1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазіргі адамдар «бірің өліп, бірің қал» дегенді мықтап ұстанып алған. Өйткені адамдар ешкімге сенбейді, сенейін десе есітетін әңгімелерінің бәрі өтірік. Сондықтан бәріміз ас үйде отырып, үстелді тоқпақтап, революция жасаймыз, көшеге шыққанда үнсіз қаламыз, өкінішке орай, осылайша екі жүзді болып барамыз.
Автор: Болат Атабаев, театр режиссері
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №57 (16243)   22 шілде, сенбі 2017
22 шілде 2017
Атырауда бар жұмысты шетелдіктер істеп жүр

Жаз шығып, жер аяғы кеңісімен Атырау аймағына «екі қолға бір күрек» іздеп келетін шетелдіктер саны күрт артты. Бұл өңірге еңбек мигранттары ешқашан таңсық болған емес, маусым кезінде құрылыс саласын Өзбекстан, Қарақалпақстан азаматтары жаулап алса, сауда-саттық Алатаудан жететін айыр қалпақты ағайыннан ауыспайтын. Биыл бір өзгешелігі – нарыққа тәжік жігіттері де кіріп, бәсекелестердің санын көбейтуде. Оның бір себебі ретінде Ресейде гастарбайтерлерге қоятын заң талабының күшейгені, орыс тілін білуін талап ететіні айтылып отыр. Қазақстан бұл жағынан шетелдік еңбек мигранттарына қолайлы болса керек. Атырау ОІІД көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Болат Досқалиев берген мәліметке сүйенсек, биыл облыс бойынша алғашқы жартыжылдықта 64 мыңнан аса шетелдік тіркеуге алынған. Оның 522-сі қазірдің өзінде заң талаптарын бұзғаны үшін ел аумағынан шеттетіліпті.

Жат елде жағдайының бола бермейтіні, қиындықтар мен кедергілердің болу мүмкіндігі ТМД елдерінен ағылған азаматтарға тосқауыл болып отырған жоқ. Жергілікті басылымдар мен сайттардағы «үй салуға өзбек не қарақалпақ іздейміз» деген хабарландырулардың үйреншікті көрініске айналғаны қашан?! Одан ұлтараздық ілік іздеп жатқан жан баласын көрмейсің, соған қарағанда, «сананы тұрмыс билеп» кететін болса керек.
Әрине, сырттан келгендердің «жейтін нанына» ортақ болғаны жергілікті құрылысшыларға ұнамайды. Алайда гастарбайтерлердің күй талғамайтындығы мен еңбекқорлығы таразы басын басып кетіп, тапсырыс берушілердің қолайына жағып тұр. Мәселен, солардың бірі Қилымғали Сәрсекенов былай дейді:
– Былтыр бастаған коттеджім әлі біткен жоқ. Өткен жылы осы маңайдағы жұмыссыз жүрген жігіттерге салдырмақ болдым. Бірақ соным бекер болыпты. Біріншіден, олар істеген жұмыстарына көп ақша сұрайды; екіншіден, үкіметтің жұмысында жүргендей таңғы сағат тоғыздан өте келіп, кешкі алтылардың шамасында жоқ болады; үшіншіден, тым жиі сұранады. Ақша алған күні несиелерін төлеуі керек, сенбі-жексенбіде тойлары бар дегендей... Осы жылы таныстардың ақылымен қарақалпақ жігіттерін жалдадым. Мұндай жанкешті жандарды бұрын-соңды көрсемші... Өздері палатка құрып алды, сол жерде тамақ пісіріп, мосыға шай қайнатып жатқандары және таңмен таласа тұрып, күн шыққанша жапырып жұмыс істейді. Күн қатты қызған кезде бірер сағат қана демалып, кешкі салқында тағы іске кіріседі. Оларға тіпті құрылыс материалдарын жеткізу жағынан мен ілесе алмай жатырмын.
Ал Азамат Қ.:
– Мен өзбектерге үй салғыздым. Келіскен уақытында бітіріп, ақшаларын алып, басқа құрылысқа кетті. Сонда байқағаным, ақша табамын деп нақты мақсатпен келген соң ба, өздері өте үнемшіл екен. Мен бастапқыда тамақтарын мойныма алғанмын. Алғашында жылы-жұмсақ, тәтті-дәмдіні ауыздарына тостым, бірақ оған ақша шақ келер болмады. Содан қулық жасап, айына 15 мың теңгені «тамақтың ақшасы» деп жалақыларына қосып, тамақты өздеріне аудардым. Енді олар бірыңғай тек қара нан мен вермишель жеуге көшті. Сөйтсем, күндері қара суға қарап қалса да, қолдарына тиген қаржының едәуір бөлігін дереу елдеріне аударып отырады екен, – дейді.
Жақын шетелден нәпақа іздеп келген жұмысшылардың үнемшілдігі «бекер мал шашпаққа» жақын кей адамдарды шынымен де таң-тамаша қалдырғандай. Қазіргі күні Атыраудан Өзбекстанға немесе Тәжікстанға ай сайын қанша қаражат аударылып отырғаны жайлы нақты ақпарат жоқ. Ал ақша аудару пункттерінің жанынан осындағы құрылыс, көлік, үй шаруашылығы, сауда салаларында жасап жатқандардан бөлек, қайыршылықты кәсіп етіп жинаған құшақ-құшақ тиынын «көк қағазға» айырбастап, еліне жөнелтіп жатқан люли, тәжік сығандарын да көруге болады. Жақын шетелдерге кететін валютаның тұрақтылығы мен көптігін банк секторы да өз мүддесіне пайдаланып, бір-бірімен жарыса тиімді шарттар ұсынып қалуда.
Қарақалпақстаннан келген Жеткерген әрбір жұмыс біткен сайын тапқанының 80 пайызын, яғни шамамен 300-400 доллар ақшаны үйіне жіберіп жүргенін айтады. Оның табысы қарт әке-шешесінің, әйелі мен екі баласының ішіп-жеуіне, киіміне жұмсалып, қыстан қиналмай шығуларына көмектеседі екен.
Бір ауқатты отбасында бірнеше жылдан бері үй тазалап, тамақ пісіріп, арасында бала қарайтын Гульбохар үй ішіне кейде айына 600 долларға дейін жинап жіберетінін жасырмайды. Оның да екі баласы ата-енесінің қолында қалған, соған алаңдайтын ана көңілімен аңқылдап Ташкенттен баспана алған күні бұл жақтан біржола кететінін де айтып қояды.
ТМД азаматтары сонымен қатар Атыраудағы қоғамдық көлік саласында да жиі ұшырасады. Қаншама рет иелеріне ескерту жасалып, айыппұл салынып, құжаттарынан шикіліктер шығып жатса да, жүйткіген «Газельдердің» рулінде отырған өзбекстандық ағайындар аз емес. Биыл да құзырлы органдар «Автобус», «Мигрант» атты жедел алдын алу шараларын өткізіп, салынған айыппұлдар есебінен қазынаға 18 млн теңгеге жуық түсім түсірді.
Егер маршрутты көлік жүргізу, бала бағу сынды жауапты жұмыстарды шетелдіктерге сеніп тапсыру көпшілік арасында екіұдай пікір тудырса, көше тазалаумен, қоқыс жинаумен айналысатын гастарбайтерлердің көп пайда келтіріп отырғанына ешкімнің күмәні жоқ. Бұл қызметті жүзеге асыратын «Арнайыавтобаза» басшылығы былтыр айлық жалақыны 70-80 мың теңгеге дейін көтерді. Жергілікті жұмыссыздар арасынан сонда да білек сыбанып, «есектің артын жусаң да, мал тап» деп шыққандар бірен-саран ғана болды. Есесіне жақын шетелден келген жұмыс күші бос тұрған вакансияларды тез пайдалана қойды.
Гастарбайтердің жат жердегі өмірі қауіп-қатерден ешқашан ада болмаған. 2016 жылы Атырау облыстық прокуратурасына Өзбекстанның төрт азаматы полицейлердің үстінен шағымданды. Олар саудагерлерді «құжаттарың дұрыс болмаса, елден шығарып жібереміз» деп қорқытып дүкенге жұмсап жіберген де, өздері ақшаларын, сөмкелері мен ұялы телефондарын алып кеткен. Шығын 800 мың теңгеге бағаланып, тәртіп сақшылары қызмет бабын асыра пайдалану және алаяқтық баптары бойынша төрт жылға сотталып, өмірбақи құқық қорғау органдарында жұмыс істеу құқынан, дәрежелерінен айырылды. Осыдан екі жыл бұрын Өзбекстан азаматын өлтіріп, тонаймын деп 22 жылға сотталған тағы бір полицей – Манарбек Утеуовтің атышулы ісі әлі де жұрттың есінде. «Суға кеткен тал қармайды» деп қылмысы әшкере болған айыпталушы барлық жүйенің өзі білетін былығын әшкерелеп, тоғыз бірдей әріптесін темір торға қоса ала кеткен болатын. Барлық күш қолдану, қоқан-лоқы көрсету жағдайлары осылай аяқталып жатыр деп айту артық болар, дегенмен бұл деректер бізде елімізде шетелдіктердің де өз құқықтарын қорғауы үшін мүмкіндіктер жасалғанын анық көрсетіп тұр.

Құралай ҚУАТОВА
Атырау облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар