1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Біздің еліміздегі өз ұлтына қарсы қастандық атаулының бәрі де қазақтың атымен жасалады. Қазақтың келешегі үшін туған жерімізді, ана тілімізді сатамыз, қазақтың келешегі үшін ар-ұятымызды саудаға саламыз, қазақтың келешегі үшін өз бауырларымызды бульдозермен үйлерін талқандап, еңіреп жылап-сықтаған әке-шешемізді, апа-қарындастарымызды “өлмесең өрем қап” деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырамыз. Ең қорқыныштысы осы опасыздықтардың бәрі де “Қазақтың келешегі үшін!” деген “ұлы” ұрандардың арқасында жүзеге асырылады.
Автор: Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №62 (16248)   8 тамыз, сейсенбі 2017
8 тамыз 2017
Қызылордаша ағаш егу

БЕС МЫҢ ТҮПТЕН – БЕС АҒАШ...
«Қызылорданы гүлстанға айналдырамыз!» ұранымен бұл күнде көркейту-көгалдандыру жұмыстарына қатты мән берілуде. Ерте көктемнен бастап тырбанып, тал еккен қызылордалықтардың «қызып» кеткені соншалық – аяқсусыз аймақтарға да ағаш егіп тастады. Нәтижесін қараңыз: сұлу Сырдың маңдайалды даңғылы –Тәуелсіздіктің 25 жылдығы атындағы көшеге егілген 4800 түп ағаштың 1 пайызы ғана көктеген.
Қызылорданы жасыл желекпен көмкеру саясатымен жергілікті биліктің бастамасымен ұзын саны 200 мыңнан астам түп ағаш ерте көктемнен бастап егіле бастады. Сенбі сайын сенбілікте бас қосқандар қолдарына күрегі мен жүрегінде маусымды тезірек аяқтасақ деген «тілегін» қоса алып қамданса керек-ті. Жұмыс басталғанда жер-жаһанға жар сала айтылған жоспардың нәтижесіне келгенде көңілдері су сепкендей басылған басшылық тиісті сала мамандарына сын садағын кезеген.
– Көктемнен бастап тазалық жұмыстарымен қатар, ағаш егу шараларын да қолға алдық. Алайда нәтижеге қарасақ, әр жерде әртүрлі. Көпшілігі күтіп-баптау, суару жұмыстарына мән бермеген. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы атындағы көшенің бір шақырым жеріне егілген ағаштар «Қызылорда су жүйесі» мекемесінің жауапсыздығынан, уақтылы суармауынан көгермей тұр, – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлыбек Жолдасбаев.
Қызылордада мұндай жағдай бірінші рет қайталанып тұрған жоқ. Осыған дейін де талай жылдан бері аяқсу бармаған, десек те, дарияның жағасында орналасқан «Мерей» мөлтекауданына қалалық тұрғын үй шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі жүздеген түп ағаш отырғызған болатын. Бөлім басшысының орынбасары Біржан Далабаев өз сөзінде: «Қателесіп аяқсу бармайтын жерге ағаш еккеніміз рас. Қазір бюджеттен тыс көздерден ол жерлерге су апарудың жолдарын қарастырып жатырмыз», – деген еді.
«Бір тал кессең, он тал ек» деген даналыққа сүйенген жұртшылықтың жүз тал егіп, бір талы көктеген жағдайда мәселенің мәнісі аяқсуға келіп тіреліп тұр. Қызылорда қаласының шет аймағындағы Әл-Фараби, Шанхай, Қызылжарма елді мекендерінің халқы да түйінді түйткілдің тарқамауының салдарынан аулаларындағы көкөністі ауызсумен суарып отыр. Алайда жергілікті билік бұл ретте ауызсуды аулаға пайдаланғандарға айыппұл саламыз деп ескертуде.
– Шет аймақтағы Тұмарөткел көшесінің жүз шақты тұрғыны ауызсусыз отыр. Басты себебі – қазіргі жаз мезгілінде тұрғындардың көпшілігі ауладағы жеміс-жидегін суарады. Сондықтан енді өзгелердің ауызсуға қол жеткізуі үшін аяқсу ретінде пайдаланғандарға айыппұл салатынымызды ескертеміз, – деді «Қызылорда су жүйесі» мекемесінің бас инженері Қайрат Дүйсенбаев.
«Ары тартсаң арба сынады, Бері тартсаң өгіз өледі». Жергілікті билік арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей, мәселені шешудің тиімді тетігін қарастырып жатқан көрінеді. Алайда «егістік алқап арналары жабылып, су дарияға бағытталады» деген әкімдіктегілер тұрғындарды аяқсумен қамтуға әлі де болса асығар емес...

Дәулет ҚЫРДАН
Қызылорда

 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар