ақша жымқыру үшін сала ма?

Алматының іргесіндегі Іле-Алатау ұлттық паркінде Көкжайлау курортын салуға қатысты тағы бір мәселе шықты. Қазақстандық экобелсенділердің шағымын тексерген Женевадағы халықаралық комиссия (қоршаған ортаға қатысты жобаны талқылауда тұрғындар ойының ескерілуін қадағалайды) «Қазақстан билігі курорт салу туралы шешім қабылданғанда халықаралық талаптарды бұзған» деген мәлімдеме таратты.

2011 жылдардың басында «Көкжайлау үстіртінде тау-шаңғы курортын салып, шаһарға турист тарту керек» деп сол кездегі қала әкімі Ахметжан Есімов білек сыбанып шыққан еді. «Астанада жабық есік жағдайында өткен жиындарда А.Есімовтің бұл бастамасына министрлер қарсы шығыпты» деген сөз де шықты сол жағалауда. Алайда президенттің қабылдауына емін-еркін кіріп-шыға алатын А.Есімов дегеніне жеткендей көрінген. Көкжайлау курортын салуға қажетті ақша бюджеттен бөлінетін де болғандай еді. Бірақ қаржылық дағдарыс А.Есімовтің арманын біраз уақытқа алыстатып тастаған-ды.
Ұлттық парк ішіндегі Көкжайлауға курорт салуға болмайтынын қоғамдық белсенділер, қала тұрғындары да айтуындай айтты. Экобелсенділер «әкімдік те, жобаның қабылдануына қатысы бар басқа мемлекеттік органдар да азаматтардың пікірін көп жылдан бері елемей келеді» дейді. «Көкжайлауды қорғаймыз!» бастамашыл тобының мүшесі Сергей Соляник халықтың қаржысына салынатын жобада тұрғындардың пікірі міндетті түрде ескерілуі тиіс екенін айтады.
– Бұл жоба негізінен 2007 жылы айтыла бастағанымен, ресми түрде төрт жылдан кейін хабарланды. Халық төлейтін салықтың есебінен салынатын жоба болғандықтан әрі қоршаған ортаға қауіп төндіретіндіктен, бірнеше белсенді әкімдіктен президентке дейін хат жаздық. Ешқайсысы құлақ аспады, – дейді ол.
Мемлекеттік органдар тау шаңғысы курортын салу жоспарын бекіткен кезде оны жұртшылықпен бірге талқыламағанын айтқан белсенділер 2013 жылы халықаралық комиссияға шағымданған. Экологияға әсері бар коммерциялық жобаларды талқылау кезінде азаматтардың позициясын ескеруді (Орхус конвенциясы) талап ететін Еуропа экологиялық комиссиясы төрт жыл бойы алматылық 12 тұрғынның арызын зерттеп, 2017 жылғы маусымның соңында «Қазақстан халықаралық талаптарды бұзды» деген байламға келген. Комиссия жүргізген сараптама қорытындысы бойынша, жергілікті билік Орхус конвенциясының экологиялық ақпаратты беру, қоғам пікірін ескеру және халықты талқыға қатыстыру туралы 2, 3, 8 және 6 мен 7-баптары бұзылғанын хабарлады. Экофорум ұйымының өкілі Вадим Ни Алматы әкімдігі конвенцияның ғана емес, Қазақстан заңының шеңберінен шыққанын да айтады.
– Қоғамдық талқылауға кіру қиын болды. Бұл – бір. Екіншіден, ол талқылаудың уақыты Қазақстан заңнамаларында көрсетілген уақыттан әлдеқайда кеш жарияланды. Билік өкілдері қатысатын жиынның тіпті не туралы болатыны да анық айтылған жоқ. Сондықтан Көкжайлау курортын салу туралы шешімді толықтай заңсыз деп тануға негіз бар, – дейді ол.
«Зеленое спасение» экологиялық қозғалысының жетекшісі Сергей Куратов қазір Көкжайлаудың кей тұсында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады.
– Бірақ онда нақты не салынып жатқаны туралы жоба құжаты ол жерге ілінбеген. Курорттың құрылысы басталмағанның өзінде, қазір онда баратын жол кеңейтілген. Соның кесірінен Қызыл кітапқа енген өсімдіктер мен ағаштар кесілді. Бұл – басы ғана. Курорт салынса, ол қорықты екіге бөліп тастайды да, ондағы барыс, тау ешкісі, марал, сілеусін сияқты жануарлар мұнда қайта оралмауы мүмкін, – дейді ол.
Белсенділер курорт салатын жер таудың оңтүстік беткейі болғандықтан, онда қар әлдеқайда аз түсетінін айтып, шаңғы тебуге тиімді емесін дәлелдесе де, экологияға зиян келетінін көрсетсе де, әкімдіктің жобадан бас тартпауының себебін бюджет ақшасын «жекешелендіруге» деген ұмтылыс деп санайды. «Көкжайлауды қорғаймыз!» кампаниясының өкілі Дмитрий Жуковтың айтуынша, әкімдік салғалы жатқан курорттың құны дамыған елдердегі курорттарды салудың орташа бағасынан бес есе қымбат.
– Біз жүргізген сараптама бойынша курорт салуға шамамен 750 млн теңге кетеді. Оның 450 млн теңгесі қала бюджетінен бөлінген. Жол салуға, газ бен су тартуға кететін ақша да бар. Бір курортқа мұнша қаржы тым көп. Мұндағы негізгі мақсат – ондағы құрылыс компанияларын «инвестор» деп, мемлекеттің жерін тегін иемденіп, кейін онда өздері үшін коттедж қалашығын салу. Бұл схема бойынша жымқыру бұрыннан бар, – дейді ол.
«Табиғат» экологиялық қозғалысының жетекшісі Мэлс Елеусізовтің пікірі де осыған саяды.
– Жобаның бар мақсаты – жер алып, өздеріне үй салу. Медеу мен Шымбұлақ не болды? Қазір сол демалыс орындарының айналасы жекеменшік үйлер. Көкжайлау курорты да салынып біткен соң жекенің қолына өтіп, халыққа қолжетімсіз демалыс орнының біріне айналады, – дейді ол.
Көкжайлау тау шаңғысы курортының жобасы 2,7 гектар жерді қамтиды. Тау басына курортты ауылдар, қонақүй, мейрамхана және де басқа құрылыс нысандары салынып, 185 гектар жерге 63 шақырымдық тау шаңғысы трассасы төселіп, 16 аспалы жол тартылмақ.
Экобелсенділер мен табиғат жанашырлары жергілікті билік халыққа пайдасы аз курортты салудан бас тартады деп үміттенеді.

Аян ҚАЛМҰРАТ
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар