1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қартаюға қарсы, яғни жасартатын, мәңгілік өмір сүруге мүмкіндік беретін – дәрі-дәрмектер ойлап табу керек. Міне, қазіргі ғалымдар әлемде осындай шаруалармен айналысып жатыр.
Қазақстан ғалымдармен кездесуінде айтқан ұсынысынан. 04.09.09
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №57 (16243)   22 шілде, сенбі 2017
22 шілде 2017
Субсидия құмға сіңген судай...

МИНИСТРЛІК АЙ ҚАРАП ОТЫР МА?
Жалпы, субсидия не үшін беріледі? Мақсаты не? Біз бұл жерде ауыл шаруашылығы саласында берілетін субсидиялар туралы айтып отырмыз. Бұл жеңілдіктің басты мақсаты шаруаларды қолдау, жұмысына серпін беру, осы саладағы тірлікті ары қарай дамыту, дөңгелету, дем беру болса керек. Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласына мемлекеттік қолдау көлемі 29 пайызға өсті. Яғни мемлекет осы саланың дамуы үшін көмекті аяған емес.

Енді осы мемлекеттік қолдауды қолында билігі барлар құдды бір өзінің қалтасындағы қаржысындай көріп, өз білгенінше жұмсайды. Субсидияның о бастағы мақсатын ұмытып, көңілі түскенге көп беріп, алыстан сыйласқанға аз беріп, түрі таныс емеске түкте бермей, мемлекет қаржысының берекесін кетіреді. Осыдан кейін ауыл шаруашылығы саласы қалай дамиды? Өткенде ғана сенат депутаты Серік Біләлов: «Аграрлық сектордағы өнім негізінен шикізат күйінде таратылуда. Өйткені дайын өнім бәсекелестікке төтеп бере алмайды. Біз негізінен шикізат сатып, өңделген тауарларды көбірек сатып алудамыз. Яғни субсидиялау саласынан толыққанды нәтиже жоқ. Субсидиялау өнімділікті жоғарылатуға және өндірілетін өнімнің сапасына еш әсерете алмайды», – деп әңгіменің ашығын айтты.
Енді, міне, Оңтүстік Қазақстан облысында прокурорлардың кешенді тексеріс жүргізуінен кейін 400 млн теңгеден астам бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалғаны анықталды. Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы бірінші басқармасының басшысы Рүстем Дүйсенбаевтың айтуына қарағанда, өңірде «Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуында кемшілік көп. Кейбір аудандарда бағдарламаны әзірлеу, қабылдау жөніндегі әдістемелер басшылыққа алынбаған. Ал Қазығұрт ауданында бағдарламаның индикаторына жауапты мемлекеттік органдармен ұйымдар белгіленбеген. Масқара болғанда, 2013-2014 жылдары бюджеттің 79 млн теңгесіне тұрғызылған ірі қарамалды қолдан ұрықтандыруға арналған 38 пункт әлі күнге дейін пайдаланылмапты. Сонда бұл пункттер не үшін салынды? Не үшін іске аспай тұр? Әлде мемлекет қаржысы тағы да ысырап болғаны ма?
– Прокурорлар ауыл шаруашылығын субсидиялауға қатысты 1,7 млрд теңгенің заңбұзушылығын анықтапты. Қазір 26 дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Қазығұрт ауданында шаруаларға несие беру ісінде де заңбұзушылыққа жол берілген. «Ырыс» микроқаржы ұйымының аудандық өкілі 2016 жылдың желтоқсанында түскен 50-ден астам кәсіпкердің өтінімін бүгінге дейін қарамаған. Осы ұйымнан 595 млн теңге несие алған 218 азаматтың 118-і 283 млн теңгені тиімсіз жаратқан. Сондай-ақ несие қаржысына 354 бас мал алған 54 тұлға мал иесі ретінде мемлекеттік дерек қорына тіркелмеген. Тексеру барысында олардың ветеринарлардың жалған анықтамаларын пайдаланып, несиені заңсыз иеленгені анықталды. Соңғы үш жылда ауданның агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға қомақты субсидия бөлінгенімен, ауыл шаруашылығы саласының өнімділігі көбеймеген. Өсімдік бағытын субсидиялауға 2 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған, ал егу алқабы 3831,4 гектарға қысқарып қалған. Мұның себеп-салдары зерделенбеген, – дейді Рүстем Дүйсенбаев.
Осы тексерулердің нәтижесінде шаруаларға субсидия бөлудің былықтары ашылған. Прокурорлардың мәлімдеуінше, 619 кәсіпкерден артық құжат сұратылса, құжаты дұрыс рәсімделмеген 151 кәсіпкерге 139,1 млн теңге субсидия заңсыз берілген. Ал құжаты дұрыс рәсімделген үш өтінім иесінің өтініші қанағаттандырылмаған. Осыдан кейін субсидия-бұлақтың басында отырғандар «қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса...» деп, мемлекеттің қаржысын өз қаржысындай көріп, тым дандайсып кеткен демеске лаж жоқ.
Бұл бір ғана өңірдегі жағдай. Мұндай сорақы жайттар басқа облыстарда да кездесетіні анық. Ал осыдан кейін ауыл шаруашылығы саласы қалай дамиды? Қаншама миллиондар тиімсіз жаратылды, қаншама миллиондар заңсыз берілді... Енді сол субсидиялардан қайтарым бола ма? Әлде құмға сіңген судай болып, сұраусыз кете бере ме? Ал қаржыны дұрыс жұмсамағандар жазаға тартылды ма?

«ҚАЗАГРОҚАРЖЫ» ҚАРЖЫНЫ САҚТАП ҚАЛУҒА ҚҰЛЫҚ ТАНЫТПАДЫ
Мәжіліс депутаты Сергей Звольский 2016 жылы «ҚазАгро» басқарушы холдингіне 51,7 миллиард теңге бөлініп, сол қаржының 41,2 миллиард теңгесі игерілмей қалғанын ашына айтқан-ды. Яғни бөлінген қаржының 80 пайызы игерілмей қалды. Дәл осы мақсатта биыл бұл сома екі есеге көбейіп, 1,5 миллиард теңге бөлінді. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Өйткені «ҚазАгроның» мамандары бұл инвестициялық қорға бірде-бір мардымды жоба ұсына алмаған.
Енді, міне, «ҚазАгроҚаржы» туралы «біртүрлі» әңгіме Шымкент жақтан естіліп қалды. «ҚазАгроҚаржы» АҚ менеджерлерінің немқұрайдылығы «Ордабасы Құс» ЖШС-ны кеңейтуге бөлінген мемлекеттік қаржыны тәркілеуге себеп болған сияқты.
Нақтырақ айтсақ, әңгіме былай... «Ордабасы Құс» ЖШС – Орталық Азия бойынша күркетауық өсіретін жалғыз кәсіпорын. Бұл серіктестік жылдық қуатын қазіргі 10 мың тоннадан 20 мың тоннаға дейін өсіруге мүмкіндік беретін, жүгері өңдеп кептіретін, 20 мың тонналық астық қоймасын құру жөніндегі инвестициялық жобаны қолға алады. Бұл бойынша «ҚазАгроҚаржы» Түркиядан жабдықтарды сатып алып, аталмыш компанияға лизингке беруі тиіс еді. Барлық құрал-жабдықтар әкелініп, тек астық сақтауға арналған жалпақ түпті сүрлем ғана жетіспей тұрған болатын. Дәл осы сүрлем бойынша «ҚазАгроҚаржы» АҚ кедендік рәсімдеуді уақтылы жасамаған және УСҚ-да сақтау мерзімін ұзартпаған. Тауарды бір күнге кешіктіргені үшін сот «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ына 106 мың теңге айыппұл салып, құны 60 млн теңге тұратын жалпақ түпті сүрлемді тәркілеуге шешім шығарды. Бұл іске өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы араласқанымен, оң нәтиже бермейді. Тіпті сенаттың жеті депутаты «Ордабасы Құс» ЖШС-ны қолдап, мамыр айында бас прокуратураға өтініш жолдаған. Сонымен қатар бұл жайт Қазақстан кәсіпкерлері құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетовтің қабылдауында да айтылады. Бизнес-омбудсмен қолдау көрсетуге уәде беріп, тауарды тәркілеу түріндегі қосымша әкімшілік жазалауды жоюға көмек сұрап, бас прокурордың атына хат жолдаған.
«Түркиядан келген жабдық уақытша сақтау қоймасында тұрды. Бұл 60 миллионның жабдығы қаншаға сатылуы мүмкін? Тәркіленген тауар тіпті металл сынығының бағасымен де өтпейді, өйткені ол «Ордабасы Құс» компаниясынан басқа ешкімге керек емес. Жабдық – кешеннің бір бөлшегі, сондықтан оны жеке қолдану мүмкін емес. «ҚазАгроҚаржы» АҚ (ҚАҚ) – квазимемлекеттік кәсіпорын, жабдықты сатып алуға қаражатты Ұлттық қордан бөлген болатын. Сонда бюджеттің 60 млн ақшасы құр босқа желге ұшқаны ма? Бұл жабдықты қаншаға сататынын да білмеймін. Егер голландтық әдіспен сататын болса, онда 6 млн теңгеге кетеді», – деп ашуланады ОҚО ӨКП директорының орынбасары Ғазиз Натбаев.
Ал Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет кеңесі төрағасының орынбасары, «Лекс-Сервис» адвокаттық кеңсесінің басшысы Мелес Сейтжанов ешкімге қажеті жоқ жабдықтың жартысын тәркілеп, содан кейін оны металл сынығы ретінде сатып, мемлекетке табыс әкелу ақылға сыйымсыз деп есептейді.
Осылайша «ҚазАгроҚаржы» АҚ менеджерлерінің немқұрайдылығы салдарынан «Ордабасы Құс» ЖШС-да инвестициялық жобаны іске асыру мерзімі кешіктіріліп, олар өндірістің жоспарланған қуатын кеңейтуге өз мерзімінде шыға алмады.
– Осы мәселе туындағаннан бері тек «Ордабасы Құс» компаниясының басшысы жүгіріп жүр,– дейді Ғазиз Натбаев. – Ол инвестжобаның іске асуына қызығушылық танытып отыр. Ал тауардың иесі болып табылатын «ҚазАгроҚаржы» тарапынан белсенділік жоқ. Не ауыл шаруашылығы министрлігіне, не үкіметке болмаса бас кеңсеге өтініш түспеген. Соған қарағанда, оларға бәрібір сияқты.
Шынында, бұл мәселеге алдымен жауапты «ҚазАгроҚаржы» тек күтумен шектеліп, бюджет қаржысын сақтауға ниет танытпағаны қалай? Өйткені барлық құрал-жабдықтар 900 мың АҚШ долларына Ұлттық қордың есебінен алынды емес пе? Егер еліміздің бас прокуратурасы осы іске араласпағанда «ҚазАгроҚаржы» құлық танытпаған бұл даулы істің соңы қалай аяқталатынын бір құдай білсін... Бас прокурор жоғарғы сотқа кассациялық наразылық енгізіп, 2017 жылдың 3 шілдесінде жоғарғы соттың кассациялық сот алқасы бас прокуратураның «ҚазАгроҚаржыға» қатысты кассациялық наразылығын қанағаттандырып, аталмыш әкімшілік іске қатысты сот ісі өзгертіліп, құны 60 млн теңгеден асатын тауарды тәркілеу ісі тоқтатылды. Осылайша «Атамекен» ҰКП мен бизнес-омбудсмен тек қана отандық өндіруші «Ордабасы Құс» ЖШС-не ғана көмектесіп қоймай, сонымен қатар сотта кесілген жазаның экономикалық тиімділігіне қатысты әділдік орнатуға көмектесті.
Әрине, қаржы жүрген жерде қашанда шу. Әсіресе соңғы кездері еліміздің ауыл шаруашылығы саласына бөлінген қаржыларға байланысты даулар көбейіп бара жатқандай... Бір қарағанда, бәрі дұрыс сияқты. Жоба бар, қаржы бар, жұмыс істеуге деген ниет бар. Бірақ проблема қайдан шығады? Ауыл шаруашылығы саласы осындай былықтардан қашан арылады? Біздіңше, бар проблема осы саладағы басшылардың әділетсіздігінен шығады. Оған жоғарыда айтылған жайттар дәлел болса керек. Яғни басшы әділ болмайынша, бұл саланың тасы өрге домаламайды.

Ал осы кезде...
ІІМ төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті «Қазавиақұтқару» бас директоры Малик Досымбеков пен ауыл шаруашылығы министрлігі «Қазавиаорманқорғау» бас директоры Төлеуғазы Сексенбаев құны 12 миллион доллар тұратын МИ-171Е тікұшағын алу бойынша келісімшартқа қол қойғаны үшін шетелдік компания басшысынан 50 мың доллар көлемінде пара алу үстінде ұсталды.
Бұл сома қомақты параның жартысы ғана болып шықты. Жалпы сомасы 100 мың доллар екен. Сот шешімімен күдіктілер қамауға алынды, сотқа дейінгі тергеу жұмысы жүргізілуде.

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар