1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Осы күнге дейін көп нәрсе айтылды ғой. Бұл неткен үнсіздік деген сұрақ менің көкейімде әр кез тұрады. Мен күнде таңертең тұрғанда бір жақсы хабар естігім келіп тұрады. «Зәкеңді өлтірген адамдарды тауыпты», я болмаса «сол істі қайта қарауға кірісіпті» дегендей хабарларды естігім келеді. Бірақ, өкінішке қарай, қазір бізде құлақ естімейтін, көз көрмейтін уақыт болып тұр.
Автор: Мақпал Жүнісова, Қазақстанның халық әртісі, әнші
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №66 (16252)   22 тамыз, сейсенбі 2017
22 тамыз 2017
«Бір грамм қоқыста миллиард микроб бар»

Ел аумағындағы полигондарда 25 миллиард тоннадан астам қажетсіз қалдық үйіліп жатыр. Яғни әр тұрғынға бір жарым мың тоннадай қоқыс тиесілі. Мұны аз көрсеңіз, жыл сайын 700 мың тоннадай қоқыс полигондарды үсті-үстіне толтыра бермек. Ал бұл қоршаған ортаға қып-қызыл зиян. Түтіні түзу батыс елдері қоқыстан зиян шекпейді, қайта пайда көреді. Біз де сондай болмаққа талпынып көрдік. Үкімет бастап, облыс әкімдері қоштап, қоқыс өңдеу зауытын бірнеше жерден салмақ та болдық. Бірақ басын бастағанымызбен, аяғына жете алмадық. Яғни елде толыққанды жұмыс істеп тұрған жөні түзу бірде-бір зауыт әлі жоқ. Кәсіпкер Егор Зингер 2007 жылдары қоқыс бизнесіне білек сыбана кірісіп, екі зауыт ашқан. Бүгінде оның бірі жабылып қалса, екіншісі «шықпа, жаным, шықпамен» әрең тұр. Кәсіпкер қоқыс бизнесіне қатысты жырын бүй деп сабақтайды:
– Бұл салада 30 жылдан астам жүрмін. 40 елді аралап, қоқысты өңдеу, жинау жүйесі қалай іске асатынын өз көзіммен көріп, танысып шықтым. Бәрін ойластырып барып жобаның үтір-нүктесіне дейін дайындап, 10 жыл бұрын Алматыда қоқыс өңдейтін зауыт аштық. Зауыттың ауқымдылығы сонша – біз Алматыдан шығатын қоқыстың 90 пайызын өңдеуге дайын едік. Елдегі қоқыстар өте агрессивті, құрамы токсинді, залалды екенін ескеріп, қымбат болса да, ең сапалы құрал-саймандарды сатып алуға тырыстық. Зауыттың тұсауы кесіле сала қызу жұмыс басталып кетер деген едік. Бірақ үмітіміз ақталмады. Әкімдік 2010 жылы «дағдарыс басталды» деп сылтауратып, қоқыс өңдеу тарифтерін субсидияламай қойды. Өзім көрген дамушы я дамыған елдердің бәрінде осындай әлеуметтік-экологиялық жобаларға осыншалық селқос қарау деген атымен жоқ. Қандай жағдай болса да, оларды қолдауға тырысады. Жағдайымыз сол кезден бастап қиындай түсті. Оған дейін де мәз емес еді. Себебі басқа елдерде әрбір өңделген қоқыстың тоннасына мемлекет 45 доллар төлейді, біз 2007-2010 жылдарға дейін 8 доллардан ғана алып келдік. Әлгі 45 доллар алатындардың өзі тариф төмен деп шағымданып жүргенде, біздің жайымыздың қандай болғанын түсіне беріңіз.
Кейін «дағдарыс басталды» деп 2010 жылдан бастап қоқыстың тоннасына әкімдік 600 теңге ғана төлей бастады. Біз өзімізді ақтауға жақын қалғанда мемлекет қолдаусыз қалдырып кетті де, жобаның жайы нашарлай бастады, кредитті кешіктіріп төлей бастадық. Ақыр аяғында жобаға несие берген банк бізді банкрот деп таныды. Қазір сол зауыттың орнында базар тұр, құралдары тот басып шашылып жатыр.
Екінші зауытты Астанадан ашуға бел байладық. Онда да әкімдікке заманауи зауыттың қажеті жоқ екен. Жоба басталғанда қуана қарсы алып, көмектесеміз деп алдаусыратып қойды. «Тоқ пен су тартып береміз» деген әкімдік керек кезде табылмай, бәрін өзіміз жасадық. Қаладан 10 шақырым жерге тоқ тартып, су шығаратын жерді өзіміз қаздық. 70 пайызы салынып қойған зауыттың құрылысын тағы да дағдарысқа байланысты уақытша тоқтатуға тура келді. Сосын оны 2012 жылға дейін күзетшілерге беретін ақшамыз болмаса да, жауып тастамау үшін салықты амалдап төлеп тұрдық. Оның алдында 2009 жылы президентке жағдайымызды айттық. Арнаулы тапсырмамен әйтеуір салып біттік. Бірақ қаржылық жағдайымыз оңала қойған жоқ. Дегенмен ондағы жұмысты да бастадық. Бірақ 2013 жылдан 2014 жылға дейін ғана жұмыс істеп тұрды. Себебі 2014 жылдың қазанынан бастап мемлекет қалдықты өңдеуді субсидиялауды тоқтатып тастады. Зауыттың жайы тағы да нашарлады. 2015-2016 жылдары мемлекет тарапынан төлем болмай, зауыттың жұмысы бірнеше рет тоқтап, бірнеше рет қайта басталды. Кейде әкімдік жағынан төлем болғаны рас, бірақ әр айлықтың арасы 6-8 айға созылып кететін. Қызметкерлеріміз жалақысыз қалды.
Бізде қоқыс өңдеу зауыттарының тұрақты жұмыс істемеуінің себебі біреу ғана – жүйе қалыптаспаған. Елдегі қоқыс сұрыптайтын және өңдейтін зауыттар мен полигондар я мемлекеттің, я кәсіпкерлердің қолында болуы тиіс. Әйтпесе «аққу, шортан һәм шаян» мысалындағы сияқты әркім пайданы өзіне қарай тартып, зауыттың жұмысын нашарлатып жатыр. Мысалы, бізде қоқыс шығаруға халық төлейтін қаржының 65 пайызын қоқысты әкететін компания, 17 пайызын қоқысты өңдейтін зауыт, 18 пайызын полигон алады. Полигон мен қоқыс әкететіндердің ақшаны көп алуы дұрыс емес. Бірақ полигон мемлекеттікі, ал қалдық тасушы компаниялардың да кіндіктері әкімдіктерге байлаулы. Осындай нарықтық әділетсіздіктен кейін қоқыс өңдеу мүлдем мүмкін емес. Негізі, ондай зауыттарды іске қосса пайда көп. Қажетсіз деген қалдықтар алты есеге азайып, тиісінше полигондардың сыйымдылық мерзімін он шақты жылға оңай ұзартар еді. Бұл іс үшін мемлекеттен көп міндет те сұраймыз. Жұмыс ережесін реттейтін заң мен халық қалтасын қақпайтын шамада бір тарифті бекітіп берсе болғаны. Қоқыс өңдеу зауыттарына инвесторлар осындай ортақ ереженің жоқтығынан жоламайды. Не заң жоқ, не тариф жоқ. Халық та мұның қаншалықты маңызды екенін түсінуі тиіс. Адамдар қалталарынан ай сайын 500 теңгені артық шығарғысы келмейді. Ал қоқыс қазір өңделмесе, жыл сайын көбейе берсе не болады? Таза ауа, таза су, көркем жерді қайдан табамыз? Бір грамм қоқыста миллиардқа жуық микроб бар. Демек, қоқысты өңдеу өз өмірімізді сақтау деген сөз емес пе? Үкіметтегілер, қарапайым халық осыны түсінсе дейміз.

Жазып алған А.ҚАЛМҰРАТ
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар