1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №62 (16248)   8 тамыз, сейсенбі 2017
8 тамыз 2017
Көршінің газымен жылап көрісеміз

Қазақстандағы ең арзан қала деп сипатталатын Шымкентте кейінгі кездері арзаншылықтың жұрнағы да қалмай барады. Өңірде әсіресе коммуналдық қызметтің құны үсті-үстіне тоқтаусыз қымбаттап жатыр.  Бірінші тамыздан бастап Оңтүстік Қазақстанда табиғи газдың бағасы қымбаттады. Көгілдір отынның бір текше метрі енді 34,4 теңге болды. Монополистер тарифті соңғы рет осы жылдың басында ғана өсірген еді.
Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментіне арнайы барғанымызбен, жарытымды мәлімет ала алмадық. Басшылары орындарынан таптырмады, ал мамандар «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ республикалық мекеме болғандықтан, оның қызметіне тарифті табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің бекітетінін айтып шығарып салды. Дегенмен департамент мамандарының айтуынша, өңірде газ бағасы тарифінің өзгеруіне байланысты шілде айында қоғамдық тыңдаулар өткізіліпті. Бұл жолы «ҚазТрансГаз Аймақ» газ бағасын тек Оңтүстік Қазақстанда емес, Қазақстанның бірнеше өңірінде қымбаттатқан. Монополист осы жөніндегі мәселені антимонополиялық органға маусым айында қойыпты.
Тарифті қымбаттатудың себептерін де түсіндірген. Басты себеп – табиғи газға баға өскен. Энергетика министрлігі «көгілдір отынның» құнын мамыр айында көтеріп жіберген. Оның үстіне соңғы кездері газды тасымалдаудың шығыны да көбейіпті. Әйтеуір, қымбаттатуға, халықтың қалтасындағы артық ақшаны алуға сылтау жетіп-артылады.
Есептеп қарасаңыз, табиғи газды 3-4 теңгеге қымбаттатудың өзі тұтынушыға әжептәуір салмақ. Әсіресе табиғи газбен жылытылатын жеке тұрғын үйде тұратындарға қиын. Былтыр қыста газға айына 15 мың теңге төлесеңіз, енді оның көлемі 20 мыңға жуықтайды. Соңғы 3-4 жылдың көлемінде оңтүстікте қыс ерте түсіп, көктем кеш шығып жүргенін ескерсек, бір қысқы маусымда газға 100 мыңдап қарыз болып қалатындардың қатары көбейейін деп тұр.
Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысы табиғи газ тарифі ең қымбат облыс болып отыр. Мұның сырын осы уақытқа дейін ешкім түсіндіріп бере алған жоқ. Бұған дейін облысқа табиғи газ Өзбекстаннан келетін. Өзбекстаннан келген газ Оңтүстік Қазақстанның аумағы арқылы өтіп, Жамбыл мен Алматы облыстарына баратын. Алайда оңтүстіктегі газ бағасы Жамбыл мен Алматыдан қымбат. Қазір өңірге табиғи газ батыс облыстардан тасымалданады. Өз газымыз Өзбекстаннан келетін газдан да қымбат болып кетті. Жұрт көршінің газымен жылап көрісетін дәрежеге жетті. Соңғы жылдары «ҚазТрансГаз» мекемесі оңтүстіктің елді мекендеріне табиғи газ құбырын тартып жатыр. Бұл қарқынмен облысты газдандыру 3-4 жылдың көлемінде толығымен аяқталуы мүмкін. Алайда баға бұлайша аспандап кете берсе, ауылдағы қара халық үйреніп қалған көмірмен күнелтіп, біртіндеп газ жағудан бас тартпасына кім кепіл?
Шымкентте жылу мен ауызсудың бағасы да қымбат. Жылу тарифі былтыр қоғам талқысына ұзақ салынды. Ақыр аяғында халықтың, депутаттардың қарсылығына қарамастан, «3-Энергоорталық» жылу бағасын жаңа жылдан бастап 12 пайызға қымбаттатты. Антимонополия ұсынысты бекітіп берді. Тарифті көтерерде жылу берушілер газдың қымбаттағанын алға тарта беретін еді. «Көгілдір отын» бағасының өсуімен жылу берушілер тағы да жылауды бастауы мүмкін. «3-Энергоорталық» жылумен бірге, жарықты та өндіреді. Яғни оның арғы жағында тағы бір қымбатшылықтың құлағы қылтияды деген сөз.
Былтыр қарашада Шымкентте коммуналдық қызметке арналған үлкен жиын өткен болатын. Сол жиында Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестiк және монополияға қарсы реттеу жөнiндегi министрi Н.Алдабергенов өңірде газ бағасының қымбаттығына өзінің таңғалғанын айтқаны бар. Шымкентпен салыстырғанда «көгілдір отынның» бағасы Алматыда арзан. Қарағанды ауызсуды 2000 шақырым жердегі Ертiстен алады. Бірақ ондағы тариф Шымкентпен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Бұған қалай таңғалмайсыз?! Н.Алдабергенов табиғи газ бойынша республикада бiрыңғай тариф жасау керектiгiн, сол кезде оның бағасын 12-13 теңгеге дейін арзандатуға болатынын айтып елді емексітіп қойған еді. Сөйткен Н.Алдабергенов биыл премьер-министр кеңсесінің меңгерушісі қызметіне тағайындалып кетті. ...Ал Алдабергеновке сенген жұрт алданып қалғандай күй кешуде.

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ
Оңтүстік Қазақстан облысы

 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар