1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №59 (16245) 27 шілде, бейсенбі 2017
27 шілде 2017
Бүгінгі қайырымды көршің ертең жауыңа айналуы мүмкін

Жер шарындағы судың тек 1 пайызы ғана тұтынуға жарайтын тұщы су. Яғни ауызсу тапшылығы ХХІ ғасырдағы ең күрделі, қауіпті экологиялық күйзеліс, әлеуметтік дағдарысқа әкеліп соғуы мүмкін. Халықаралық зерттеу орталықтарының болжамдарынша, 2025 жылға қарай әлемдегі 5,5 миллиард адам тұщы су жетіспеушілігінің зардабын тартады. Соңғы 60 жылда тұщы суды тұтынудың көлемі сегіз есе ұлғайса, алдағы он шақты жылда бұл сан тағы бірнеше есе өсуі мүмкін. Мұның себебі – халық санының және экономиканың өсу үрдісі, жаһандық жылыну. Ғалымдардың есебінше, бір килограмм алма өсіру үшін 700 литр, бір келі сиыр етін өндіруге 15 000-18 000 литр, бір автомобильді жасап шығару үшін 200-300 тонна су қажет.
Тұщы суды жан басына шаққандағы пайдалану мөлшері әлемде әртүрлі. Егер АҚШ-та бір адамға тәулігіне 700 литр су жұмсалса, Данияда – 300, Қытайда – 150, Африкада – 5-7 литр. Жыл сайын ұлғайып келе жатқан тұщы су тапшылығы әсіресе Үндістан–Қытай, Үндістан–Пәкістан, АҚШ–Канада, Египет–Эфиопия, Солтүстік–Оңтүстік Италия, Қырғызстан–Өзбекстан араларындағы ортақ өзендердегі су бөлісін шешуді қиын түйінге айналдырып отыр.
Соңғы 50 жылда су таласында 500-дей қарулы қақтығыс болған. Соның нақты бір көрінісі Таяу Шығыстағы 1967 жылғы Израиль–Араб соғысы. Израиль армия күшімен қойнауында аймақтағы тұщы судың 50 пайызы бар Голан биіктігін басып алып, ұзындығы небәрі 250 шақырым, ені 2,5–4 метр, тереңдігі 1–2 метр болатын Иордан өзенін билігіне алды. Онда басқа су көздері жоқ, егер Иордан өзенінен айырылса Израиль мемлекет ретінде өмір сүруін тоқтатады.
Саясаткерлердің мәлімдеулерінше, соңғы жылдары Ливиядағы М.Каддафи, Египеттегі Х.Мубарак биліктерінің құлауының бірден-бір себебі – су. Ливия жерінің қойнауынан қоры орасан зор, Ливияға және оның көршілеріне сегіз ғасырға жететін тұщы судың кен орны табылған. Оны бірігіп игеру үшін Х.Мубарактың қолдауымен ортақ жоба жасалынып, жерасты су құбырлары тартылды. Екі ел басшыларының кейінгі қайғылы тағдыры көпшілікке мәлім. Ливияны бомбылаған НАТО ұшақтарының басты нысанасы жерасты су құбырлары болды. Бұл жағдай келешекте су көздеріне ие болу үшін әскери қуаты мол мемлекеттердің еш нәрседен тайынбайтынын көрсетеді.
Алдағы уақытта ортақ өзен суларын бөліске салу мәселесінде көршіміз Қытайдың өктем, басқыншылық саясат ұстауы әбден мүмкін. Су қажет болғанда Қытайды еш нәрсе тоқтата алмайды. Ертеректе Қытай елі Янцзы өзеніне 40 мың бөгет салып, көптеген тарихи ескерткіштер мен қалаларды жойып жіберген. Өткен 17 жылда Қытайда 28 мың өзен жоғалып кеткен.
Соңғы жылдары Қытайдың бізбен көршілес Синцзян-Ұйғыр ауданына ішкі Қытайдан 10 миллион адамды қоныстандыру саясатын жүргізіп отырғаны белгілі. Оларды сумен қамтамасыз ету үшін Ертіс өзенінен жылына 8 текше шақырым су алу көзделген, ал Қазақстанның әзірге Ертістегі үлесі 9 текше шақырым. Сонымен бірге Іле өзенінен су тарту үшін құрылысы жақын арада аяқталатын Тарам қоймасы салынып жатыр.
Сусыз өмір жоқ. Егер еліміз үшін оның оң шешімі табылмаса, салдары қандай болатынын елестетудің өзі қорқынышты. Әзірге мемлекетаралық келісімдер арқылы ортақ өзендердегі суды бөліске салу мүмкін болып тұр. Бірақ келешекте тұщы су көлемінің үлкен үрдіспен азаюына, сұраныстың ұлғаюына байланысты су бөліске түспеуі мүмкін.
Болжамдарға сүйенсек, тіпті таяу болашақта суы мол Сырдария, Іле, Ертіс өзендерінің қазақ жеріне жетпей қалу қаупі бар. Қауіпті қоюлататын жағдайлар – бізбен шекаралас аймақтағы Қытайда суды тұтыну көлемінің еселей ұлғаюы, бұлақтың басында отырған Тәжікстан, Қырғызстан жерлерінде гидроэлектрстансалар тізбегінің салынуы, су тапшылығын тартып отырған Өзбекстанда Сырдарияның суымен толтыратын қоймаларды жаппай орналастыру жоспарланған, өзбектер үшін өзен суын құбыр арқылы Әмударияның арнасына аудара салу аса бір қиын шаруа емес, Орталық Азиядағы халық санының өсуі, экология мәселесі. Су тапшылығынан Түрікменстанның суармалы жерлерінің 50 пайызы сорға айналған. Ішкі жағдайымызға келсек, көптеген ұсақ өзендер арыққа айналып, Арал, Балқаш және басқа көлдердің суы тартылып, тұздылығы молайған.
Табиғаттағы құбылыстар өзара байланыста болады. Каспий теңізі қайраңындағы мұнай өндірісінің жауын бұлттарына әсері қандай болатынын уақыт көрсетеді. Теңіз айдынында қара алтын өндірумен айналысатын шетелдік компаниялардың талдауына жүгінсек, су бетінде қалыңдығы 0,1 мм болатын мұнай қыртысының пайда болуы судың булануын 2-3 есе төмендетеді. Ал Каспий теңізі болса еліміздің біраз аймақтарын суландыратын жауын бұлттарының бастауы.
Су саласындағы мамандарды алаңдатып отырған қауіп – жеріміздегі жерасты тұщы су қорлары азайып кеткен. Атыраудан Шығыс Қазақстанға дейінгі аралықта, бейнекөрініс арқылы зерттелген гидрогеологиялық ұңғылардың техникалық жағдайы көрсеткендей, мемлекеттік есепке енген, жер бетіне жақын орналасқан тұщы су қабаттары жойылып кеткен, тереңдегілері жұқарып, суы ластанған.
Әсіресе мұндай көрініс тау-кен жұмыстары жүргізіліп жатқан аудандарда жаппай байқалады.
Мысалға – Торғай иіні. Белгілі Соколов-Сарыбай карьерлерінің қызметінен Тобыл өзені аңғарында тереңдігі 1000 метр, белсызығы он шақты шақырымға жететін ойылым қазан шұңқырлар пайда болып, өзен тәулігіне 34 мың текше метр су жоғалтып отыр. Нәтижесінде жер астындағы судың химиялық құрамы өзгеріп, тұщы су ретінде пайдалы қасиеттері төмендеген.
Және бір көңіл аударатын нәрсе, тереңдегі бейнекөрініс көрсеткендей, бүгінде көптеген елді мекендерді сумен қамтамасыз етіп отырған ұңғылар апатты жағдайда, сулары ластанған, ауызсуға қойылатын талаптарға сай келмейді.
Келешектегі негізгі үмітіміз жерасты су қорларын ластау, тіпті жойып жіберудің себепшілері тау-кен жұмыстарынан басқа, егіс алқаптарына себілген тыңайтқыштар, өндірістік және тұрмыстық қалдықтар, әртүрлі құрылыс жұмыстарымен жауын суларының жер қойнауына енетін жолдарын кесіп тастау, ең бастысы – жер қойнауын, жерасты су жүйелерін табиғи қалпына келтіру жұмыстары елімізде мүлде жүргізілмейді.
Жер қойнауындағы тұщы су қорларын қорғау, тиімді игеру ұлттық мүдде, мемлекеттің ең басты өмір сүру қағидасы болуы шарт. Оған деген бүгінгідей немқұрайды көзқарас, мән бермеушілік, жалған мәліметтер бізді жарға жығады, күрделі мәселенің оң шешімінсіз ұлт ретінде сақталып, мемлекет болып қалыптасуымыз екіталай.
Бірінші кезекте қоры мол жерасты су көздері орналасқан аймақтардан басқа қазба байлықтарды іздестіру, өндіру жұмыстарына заңмен тыйым салынып, жер қойнауын қалпына келтіру қажет.
Екіншіден, тау-кен жұмыстарына байланысты айрықша ескеретін жағдай – әлем орасан зор технологиялық өзгерістердің табалдырығында тұр. Өмірге қасиеттері шексіз дерлік композициялық материалдардан жасалынған бұйымдардың енуі тұрмыстан, өндірістен металдардың барлық түрлерін дерлік ығыстырып шығарады, оларға деген сұраныс жоғалады. Сонда бүгінде тереңдегі жер қойнауын қопарып, жер қыртысын, жерасты суларын жойып, қоршаған ортаға тигізетін зияны шексіз болып тұрған отандық металлургия өндірісінің ауқымы мүлде тартылады.
Сонымен бірге экономиканы суды қажет етпейтін, қайтарымды қуат көздеріне жоспарлы, жүйелі түрде тезірек көшіру қажет. Еліміз үшін қайтарымды қуат көздерінің ішіндегі ең тиімдісі жерасты ыстық су көздері болуы мүмкін. Оның 3500 метр тереңдікке дейінгі жеріміздегі анықталған қоры шартты отын есебінде Қазақстандағы мұнай-газ қорларының қосындысынан 10 есе артық. Егер іздестіру жұмыстарын 5000-6000 метрге дейін тереңдететін болсақ, қордың көлемі 2-3 есе ұлғаюы мүмкін.
Жер бетіндегі электр қуатын өндіретін стансалардың (көмір, газ, жанармай, атом) жұмыс тәртібі бір – суды қыздырып алынған кернеулі бу турбиналарды айналдырады, электр тогын өндіреді. Жеріміздің қойнауында дайын ыстық су көздері тұрғанда, электр тогын өндіру үшін тұщы су кен орындарын күйретіп, жоғарыда аталған қазба байлықтарды өндірудің не қажеті бар?
Егер АҚШ-та ыстық су көздерінен өндірілетін қуат бес атом электрстансасы беретін қуатқа тең болса, бүгінде әлемдегі 75 мемлекет қалаларды жылыту, электр тогын өндіруге жер қойнауындағы арзан қуат көзін пайдалануға көшкен. Олардан алынатын электр тогы жел қуатынан 30 пайыз, күн сәулесі қуатынан 10 есе арзан.
Елімізде су тапшылығын болдырмаудың алдын алудың тың шешімі – жер астындағы көрші елдермен ортақ су кен орындарын игеруді қазірден бастап қолға алу. Еврей халқы айтпақшы, «бүгінгі қайырымды көршің ертең су үшін бітіспес жауыңа айналуы мүмкін». Бұл ескеретін қағида.
Қазақстан үшін сенімді су көзі – ауадағы жауын бұлттарының басым бөлігі бізге Ресей территориясы арқылы солтүстік-батыстан келеді. Ары қарай Қытайға өтеді. Жер шарының айналу бағытын, жылдамдығын, ауа қабаттарының қозғалыс заңдылықтарын, арналарын, жердің тарту күшін, магнит өрісін, бедерін және тағы басқа табиғи жағдайларды ескере отырып, жауын бұлттарын қазақ аспанында тежеп, ретті басқарудың ғылыми шешімдерін табуға болады. Бұл шешім Қытаймен арадағы ортақ өзендердің суын бөліске салудағы келісімдердің арқауы бола алады. Одан кейінгі шешімдер – Текес және өзге өзендерді Қытай жеріне жібермеу, Хан тәңірі және шекарадағы басқа таулардағы су қабаттарын ашу, ағынды мол суды ішкі өзендерімізге бағыттау. Ерте ме, кеш пе, мұндай шешімдерге міндетті түрде келеміз.
Жерасты су жүйелерін қорғаумен бірге, оларды тиімді, қоршаған ортаға залалсыз игерудің маңызы еліміз үшін аса зор. Байырғы тәсіл – тік ұңғылармен суды жер бетіне көтеру бүгінгі табиғи ресурстарды игерудегі заман талаптарына сай келмейді. Жаңа тәсіл – жерасты суының ағыс бағыты ескеріліп жүргізілген негізгі көлбеу ұңғыдан су қабаттарына бойлай енетін оқпандар бұрғылау. Байырғы тәсілмен салыстырғанда судың көзі ашылады, бұрынғы 5-6 тік ұңғы беретін судың мөлшерін, көп оқпанды бір ұңғыдан алуға болады. Нәтижесінде бұрғы жұмыстарының көлемі азаяды, жер қыртысына, қойнауына түсетін залалды әсерлер шектеледі.
Жаңа әдістің тәжірибеде анықталған тағы бір қасиеті – оқпандарда жоғары қысымды, жылдамдығы үлкен тасқын пайда болып, су жер бетіне көлбеу ұңғымен өздігінен көтеріледі. Қазақстандағы қысымды, артезиан су кен орындарының сипаттамаларын зерттеу нәтижелері көрсеткендей, олардың көпшілігінде жаңа тәсілмен судың өздігінен көтерілу мүмкіншіліктері бар. Егер жаңа тәсіл ауыл шаруашылығы саласында қолданысқа ие болса, су шығынын азайтып, суармалы жерлердің ауданын ұлғайтуға себін тигізері анық.
Сонымен еліміздегі су мәселесін көршілес мемлекеттерге жалтақтамай, тұрақты түрде, ұзақ мерзімге шешу үшін қазіргі таяз түсінік, жалған ақпараттардан арылып, ұлт санасында жаңа көзқарасты қалыптастырып, жедел түрде ғылыми жаңалықтарға, өзіндік идеяларға негізделген технологиялық шешімдерді іске асыратын стратегиялық бағдарламаны дайындауымыз керек. Әйтпесе ертең кеш болады.

Тоқтамыс МЕҢДЕБАЕВ, техника ғылымдарының докторы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар