1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
  “Шымбұлақ” тау шаңғысы курортының 25% Н.Назарбаевтың меншiгiнде. Мәселен, Болат Назарбаев “Шымбұлақта” екi үйi болғанын қалады. Мұнымен курорт басшысы Сергей Гитолов келiс­пептi. Сонда оның басына тапаншасын тақаған президент­тiң iнiсi: “Қазiр сенi жайратып салу маған түкке тұрмайды. Бұл үшiн маған ештеңе болмайды“ деген.  “Шымбұлақтағы” үйлердің иелері: Н. Назарбаев, Б. Назарбаев,  Д. Назарбаева, Ә. Назарбаева, Т. Құлыбаев, К. Мәсімов, И. Тасмағамбетов, Қ.Саудабаев, Н. Әбіқаев, А. Шабдарбаев, Б. Мұхамеджанов, Н. Сұбханбердин, Т. Досмұхамбетов, Б.  Өтемұратов, С. Қалмырзаев, А. Есімов, Д. Ахметов, А. Машкевич, П. Шодиев, Ә. Ибрагимов, С. Гиталов, Ә.Арғынғазин, А. Клебанов, В. Храпунов.
Автор: Виктор Храпунов, Алматы қаласының бұрынғы әкімі. “Республика” газетi. 03.10.2011ж.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №60 (16246)   1 тамыз, сейсенбі 2017
1 тамыз 2017
Түймебаевтың таңдауы халықтың талабымен үйлесе ме?

БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНА АҚЫРЫ БАСШЫ ТАҒАЙЫНДАЛАТЫН БОЛДЫ
Жақын күндері Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасына жаңа басшы тағайындалуы мүмкін. Бізге жеткен мәліметтерге қарағанда, облыстың бас мұғалімі болудан үмітті бір азаматқа конкурстық комиссия оң қорытынды беріп, оның кандидатурасын басқармаға басшы етіп тағайындау үшін облыс әкіміне ұсынған. Жансейіт Түймебаев ұсынысты қабыл ете ме, жоқ па, бұл енді алдағы уақыттың еншісіндегі шаруа. Бұған дейін екі қайтара жарияланса да, қатысқан кадрлар таңдауға ілікпей, оң қорытындысы шықпаған конкурс бұл жолы бағы жанатын азаматты анықтап беретін сияқты.

Өйткені облыстың бас мұғалімі болу үшін ұсынылған азамат уақтысында білім және ғылым министрлігінде лауазымды қызметтер атқарған. Ал Жансейіт Түймебаев сол кездері аталған министрліктің тізгінін ұстаған. Міне, мәселе қайда жатыр... Былтырдан бері бос тұрған кресло енді иесін табатын шығар. Әйтеуір, жаңа басшы сыннан өткен, сенімнен шыққан, ұятқа қалдырмайтын кадр болар деген үміттеміз. Түймебаевтың талабына сәйкес жұмыс істеп үйренген кадр дауы көп саланы жөнге келтіру жолында жұрттың да сенімін ақтаса дейміз. Түймебаевтың талабы мен халықтың талабы қаншалықты үндесетінін саралайтын сәт те алыс емес секілді.
Жалпы, облыста білім саласын реформалау, жаңаша әдіс-тәсіл енгізу, жеңұшынан жалғасқан жемқорлықты тоқтату қазір бас қатыратын шаруаға айналды. Әркім өзінше әрекет жасап жатыр. Шымкенттің әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қызметіне тағайындала салысымен мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілерін жұмысқа конкурспен қабылдайтын тәсіл енгізген. Мұны, әрине, тың тәсіл деуге болмайды. Дегенмен жақсы бастама. Жуырда осы бастамаға сәйкес, Шымкентте №125, №128 және №129 мектептердің директорлары тағайындалды. Үш орынға сегіз кандидат бақ сынады. Конкурс жұмысына Ғ.Әбдірахымовтың өзі төрағалық етті. Кандидаттардың біліктілігін әңгімелесу арқылы танып-білген комиссия үздік деген үш азаматқа «бата берді». Бәрі риза. Әбдірахымовтың да өзінің жасап жатқан реформаларына риза екендігі байқалды. Оның айтуынша, соңғы екі жылда Шымкентте 15 мектеп директоры мен балабақша меңгерушісі қызметтеріне конкурспен тағайындалыпты. Бір тиынсыз, ешқандай таныс-тамырсыз, сыбайлас жемқорлықсыз. Қысқасы, облыс орталығындағы білім ұяларында ешкім ешкімнен ақша талап етпейтін, бәрі адамның білімі мен тәжірибесіне қарап шешілетін заман орнағандай болып тұр. Бұған сенуге бола ма? Әкім не дейді, қарапайым халық не дейді? Көпшілік арасында директорлықты конкурс арқылы тағайындауды көзбояушылық дейтіндер де бар. Бұл енді алдағы уақытта журналистік зерттеуді қажет ететін тақырып.
Біз осы жөнінде «Оңтүстік Қазақстан облысындағы білім саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» қоғамдық комитетінің жетекшісі, мектептердегі жемқорлықпен 15 жылдан астам уақыттан бері күресіп келе жатқан қоғам белсендісі Жарқынбек Сейтімбеттен пікір сұрап көрген болатынбыз. Оған «Қазір мектеп директоры лауазымына тағайындаудың «ставкісі» қанша?» деген сауалды төтесінен қойдық.
– Бұған нақты, дәлелсіз жауап беру қиын. Дегенмен «директордың креслосы 20 мың долларға дейін барады» деген әңгімелер айтылады. «Ставканың» көлемі мектептегі мұғалімдердің санына байланысты көрінеді. Ал мектепке мұғалім қабылдаудың «құны» миллион теңгеге жетіп қалды. Мен былтыр осы жөнінде біраз мұғаліммен сөйлескенім бар. Біреу 500 мың, біреу 700 мың теңге, ал біреу 2000 доллар бердім деді. Мектепте сағат бөлудің өзі де ақылы. Бұрын мұғалімдер 1 қыркүйекте мектепке шәкірттерін сағынып барса, қазір жүрексініп баратын дәрежеге жеткен. Өйткені жыл басында сағат бөлу қып-қызыл саудаға айналған. Білім саласындағы реформаларға сәйкес, кейбір пәндердің сағаты көбейтілді. Ал директор әр сағатты 5 мың теңгеден сататын көрінеді. Яғни біреудің реформасынан біреу ақша жасайды деген сөз. Әрине, Ғабидолла Әбдірахымовтың бастамасын толық қолдаймын. Әкім мені комиссияның жұмысына қатысуға да шақырды. Осы комиссия отырысынан байқағаным, бас-аяғы 15 минуттың ішінде кандидаттың білімі мен біліктілігін толық байқау мүмкін емес. Сондықтан конкурстың жұмысына өзгерістер енгізу қажет, – деді Ж.Сейтімбет.
Құқық қорғау органдарының «қоржынындағы» деректер де біраз жайттан хабар береді. Осыдан 2-3 жыл бұрын Шымкентте мектепке қарапайым лаборант қызметіне тағайындау үшін бір азаматтан 310 мың теңге алған мектеп директоры ұсталды. Сайрамда мұғалімнің сағатын көбейтіп беру үшін 40 мың теңге алған директордың қылмысы әшкере болған. Мақтааралда техникалық қызметкерді жұмысқа қабылдау үшін 80 мың теңге алған директор ұсталған. Оны айтасыз, қайбір жылдары Сарыағашта баласын 1-сыныпқа беру үшін ата-анадан 25 мың теңге алған директор да құзырлы органдардың құрығына түскен еді.
Облыстың білім басқармасына басшы болып тағайындалғалы жатқан азамат мектептерді осындай былықтан тазарта алар ма екен? Әліптің артын бағайық...

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ
Оңтүстік Қазақстан облысы

 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті